ЖЫМҚЫРМАМЫЗ ЖАС ПА, ЖАСАМЫС ПА?
Аты-жөні белгісіз оқырманнан келген хат әбігерге салғаннан бөлек, алты жыл бұрын шыққан «Алаш айнасы» газетінің беттерін ақтарып шығуға мәжбүр етті. Астана күніне орай ұйымдастырылған сұрауларға жауап берген көзеліміз біреудің сөзін өз сөзі етіп ұсынуының себебін неге жорырымызды білмей дал болдық. Хатты оқырманға жеткізуді жөн санадық.
Атыңнан айналайын, «Қазақ әдебиеті»! Әдебиет пен мәдениеттің қайнар бұлағы, ұлттық болмысымыздың айнасы деп оқимыз өзіңді. Осы пікірге қара дақ түсуін қаламаймыз да. Бірақ 8.07.2016 ж. №28 нөмірде Айнара Ашанның «Бабалар аңсаған қайырымды қала» материалында Г.Құдайбергенқызының «Далалық дүниетанымның қайта оралуы» атты «терең толғанысы» жарық көрді. Мұны тырнақшаға алудың себебі бар.
Енді 2010 жылғы 3 шілдедегі «Алаш айнасы» газетінің 1 бетінде басталып, 6 бетінде аяқталған «Астана идеясы қазаққа не берді?» атты Құбаш Сағидоллаұлының мақаласын оқып шығыңыздар. Тақырып, содан соң Г.Қ.-ның түсінігіне тым ауыр тиген бірді-екілі тіркес және «дер едім», «деп білемін» деген «авторлық бояу» болмаса, қаз-қалпында көшірілген. Автордың қырағылығын мойындау керек, «Астана 12 жылдық тарихында» деген де «18-ге» өзгертілген.
Бір қызығы… Дәл осылай басталатын бір абзац қана «Алаш айнасының» тура сол нөміріндегі тура сол мақаланың астына орналасқан Дария Беркенқызы дайындаған «ВВС-ді таңғалдырған жас қала» деген материалдан ұрланған. Сонда «Қазақ әдебиеті» араға 5-6 жыл салып, «Алаш айнасын» қайталап отыр ма? Авторлық құқық дегенді естігендеріңіз бар ма?
«Авторша» айтайық. Бір «қызығы», Г.Қ. болашақ журналистерге дәріс беріп жүрген мүйізі қарағайдай оқу орнында аға оқытушы екен. Өзі ұрлықпен айналысатын оқытушы қандай маман дайындайды? Бұған қатысты Еуразия университетінің журналистика факультетінің деканы не жауап қайтарар екен? Кадрын қорғай ма, әлде ұлт пен ұрпаққа жаны ашып, шындықты жақтап, бір шара қолдана ма?
Осындайда оқытушылық лауазымды, ғылыми дәрежені балдыр-батпақпен, таныс-біліспен сатып алған жоқ па екен деген де жымысқы ой келеді қауақ басымызға.
Құрметті редакция алқасындағы дүйім қазаққа қадірлі қаламгер азаматтар! Келер сандарыңыздан дәл осы сауалға жауап күтеміз газет бетінен. Сөз қадірін өз қадірім деп білетін, ұлттың ұяты болып саналатын «Қазақ әдебиеті» қазақтың сөзін, қазақтың әдебиетін, журналистиканы, ұстаздықты ойыншық санайтындарды бетімен жібермеуге тиіс. Әйтпесе, газеттен оқып жүрген сара сөз, салымды ойлар бекер болмақ. Жауап газет бетінде жарияланса, соңғы уақытта біреудікін көшіріп, көсемсіп жүргендерге сабақ болар еді. Артық-ауыс кеткеніміз болса, кешірім етерсіздер.
«Қазақ әдебиетінің» оқырманы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.