Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. ҚОЖАКЕЕВТІҢ САБАҒЫ
19.11.2026
49
0

– Темкеңнің емтиханына дайындалдыңдар ма?
– Қожакеевтің сабағынан қалғандар, кәлималарыңды айта беріңдер…
– Тынышталыңдар, келе жатыр!
– Кім?
ҚазМУ-дің журналистер даярлайтын факультетінің күндізгі бөлімінде оқитын №5 жатақхананың «тұрғындары» ғана емес, Алматыға жылына бір-ақ рет барып-келіп, сырттай оқитын тісқаққан журналистердің өздері де «Қожакеев» деген фамилиядан зәрелері зәр түбіне кететін. Оқуға құлқы жоқ, қырық күндік сессияны серуенмен өткізіп қайтам деп келе салған ең піратқандардың өзі Қожакеевтен емтихан тапсырар алдында ең болмаса «тіл сындырып алайын» дегендей, оның сатира туралы кітаптарын парақтап, бастарын қасып, құты қашып отырар еді.
Көп ұзамай аудиторияның есігін айқара ашып аласа бойлы, төртпақ келген толық денелі, көзінің ұясы үлкен, ақшыл реңді жігіт ағасы жуан портфелін тербей ұстап, басын бір жағына қарай сәл қисайтыңқыра кіріп келетін де, аялдамастан үстеліне барып отыратын. Көзәйнегінің құлаққа ілетін бір жағының ұшын жеңіл ғана тістеп алып, кім бар, кім жоғын тексеретін. Осы «тексеріс» кезінде үйі мен ұжымына «қырық күндік сессияма кеттім» деп Алматыға келгені болмаса, сабақтан төбе көрсетпейтіндермен де көзайым болып қалатынбыз. Төрт көзі түгелденген қасқалар мен жайсаңдарға жағалай бір қарап алып, көңілі жайланған Темкең сабағын бастап кетеді.


***
Алды қырықтың қырқасына шығып, соңы отызды ойсырата бастаған қартамыс студенттердің арасында аузынан ана сүті кеппеген жастар аз. ҚазМУ-дің филфагына түсуге екі-ақ баллым жетпей, мәңгіріп тұрғанымда жанымнан алғашқы болып табылған достың бірі, жаның жәннатта болғыр, көзіне қалың көзәйнек киген Қасымхан Ағабеков болды. Филфакқа түсуге оның да екі-үш баллы жетпей қалыпты.
– Әу баста журфакқа келіп едім, – дедім журфакқа құжат тапсырғанымда түсіп кететіндей өкініп.
– Мен де, – деді Қасымхан қабағын шытып, көзәйнегінің ортасындағы доғалана иілген жерін саусағының ұшымен жоғары қарай бір көтеріп қойып. –Газетке шыққан мақалаларың бар ма еді?
– Ой, көп қой.
– Ендеше, құжаттарымызды филфактан алып, журфактың сырттай оқытатын бөліміне мақалаларымызбен қоса өткізіп кетейік. Оның бір жақсы жері, журфактың сырттай оқытатын бөліміне емтихан тапсырмаймыз. Филфактың күндізгі бөліміне түсу үшін алған баллымызбен күзде болатын конкурсына бірден қатысамыз.
«Шымкент жақтың адамдары әрнәрседен хабардар боп келеді» деген сөздің жаны бар негізі. Мен мұндай жақсы жаңалықты естімеген едім. Сондықтан көзілдірікті абитуриенттің сөзі көңіліме қона кетті. Қысқасы, күзде екеуміз де журфактың сырт­тай оқытатын бөлімінің студенті атанып шыға келдік.
***
Аудиториядағыларға қарасам, бәрі менен он, он бес жас үлкен ағалар мен апалар. Он жеті, он сегіздердегі мені, Қасымхан Ағабековті, Иманбай Жұбаевты, тағы бір жігіт бар еді, атын ұмытып отырғаным, «сәби» деп санайды. Қас-қабақтарынан «дап-дайын журналист достарымыз құлап кетті, мына жерде сендер емес, солардың отыратын жөндері бар еді» дегенді аңғарамыз.
Байқағаным, сырттай оқудың жақсы жақтары да бар екен. Оның бірі – журналистика мен әдебиетте аттары танылған аға, апаларыңмен терезең тең адамдай бірге оқисың, бірге қуанасың, бірге мұңаясың. Олардың да емтиханнан құлайтын пенде екенін көресің. Солар сияқты сенің де атақты болғың келеді. Сондықтан өзімді «бесіктен белім шықпай жатып» талантты курстастарға қарық қылған сырттай оқу мен оны «ойлап тапқан» мықтыға әлі күнге дейін мың да бір алғыс айтып жүремін.
Әсіресе ақын Қанипа Бұғыбаевамен курстас болам деп кім ойлаған. Аласа бойлы, екі беті томпақ келген қараторы әйел екен. Аты-жөнін айтпаса, бір аяғын сылтып басатын, қарапайым киінетін бұйығы, момын әпкемді ауыл әйелдерінің бірі екен деп қалғандай екем. Түрін ауылда бірге оқыған Үміт Аманова деген сыныптасыма ұқсаттым. Жасы сол кезде отыз беске кеп қалған ақын әпкемді, тіпті академик, белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Қабдоловтың өзі (сол кезде Зекеңнің «Сөз өнері» атты әдебиетшілерге керек кітабы, қазіргі тілмен айтқанда хит боп тұрған) аты-жөнін ести сап, «қалқам-ау, сен әлі жоғарғы оқу орнын бітірмеп пе едің?» деп аса бір жанашырлықпен таңғалға сұрағаны бар. Сұрап қоя салса жақсы ғой, «сендей талантты қарындасымызға әдебиет теориясынан лекция оқудың өзі ұят шығар» деген әзілдеп.
Екінші мықты Несіпбек Дәутаев еді. Бірақ Несағаң Қордайдағы газеттің бас редакторына «сессияға кеттім» деп Алматыға келгенімен, аудиториядағы сабаққа келмейтіндердің сортынан болып шықты. Келсе, төбе көрсететін де тайып тұратын. Оның үстіне профессор Сұлтанғали Садырбаев ағасының фольклорынан емтихан тапсыра алмай жүретін. «Төрт алдым» деген маған «Қалай аласың?» деп күлуші еді, жарықтық. Кейін, алпысты алқымдаған уағында Тараз қаласына көшіп келген Нәкеңнің есіне сол оқиғаны салып, мәселенің мән-жайын сұрасам, бәріне «кінәлі» Кенен Әзірбаев жарықтық боп шықты. Нәкеңнің Қордай асуының қасындағы Кенен ауылынан екенін білетін Сұлтанғали аға: «Кенен туралы ананы біліп кел, мына жазып кел» деп тапсырма бере беретін көрінеді де, ал Нәкең болса, оларды орындамай сессияға сыбай-сылтаң келе салады екен. Ондай студентіне кім «айналайын» дей қойсын.
«Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» деген фильмдерінің атағы жер жарып тұрған кезде «Қазақфильмге» бармақ тұрмақ, атынан үркетінбіз. Ал бізбен бірге сырттай оқитын Аяған Шәжімбаев болса, сол қара шаңырақта режиссердің ассистенті болып жұмыс істейтін. Тіпті «Транссібір экспресі» фильміне эпизодтық рөлге түстім. Бу пойы­зының от жағатын бөлігіндегі төбелесті көрдіңдер ме? Сол жерде күрек ала ұмтылатын сары менмін ғой» дейтіні бар. Ол да өмірден өтіп кетті. Бірақ аты ұмытылмайтын шаруа тындырып үлгерді. Жазушы досым Жүсіпбек Қорғасбектің әңгімесі негізінде «Жансебіл» фильмін ел экранына шығарды. Оқытушыларымыздың бәріне, араб тілінің жас маманы Әбсаттар Дербісәліден (ол кезде фамилиясы Дербісәлин болатын) бастап пародия жасаушы еді, жарықтық. Әбекеңе пародия жасайтыны, Мароккода білім алып келген Әбсаттар аға: «Біз Мароккода жүргенде…» деген сөзін көп қайталайтын. Аяған соны аңғарып қалған. Ал Кәрім Айнабеков тұңғыш кітабы жарық көрген маңғаз болатын.
Өзіме келсем, ауылда құрылысшы боп жүрген жерімнен (он тоғыз жастамын) Талас аудандық (Жамбыл облысы) «Ленин жолы» газетінің редакторы Оразбек Баймұратов редакцияға шақыртып алып, «әдеби қызметкер» деген жұмыс берген. Бірақ аудандық газет пен ҚазМУ-дегі алғашқы курстың қызықты дәурені ұзаққа созылмады. Аяқ астынан әскерге кеттім. Қайтып келсем, университетім Алматының қақ ортасындағы мекенінен Тимирязев жақтағы ҚазМУ қалашығына көшіп, ал Қанипа апам бастаған курстастарым менен екі курсқа озып кетіпті. Тағы да жаңа курстастармен танысуға тура келді. Бұлар да осал емес. Іштеріндегі ең мықтысы Есенғали Раушановтың менің жүріс-тұрысыма, киім киісіме қарап:
– Шымкенттенсің бе? – деп сұрап қоя­тыны бар.
Содан кейін «Өлең жазасың ба?» дейтін. Ондайда бірінші сұрағына «Жамбылданмын» деймін де, екіншісіне журналистік өмірді өлеңмен бастағанымды айтып, әңгімені көбейткім келмей, «жоқ» дей саламын.
***
Сонымен Темкең кіл «мықтыларға» сабағын бастап кетеді. Аудитория құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Бәрінің көзі мен құлағы Темкеңде. Бәрі бүкшиіп отырып алып конспекті жасап жатады. Есінеп, зерігіп отырғандарды көрмейсің. Сыбыр-күбір әңгіме жоқ.
Ал өз басым «Общая тетрадь» деген қалың дәптерге қарыздар адаммын. Бар жиған-терген «білімім» соның ішінде. Пәпке, сөмке ұстау деген дағдымда жоқ. Сол қалың дәптерді дөңгелектеп бүктеп алам да, сабаққа барам. Керектімді соған түртіп қоям. Түртпегендерімді миыма «жазып» алам. Темкеңнің көмейінен төгілген мың-сан сөздердің ішінен «Всякая всячина» деп аталатын ежелгі орыс сатиралық журналының аты миымның қатпарларына судай сіңіп, майдай жаққаны сонша, әлі күнге дейін ұмытқам жоқ.
– Бұл журналды анау-мынау емес, сол кездегі «қатын патшаның» өзі бас боп шығарған!
«Қатын патша» деген сөзге қыз-келіншектердің беттері алаулай қызарып, біртүрлі боп қалады. Ал Темкең болса «сөзімді қалай қабылдады екен?» дегендей студенттеріне жағалай бір қарап өтеді. «Қатын патша» дегеніне жырқ-жырқ күлген жігіттерге:
– Әй, неменеге күлесіңдер? «Қатын» деген сөз естімеп пе еңдер, не? – деп көзілдірігінің үстінен үлкен көздерін бақырайта қарайды. «Егер император Екатерина ІІ-нің өзі сатиралық журнал шығаруға мұрындық болса, онда «жаман қатын» болмады ғой» дегім кеп тілім қышып тұрады да, «қой, тыныш отыр, бір бәлеге қаларсың» деп аузымды жабам.
Темкең сосын «Трутень» деген журналдың шыққанын, «Всякая всячина» екеуінің айтыс-тартысын, ақыр соңында екеуі де жабылып тынғанын айтып келеді де:
– Сендер күндізгі бөлімнің студенттері емессіңдер, жыл бойы оқытатын. Газет-журналдарда қызмет істеп жүрген дап-дайын журналиссіңдер. Сондықтан біздің айт­қандарымызды ары қарай жалғастырып, оқып, іздену өз міндеттерің. Әй, бірақ оқымайсыңдар ғой. Бара салып «қой төлдету», «шөп жинау», «мал қыстату» деп шапқылап кетесіңдер, білем ғой, – деп көз әйнегін қолына алып, оның бір ұшын жеңілдеу тістелеп, қотанға иірілген қойлар сияқты қарсы алдында ошарылып отырған бізге аянышпен қарайды.
Ал мен Темкеңнің сабағынан соң студенттер асханасынан тойып алып, «Темкеңнің «Всякая всячина» дегені неғылған журнал болды екен?» деп Абай көшесіндегі Пушкин кітапханасына (қазіргі Ұлттық кітапхана) тартам. Қолымда орап бүктеген «Общая тетрадь» деген қалың дәптерім, әрине.
***
Әдеби сынның мақсат-мүддесіне, кейбір қазақ сатирашыларының өз аттарына айтылған ескертулерді көтере алмайтын кіділігіне келгенде, Темкең тереңнен қозғайды.
– Крыловтың мысалдарын оқығандарың бар ма?
– Оқыдық.
– Оқысаңдар, сол Крыловтың мысалдарын да сынаған кезінде.
«Классикті де сынай ма екен?» дегендей, көзіміз бақырайып Темкеңе қараймыз.
– Ұлы мысалшыны сынаған қандай мықты екен сонда? – дейді «аузы батыр» бір курстасымыз. Ондайлар да болады арамызда.
– Кінәз Вяземский деген өзі ақын, өзі әдебиет сыншысы, өзі тарихшы болған. Сол Крыловтың мысалдарының бұтын – бұт, қолын – қол ғып, бұтарлап сынап тастаған.
Темкең сәл-пәл тыныстап алады да, қайта бастайды.
– «Сивушный патриотизм» деген терминді естулерің бар ма?
– Жоқ, – дейді тағы бір «аузы батырымыз».
– Вяземский Крыловты «сивушный патриотқа» теңеген. «Квасный патриотизм» деген де бар. Ал сивуха – жөнді тазаланбаған, лай түсті, иісі де, дәмі де жағымсыз қолдан ашытылған арақ. Демек, «сивушный патрио­тизм» дегеніңіз «квасный патриотизмнен» де өткен жаман нәрсе боп тұр ғой. Вяземскийдің замандасы Александр Сергеевич Пушкин Крыловты қатты қорғаштаған. Бірақ Вяземский өз дегенінен қайтпаған. Өйткені Крыловтың мысалдарындағы әсіре патриотизмнен жүрегі айныған.
– Қалайша?
– Вяземский: «Крыловтың бұрынғы мысалдарынан біз орыс тауығын, орыс қарғасын, аюды, бұлбұлды және т.б. көреміз. Оның алғашқы мысалдар жинағын оқығанда не сезінетінімді нақты түсіндіріп бере алмаймын, бірақ бұл аңдар мен құстарды бір жерден көргендеймін, олар менің ата-бабамнан қалған иелікте (вотчинада) мекендейтін сияқты еді» деп мысқылдаған. Вяземскиймен қалай келіспейсің? Ау, «орыс тауығы», «орыс қарғасы» дегендері шынында ерсі емес пе? Вяземский соны дұрыс аңғарып, дұрыс айтып отыр, – дейді Темкең тершіген маңдайын дәсорамалымен сүртіп. – Вяземский «Кавказға хат» авторы (баспагер, публицист Николай Иванович Греч, лақап аты «Ж.К.») туралы жазбасында «Ол тек отандық пантеонмен (ұлы тұлғалар галереясымен) шектеліп қалғысы келмейді; ол отандық аңдар бағын, отандық тауық қорасын, отандық құс қорасын да талап етеді. Құдай сақтасын, егер орыс мысалшысына өз мысалында, айталық, мысыр (цесарка) тауығын немесе неміс (шваб) қазын қолданып көр десе, ол қайтер еді? Жоқ, оған міндетті түрде орыс тауықтарын, орыс қаздарын бер; оның поэтикалық асқазаны орыстікінен басқаны қорыта алмайды» деп жазды. Міне, сыншы деген осындай әсіре патриоттық сөздерден биік тұруы керек…
Темкеңнің мысалынан ойыңа «орыс арағы», «орыс орманы», «орыс қайыңы», «орыс аюы» деп келетін т.б. «патриоттанған» зат есімдер оралып, «вот где закрыта собака» дегендей, мәселенің тамыры сонау Пушкин, Жуковкский, Крылов дәуірінен, бәлкім, одан да арыдан басталғанын аңғарасың.
Вяземский демекші, бір лекциясында Темкең қазақ әдебиетіндегі танымал сатирашылардың мысалдары туралы да пікір айтқаны бар. Онда ұстазымыз «қазіргі сатирашылар жансыз заттарды «мысал» деп сөйлете бастады. Бірақ бұл қате. Мысалда кеудесінде жаны бар, яғни жүретін, үретін, маңырайтын, қорсылдайтын, ақыратын, кісінейтін, сосын ұшатын, шықылықтайтын, қарқылдайтын, сайрайтын жан-жануар­лар мен құстарды бір-бірімен сөйлетіп, айтыстырып, араларын шиеленістіріп, сол арқылы сараң, дүниеқоңыз, қызғаншақ, жемқор, т.б. адамдар мен басшылардың мінезін ашса, олардың табиғаты бір-бірімен үйлесіп тұрады. Ал жансыз заттарды «сөйлету» жанды мақұлықтардан сомдалған кейіпкерлер сияқты шынайы шыға бермейді. Бірақ өкінішке қарай, бұл сын-ескертпелерімізге бүгінгі жасы бар, жасамысы бар, сатирашы ақындарымыз құлақ аспай келеді» деген өкінішпен.
Осының бәрін қағазға қарамай айтқан кезде еті қызып, қолтығы сөгілген тұлпардай тыпыршыған Темкең шашы төбесіне қарай шегіне бастаған маңдайын дәсорамалымен тағы бір сүртіп алып:
– Вяземский Пушкинді де сынаған, – дейді. – Ол өзінің «Жазба кітапшалар» атты еңбегінде Пушкиннің кейде «қатты русофильдік танытып, Батысты сілкілеп алатынын» бірнеше рет атап өткен. Вяземский жас кезінен әдеби патриотизмді, жалпы русофильдік пен патриоттық ұрандарды, әсіресе өлеңдерді мүлде жек көрген. 1831 жылы Вяземский Жуковскийдің поэзиясын «шинельдік өлеңдер» деп айыптады. Сол кезде ол Пушкиннің патриоттық өлеңдері «Бородинская годовщина» мен «Клеветникам России» туралы да өте қатаң пікір білдірді…
Аудиториядағылар мына сөздерден соң құлаққа ұрған танадай болады. Вяземский деген мықты орыс әдебиетінің алыптары Пушкинді де, Жуковты да, Крыловты да мақтамен бауыздапты. Ал ол туралы біз түк білмейміз. Темкеңнің терең білімдарлығы «қатал екен», «лекциясына қатыспаған студенттерінің соңына түсіп алады екен» деген сөздердің бәрінен биік тұрғанына көзің жетеді. Шынында, мынандай дәрісті тыңдамай, сандалып жүрген студентті қалай жазғырса да обал жоқ қой деп ойлайсың.
Сосын Вяземскиймен жөндеп таныса­йын деп тағы да кітапханаға тартам.
***
Әскерден келген кезім. Көңіл деген көкте. Отан алдындағы қызметін абыроймен орындап, қатардағы жай солдат емес, сержант болып оралған жігітке елдің бәрі жік-жапар болып тұруы керек сияқты. Осы оймен ауылда аз күн демала салып, Алматыға аттандым. Ойым, ләжі болса, күндізгі бөлімге ауысу. Ол мәселені бір шешсе, тек қана сол факультеттің деканы Темірбек Қожакеев шешеді. Темкеңнің кабинетін ҚазМУ қалашығындағы корпусымыздың бірінші қабатындағы ұзын дәліздің бойынан тез таптым. Қорқасоқтап тұрсам да есігін қағып, ішке ендім. Декан болғанға атшаптырым кабинетте отырады екен десем, жоқ, отырған жері тым кішкентай. Қабылдау бөлмесі дегені, тіпті тар.
– Кел, – деді де, «бұйымтайымыңды айт» дегенді ұясы үлкен көзімен білдірді.
– Ағай, – деп бастадым да, ҚазМУ-дің журфагында сырттай оқып жүріп әскерге кеткенімді, одан жақында оралғанымды, аудандық газетке тілші болып орналасқанымды, Жамбыл облысының Талас деген ауданынан екенімді, арманым – күндізгі бөлімде оқу екенін, мүмкіндік болса, соған ауыстыруын айтып шықтым.
Темкең әдеттегідей көзәйнегінің құлағына ілетін бір жақ бауын тістелеп отырып:
– Сырттай-ақ оқи берсейші, – деді.
Араға адам салу, үлкен кісіге беделді ағайындар арқылы шығу деген әдетімде жоқ. Әскерден келген жас жауынгерді құрметтейді деп кіріп барғам ғой. Темкеңнің кабинетінен тез шықтым. Аса өкінбеген сияқтымын. Өтінішімді орындамады деп өкпелеген де жоқпын. «Сырттай-ақ оқи берсейші» дегені ағалық ақылы сияқты көрінді қайта. Күндізгі бөлімге ауыса салып, әскерден келген «атақпен» бірдеңені бүлдіріп қойсам, ертеңгі күні ұяты Темкеңе келмей ме?! Осыны ойлап, қой, тыныштық керек деп ауылға зыттым.
1986 жылы күзге салым Жамбыл облыстық «Еңбек туына» (қазіргі «Ақ жол», кейін сол газетке бас редактор болдым) тілші болып ауысып, қызмет ете бастаған кезімде, нақтырақ айтсам, Колбиннің пәрменімен «арамтамақ», «нашақорлар», «ұлтшыл» студенттер мен жұмысшы жастарға қарсы қуғын-сүргін басталған кезде Темкеңнің басына да қара бұлт үйірілгенін естідім. Темкеңді «ұлтшыл» дегені аздай «жершіл» деп те айыптапы. Соны оқып алып «егер Темірбек Қожакеев жершіл болса, онда әскерден келе салып Жамбылдан желпілдеп барған мені «О, жерлесім екенсің ғой, айналайын! Бәйдібек атамның ұрпақтары Алматыда оқу керек» деп неге бауырына тартып, неге күндізгі бөлімге қабылдай салмады» деп ал кеп ойлан. Бірге оқыған курстастарымның арасында да жамбылдықтар аз болды. Темкең жерлестеріне келгенде өте қатал, өте талапшыл болатын қайта.
Әй, бірақ гәп жершілдікте емес-ау. Темкеңнің басына қара бұлтты әсіре патриотизм туралы оқыған лекциялары да жел боп айдап келмесе ме неғылсын? «Всякая всячина» мен «Трутеннің» тарихын айтқанда, «Колоколды» да есімізге салып өтпеп пе еді? «Оны Герцен мен Огарев шығарған» деп еді ғой. Деген де:
– 1863 жылы Герцен Польшадағы ұлт-азаттық қозғалысын қолдады. Патриот­тық ұран ұстанған патшалық орыс қоғамы оның бұл көзқарасын сатқындық деп қабылдады. Сөйтіп, газетті жаздырып алып оқитын көптеген оқырмандар «Колоколдан» бас тартты… Е-е-е, бұлар «Колокол» деген газетін ғана «жұтып» қойған жоқ, сонымен бірге шіркеуінің мұнарасында тұрған қоңырауларын да құлатып, жер аударып жіберді емес пе?! – деген.
Темкеңнің езуіндегі күлкіден ащы мысқылды да аңғарып едім сонда.
– Қоңырауды да жер аудара ма екен?– деген студенттеріне, «тарих азаматтықты да, ақымақтықты да ұмытпайды, тауып алып оқысаңдар, мән-жайын өздерің де білесіңдер», – деген де ары қарай тәптіштемеген.
Темкеңнің «Қоңырау» туралы осы сөзі мен езуіндегі мысқылы әлі күнге дейін есімнен кеткен жоқ. Өзі айтпақшы, тауып алып, оқыған кезімде Темкеңнің тереңдігіне, сол тереңдігі арқылы студенттеріне түнгі теңіздегі адасқан кемеге бағыт-бағдар беріп тұратын маяк сияқты жүрегі мен санасы жарқыраған жан екеніне көзім жете түсті.
***
Темкеңнің Желтоқсан оқиғасына байланысты қуғындалғаны жайлы көп жазылды. Өзі де айтты. Том-том кітаптар да шықты. Бәрі рас, бәрі шындық. Бірақ «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, Темкең «өзі асырап, ит еткендердің» бюрода, партия жиналасында бір ауыз сөзбен болса да адамдықтарын көрсетіп, қарсы пікір айтуға жарамағандарына қатты қынжылыпты. Жала жабу, тергеу, тексеру, қызметінен алу, партиядан шығару дегендерді көрудің қасында, кеше ғана «Темкелеп» жүрген телпекбайлардың табан астында күрт айнып шыға келгенін бастан кешудің қаншалықты ауыр болатынын өз көзімен көрді, өз жүрегімен сезді, күйінді, күйзелді. Бірақ екі өкпеден қысып, жүрегіне салмақ түсірген сынаққа шыдап бақты. Сөйтіп, тағдыры алдына тосқан тақсіретті қара нарша көтере білді.
Темкеңің пенделіктен биіктігі де сол, «Адам болып келген соң…» деген ағынан жарылып, ашына жазған мақаласында («Желтоқсан көтерілісі». Көп томдық айғақ кітаптар сериясы. 1-том.) олардың аты-жөндерін айтып, әшкерелуге әлгілердің ұрпақтарының алдында ары жібермеді ме, жазбапты. Бірақ олардың қандай «қасқалар» мен «жайсаңдар» екенін іш сезеді. Темкеңнің әріптес інілері де біледі.

***
Әр шығарманың соңы, шарықтау шегі болатыны сияқты, ҚазМУ-дегі оқуымның соңғы сыны да, шыңы да мемлекеттік емтихан тапсыруым болды. Дипломдық жұмыс жазу деген де бір белес. Менің жетекшім сол кездегі жас ұстаз Мүбарак Үмбетаев еді. Кейбіреулер сияқты азуы алты қарыс жетекші іздегенім жоқ. Бұйырғаны Мүбарак аға болды. Өзі Мүбарак десе, мүбарак, артық сөзге жоқ, мінезі көркем адам. Тақырыбым – Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетіндегі «Халықтық бақылау беті» болған соң, ылғи сын мақалалар, фельетондар, әзіл-шыны аралас сықақ өлеңдер, яғни Қожакеевтің жаны сүйетін дәрісіне сай кеп тұр. Темкең қай тақырыпқа салса да оза шабатын тұлпар сынды жүйрік қой, дегенмен газеттегі сын-сықағы бар беттер ол кісінің жанына ерекше жақын еді. Мүбарак ағайым газеттерге жарияланған әзіл әңгімелерімді де сұрап алып, дипломдық жұмысыма қосымша материал ретінде қосып қойды.
Мемлекеттік емтиханның төрағасы Кәкімжан Қазыбаев – еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінен бастап, одан кейін де талай қызметтің құлағын ұстаған, журналистігімен қатар жазушылығы да бар белгілі тұлға. Мен мемлекеттік емтихан тапсырар тұста ҚазТАГ деген ақпараттар ағынын үйлестіріп отырған үлкен мекеменің директоры болатын.
Ұмытпасам, жетекшім Мүбарак ағай мемлекеттік емтиханның комиссия мүшелерін алдымен менің дипломдық жұмысыммен таныстырды. Кәдімгідей қорғап-қорғаштап сөйлеп, жеке шығармашылығымды да мақтап, әзіл әңгімелеріме риза болса керек, тіпті болашақта үлкен жазушы болатын талантты азамат дегенге дейін айтты. Мұндай сөзді күтпеген басым екі бетім ду ете қалды. Темкеңе көзім түсіп кетіп еді, маған тесіле қарап отыр екен. Жүрегім зу етті. «Жазушыңның шама-шарқын қазір көреміз» деп талауға дайын отырған қасқыр сияқты көрініп, қорқып кеттім. Қорқатыным, жаңа ғана көз алдымда бір ағамыз мемлекеттік емтиханнан оңбай құлағанына куә болғам. Өзі мінезі біртоға, жақсы кісі болатын. Облысындағы газетінде ме, радиосында ма, бөлім меңгеруші боп қызмет істеп жүрген өңіріне белгілі журналист. Темкеңнің сұрақтарына сол кісі қатты терледі. Өзі де бір мүдірсе, қайтып сөйлемей қоятын адам екен, Темкеңнің қайталап қойған сұрақтарына ерегескендей, жауап бермей тұрып алды.
Тура сол кезде комиссия мүшелерінің алдына мен де шақырылдым. Сұрақтар басталды. Құдай жарылқап білетін сұрақтарым екен, жауап бере бастадым. Бірақ жиған-тергенімді бірден тауыса салмайын деп, баппен баяндауға кірістім. Осы кезде Темкең өз жанынан тағы бір сұрақ қойды. Оған да жауап бердім. Сол кезде ғой көзіне күлкі үйіріліп:
– Әй, мынау бірдеңе біледі-әй, – деп өзіне тән мысқылы ма, шыны ма, әдепкіде адам ажырата алмай қалатын дауыс ырғағымен қасындағы комиссия мүшелеріне қарай бұрылды. Ішімнен «Е, Құдай, жолым болды» деп қуанып отырмын. Темкең:
– Басқа сұрақтарыңыз бар ма? – деп комиссия мүшелеріне қарап еді, шаршап отыр ма, ешқайсысы үндемеді. Сөйтіп, мемлекеттік емтиханнан «төрт» деген баға алып, сыртқа шықтым да, «уһ» дедім.
***
Екі мыңыншы жылдардың басы-ау деймін. Темкеңмен Меркідегі бір жиында дастарқандас болдым. «Жас Алашта» жүрген кезім. Төрде, қасында отырмын. Бір кездегі қаһарлы деканым қариялыққа көшкен. Сабырлы, салмақты. Көп сөйлемейді. Қайта мен екпіндеп отырмын. Сол екпінмен өзінен дәріс алғанымды, құрметтейтін ұстазым екенін айтып, көңілін көтеріп қойдым.
– Аты-жөнің кім? Қай газетте істейсің? – деді жылы үнмен.
Аты-жөнімді, «Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы тілшісі екенімді айттым.
– Білем, білем. Оқып тұрам, елдің мәселелерін көп жазып жүрсің.
Бұл менің «Темір деканмен» соңғы кездесуім екен. Бірақ өлмейтін адам жоқ. Адам баласы жыл сайын сол үкімді күнге қарай ақырын-ақырын жылжып, жақындай береді. Қу тіршілік оны ойлауға мұрша бермейді. Бүгін мына, ертең ана жұмысты бітірем деп жүргеніңде, бәрі өтеді де кетеді. Темкеңнің өмірі де опасыз жалғанмен арпалысып жүріп өтті де кетті.
Бақұл бол, көке! «Әттең күндізгі бөлімге ауыстырып алғаныңызда тағдырым басқаша өріліп, қазір алматылық мықтылардың бірі болып жүрер едім» деген астамшыл өкпе жоқ сізге. Қайта сіздің «сырттай-ақ оқи берсейші» деген сөзіңіз, неге екені белгісіз, мені Алматыдағы небір сойқандардан аман алып қалғандай болады да тұрады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір