ҚАЙЫМ – «АЛЖИРДЕ»
Астана қаласындағы Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-музей кешенінде қазақтың көрнекті ғалымы, абайтанушы, ұстаз, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдығына арналған «Абайтанудың асқан білгірі» атты көрме ашылды.
Көрменің аталған мәдениет ошағы мен «АЛЖИР»-де ашылуының сыры Қайым ағаның қызыл диктатурадан тартқан азабынан хабардар замандасқа түсінікті болса керек. Абай музейінің бұйрықтар кітабынан «1951 ж. 13 желтоқсан, N47 бұйрық. Бұрынғы директор Мұхамедханов 2 желтоқсаннан бастап тұтқындалуына байланысты жұмыстан босатылған болып саналсын» деген жазбаны оқимыз. Осылайша «халық жауы» ретінде 25 жылға бас бостандығынан айрылған Қайым аға «ҚарЛАГ-та» өткізген төрт жылдың ішінде еңсесін тік ұстап, қайсар мінез танытқаны мәлім.
Көрменің мақсаты ғұлама-ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың мұрасын, оның өмірі мен шығармашылығын, қоғамдық қызметін насихаттау. Абайдың әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұйымдастырылу, қалыптасу ісіне көрнекті ғалымның белсене араласуын, іргесін қалап, ісін жалғастырған, жүйелеген еңбегін мейлінше ашып көрсету.
Көрме жұмысы бір айға созылып, одан әрі Еуразия мемлекеттік университетінің «Отырар» кітапханасы мен Ә.Марғұлан атындағы №40 мектепте жалғасады.