САРЫАРҚАНЫҢ ЗЕРЛІ ТӘЖІНДЕЙ…
08.07.2016
1356
0

DSC_9306– Аңыз бен ақиқаттың арасын жақын­датқан құдіретті уақыттың өшпес ізін тамашалап, қыран қанатты еліміздің бо­ла­шақ дидарын көз алдыңызға елестет­кіңіз келе ме? – Әрине, мүмкін болса.
Осынау елең еткізер қызықты да, күпті сауалға белгілі фотожурналист Шүкір Шахайдың «Астана – Қазақстан­ның жүрегі» аталатын жаңа фотоальбомы жауап берсе керек. Танымал шебердің қырағы объективіне ілінген әр туын­дыға, әр суретке жіті үңіліп, байыппен назар аударған сайын кешегі күннің жаң­ғырығын естіріңіз хақ. Бұған дейін тәуелсіз мемлекетіміздің елең-алаңынан бастап, алғашқы тәй-тәй қадамы, есею-еңсеру баспалдақтары, қалыптасу ке­зең­дері мен өсу-өркендеу сәттері ха­қында жан-жақты баян етер құнды кітаптардың авторы бұл жолы елорданың фотошежіресін ұсынған.

 

«Астана бүкіл Қазақстан дамуының
локомотивіне айналуы керек».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ.

Ұлы тарихтың, толғақты тағдырдың қас-қағым мезеттерінен өрілген фо­тотуын­дылардың айтары мол. Ғажабы сол, өзге өнер түрлеріне қарағанда дәл­дікті, нақтылықты қажет ететін фотоө­нері әр оқиғаны, әр жаңалықты қаз-қалпында жанарыңа елестетеді. Асқақ пафоссыз, еш артық-ауыс бояусыз. Керемет деп осындайды айтса болар.

Шүкір Шахайдың әр фотосын тамашалап отырып, еріксіз өткенді еске түсіресің. Құлағыңның түбіне қаршадай кезімізде асыл әжелерімізден естіген «Ерте-ерте, ертеде…» сарынына ұқсас сиқырлы әуез келетіндей. Жоқ, қателе­сетін тәріздімін. Ескі естегінің ежелгі әуені емес екен. Бұл – бүгінгі дәуірдің, қазіргі заманның ертегісі болса ше! Тұп-тура осыдан он-он бес жыл бұрын әппақ шаңы шыққан, сайын даласында ебелегі кезіп, күндіз-түні өкпек желі өксіген өңір еді дегенге жан баласы сенбейді-ау! Өйткені, көз алдыңда құлазыған құла­дүз­де асқақтай бой көтерген алып ша­һар­дың бұлттармен таласқан зәулім ғимараттары, оқтай тартылған даңғыл­дар­дың жиектерін көмкерген архитекту­ра­лық айшықты ансамбльдер, ерке Есілді ерсілі-қарсылы шимайлай өрнек­те­ген әрқилы көпірлер, көз жауын алар тұрғын үй кешендері, ірі-ірі әлеуметтік-мәдени орталықтар, әлемдік деңгейдегі нысандармен иық тіресетін стадиондар мен спорт сарайлары, театрлар мен білім ордалары. Қала қақпалары – әуежайды, темір жол вокзалын бір-бірімен жалғаған күретамыр жолдардың ажарын ашқан түрлі-түрлі ескерткіштер, ойдым-ойдым көк-жасыл саябақтар мен бұрқақтары аспанға атқақтаған әсем гүлзарлар… Бәрі-бәрі құрыш қолды құрылысшылар күні кеше ғана тұрғызған. Бұл күнде халық игілігіне қызмет көрсетуде.

Аз уақыттың ішінде Сарыарқаның төрінде барлық сән-салтанатымен шаңырақ көтерген Қазақ елінің астанасы жайында небір теңеулер мен эпитеттер айтылуда. Жүрек түкпірінен шыққан лағыл лебіздер, ыстық ықыластар ме­рейі­мізді марқайтып, еңсемізді тұлға­лан­дыра түсетіні және рас. Бір мезет көңілімізді шалқытып шарықтатар сол сөздерді жадымызға түсіріп көрейікші. «ХХІ ғасырдың ғажайыбы», «Дала төсін­дегі жұмақ-шаһар», «Астана – Қаза­қс­танның жүрегі», «Елорда – Елбасының ерлігі», «Келешегі керемет қиялдағы қала».

…Сырт көз – сыншы. Қуаныштысы, жоғарыда тізген тамаша тіркестерді көптеп түзуге болады. Әңгіме әуеніне қарай есімдері әлемге әйгілі марқасқа­лар­дың байтағымыз жайында жүрекжар­ды лебіздерінің кейбірін жаңғыртуды жөн санадық. Атақты бразилиялық жазушы Пауло Коэльо өз әсерін былайша білдіріпті: «Мен қазірдің өзінде Астананы дала төсінде жайқала өсіп келе жатқан гүлге теңей аламын. Қазақ­стан­­ның жаңа елордасы мына дүниенің мәңгі тоқтамас көшпелілері мен дәруіш­теріне жаңғыртудың қандайлық маңыз­ды екенін еске салып тұратын болады». Ал дүние жүзінің барлық елдерінің көбінде болып, астаналарын тамашала­ған Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның Бас хатшысы Пан Ги Мун көрікті ойын төмен­дегіше түйеді: «Астананың
ажары – жаңа Қазақстанның бедерлі бейнесі. Бұл қала әр түрлі этносқа жататын, әр түрлі дін ұстанатын бір ұлт ре­тінде үйлесімді өмір сүретін адамдар­дың ортақ үйі, ол өңірдегі ең қарқынды да­мыған және экономикалық жағынан табысты қалаға айналған».

Рухың асқақтап алақаныңдағы елорда жылнамасын ынтыға парақтарың сөзсіз. Құдды кинолентадай тізбектеліп, бірінен соң бірі көз жауын аларын қай­терсің. Көк күмбезді айбынды да, айдынды Ақорда, Астананың бойтұма­рына айналған Бәйтерек, ай-мұнаралары аспанға шаншылған Нұр-Астана мен Әзірет Сұлтан мешіттері, достық пен бірліктің ыстық ұясындай көрінер Пирамида, шұғылалы шаңырағын күн сүйген Ханшатыр, ұшар басында ақша бұлттар ойнаған ҚТЖ мен Медиа-орталық, еңселі елорданың Бас қақпасы – Салтанат аркасы, тәулік бойына шамы сөнбейтін Цирк үйі, Сарыарқаның салқар құшағындай керілген Министр­лік­тер үйінің алып ғимараты, адамдарға қажетті сервистердің бәрі қамтылған – кондоминиум-кварталдар… Келешекке қол созған Астананың кез келген бұ­рышы, кез келген бөлшегі жүрекке ыс­тық-ау. Сәулет өнерінің тілімен жазыл­ған, әлемдік архитектураның теңдессіз үлгілері үйлесімді құп қосыл­ған ға­жа­йып ғимараттар керуенін одан әрі тамашалай түскің келеді. Тәуелсіз­діктің символы саналар Қазақ елі монументі, дөңгелек шеңберлі алаң, доллар бейнелі Қаржы министрлігі, алтын конусты «Самұрық» офисі, жұмыртқа пішінді архив үйі, көкке атылған зымыран ко­раб­лінің өзіндей «Байқоңыр» тұрғын-үй кешені, ат шаптырым аумақты алып жатқан ірі-ірі медицина орталықтары, жоғары оқу орындары мен білім ошақ­тары, мәдени-ғылыми мекемелері бірін-бірі толықтырып, Астана ажарына көрік қосып, құлпыртып, сұлуландырып жібер­гендей.

Мың бұралған Есілдің қос жаға­ла­уын­­­дағы құрылыс жұмыстары толассыз жүргізілуде. Жарқ-жұрқ жымың­да­ған түнгі шырақтар мен отшашулар Астана келбетін одан бетер айшықтай түскендей.ЭКСПО қалашығының құрылысы күн санап құлпырады. Егемен еліміздің ер­теңі шынында ертегідей дерсің сүй­сіне. Қала тынысы тәулік бойына сәл сая­бырламайды. Өйткені, Астана – Қаз­ақ­с­танның жүрегі ғой. Бұл сөзді бүгінгі таңда әр қазақстандық қуана, мақтаныш сезіммен айтады. Шын мәні­сінде солай. Ақбас Алатаудың алтын алқасы Алматы – Тәуелсіздік бесігі бол­са, Астананы Елбасының сөзімен жет­кіз­сек: «Қазақс­тан дамуының локомо­тиві».

Иә, Астананың өркендеуі – Қазақс­танның өркендеуі. Шынайы пікірді Шүкір Шахайдың фототуындылары айғақтай түссе керек. Астана альбомында елорданың мерейлі мерекесі кезінде Қазақстанның облыстары сыйға тартқан құрылыс нысандарының фотосуреттері де берілген. Сонымен бірге, облыс орта­лық­тарында жаңадан ашылған, тікелей Астана есімін иемденген мекендердің фотолары да жарияланыпты. Республика байтағының төрінде бой көтерген жыр алыбы Жамбылдың зәулім ескерт­кішін Алматы облысы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының ескерткішін тараз­дықтар сыйға тартқан. Шығыстың ержү­рек шынары Әлия Молдағұлованың ескерткішін ақтөбеліктер тұрғызғаны баршаға мәлім. Сондай-ақ, өзге де об­лыс­­­тардың тартулары – сұлу су бұр­қақтары мен әсем әуіздер, саялы бақтар мен жайнаған гүлзарлар… Ал облыстар­дың кіндік қалаларындағы тарихи орын­дар көпшілік назарын аударары даусыз. Естен кетпес мезеттерді әр қырынан бейнелеген фотосуреттерге қарай бергің келеді, қарай бергің келе­ді.

Кешегі мен бүгінді астастырып, өт­кен мен болашақты жалғастырып, алтын көпірдей көрінер бұл көріністер – тарихтың ұмытылмас қас-қағым сәттері емес пе! Объективтің әр шыртылы – хас шебердің қиял көзі, ой көзі, сезім көзі. Назарға алған нысанды бар нақышымен, бар бояуымен, бар болмысымен түсіріп алуға ұмтылады. Игілікті ізденіс жеміс­сіз де емес. Оның дәлелі қолыңызға ұстаған фотокітап – Астана­ның фотоше­жіресі. Бір қызығы, әрі таңқаларлығы есімі дүние жүзіне мәшһүр жапон архитекторы Кисе Курокава кескіндеген елор­да дидары танымастай өзгеріске ұшырауда. Дәуір талабы, өмір талабы, уақыт талабы. Қазақ Елі астанасының қарқынды тіршілік-тынысы тудырған тың өзгерістердің соны серпілістерге ұласуы заңды құбылыс. Ойымызды бодандық қамытынан құтылып, тәуел­сіз­дігімізді алғанда тұңғыш рет құттық­тап, жүректері жарыла қуанған бауырлас, ежелден тамырлас Түрік Рес­п­у­бли­ка­сының бұрынғы Президенті Абдулла Гүлдің лебізімен шегелемекпіз: «Әр келгенімде гүлдене түскеніне куә болып жүрген Астана қаласы – Қазақстанның динамизмі мен Президент Назарбаев мырзаның көрегендігін бейнелейтін ең үлкен туынды». Биік баға, әділ пікір.

…Ақиқи архитектуралық туындыға айналған Астананың келбетін айшықта­ған құрылыс графикасы, құрылыс пейзажы күн ілгері озған сайын түрлене түспек.

…Шуақты дидарын таң қылаң бергеннен күннің арайлы нұры аймаласа, түнде алтын айдың сәулесі тербеген Сарыарқаның зерлі тәжіндей жарқыра­ған Астана болашаққа беттеп барады.

…Келешекке қол созған жасыл бел­деулі қазақ шаһарының қазіргі қарышты қадамы керемет-ақ.

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
АСТАНА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір