Қазіргі қоғамдағы журналистиканың рөлі
09.10.2026
131
1

Журналистика қазіргі қоғамда маңызды орын алады. Күн сайын адамдар теледидардан, интернеттен және әлеуметтік желілерден жаңалықтар оқып, әлемде болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алады. Осы ақпараттарды халыққа жеткізуде журналистердің еңбегі зор.

Журналистің басты міндеті — шынайы ақпаратты жинап, оны халыққа дұрыс жеткізу. Жақсы журналист адал, жауапты және сауатты болуы керек. Сонымен қатар ол ақпаратты тексеріп, адамдарға түсінікті тілде жеткізе білуі қажет.

Менің ойымша, журналистика — қызықты әрі жауапкершілігі жоғары мамандық. Журналистер тек жаңалықтарды хабарлап қана қоймай, қоғамдағы маңызды мәселелерді де көтереді. Олар адамдардың ойын жеткізіп, халық пен билік арасындағы байланысты қалыптастыруға көмектеседі.

Қазіргі уақытта жалған ақпараттың таралуы үлкен мәселеге айналды. Сондықтан әрбір журналист ақпаратты бірнеше дереккөз арқылы тексеріп, шындыққа сүйеніп жазуы керек. Себебі журналистің жазған мақаласы көптеген адамның пікіріне әсер етуі мүмкін.

Мен болашақта білімді әрі білікті журналист болғым келеді. Ол үшін көп кітап оқып, сауатты жазуды, еркін сөйлеуді және адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауды үйренуім керек. Өз мамандығымды жақсы меңгеріп, қоғамға пайдалы ақпарат жеткізгім келеді.

Қорытындылай келе, журналистика — қоғамға қажет мамандық. Нағыз журналист шындықты айтуы, халықтың сенімін ақтауы және өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы керек. Менің ойымша, жақсы журналист болу үшін біліммен қатар адалдық пен еңбекқорлық та маңызды.

Есей МҰХАНБЕТӘЛИ
Тобы: 123, Журналистика

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.10.2026 | 13:37

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір