ҚҰНАНБАЙДЫҢ ЕРІ МЕН ШАПАНЫ
Ахмет ТОҚТАБАЙ,
тарих ғылымының докторы, профессор
2012 жылы тамыз айында Қытай Ғылым академиясы ұйымдастырған «Дала жібек жолы және Алтай аймағындағы халықаралық экономикалық байланыстар» атты халықаралық конференцияға қатыстым. Конференцияның мәдени бағдарламасы бойынша Алтайдың көрікті жерлерін, мәдени орындарын, тарихи ескерткіштерін араладық.
Алтай қаласындағы қазақ мұражайымен танысып жүргенде экскурсовод қыз: «Бізде Абайдың әкесі – Құнанбайдың ері мен шапаны бар», – деп қалды. Елең етіп, жәдігерді көрсетуін өтіндім. Ердің ағаш қаңқасы ғана қалыпты, алайда көненің көзі екені көрініп тұр. Ал шапан жақсы сақталыпты. Жасыл түсі оңса да, кезінде бағалы киім болғаны бірден байқалады. «Бұл шапанның Құнанбайдыкі екеніне қандай дәлелдеріңіз бар?», – деп сұрағанымда: «Мән-жайын мұражайдың басшысы біледі, сол кісінің қолында бұл заттардың толық мәліметтері бар», – деген жауап алдым. Құнанбайдың Алтайға барғаны белгілі жайт, бұл оқиға туралы Шыңжаңдағы қазақ тарихшысы Асқар Татанай, жазушылар Оқап Қыдырқан, Бейбіт Сапаралы жазған және ел аузында тараған ауызекі әңгімелерден белгілі. Сондықтан бұл жәдігерлер Құнекеңнің Алтай сапарынан қалған шығар деп ойлағаныммен, уақыттың тығыздығынан жәдігерлердің тарихын анықтай алмадым. Осы оқиғадан соң арғы беттегі таныстарға, әріптестерге Алтайдағы мұражайға телефон шалып, хат жазып, деректер іздестірген болып едім, мардымды еш нәрсе табылмады. Ақыры, осы жылдың ақпан айында жолым түсіп, Алтай қаласына барып, біраз мәселенің басын ашып қайттым.
Құнанбай жайында зерттеп жүрген Алтай қаласының тұрғыны Мұрат Әбілқасымұлы: «Мұра» журналының 2013 жылғы № 1 санының 5 бетінде жарияланған Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің профессоры Мұхтарбек Кәрімовтің жазған бір-екі сөзіне көзім түсті. Хатта: «Аса құрметті Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімов мырзаға: өздерің берген шабыттан ой түсіп, «Шинжиаң газетіне» «Шыңжаңда Абай ұрпағы бар ма?» деген мақала жаздым, жариялап жатса – ел құлағы елу, хабар келіп қалуы да ғажап емес, талай бауырларым іздестіріп жатыр, тек хабар келіп жатса тағы да айтармын. Сұлтан Жанболатов» делінген. Сұлтан Жанболатов ағаның осы сөзінен мен де шабыт алып, қарап жатпайын деп өзім танитын адамдармен хабардар болып, Алтай қаласы көлемінде Абай ұрпағы бар ма деген сұрау салдым және арнайы іздедім. Жолым болып Алтай қаласының Шірікши ауылындағы бір тойда аға сұлтан Құнанбайдың жиеншары Өмірбек Баймұқамбетұлымен жолығып, бетпе-бет сөйлесіп, аға сұлтан Құнанбайдың қарындасы Айбала, ал Айбаладан туған кейінгі ұрпақтары жөнінде нақты мәлімет алдым.
Құнанбайдың әкесі Өскенбай би мен Өтеудің құдалығы туралы Өтеудің Намаз деген ұлынан туатын Әубәкір Халитұлы (1903 жылы Қазақстанның Зайсан өңірінде туып, 1987 жылы Алтайдың Шірікши ауылында қайтыс болған) былай деп кейінгі ұрпақтарына аманаттап айтып кеткен екен:
Шамамен осыдан 180 жылдың алды-артында Жантекейден тараған Сүйінбай, одан Есіргеп, одан тараған Өтеу әулеттері кезінде аға сұлтан Құнанбай, тіпті оның арғы атасы Өскенбай би мекен еткен қазіргі Қазақстанның Семей, Шыңғыстау, Жидебайлардың маңында көшіп-қонып жүріп, аға сұлтан Құнанбайдың әкесі Өскенбай би ауылмен Құдай десіп құдаласып, Өскенбай бидің Айбала деген қызын Өтеу өзінің Шомақ деген ұлына айттырып алып береді. Өтеу мен Өскенбай би ортасында міне осылайша құдалық қатынас орнайды.
Құнанбайдың жиеніне берген күміс ері. 1966 жылы мәдениет төңкерісі кезінде күміс әшекейлерінің барлығы отқа жағылып, ердің құр қаңқасы ғана қалған. Хунвейбиндердің ұстанымы бойынша кедейдің мінетін ері қалпына келген. Алтай қаласының музейі.
Өтеу әулеті өз кезінде сол дәуірдің ауқатты байларының бірі екен. Ұрпақтарының айтуына қарағанда Өтеуге 10 мың жылқы, 5 мың қой бітіп, елі мен жұртына байлығымен де, адамгершілігімен де жаққан адам екен. Елі мен жұрты Өтеуге: «Сіз би болыңыз» деген талапты қойған. Сонда ол кісі мен би болмаймын, би түсетін үй боламын деп отырып алыпты. Кейін ол кісінің айтқаны келіп, Өтеу әулеті қазіргі Қазақстанның Зайсан өңірін мекен еткен. Өтеудің бүкіл өмірі де осы арада өтіпті. Өтеу өз заманында көріпкелі бар қасиетті адам болғаны шындық. «Күнбатыстан бір шу шығады, сол шу күншығысқа да жетеді, шудың алдында өңшең сарышаш жирен сақалдылар жүреді, бай-бағылан, би-батыр сияқты елдің қаймақтарының бәрін құртып, өңшең құл-құтан, зәһәр-залым, дінсіз-бетсіз, қағылған-соғылған екі жүзді үш жүзділер ел басқарып, халықты қан қақсатады, зардабы ұзаққа кетіп, ақырында Алла тағаланың қаһарына ұшырап, күні бітеді екен» деп айтып отырған. Жылына бір-екі рет шүлен таратып тұрыпты.
Өтеу қайтыс болғаннан кейін, сол маңдағы ауыл адамдары Өтеу зиратына барып ауық-ауық құран оқып, зират маңынан өткен жолаушылар аттарынан түсіп, жаяулап барып құран оқып, бет сипап аттанады екен. Бұл қазірге дейін дағдыға айналыпты. Өтеу қоныс еткен ауылдардың малына түрлі індет тигенде, мал иелері малдарын қоралап айдап, Өтеудің зиратының маңына бір күн түнетеді екен. Ғажабы сол, түні апарған малға қасқыр шауып, ертесінде ауырған малдар ада-күде жазылатын болыпты. Бұл іс бертінге дейін жалғасыпты. Бәлкім, ол кезде мал шипагері болмағандықтан осылай істеген де шығар. Алайда, бір қасиеттіліктің жіп ұшы көрініп тұрғандай.
Өтеудің Ораз, Намаз, Шомақ, Абыз, Әби есімді бес ұлының ортаншысы Шомақ. Осы Шомақ Өскенбай бидің күйеу баласы. Шомақ сөзге шешен, еліне беделді болып, Есіргеп руының биі болып, билік тасын қолына ұстаған әділ-турашыл адам болған. Шомақ пен Айбала Тұрғанбай атты ұл, Бейілқан атты қыз сүйеді. Шомақ пен Айбала Алтай жеріне келмеген, қазіргі Қазақстанның Зайсан өңірінде жасап, сол жерде дүниеден өткен, аталары Өтеудің жанына жерленген.
2009 жылы Құнанбайдың жиеншары Өмірбек Баймұхамедұлы Қазақстанның Зайсан ауданына өтіп, бабасы Өтеудің басына құран оқытып қайтты. Өтеудің зираты өзінің атамекені Сайқан тауының терістік бетіндегі Қарой ауылының жанында орналасқан. Жылқының қылымен араластырып саздан дөңгелек қорған іспетті жинапты. Қорғанның қалыңдығы құлаштай, бір ғасыр уақыт өтсе де әлі бұзылмаған. Енді Өмірбек нағашысы Құнанбайдың басына барып тәу етіп қайтпақшы.
1860 жылдың орта шенінде Шомақ пен Айбала баласы Тұрғанбайды нағашысы аға сұлтан Құнанбайдыкіне нағашылатып апарады (Тұрғанбай 1860 жылы қазіргі Қазақстанның Зайсан жерінде туып, 1929 жылы Зайсаннан қоныс аударып, Алтайдың Шірікши жеріне келіп қоныс теуіп, кейінгі өмірін осы жерде өткізіп, 1946 жылы 86 жасында қайтыс болады). Тұрғанбай нағашысына барғанда, ашамайлы ерге мінетін кезі екен.
Құнанбайдың жиеніне кигізген шапаны.
Алтай қалалық музейі.
Шомақтар қайтарында Құнанбай: «Жиеніме ат мінгізіп қайтарамын» деп, екі құлағының үстінде теңгедей қарасы бар мөлдір ақбоз атқа көксәуір былғарымен шыбарланып қапталған, алдыңғы-артқы қасына күміс жалатып, бұршақ басты алтын жалатылған жез шегемен шегеленген ер тоқымды ат мінгізіп, жиеніне шапан кигізеді. Тұрғанбай осы мөлдір ақбоз атты көп жыл мініп жүреді. Кейін осы ат ақ патшаның әскерлері жағынан қолды болады. Тұрғанбайдың нағашысынан киген шапаны бірнеше ата аралап, Тұрғанбайдың кенже ұлы Баймұқамбетке, одан немересі Кәмелқанға, одан шөбересі Өмірбекке жетеді. Осы шапанның тысы жасыл түсті мәуті торғын болып, астары үш қабат шүберекпен астарланған. Ойма жағалы, қаусырмалы (түймесіз) жең ұшы, жағасы және өңірі бес елі мөлшерінде сырылып тасталған, шапанның етегі мен жеңі бір тектілеу ұзындықта. (Осы шапанды киіп көргенімде бейне бала іспетті болып, ішіне кіріп кеткендей болдым дейді Өмірбек Баймұқамбетұлы). Ал ер тоқым алды биік, арты аласа бір адамдық екен. Көзі ашық, көкірегі ояу қариялардан сұрағанымызда арғын ер тоқым болып шықты. Осы ер тоқым елімізде жүргізілген «Мәдениет зор төңкерісі» кезінде төрт көне ретінде қызыл қорғаушылардың (хунвейбиндердің) қолына түсіп, айшықты оюлары мен алтын жалатылған жез шегелерінің басы мұжырайып орны ғана қалған, құйысқан өмілдірік, айыл, тебінгі, үзеңгі сияқты ер тоқым әбзелдері әркімнің қолында кетіп, «Мәдениет зор төңкерісі» аяқтап, байлардың мал-мүлкі өздеріне қайтарылған да, ер тоқымның қаңқа басы мұра иелерінің қолына келеді.
Арасы үш жүзге, берісі Алты Алашқа аты мәлім Өскенбай бидің қызы Айбала өз аталығында ат мініп, атан жетелеп, сол дәуірдің сәнді салтанатымен келгені айтпасақ та жалпақ жұртқа мәлім. Айбаланың төркінінен мініп келген күміс ер тоқымның басқа әбзелдері тозғаны тозып, жоғалғаны жоғалып, қазір сол ер тоқымның қос табанды күміс үзеңгісі кейінгі ұрпақтарында сақталып қалады. Осы әулеттің қазіргі ұрпақтары ақылдаса келе, Тұрғанбай мен Айбала апасынан қалған мұра – ер тоқым, шапан, қос табанды күміс үзеңгіні Алтай қаласының мұражайына қолекі табыстап, кейінгі ұрпақтардың бейзаттық мұра ретінде тамашалауына береді.
Енді Құнанбайдың Алтайға келуі жөнінде бірер сөз. «…Құнанбай аға сұлтан, Барақ төре оның орынбасары боп сайланған кезде патша әкімшілігі әпербақандарымен қандары қата өштескен қазақ азаматтары – ақсақ Қиян, Табылды дегендер уезд бастығын өлтіріп кетіп, Алтайдағы Абақ Керейлер арасына келіп паналайды. Оларды қолына түсіре алмай қапы қалған жандарал қатты ашуға бөгеді. Сөйтіп, Қиян мен Табылдының Алтай асып кеткенін естіп біліп, Керейдің ел билеушісі Ажы төреге аталас туысы Барақ төре арқылы хат жаздырып, екі қылмыскер қашқынды ұстап беруді талап етеді. Осы мақсатта аға сұлтан Құнанбайды арнайы тапсырмамен Абақ еліне аттандырды…», – деп көрсетеді Құнанбай өмірі мен қызметін зерттеуші Б.Сапаралы (Б. Сапаралы. Құнанбай қажы. А., 1995, 192-бет).
«Оқиға Барақ төре Солтабайұлы басқарып отырған Найман – Сыбан елінде өткен, Ақсақ Қиян мен Табылды Сыбан елінің азаматтары, ақсақ Қиян жасы алпыстан асқан белгілі барымташы, қарашекпендерімен (ішкі Ресейден келген қоныс аударушылар) жерге таласып жүргенде орыстың оғы тиіп, сол аяғы кем болып қалады. Сыбанның елбасылары мен билері кеңесіп: «Орыстың құрығы ұзын, қазақтың қай жерінде барсаңдар да, ұстап алады. Ежелден бізге ел болған кең балақ Керей ішіне кетіңдер», – деп шекарадан өткізіп салады. Барақ білмеген болып қала береді». (Айтушы Ісләмшайых Рахымжанов. Жарма ауданы, Үшбиік ауылы). Бұдан біз орыстың қаһары қандай күшті болса да, елбасыларының басына күн туғанда ерлерін ұстап бермей, ажал аузынан алып қалғанын көреміз.
Қазір орыстың қолшоқпары болды деп Құнанбайды, Жәңгір ханды орынсыз кінәлау бар. Шын мәнінде Құнанбай да, Жәңгір де Ресей империясының қазіргі тілмен айтсақ, әкімдері, ол өз елдерінде қандай бүлік, бұзақылық, кісі өлтірушілік, керуен тонаушылық, т.с.с губернатордың алдында басымен жауап беріп, тәртіп орнатуға міндетті болған. Финляндия, Польшадан бастап Порт-Артурға дейінгі Еуразияның жартысын билеп тұрған империяның уезд бастығын подполковник, шенді қайдағы бір бұратаналардың өлтіруі губернаторға аспаннан жай түскендей болады. Сондықтан аға сұлтан Құнанбайдың өзін жұмсап «қылмыстыларды тірідей, өлсе басын алып кел», – деп қатал зілді бұйрық беріп жұмсайды. Ресей табиғаты азиялық деспотиялық империя деп баға береді шетел зерттеушілері. Олар ата жауларының басын алдырып, кек қайтару (Кенесарының, Кейкі батырдың, Хаджымұраттың, т.б. бастары) мемлекеттік рәсім дәрежесіне көтерілген.
Құнанбай келеді дегенде, керей елі ақ патшаның аға сұлтаннан гөрі көптен көрмеген алыстан туысымыз келе жатыр деп, барынша дайындық жасайды. (Жоңғарға қарсы ұлт-азаттық соғыстың қаһарманы еліне ұран болған Ер Жәнібек Бердәулетұлының қарындасы Ермек ана Өскенбайдың жұбайы болған). Қаба өзенінің бойына 50 үй тіктіріп, елбасылары Әжі төре, Шәу жырау, Шегебай батыр, Көкен би, Жетібай би, Бейсенбі би қатарлылар қарсы алады.
– Аға баласы сіз сөйлеңіз, – дегенде бір сөзін артық-кем айтпайтын Құнанбай істің мән-жайын Керейдің игі жақсыларының бүге-шігесіне дейін біліп отырғанын сезіп:
– Сөз өздеріңізде, – деп жауап күтеді.
Бірінші болып сөзді Шәу жырау (кейбір әңгімелерде Бейсенбі би делінеді) бастайды:
– Жігіттерің ата жауымыз кәпірдің желкесін қиып, бізді ел санап қорған болады деп қашып келгені рас. Қырғидан қорыққан торғай да бұтаны қорғалап аман қалады. Бұта құрлы жоқпыз ба? Кешегі өткен ханымыз Ер Абылай қалың қытай құмырсқадай әскерін қаптатып қойып, Әмір Сананы ұстап бер, ақысына жер береміз дегенде, Абылай берді ме? Берген жоқ. Әлсіздерді қолдап, күштілерді қайыратын ата-салтымыз емес пе? Ақсақ Қиян бір жыл арамызда тұрып өз ажалынан дүние салды. Табылды табылмайды, келмеске кетті. Бас десеңіз бас тауып, қағаз десеңіз қағаз жазып, мөрімізді басып берейік, – деп, сөзін аяқтайды. (Табылдыны Шыңжаңның ішкертін Баркөл жағына өткізіп жібергенін айтып отыр. Қазір ұрпақтары сол жақта деген ел аузында дерек бар).
Әу баста екі жігіттің ерлігіне іштартқан Құнанбай:
– Өлгендерің тіріліп, келмеске кеткендерің қайта келіп жүрмесін, – деп сөзін қайырады. Ақыры екі жағы келісіп, Ақсақ Қиянның өлгенін куәландырып, билер бармақтарын басып, мөрлерін қояды.
Алтай елінде айтылатын тағы бір әңгіме – Шәку байдың Құнанбайды қарсы алғандағы қонағасы жайында. Құр тайды сойып, барлық етін түгел асып, бір табаққа салады, шетін қазымен айналдыра көмкеріп ортасына тайдың басын қойып, төрт жігіт тайтабақтың төрт жағынан ұстап Құнанбайдың алдына алып келіпті.
Құнанбай осы сапарын еске алғанда «Алты Алаштың талай жерінде болып, ел аралап, дәмін татып жүргенде мұндайды көрген жоқ едім, түбінде қазақтың салт-дәстүрінің қалатын жері осы болар», – деп еске алады екен.
Әжі төре, Шәу жырау, Бейсенбі би, Шәкубайдың Құнанбайды қарсы алған Қаба өзенінің жағасы қалың қарағай қайың аралас алаңқайда – қазір Қытайдың саяхат мекемесінің мейрамханасы орналасыпты, жердің жаннаты екен. Тайтабаққа келетін болсақ, 1966 жылғы мәдени революцияға дейін сақталыпты, хунвейвиндер бай феодалдардың ыдысы деп отқа жағыпты. Көнекөз қариялардан сұрастыра жүріп, тайтабақтың пошымын қайтадан қалпына келтіріп, сұлбасын сыздық. «Керейден ұл туса, ағашқа күн туады» дегендей, менің ұсынысым бойынша, Шыңжаңдағы қазақ мәдениеті мен өнеріне жанашыр болып жүрген Рахат Қадыр мырзаның демеушілігімен тайтабақ қазір қайтадан жасалып жатыр.
Құнанбай өмірінің бір қыры осындай.