Сауық ЖАҚАНОВА: БӘРІМІЗ БАЙЖАНБАЕВТЫҢ ШӘКІРТІМІЗ…
31.08.2026
96
0

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, аты аңызға айналған диктор Сауық Жақанмен біршама уақыт бұрын әңгімелесудің сәті түсті. Қарағанды облысында дүниеге келіп, тұтас ұлттың аяулысына айналған қазақ үнжариясының сандуғашынан осы саланың қыр-сыры, әріптестері мен радио корифейлері туралы сұраған едік. Сол сұхбатты қаз-қалпында ұсынғанды жөн көрдік.

 

– Сәлеметсіз бе, Сауық әпке?
– Айналайын-ау, апаңның өзіңді іштей іздеп жүргенін сезіп хабарластың ба, әлде түс көрдің бе?
– Түсімде Кемел аға аян берді… Әзіл ғой, әпке. Темірхан аға Момбекұлы айтты сізге хабарласшы деп.
– Ой, айналайын, әзілің де әдемі екен. Ішім жылып қалды ғой…
– Менің өзіңіз жайлы қысқа ғана мөлтек сырымды «Қазақ әдебиеті» газеті жариялаған еді. «Жақсы шығыпты» деп жатыр оқығандар…
– Рақмет, бір жүрек тербейтін, адамгершілікке үндеген, шыншыл сыр жаздың. Қарттық келген шақта апаңның көңілі жадырап, жастық шағымда Кемекең сынды ер-азаматтың көңіл аударғаны, ата-анам берген дұрыс қазақы тәрбиеден бе екен, «ұят болды-ау» деп қысылып қалғаным да рас. Кемекеңе кез­дескенімді, әңгімелескенімді, осындай бір жағымды жандармен ұшырасқанымды, мені үнемі маңайлап жүретін бір періштенің арқасы шығар деп сезінем. Жұмысымда да, студияға хабар оқуға кірген кезімде де өз-өзімді ұмытам. Бауырым, сен маған жазуың арқылы керемет сый жасадың. Президентпен суретке түсуді ұмытқаным да еркімнен тыс нәрсе болды. Қазақ «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дейді ғой, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы дәл алдымда маған ғана сөйлеп тұрғандай толқып, сөзін түк естімей қалдым. Әйтеуір шықтым… орден қадады… гүлді қабылдадым… түс көріп жүргендеймін… «Суретке түсейік…» дегенін түсінбей орныма қарай жүре бергенімді кейін қарттығымнан деп есептедім. Денің сау болсын, шығармашылығың шынайы, ел көңілінен шықса екен деп бір Жаратушыдан тілейді, әпкең.
Айтпақшы, Кемекеңнің «25 жас – қыз бала үшін обал» деп уайымдағаны періштенің құлағына шалынды ма, сол 70-жылы өзім ұнатқан, жақсы отбасыда тәрбиеленген, әкесі бірнеше облыстың басшыларының бірі болған Марлен Нығметұлы Қамбаровпен отбасын құрдым. Одан екі ұлды болдым. Бұл да Кемекеңнің жиырма бес жасқа келгенше тұрмыс құрмай жүрген қазақ қызына ағалық қамқорлықпен тілеген дұғасының орындалғаны деп білемін. Ол кісі де тегін адам болмағаны ғой.
Менің Президенттің қолынан орден алып тұрып фотоға түсуді ұмытқанымды бүкіл жұрт түсіністікпен қабылдағанын енді біліп жатырмын. Айтпақшы, мен туралы «Сахара Сандуғашы» деген кітап шығып еді, сәтті күні аларсың. Өзіңді әлі жете білмесем де «сен» деп әңгімелесіп кеттім. Бұл да бір-біріміздің жандүние­мізді бірден түсінісе алған жақсы ниеттің белгісі болу керек.
– Ақ тілегіңізге, жүрегіңізді жарып шыққан шынайы алғысыңзға ризамын, әпке. Кішкентайымнан дауысыңызды естіп өстім. Бала кезімнен жансерігім – кітап пен радио. Теледидар о кезде екінің бірінің үйінде бола бермеуші еді. Сондықтан Қазақ радиосы корифейлерін кішкентайымнан тыңдап өстім. Кешкі ертегіні де асыға күтетінмін. Айтпақшы, әпке, «Ерден атайдың ертегісін» кім оқушы еді?
– Ерден атай ТЮЗ-дің (Балалар мен жасөспірімдер театры) актёрі Мәкіл Құланбаев болатын. Кейде радионың режиссері Ақыл Құланбаев оқушы еді.
– Ә, есіме түсті, Мәкіл Құланбаев екен ғой. Сонда Мәкіл мен Ақыл екеуі ағайынды ма?
– Иә, екеуі ағайынды.
– Сіз де әдеби, мәдени хабарлардың мәтінін нәшіне келтіре оқушы едіңіз. Ұйып тыңдайтынмын.
– Қаламгерлердің не айтқысы келгенін шығармаларының астарынан іштей түсіну, сезіну арқылы оны тыңдаушыға мән-мағынасын жоғалтпай жеткізу деген бір ғанибет қой. Маған сондай миссия аспаннан берілген екен. Оны көп жанның ұнатып тыңдағанын және «Радиодан Сауық оқысыншы» дейтін шығармашыл топтың тілегін қуана-қуана қабылдағаным бір Аллаға аян.
Адам баласы – пендеміз ғой, кедергі келтіргендерге кешірімді болғаныммен, жүйкеме, денсаулығыма, көңіл күйіме тигізген сол кездің кері әсерлері бүгінде бірте-бірте белгі беріп жатыр. Дегенмен әділдік, шындық жеңеді. Естелік айтатын қатарың кемісе де жасаған жақсылықтарың алдыңнан шығады. Сондықтан дұрыс жол ұстанған екенмін, шүкір!
Қуаныш-жақсылықтар маған, тегі, кешігіп келеді. Оны білем, сезем, бірақ көзің тірісінде көргенге не жетсін!
– Әпке, тағы бір білгім келгені, даңқты диктор Әнуарбек Байжанбаев ағамен қызметтес болдыңыз. Сол кісі туралы айтып бересіз бе? Көргендер аңыз ғып айтады.
– Әнуарбек Байжанбаев қазақ көркем тілін терең меңгерген және кез келген мәтінді түсініп, жандүниесімен тебіреніп оқитын диктор болды. Ол Қазақ радиосы тарихындағы дала мен қаладағы тыңдаушысын жалықтырмай, барлық жанр түрлерін әдемі дауысының барлық мүмкіндігін пайдалана отырып, тыңдау­шының көңіліне қонымды, құлағына жағымды жеткізе білген мәтін оқудың нағыз шебері еді. Артист-диктор, радио, теле-дикторы еңбегін өнер деңгейіне көтерген, солай болу керек екенін өзінен кейінгілерге үлгі-өнеге ғып қалыптастырып кеткен айтулы тұлға.
Қазақтың бай, сан-қырлы, сан бояулы, сан астарлы сөзін түйсік-талантымен түсініп, ой-мақсатын тез аңғарып жеткізе алған және оқу шеберлігін ең жоғары деңгейде меңгеріп, кәсібін артистік дәрежеге жеткізген жан деп түсінем Әнекеңді. Қазақы мақаммен, ырғақпен сөз саптау сияқты мәтін оқу өнерін биік деңгейге жеткізу – екінің біріне дарымаған уақытта (саханада әрекет қосып ойнау бар, ал оқу – тек қана радиода) тыңдаушы ықыласына бөлінген дарабоз диктор болды ол. Менің 20 жылдан астам уақыт әріптесім әрі ұстазым болған марқұм ағайым осындай дарабоз дарын болған.


Радио тыңдаушыларының сүйіктісіне айналған Әнуар аға өмірде де қарапайым­дылығымен алдына жан салмайтын. Ол кісінің микрофон алдында оқитын дүниелерінің ерекшелігіне қарай жүз пайыз өзгеретініне, менің жастау, кейбір нәрсенің байыбына бара бермейтін шағым болса да, бірге хабар оқып болған соң қатты таңғалатынмын. Бүгінгі радио тыңдаушысы өзгерген қоғамда мәтін оқитын дикторларға жаным ашиды. Аяймын. Өйткені тыңдаушы жоқ қой. Мың жерден әдемі дауыспен ана эссе, мына әңгіме оқылып жатыр десек те, соған уақыт тауып құлақ қоятын адам жоқ. «Бар» дегеннің өзінде, өте аз. Бүгінгі қоғам жарнама жалдамалыларының заманы болды.
– «Қазақтың Левитаны» атанған ағаның қарапайым адам ретінде қандай ерекше қасиеттері бар еді? Жұмыс үстінде, түскі демалыс кезінде өзін қалай ұстаушы еді? Көңілді адам ба еді? Әлде ойланып, тұнжырап отырушы ма еді?
– Әнекең туралы аңызға бергісіз әңгіме көзі тірісінде-ақ көп болды. Бәрінің айтатыны жағымды жағы. Өйткені ағамызда «жағымсыз» деген нәрсе болмайтын. Білетінім, жұмыста үнемі қатар жүргенімізде бірде-бір рет кеуде көтеріп, өзін өзгелерден биік ұстағанын көргенім жоқ. Керісінше, жасым кіші болса да «Сәке» деп мені еркінсітіп, еркелетіп, қолпаштап жүретін. Онысы студияда қатар отырған кезімізде маңызды ақпараттарды қысылмай, қымтырылмай халыққа шынайы жеткізсе екен деген ағалық ақ тілегі еді. Қасындағы партнерін көтермелеп, жетегіне алмаса, халық оның айтып отырғанына күмәндана қарар деген ұстаздық ұлағаты болатын.
Әнекең өз беделінің әріптестері мен тыңдаушыларының алдында биік екенін білмеді емес, білді. Бірақ «Ұлық болсаң – кішік бол» деген қағидаттан аттаған жоқ және онысы жасанды емес, шынайы еді. Қанында бар қасиет қой.
Ол кезде радио тыңдамайтын қазақ жоқ. Байжанбаев радиодан ел жағдайы туралы айтып (сөйлеп) тұрса, тыңдармандары ол айтқан (оқыған) сөзді сол кездегі билік басындағылармен бірге келісіп келген басшылардың бірінің сөзіндей қабылдайтын. Сондықтан болар, радиоға құшақ-құшақ хат келеді. Алыс-жақындағы облыстардан көкейлерінде жүрген көптеген мәселелерді оқушы дәптеріне толтыра жазып жібереді. Аяғы жеткендер сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы Радио үйіне Әнекеңді іздеп, сабылып келіп жататын. Оған талай рет куә болып, көріп жүрдім. Әсіресе ауылда тұратын, жоғарғы оқу орындарында сырт­тай оқитын студенттерді деканына немесе ректорына ертіп апарып, көмектесуден жалықпайтын. Радио басшылары да маңызды хабарларды немесе елдің беделді қаламгерлерінің шығармаларын оқуды тек қана Байжанбаевқа тапсыратын.
Бірде екі-үш әйел дикторлар үйішілік тірлігімізді, күнделікті тұрмысымызды тілге тиек етіп отырғанбыз. Мен етіміз тау­сылғанын, дүкенге ет түспегенін әңгіме қылдым. Әнекең әңгімемізге құлақ қойып отыр екен, бірдеңе есіне түскендей:
– Әй, Сәке, – мені еркелетіп кейде «Сәке» дейтін, – қазір соңғы хабарды оқып шыққаннан кейін сені ет алып беретін жерге ертіп апарам, – деді.
Әнекең туған ағамдай боп кеткен соң «Ол жер қайда?» дегем жоқ, ілесе бердім. Көп ұзамай «Алматы» қонақүйіне келдік.
– Қазір ағаң – Рахымжан Қошқарбаевпен таныстырам, ресторанынан ет алып берем, – дейді аңқылдап.
– Ой, Әнеке, батыр адамнан, үлкен кісіден ет алып берем деген не сұмдық, ұят қой, – деп мен сонда ғана сасқалақтап қалдым. Әнекең болса, «Сауық қарындасым, ұят ештеңесі жоқ» деп жүр-жүрледі де, екеуміз Рақымжан Қошқарбаев ағаның кабинетінен бір-ақ шықтық. Ой, жарықтық Әнекең өзінің атақ-дәрежесіне көңіл аудармай, баладай жайраңдап «сені батыр ағаң қарындасым деген» деп қоймайды Рахаңның кабинетіне қарай келе жатып.
Рахаң да сәлемдескен соң:
– Сауық осында кадр бөлімінде апаң Әлия, Әукеннің әйелі жұмыс істейді. Сенің қайын атаң мен енеңді, апа-жездеңді де білемін. Әнуарбек – қазақтың сүйікті дикторы дұрыс айтады. Сен менің қарындасымсың, қарағым. Бұрын көрмесем де, радиодағы үнің арқылы жақсы білем. Ұялма, қазір рестораннан ет алдыртамыз, – деп жатыр.
Сөйтіп, Әнекеңнің арқасында ет пен бір плитка шоколад арқалап үйге қуанып қайтқанымды қалай ұмытайын. Бұл оқиғаны талай журналистер мен достарыма айтудан жалыққан емеспін. Әнекеңмен бір ашылып сөйлескенімізде: «Сенен басқа ол кісімен еш дикторды таныстырғам жоқ», – деген болатын.
– Керемет ақкөңіл адам екен. Оқырмандарға керегі де Әнекеңнің осындай қасиеттері ғой. «Апаң Әлия, Әукеңнің әйелі» деген сөзіңізді түсіндіріп жіберіңізші.
– Менің қайын атам Нығмет Қамбаров пен енем Майда Мұхамедияқызы бұрынғы Калинин мен қазіргі Абылай хан көшелерінің қилысында тұратын. Өзімнің туған апа-жездем де ата-енеммен көрші. Тұрмыс құрғанға дейін сол үйде өстім, оқыдым, қызмет істедім. Ал қайын атам – зейнеткер, енем мен оның анасы Бәтима әже және т. б. отбасы мүшелері Калинин көшесімен қатарлас ОК-тің қызметкерлері тұратын үйдегі Әукебай есімді, фамилиясы есімде жоқ, құрылыс министрінің үй-ішімен араласып тұратын. Ал батыр ағам Рақымжан Қошқарбаев – сол жердегі ең биік, ең көркем ғимараттың директоры. Қазақ радиосының атақты дикторы Әнуарбек Байжанбаев сияқты соғыстан аман оралған майдандастар әлгі қонақүйдің бір биік қабатындағы буфетте бас қосады екен.
– Шерағамыз, Шерхан Мұртаза да басшы болды ғой Қазтелерадио корпорациясына…
– Иә, Шерағаң да басшымыз болды. Әлі есімде, Жаңа жылдық мереке болатын. Кілең ығай мен сығай жиналған. Мен әдеп сақтап төменірек отырғам. Шерағаң мені көрді де төрге, жанына шақырып алды. Танығанына, жұмысыма ризалығына көңілім бір көтеріліп қалды. Әңгіме халық әндері жайлы болды, тіпті өзі бастап ән салып, отырыстың көңіл күйін шалқытып жіберді. Татардың халық әні «Сарман буйларында» әніне бәріміз қосылдық. Сонда Шерағаңның бойындағы серілік нышанына риза болып едім.
– Сауық әпке, диктор болуыңыз кездейсоқтық па, әлде..?
– Мен 8 сыныпқа дейін туған жерім Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Еркіндік деген ауылда өстім. Ал 1957 жылы әкемнің Алматы қаласындағы туған қарындасының үйіне келіп, 9-10 сыныптарды № 12 мектепте оқып, бітірдім. Мектебіміз Алматыдағы жалғыз қазақ мектебі болған соң астанадағы қазақ ақын, жазушыларының көбісі біздің білім ордамызға келіп, кездесу өткізетін. Әдебиет пәнінен сабақ беретін Ленин орденді ұстазымыз Әлия Дүйсенова маған кездесуге келген ақын, жазушылардың өлеңдерін немесе әңгіме, повестерінен үзінділер оқытып қоятын.
Әдебиетке деген осы қызығушылығым ҚазМУ-дің филология фаультетіне алып келді. Бірақ мектепті бітіре салысымен «іштей оқуға» түсе алмай, «сырттайына» түстім де, «Ара»–«Шмель» журналына курьер болып орналастым. Сол кезде көптеген ақын, жазушыларды жақыннан тани бастадым. Белгілі сатирашы, жазушы Садықбек Адамбеков ағамыз маған «Ақ торғай» деп ат қойған. Бір жылдан соң «іштей оқуға» ауысып, кейін белгілі жазушы болған Дулат Исабековпен бірге оқыдым. Соңғы курста оқып жүрген кезімде Қазақ радиосының дикторларға жариялаған конкурсынан сүрінбей өтіп, дикторлық қызметке тұрдым.
Сөйтіп дикторлар сапына 1966 жылы қосылдым. Сонда дикторлардың бір-біріне бірдеңе үйреткенін көрмеппін. Тек Мина Сейітова апа маған: «Қолыңнан қаламың түспесін» дейтін. Ал Мәмбет Сержанов сауатты оқуға шақыратын. Оның түсіндіруі де бөлекше еді.
Дикторлар қауымы әрқайсысы – бір-бір әлем, өз мақамы, өз таным-түйсігі болды. Дегенмен партнер болған соң жұғады, үнсіз үйренесің, содан дикторлар мектебі қалыптасады. Бүгінгі тілмен айт­қанда, бәріміз де атақты Байжанбаевтың шәкіртіміз.
«Бір биеден ала да, құла да туады» дегендей, дикторлардың да түрлі-түрлісі болды. Алайда Әнекең ешбір дикторды, үлкені бар, кішісі бар, кемсіткен емес немесе «Сен кімсің, мен тұрғанда!» деген де жоқ. «Анау нашар, мынау жақсы диктор» дегенді де айтпаған адам. Бір күрделі шығарманы бірге оқып шыққанда: «Бір әрпін де қисайтпай оқып шықтық ә, Сәке» дейтін. Риза болғаны ғой.
– Әнекеңнің көп тәрбиесін алған екенсіз…
– Бірде киностудиядан айына бір рет пе, екі рет пе шығатын «Советтік Қазақ­стан» киножурналының талапшыл, мінезі қаталдау редакторы Мінәура Набиева апай Әнекеңе: «Әйел дауысты қосып оқитын болдық, сен бір әйел дикторды ерте келші», – депті. Әнекең мені ертіп апарды. Мінәура апаймен де тілтабысып, киножурналдағы әйел дауысты Әнекеңмен бірге оқи бастадым. Мінәура апайдың, иманды болғыр, түр-түсі, мінез-құлқы күні бүгінгідей есімде. Киносюжет мәтінмен қабысып дөп шығуына қатты көңіл бөлетінін жақсы білетін Әнекең кірпияз редактордың алдында өзінің табиғи мінезіне салып кішірейіп тұратын.
– Қандай қарапайым адам болған десеңізші…
– Мен Әнуарбек Байжанбаевпен 1966 жылы дикторлық жұмысты бастағаннан 1986 жылдарға дейін диктор есебінде қатар жүрген жанмын. Ал шәкірті, диктор Болат Біжібаевты қасынан бір елі тастамайтын. Болат Біжібаев демекші, ол – Әнекеңнің нағыз шәкірті. Сол кездегі үкіметтік мерекелерде микрофондар салтанаттар мен шерулер өтетін бас алаңға орналастырылатын. Ал репортаж жүргізу дикторлардың ішіндегі хас шеберлеріне жүктелетін. Олар: Әнуарбек Байжанбаев, Болат Біжібаев, Жәнел Асқаровалар.
– Өзіңізді айтпадыңыз ғой?
– Өзімді айтқанға ыңғайсызданып отырғаным ғой, әйтпесе мен де бармын олардың ішінде. Не деп келе жатыр едім?
– «Болат Біжібаев нағыз шәкірті еді» деп бөлектеп тұрып айтқансыз.
– Иә, Әнекең Болат Біжібаевқа қатты сенетін. Оны барып кел, алып келден басқа да көптеген іске жұмсайтын. Болат та Әнекеңнің қандай тапсырмасы болсын тап-тұйнақтай боп дайын тұрады. Әнекеңе қырсығып бір рет қабақ шытқан емес. Дикторлығы да мықты, адалдығы да үлгі етуге лайық. Нағыз еңбекторы, біртоға азамат деп мен Біжібаевты айтар едім. Ол сонда да «мен кереметпін» деген емес. Атақ, дәреже дәметіп, арыздануды да ұят көреді. Бәрі көз алдымда ғой. Бөкең бүгінде аман-есен, зейнет демалысында жүр.
– Дінмұхамед Ахметұлы аңызға айналған Әнекеңнің кейбір әрекеттеріне кешіріммен қарап, «әлгі «гүрілдеуіктің» дауысы естілмей кетті ғой» деп, дикторлық қызметіне қайта қойдырыпты» дегенді Әнекеңнің туған ұлының естелігінен оқыдым. Айтпақшы, «Қазақтың Байжанбаевы» деген кітап етектегі елге жетпей қалды. Әнекең туралы интернеттен онлайн оқимыз, әйтеуір…
– Әнуарбек Байжанбев туралы кітап шықты. Бірақ маған «Әнекең жайлы естелік жазып бересіз бе?» деген жан болмады. Қолыма тиген «Қазақтың Байжанбаевы» деген кітаптағы ұзын саны 46 естелікті түгел оқып шықтым. Шүкірі, кітаптағы кейбір естелік авторлары мен туралы жақсы лебіздер білдіріпті, соған қанағат етем. Теле-радиоға берген сұхбаттарым, оқулық кітаптарым, Әнекең жайлы тағылымды, тарихи естеліктерім мен дикторлық өнердің қыры мен сыры жайлы айтқан әңгімелерім ел аман болса, жоғалмас.
– Екінші үйіңіздей болған Қазақ радиосы­мен қалай қоштастыңыз?
– Өткен ғасырдың аяғы, жаңа ғасырдың басы. Адам түсінбейтін қарбалас, міндетті жұмысын абыроймен кәсіби атқарып жүрген жасы бар, жасамысы бар жұрт шетінен «қысқарып» жатыр. «Дүниежүзі үрдісінен қалмау» керек деген дүмпумен, «эфирге дикторлар емес, өз бағдарламасымен шығатын ширақ журналистер керек» деген біржақты түсінікпен жаңа кадрлар тартыла бастады. Еңбегімен халыққа танымал болған қызметкерлер жұмысынан кетті. Орыс, қазақ, ұйғыр дикторлардан екі-үшеуміз ғана қалдық. Зейнет жасына жетпеген, бала-шағалы, нан тауып жеуі қиын болған біраз жігіт «атақ-дәрежеңіз бар ғой» деп мұңын шағып маған келеді. Микрофон алдында дайын материалды оқыған менің қолымда ешқандай билік жоқ. Болып жатқан өзгерістерден өзім де мақұрыммын, не деймін сасқан жұртқа?
Бірде біреуі бір қағаз әкелді де: «Жоғарғы жақтағылар төменгілердің не істеп жатқанын білмейді, көздерін аша­йық, қол қойыңызшы мына қағазға, әпке», – деген соң аңқау басым қол қойып бере салдым. Соның артынша түс көрдім. Түсімде директордың кабинетіндегі біреу «қаулы-қарарлар жазылған маңызды материалды сіз оқымайсыз, Гүлжан Қайыржанова оқиды» деді маған бұрыла. Үстелдің шетінде отырған Әнуарбек Байжанбаевқа жалт қарадым. Ол кісі басын төмен салып, үндемеді.
Оянып кеттім. Таңертең үйдегі телефоным шылдыр ете қалды. Көтердім, телефондағы дауысты бірден танып:
– Оңғар, немене маған жұмысқа келмесін деп жатыр ма? – дегенімде алдымен сасып қалып, сосын:
– Иә, «бүгіннен бастап радиоға келмейтінін айт» деген тапсырма берілді маған, – деді.
– Жақсы, өзім де біліп отырғам, – деп жауап бердім.
Осылай, кейде қиналған шағымда аян түс көретінім бар. Асылық болмасын, баяғыда микрофон алдында мәтін оқығанда да бір жебеушім болғанына сенем. Алланың осы бергеніне де шүкір. Әлі де ойламаған жерден оңымнан – күн, солымнан – ай туар деп жүре бердім. Жұмыстан қуылғаннан кейін күні бүгінге дейін микрофон алдына, радиостудияда отырған жоқпын. Түсінікті, бүгінде қартпын, ал нағыз дер шағымда… әлі алпысқа толмаған кезімде неге?!.
– Түсінем, әпке…
– Оқасы жоқ. Айтпақшы, өткен жылы ақын Күләш әпкеңнің қазасын естіп, мұңайып қалдым. Күләш әпкең ағаш жапырағының өзін тірілтіп, оқырмандарын тәнті еткен жаны нәзік суреткер еді, уақыты келген екен, иманы жолдас болсын. Артының жақсылығын берсін.
– Рақмет, әпке!
– Әлеуметтік желідегі Күләш әпкең туралы толғауыңды баяғыша микрофон алдында отырғандай дауыстап оқыдым. Үйде жалғыз едім. Ақ апаң жайлы эссең керемет жазылған екен. Ақылды, ойлы, сауатты, ақын өлеңдерімен қиюласып, әдемі өріліпті. Дауыстап оқыған кезімде бір сезім жүрегімді шымырлатып, тереңіне қарай тартып бара жатқандай болды. Әр шумақтан кейін тоқтап, басынан бастап қайта оқимын, сол кезде ақ апаң Күләштің өлеңі жаңа бір мақамға, жаңа бір ырғаққа ауысып, сөздері мағынасына қарай құлпырып шыға ма-ау, әйтеуір, бір керемет әлемге енгендей болдым.
«Қазақты жамандама, қазақ бала! Халық қой Қазақ деген аз-ақ қана…» деп одан әрі қарай оқиын десем, дірілдеп тоңып барам. «Үй суып кетті ме?» – деймін білегімді сипап. «Үй жылы еді ғой, күні бойы тоңбап едім, қан қысымым көтерілді ме?» десем, аппарат көрсеткіші дұрыс. Мен әлі аяғына дейін оқымай дірілмен әуреленіп жатқанда балам келді. Сағат кешкі тоғыз. Оған тамақ берейін, өзім де ыстық шай ішейін деймін. Түрегелдім, бірақ бойымдағы түсініксіз діріл басылатын емес. Шай іштім, болмады. Кенет ойыма бойымдағы діріл емес, жан дүниемді толқытқан, тебірентіп, тербеп тұрған естелік-эссенің көркем тілі, шынайылығы Күләш ақынның өлеңімен қосылып сезімімді тітіркентіп, оятып жібергенін түсіндім. Әйткенмен өзіңнің толғауыңды дауысым онша келмесе де, сөздеріңнің реңін кіргізіп, астарын ашып, бояуын келтіріп оқып, ақынды жаныма шақырып алған екенмін. Бұл жәй діріл болмады деген қиялға берілдім. Рас, еш ауру, тоңуға ұқсамаған тітіркену, дірілдеу еді бұл. Күләш ақын Көсемәлінің, өзінің Көсемжанының мына естелік толғауын тыңдауға келгенін бір тылсым күш жеткізді, сездірді маған. Өйткені рухы елін қимай шарлап жүргендей болды.
– Әумин, әпке, айтқаныңыз келсін! Мәңгілік мекеніне жайғастырдық, ақ апамызды. Жаны жәннатта болсын! Әңгімеміздің соңында ел жұртыңызға не айтасыз?
– Өміріме өкпем жоқ. 2021 жылғы 2 желтоқсандағы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдым. Ал 2025 жылғы 23 маусымдағы Жарлық бойынша «Парасат» орденімен марапатталдым. Аллаға шүкір, басқа да атақтарым, орден, медальдарым баршылық. Диктор болам деген кейінгі ұрпақ оқып, үйренсін деп «Сөйлеу техникасы», «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» деген кітаптар жаздым. Осының бәрі қазақ халқының құрметінің арқасы. Сол қазақ деген қалың тыңдармандарым мен Мемлекет басшысы тарапынан үнемі құрмет көріп келем. Сол елім мен халқым аман болсын!

Әңгімелескен
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір