Қарашығанақта ГӨЗ салынады
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевті қабылдады. Әкім Президентке Ақ Жайық атырабының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 1-қаңтарындағы есеп бойынша 5 трлн теңгені құрап, 2023 жылдың 1-қаңтарымен салыстырғанда 13,6% өсім көрсетті. Өңір басшысының мәліметіне қарағанда, 2023 жылдан бері негізгі капиталға 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Облыс әкімі Мемлекет басшысының бұған дейінгі тапсырмаларының орындалғаны туралы толық ақпарат берді. Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кен орнында өндірістік қуаты жылына 5 млрд текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысы жуық арада басталады. Бұл ГӨЗ-дің нвестициялық жоба құны – 1,7 трлн теңге. Биылғы жылдың соңына дейін Жайық өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы да басталмақ.
Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында 138 млрд теңгеге 121 жаңа әлеуметтік нысан салынды. Орал өңірі бойынша барлық деңгейде 1542 шақырым автожол жөнделді. Қазақстан – Ресей шекарасындағы «Сырым» автокөлік өткізу қосыны қайтадан жаңғыртылды. Келер жылы әлгіндей мақсаттағы «Тасқала» жобасы іске қосылады. Жалпы құны 7,6 млрд теңгеге төрт теміржол вокзалы жаңадан салынып және жаңғыртылып, ел игілігіне берілді.
Облыс орталығы Орал қаласында алпыс жылдан бері жөндеу көрмеген алты кәріздік сорғы стансасы жаңғыртылып, іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы екі кәріздік сорғы стансасын жаңартып-жаңғырту жұмыстары мәреге жетуі тиіс. Бұған қоса 11,2 млрд теңгеге екі күретамыр жылу құбырлары жаңартылып, 60 мың тұрғынды тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік жасалды. Назардан электр желілерін жаңарту жұмыстары да тыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, 7 мың шақырым электр желісі жаңартылып, тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға төмендеді.
Былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 320 млрд теңгеге жетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталғалы 1414 жоба қаржыландырылып, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс аумағындағы жергілікті кооперативтер Қарашығанақтың қазынасын игеріп жатқан шетелдік компаниялар бірлестігі – «ҚПО б.в.» мекемесіне жалпы мөлшері 1,1 млрд теңгенің өнімдерін өткізді.
Республика бойынша Батыс Қазақстан облысында алдымен қолға алынған «Қаладан – ауылға» өңірлік бағдарламасы негізінде 1 мыңнан астам адам ауылға қоныс аударды. Ауылдық елді мекендерге көшіп келген 218 отбасы баспанамен қамтылып, басқалай да әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.
Ел Президенті Батыс Қазақстан облысын одан әрі дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жаңалап-жаңғырту жұмыстарын қарқынды да сапалы жүргізу және Жайық жұртының өмір сүру деңгейін жақсарту, тұрмыс сапасын арттыру бағытында облыс басшысына біраз нақты тапсырма берді.
Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,
Батыс Қазақстан облысы