БРАЗИЛИЯҒА АТТАНҒАН ТАУСОҒАР, ЖЕЛАЯҚ, КӨЛТАУЫСАРЛАР…
Өмір дайындаған талайлаған сын-сынақтан сүрінбей өтіп, сайысқа сайгүлігін сайлап, ер үстінде еркін ойнау арқылы бойында білек пен жүрек, қажыр мен қайрат, ақыл мен ой, күш пен қуат, дархандық пен даралық сынды адамға аса қажет қасиеттерді қалыптастырған тарланбоздар жазылмаған «Дала заңымен» өсті, өнді, өркендеді. Жер-Ана өз перзентін аялау жолында бойына: «Өзім емес, өзге озсын!» деген ғаламат ғадет сіңіре білді.
Көктің «көзі» – Күн тек шапақ шашып қоймай, жылылық сыйлайтынындай, жадымызда жаңғырған дағды ұлттық ерекшелігімізге айналып, тауарих һәм этнографияның бір бөлшегі бола алды. Темірқанат балапан балаңдықтан арылып, түлеп, жаңа бір кеңістікке, бел-белеске шығуына басты себепкер – ойнақылықтан гөрі ойшылдыққа бастайтын ойындар. Көкпар, аударыспақ, жамбы, күрес, теңге ату, қыз қуу, ат жарыс, тай жарыс, түйе жарыс, т.б. тізбектей жөнелгенде осы бір аралықта бір ұғынатынымыз – сан ғасыр бойы түзілген салт-сана өміршеңдігі түп-негіздің мығымдылығымен өлшенетіндігі. Басқаны былай қойғанда, ақсүйектер меншіктеген полоның қазақ топырағынан шыққаны жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. «Ары отыр, ары отырмен есіктің аузына қалай келгенімді де байқамаппын…», – деп бір аңқау айтқандай, алдымыздағы бар байлықты көлденең көкаттыға үлестіре берсек, Бізден кейінгі ұрпақ еншісіне не қалмақ?! «Биылғы жылдың қыркүйегінде Қытайда Қазақ күресінен Әлем біріншілігі болады», – деген сүйінші-хабарды естіп, бір желпініп қалдық. Яғни Алаш жұрты Әлем мәдениеті мен өркениетінен жырақта емес, Ғаламшардың ядросындай қақ ортасынан ойып тұрып, орын тебуіне қақы барын түсінгендей болдық. Әр жүзжылдық өткен сайын құндылық атаулысы бейсаналы дүниеге айналатынын ескерсек, Көкбөрі – Ашина заманы, орта-
ғасырлық поэзия, жыраулар, сал-серілер кезі, қылаяғы Сағынай асында қызғаныштың құрбаны болған Ақан – Ақжігіттің Құлагер – Маңмаңгерінің өзі көненің көзі ретінде ғана қабылданатыны баяғыда-ақ дәлелденген-ді. Осы орайда, жуырда Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін кезекті жазғы Олимпиададан да қазақтың дәмесі зор. Спорт тойына сайыстың 26 түрінен 104 мықтыны алып барған Қазақстан құрамасының қанжығасы майланып, Отанына қоржыны қомпайып келетін шығар деген үміт басым. Допингтік комитет зілтеміршілер мен вело-шабандоздардың аяғына тұсау салғанымен, ел атынан сынға түсер жастарға жол ашылып, Қазақ елі жаңа есімдерге қанық болатыны қуантады. «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйінде отырып тақымын қысатын»
тұс – осы тұс. Көк-экранға телмірген көрермен Жаратушыға жалбарынып, бет сипап, өз атын айтып жауға шапқан бұрынғының батырларынша арқаланатын шақ та таяу. Осынау кезде, Таусоғар, Желаяқ, Көлтауысарлар мен айшылық жерді бір аттап қысқартатын Байшұбар, Тайбурыл, Шалқұйрық, Керқұлалар да қиялдың жемісі емес, мұқым ұлт намысын оятып, бәрімізді желпіндіре түсетін фактордай әсер етеді. Ит жүгіртіп, құс салған Біз біреудің асында ат шаптырып, санасаң қос қолдың саусағы жетпейтін ойын түрін ұйымдастыру арқылы айрандай ұйыған жамиғат тұтастығын көксейтініміз рас. Қызығы мен шыжығы мол дода тек достықты уағыздап, әділдік үстемдік құрады дегенге үміт зор. Сенімді серік еткен серкелеріміз топ жарса, тамылжыған тамыздың салқындау тиген ауа-райын да ұмытып кететініңізге кепілміз. Ежелгі әдебиеттің сюжетіне өзек болатын не уақиға, не белгілі бір тұлға ғой. Осы Олимпиадада шымыр шығармаға жүк боларлық сондай бір кейіпкер шықса ғой, шіркін!..
Сәттілік! Алға, Қазақ елі!