АНА ТІЛЕГІ
08.07.2016
2156
1

832839_2112708469_679_Mamaserikova_ShirinШырын МАМАСЕРІКОВА

 

О ЖАРАТҚАН!

Ақыл-ой бер, сана бер,

Бесік пірі Ұмайға ұқсас ана дер.

Пайғамбардың хадисіндей қастерлі,

Таңдайыма киелі сөз сала гөр!

 

Бостандықсыз тіршіліктің жоқ құны,

Еркіндіктің биік дәйім шоқтығы.

Шүкір дейік, тәуба дейік, ағайын,

Есіртпесін қарнымыздың тоқтығы.

 

Бола алмайды мемлекет те мықты аса,

Арман қуған азаматтар шықпаса.

Әнұраны, Елтаңбасы, Байрағы

Ұлт намысы екен жұрт ұқпаса.

 

Өңкей қиқым өсек айтып шетінен,

Кетпесе екен асау толқын бетімен.

Тәуелсіздің тізгінінен айырма,

Жаппар Ием, жалбарынып өтінем.

 

Сақта елімді қан төгістен, майданнан,

Іріткі сап ірге бұзар шайтаннан.

Зәр шашпасын азулы аю, айдаһар,

Өртенбесін қара орманым жайқалған.

 

Сүрінбесін Сарыарқаның тұлпары,

Самғап ұшсын Алатаудың сұңқары.

Даңққа бөлеп Алтай-Ақтау арасын,

Аман болсын алты Алаштың ұлдары!

 

Азаттық кеп жайған кезде желкенін,

Ажарланып өңі кірді өлкенің.

О Тәңірім! Ынтымақ бер, бірлік бер,

Бүгіннен де нұрлы болсын ертеңім!..

 

МЕН ҚАЗАҚПЫН!

Мен қазақпын, тау өзенім, даламмен,

Ата-бабам, немереммен, баламмен.

Мен қазақпын түн ұйқысын төрт бөліп,

Тал бесікте әлдилеген анаммен.

 

Дастарханын күндіз-түні жимаған,

Қонақтарын құдасындай сыйлаған.

Мен қазақпын отбасына, Отанға,

Көз жұмғанша пәк сезімін тыймаған!

 

Билеп-төстеп Байкал-Дунай арасын,

Әділ шешкен істің ақ пен қарасын.

Көк бөрінің ұрпағымын қашан да,

Өзі жалап жазатұғын жарасын.

 

Зұлмат заман отқа қақтап шыңдаған,

Мен қазақпын шыжғырса да сынбаған.

Алты құлаш ақ найзаны қолға ұстап,

Туған жерін қорғаудан еш тынбаған.

 

Батырлықтың уызына жарыған,

Пайғамбардың шапағаты дарыған.

Мен қазақпын басын иіп Құранға,

Бір Алланы мойындаған, таныған.

 

Жерде тұрып Күнді қолмен ұстаған,

Ұлы Абайдың жыры берер күш маған.

Ай сәулесін арғымақтай ерттеп ап,

Кезім бар ма жұлдыздарды құшпаған?!

 

Адастырмаса арман, үміт шырағы,

Адалдық пен махаббаттың тұрағы.

Адам Ата-Хауа анадан тараған,

Мен қазақпын!

Мәңгілік Ел – мұраты!..

 

АЛАШ ҰРПАҒЫ

Кеуделерге арман отын жағатын,

Өмір-өзен тоқтамастан ағатын.

Күншілдер де кездеседі із аңдып,

Сәл сүрінсең саған кінә тағатын.

 

Тіршіліктің тауқыметін көп көрген,

Талай мәрте ұйқысыз түн өткерген.

Қабырғалы, қайырымды жігітсің,

Қанжығаңа жұрт алғысын бөктерген.

 

Тоныкөктей «басы барды иетін»,

Тілін, дінін, салт-дәстүрін сүйетін.

Атажұрттың перзентісің ержүрек,

Азабы мен тозағына күйетін.

 

Табиғаттың жемін, суын, күн нұрын,

Туған өлкем пайдаланып тұр бүгін.

Құзырыңнан қуат тауып Тараз да,

Құшағына жиып алды қыр гүлін.

 

Місе тұтпай уақыттың тарлығын,

Үлгеруге тырысасың барлығын.

Жұдырықтай жұмылдырып халықты,

Орындайсың Елбасының Жарлығын.

 

Қанат жайып құлпырса аймақ ажары,

Қуанасың қайнаса еңбек базары.

Рахаттанып тыңдайтының ақиқат,

Шырқалса егер адалдықтың таза әні.

 

Жерұйық қып татулықтың тұрағын,

Жарқыратқан ынтымақтың шырағын.

Азаматсың өзге ұлтқа үлгі етер,

Айбыны асқақ алты Алаштың ұрпағын!..

 

КӨНЕ ТАРАЗ

Таңбалы мөр қалдырып тау басына,

Жұмбақ сырын ашпаған сан ғасырға.

Көне шаһар – қарт Тараз, жатырмысың

Құпияңды жасырып жамбасыңа.

 

Асқақтатқан қазақтың ар-намысын,

Бабалардың естіртші жан дауысын.

Өр рухынан ұрпақтар өнеге алсын,

Тасқа соғып маңдайын қалмау үшін.

 

Жер-жаһанға атағы таралғандай,

Жігіттері ержүрек Қарахандай.

Ал қыздарын сұлулық падишасы

Айша бибі аруға балағандай.

 

Баяғыдан көтеріп тағдыр жүгін,

Қарсы алушы ең үмітпен таңның нұрын.

«Тараз – алтын қазығы тарихымның!» –

Деген мақтау халықтан алдың бүгін.

 

Кеудесінде күй шерткен бозбала күн,

Көне Тараз – жүрегі боз даланың.

Он сегіз мың ғаламға паш ете бер,

Тұлпарыңның тұяғы тозбағанын!..

 

ЖЕҢЕШЕМЕ

Аты – Салқын, бірақ оттай жүрегі,

Шаңырақтың алтын қазық, тірегі.

Шуақ шашқан текті бикеш ай маңдай,

Шоңтөбеде өскен қырғыз гүлі еді.

 

«Түсірсе де пәк махаббат отқа сан,

Сенің үшін қажет болса шоқ басам! –

Деді бірде серт байласқан жігітке, –

Қиындықсыз қонар дейсің бақ қашан?!».

 

Күйеуіне ғылым жолын қуғызды,

Құрақ ұшып барлық жағдай туғызды.

Бішкекте де, Мәскеуде де оқытып,

Шет елдерден тәжірибе жиғызды.

 

Сауықтырған сырқатынан халықты,

Сүйген жары болды емші даңқты.

АҚШ, Польша, Ағылшын мен Чехтарға,

Қазақтардың ұлылығын танытты.

 

Асылдардың сарқытынан сұрасын,

Тума талант тақтан қалай құласын.

Әз Жәнібек, Жиреншені тәнті еткен,

Жаңғыртып жүр Өтей баба мұрасын.

 

Қалдырған соң игі істермен терең із,

Құрмет тұтып аға артынан ереміз.

Десек те оның көсегесін көгерткен,

Жеңешемді неге ұмыта береміз?!

 

Ата-ененің ақ батасын алған кім,

Босағаға бақ құсы боп қонған кім.

Бала-шаға, немерені жетелеп,

Ыстығы мен суығына тоңған кім?!

 

Ер қыла ма, жер қыла ма арысын,

Әйелдерге байланысты бәрі шын.

Қуан, жеңге, сен әлемге әйгілі

Академик Жошыбаев жарысың!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 11.12.2019 | 16:54

Кереммет өлеңдер!

ПІКІР ҚОСУ