АЯЛДАМА

Күз биыл ерте түсті.
Ауылдың шетіндегі аялдама ескі еді. Төбесіндегі қаңылтыр жел соққанда сықырлап тұратын. Бірақ Сейіт ақсақал үшін ол жай ғана аялдама емес-тін. Ол жер – өмірінің ең ауыр естеліктері қалған мекен. Аялдаманың маңына сарғайған жапырақтар үйіріліп жатыр. Жел тұрған сайын олар әлдебір жаққа асығып бара жатқан адамдардай зуылдап өтіп кетеді. Ал аялдаманың өзі ғана орнынан қозғалмайды. Қырық жыл бұрын қалай тұрса, қазір де солай. Сейіт ақсақал да сол.
Кейде ауыл адамдары оның аялдамаға неге жиі келетінін түсінбей жатады. Түсінбегендері дұрыс та шығар. Өйткені кейбір күтудің себебін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол бүгін де баяу басып келді. Ескі орындыққа отырды. Қолындағы таяғын тізесіне көлденең қойып, жол жаққа көз тікті. Жол үнсіз. Күзгі аспан үнсіз.Тек адамның көңілі ғана ешқашан үнсіз болмайды екен. Ол көңіл кейде өткен күндердің есігін ашып жібереді.
Қызы Гүлнәр мектепті алтын белгімен бітірген күні бүкіл ауыл қуанған. Әкесі де, шешесі де жалғыз қыздарының үлкен қалаға оқуға түскенін мақтаныш көрді. Өрімдей қыз.Бұрымын арқасына тастап қойған. Көзінде арман. Жүрегінде асығыстық.
— Әке, уайымдамаңыз. Оқуды бітіріп, қайтып келемін.
Ал өзі де, шешесі де жылап тұрған.
Бірақ ол көз жасының қуаныштан ба, әлде айырылысудан ба екенін ешкім ажырата алмаған. Сол күні Сейіт қызының чемоданын автобусқа өзі көтеріп салды. Автобус қозғалғанда Сейіттің жүрегінен бір нәрсе үзіліп кеткендей болған еді. Адам баласы кейде өміріндегі ең үлкен айырылыстың басталғанын сол сәтте сезбейді екен. Ол да сезбепті…Қызының ауылдан емес, өз өмірінен кетіп бара жатқанын қайдан білсін.
Қала қызын өзгертті. Қала аздық етіп, басқа мемлекетке алып кетті. Бөгде жұрттың арасында жаңа өмір басталды. Телефон қоңыраулары сиреді. Хаттар да азайды. Кейін тіпті мерекеден мерекеге ғана хабарласатын болды. Ал Сейіт болса күн сайын кешке қарай аулаға шығып, батыс жақтағы жолға қарайтын әдет тапты. Адам баласы үміттен шаршамайды, шаршайтыны – үміттің ақталмай қоюы. Бірақ оны мойындағысы келмейді. Сондықтан күте береді… Күте береді…
…Гүлнәрдың шетелдік жігітке тұрмысқа шыққаны туралы хабар ауылға жеткенде жұрт екіге жарылды.
Бірі:
— Бақытын тапса болды, — десті.
Екіншісі:
— Ертең өкініп жүрмесе болғаны, — десті.
Сейіт ештеңе демеді. Жүрегі ауырмайды деймісің. Ауырды.Тырнады. Ауыр тас байланғандай болды. Үндемеді. Тіс жармады. Іштен шыққан шұбар жыланы ғой, қайтсін енді. Тек қызының жіберген суреттеріне ұзақ қарайтын болды. Суреттерде бәрі әдемі еді. Теңіз. Жарық көшелер. Бейтаныс қала. Күлімдеп тұрған қызы. Бірақ әке жүрегі суреттен көрінбейтін нәрселерді де сезетіндей көрінді. Қыздың күлкісінде бір мұң бар сияқты көрінетін де тұратын оған.
Дөңбекшіп жатып зорға ұйықтап еді. Таң ата Сейіт түлен түрткендей оянып кетті. Жүрегі аузынан шығып кетердей. Жәйсіз түс көрді ме, беймаза күйде еді. Төргі бөлмеден әлдебір сыбдыр естілгендей болды. Кемпірі ерте тұрып, сиыр сауып кеткен шығар деп ойлаған. Бірақ үй іші тым-тырыс. Ол сыртқа шықпақ болып орнынан көтерілгенде, терезе түбінде отырған Күләшты көрді. Кемпірі арқасын беріп отыр екен. Иығы анда-санда селк етіп қояды. Алдындағы шәйнектен баяғыда құйылған шай суып қалған. Сейіт үнсіз жақындады. Бір сұмдықты сезгендей ме, мүсәпір жаны дір – дір етеді. Күләш бетін терезеге бұрып алған күйі сыртқа қарап отыр. Терезенің ар жағында бозамық таң ғана.
— Не болды? — деді Сейіт жай ғана. Кемпірі жауап бермеді. Тек орамалының ұшымен көзін сүртіп қойды. Үнсіздік созылып кетті. Үй ішінде қабырға сағатының тықылы ғана естіледі.
— Біреу ауырды ма? Күләш басын шайқады.
— Онда не болды?
Кемпірі ауыр күрсінді. Сосын үстел үстіндегі телефонға көз тастады.
— Түнде Гүлнәр хабарласты… Сейіттің жүрегі шым ете қалды.Қыздарының түн ішінде телефон шалуы сирек болатын.
— Не дейді? Күләш біразға дейін сөйлей алмады. Ерні кемсеңдеп кетті.
— Ажырасып кетіпті…
Бұл сөз үй ішіне бөтен бір суықтық әкелгендей болды. Сейіт үнсіз қалды.
Терезеден таңның бозғылт жарығы ғана түсіп тұр.
— Жалғыз қалыпты, — деді кемпірі әрең.
— Жұмысынан келеді екен де, бос пәтерге кіреді екен. Кейде екі-үш күн ешкіммен сөйлеспей жүретін көрінеді. Күләш көз жасын тағы сүртті.
— Телефонда жылап отырды… Сейіт қызын кішкентай кезіндегідей елестетіп кетті. Мектепке алғаш барған күні. Қорыққанынан шешесінің етегінен жібермей қойған күні. Аялдамада қалаға шығарып салған күні… Сөйтсе, адам қанша жасқа келсе де, кей қорқыныштары өзгермейді екен. Тек түрі өзгереді.
— Не дейді тағы? — деді ол.
Күләш терең дем алды.
— «Анашым, келіңізші…» деді.
Сосын біраз үнсіз қалып…
«Жалғыз өзім қорқамын…» деді.
Осы сөзді айтқанда дауысы дірілдеп кетіп, Күләштің көзіне жас толды. Өйткені ол телефонның ар жағында отырған қырыққа таяған әйелді емес, баяғы бұрымы желбіреген кішкентай қызын естіген еді. «Анашым, қорқып тұрмын…» деп тұрған қызын. Сол сәтте оның аналық жүрегі шыдамады.Қайда болса да, қанша жер алыс болса да қыздарын көріп қайту керек.

Күләш ауылдан кетер күні аспан түнеріп тұрды. Күздің соңғы күні. Аспан сұп — сұр. Жел де жоқ. Құс та ұшпайды. Ауыл үстіне үнсіздік төніп алғандай. Күләш таң атпай тұрып кеткен. Үй ішін жинастырды. Төсектерді қақты. Даладағы қазан — ошақ жақты ақтады. Терезе алдындағы гүлдердің сарғайған жапырақтарын жұлып тастады. Бір жаққа ұзақ сапарға емес, кешке қайтып келетін адамдай күйбеңдеп жүрді. Бірақ екеуі де мұның өздерін алдаусырату екенін білетін. Түске таман екеуі аяңдай басып аялдамаға келді. Бір чемодан. Бір сөмке. Сейіт кемпірінің жүзіне ұрлана қарап қояды. Күләш та көзін тайдырып әкетеді. Екеуінің арасында айтылмаған сөздер тым көп еді. Жарты ғасыр бойы бір-бірінің үнінен көңіл күйін таныған адамдарға кейде сөздің өзі артық болады екен. Автобус көрінгенде Күләштың қолы дірілдеп, сөмкесінің бауын қаттырақ қысып алды. Сейіт соны байқап қалды. Кезінде дәл осылай мектеп табалдырығын алғаш аттаған қыздарының қолы дірілдеп еді.
Енді міне… Қыздары емес. Қыздарын жұбатуға бара жатқан анасы тұр.
— Өз-өзіңді күт, — деді Күләш ақырын ғана.
— Иә.
— Дәріңді ұмытпа.
— Жарайды.
Тағы үнсіздік. Күләш бірдеңе айтқысы келді. Айта алмады. Сейіт те айта алмады. Кейбір қоштасуларда сөздің бәрі кешігіп қалады екен.
— Тез қайтамын, — деді ақыры Күләш. Сейіт басын ғана изеді.
Бірақ жүрегінің бір түкпірінде әлдебір мұңды дауыс:
«Жоқ… Сен енді қайтпайсың…» деп сыбырлағандай болды. Ол ойдан өзі шошып кетті. Жамандық шақырғысы келмеді. Басын шайқады. Бірақ әлгі сезім кетпеді.
Автобус аялдамаға келіп тоқтады. Есік ашылды. Күләш баспалдаққа көтерілді. Бір сәтке бұрылып қарады. Сол қараста жарты ғасырлық өмір тұр еді. Үйленген күндері. Балалы болған шақтары. Қуаныштары. Ұрыс-керістері. Бірге қартайған жылдары… Бәрі бір ғана жанарға сыйып кеткендей.
Автобус орнынан қозғалды. Күләштың жүзі терезе сыртында кішірейіп бара жатты. Сосын мүлде көрінбей кетті. Ал Сейіт аялдамада жалғыз қалды. Ол дәл осы жерде бір кезде қызын шығарып салған. Енді кемпірін шығарып салды. Дәл осы аялдама. Дәл осы жол. Бірақ бұл жолы қызы емес. Өмірінің жартысы кетіп, жоо – жооқ көшіп бара жатқан еді.
Алғашқы күндері Сейіт уақыттың қалай өтіп жатқанын аңғармай қалды.Қызы телефон шалып тұрады.Күләш та хабарласады. Бәрі жақсы сияқты. Бірақ үйдің іші өзгеріп кеткен еді. Бір адам кеткенде үйдің де мінезі өзгеретін көрінеді. Бұрын таңертең оянғанда асүйден ыдыстың сылдыры естілетін. Қазір меңіреу тыныштық оятады. Бұрын шай үстінде екі кесе тұратын. Енді біреу-ақ. Алғашында әдетпен екінші кесені де алып шығатын. Сосын өз-өзінен күліп қоятын. Күләш жоқ қой…Бір күні кір жумақ болды. Кір себетін ашып қалып, ұзақ тұрып қалды. Бұрын бұл жер толып жататын. Қазір түбінде өзінің екі-үш жейдесі ғана жатыр. Сейіт сол сәтте жалғыздықтың қандай болатынын анық түсінді. Жалғыздық — үйдің бос қалуы емес екен. Жалғыздық — күнделікті тіршіліктің жартысының жоғалып кетуі екен. Кешкілік малын жайғап болған соң үйге асықпайтын болды. Үйге кірсе үнсіздік күтіп тұратынын біледі.
Сондықтан ауыл шетіндегі аялдамаға бұрылатын. Алғашында өзі де неге баратынын түсінбеді. Кейін түсінді. Бұл жерде өмірінің ең маңызды адамдары қалған екен. Қызының күлкісі. Кемпірінің қоштасқан жанары. Жастығы. Арманы. Бәрі осы аялдаманың маңында қалып қойғандай. Ол орындыққа отырып алып, жолға қарайтын. Кейде алыстан шаң көтерілсе, жүрегі селк ететін. Сосын өзіне-өзі жатта кеп ренжитін. Кімді күтіп отырмын? Кім келеді? Бірақ келмейтінін біле тұра, ертеңінде тағы келеді.
Күз өтті. Қыс келді. Аялдаманың төбесіне қар жиналды. Орындыққа қырау қатты. Сейіт бәрібір келетін. Таяғымен қарды ысырып қойып отырып алатын. Бір күні аялдаманың қабырғасынан ескі жазуды көрді. «Гүлнәр 1988». Қызы мектеп бітірген жылы бәкімен сызып жазып кеткен аты. Жылдар бойы байқамаған екен. Сол жазудың үстімен саусағын жүргізді. Бір кезде осы әріптерді жазған қыз қазір қайда жүр екен? Бақытты ма екен? Жоқ әлде дәл өзі сияқты сағынып жүр ме екен? Түндері ұйқысы қашатын болды. Кейде көзі ілінсе, түс көреді. Түсінде Күләш асүйде жүр. Шәугім қайнап жатыр.
—Сейіт — ау, шәйнекті төге берші, — дейді. Дауысы анық естіледі. Сейіт орнынан тұрып кетеді. Бірақ үй қараңғы. Асүй бос. Тек сағаттың тықылы ғана. Сонда барып түс екенін түсінеді. Ең ауыры сол еді. Адам өлгенде емес. Тірі жүргенде сағынғанда қиын екен. Өйткені үміт үзілмейді. Ал үзілмеген үміт жүректі күнде бір ауыртады. Сондықтан ол ертеңінде тағы да аялдамаға барады. Бәлкім, ешкім келмес. Бәлкім, ештеңе өзгермес. Бірақ сол орындықта отырғанда ғана өзін жалғыз сезінбейтін.
Айжамал Жолдасқызы