Татамидегі тартыс

Қазақстан дзюдошылары Азия ойындарында
Жапония татамиінде өткен тартысты белдесулер Қазақстан дзюдошыларының шеберлігі мен табандылығын тағы бір мәрте көрсетті.
2026 жылғы 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындарының дзюдо жарыстары өтті. Байрақты бәсекеге Азияның 32 елінен 199 дзюдошы қатысып, 14 салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстан құрамасы бұл жарыста лайықты өнер көрсетті. Жекелей сайыста ел қоржынына төрт күміс медаль түсті. Олимпиада чемпионы Елдос Сметов 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға шығып, жапониялық Хаято Кондоға есе жіберді. Осылайша, тәжірибелі спортшы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Әбужақынова да күміс медаль иеленді. Ол финалда жапониялық Мицуки Кондомен белдесіп, жарысты екінші орынмен аяқтады. Ал 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Алмат финалға дейін жетіп, жапониялық Сотаро Фудзиварадан жеңіліп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір күміс медальді 100 келіге дейінгі салмақта Азһар Асхат жеңіп алды.
Қазақстандық дзюдошылар командалық сайыста да өз мүмкіндіктерін көрсетті. Аралас командалық бәсекеде Қазақстан құрамасы финалға дейін жетті. Алайда шешуші кездесуде Жапония құрамасына 0:4 есебімен жол беріп, күміс медаль иеленді. Бұл нәтиже спортшылардың жеке шеберлігімен қатар, командалық бірлігінің де жоғары екенін көрсетті.
Жалпы, Қазақстан дзюдошылары Азия ойындарында бес күміс медаль жеңіп алды: төртеуі жекелей жарыста, біреуі аралас командалық сайыста. Бұл нәтиже ел дзюдосының Азия құрлығындағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді. Ал Жапония құрамасы сегіз алтын, бір күміс және төрт қола медальмен дзюдо жарыстарының жалпы есебінде бірінші орынға шықты.
Татамидегі әрбір белдесу спортшыдан күш пен шапшаңдықты ғана емес, сабырды, тактикалық ойлауды және жеңіске деген жігерді талап етеді. Қазақстандық балуандардың нәтижелері жас спортшыларға үлгі болып, елдегі дзюдо спортының дамуына серпін береді.
Татамидегі тартыс аяқталғанымен, жаңа жеңістерге деген ұмтылыс жалғаса береді. Қазақстан дзюдосының алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруына мүмкіндік мол.
Бекзат НҰРБАҚЫН,
Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетінің 1-курс студенті