КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ЕЛ ӘНҰРАН ОРЫНДАДЫ
Мемлекеттік рәміздер күніне орай мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде рәміздерді құрметтеуге, ел рухын көтеруге арналған іс-шаралар өтуде.

Астанадағы «Бәйтерек» монументі алаңында «Астана Тазалық» қалалық мекемесінің 100-ге жуық қызметкері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын салтанатты түрде орындады.
Бүгінде кәсіпорында 1500-ге жуық адам еңбек етеді. Мекеменің негізгі міндеті – Елорданың санитарлық тазалығын қамтамасыз етіп, қаланың көркеюіне әрі тұрғындарға жайлы болуына үлес қосу. Кәсіпорын қызметкерлері қала тазалығын сақтауға ғана емес, елге деген құрмет пен бірлік құндылықтарын насихаттауға да ерекше мән береді.
«Астана Тазалық» ЖШС баспасөз хатшысы Қымбат Бақыткелді: «Біздің мекемеде 1500 адам қызмет етеді. Олардың бір бөлігі бүгінгі іс-шараға қатысты. Біздің кәсіпорынның негізгі міндеті – қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету. Бұл біз үшін тек өз жұмысымызды атқару ғана емес, сонымен қатар патриоттық рухты нығайтуға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға және ел бірлігін дәріптеуге өз үлесімізді қосу мүмкіндігі», – десе,
«Астана Тазалық» ЖШС қолмен жинау бридагасының шебері, 6 жылдан аса еңбек етіп келе жатқан Айгерім Шілімбетова: «Біз үшін бүгінгі шараның маңызы зор. Мемлекеттік Гимнді бірге орындау – елімізге, мемлекеттік рәміздерімізге деген құрметтің белгісі. «Астана Тазалық» қызметкерлері күн сайын қаланың тазалығы үшін еңбек етеді. Осындай патриоттық іс-шараларға қатысу – біз үшін үлкен мақтаныш. Барша қазақстандықтарды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын!» – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Астана қаласында көптеген шаралар өтті. 4 маусым күні сағат 10:00-де Елорданың барлық мекемесінде «Менің рәміздерім – менің мақтанышым!» жалпықалалық патриоттық челлендж-акциясы басталды. Аталған акция аясында бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды. Сондай-ақ Астанада дәстүрлі «Менің елім – менің Туым» акциясы басталып, тұрғын үйлердің қасбеттеріне Мемлекеттік Тулар ілініп, қалаға ерекше мерекелік көрік берді.
1-4 маусым аралығында қалада архивтік құжаттардың бірегей көшпелі көрмесі жұмыс істеді. 4 маусым күні сағат 19:00-де Есіл өзенінің жағалауында (Арбат) Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің Мемлекеттік Тумен салтанатты шеруі және арнайы концерттік бағдарламасы өтті. Мерекенің ерекше алаңдарының бірі «Көк байрақ астында» дәстүрлі әдеби-музыкалық кеш болды. Сонымен қатар 1-4 маусым аралығында «Замандас» жастар коворкинг-орталықтарында мемлекеттік тіл, ағылшын тілі және шешендік өнер бойынша арнайы сабақтар өткізілді. Бағдарлама 4 маусым күні Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайында өтетін «Менің Отаным – Қазақстан» интеллектуалдық квестімен қорытындыланды. Бұл шаралардан бөлек, 4 маусым күні №2 музыка мектебінде «Ән-жырыммен асқақтатам…» атты мерекелік концерт өтсе, Жас көрерменнің музыкалық театры сахнасында қазақтың әйгілі композиторы Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Шәмші» спектаклі қойылды.
4 маусым күні сағат 11:00-де «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында «Мемлекеттік рәміздер – елдің абыройы» атты салтанатты іс-шара, «Байқоңыр» ауданында сол күні шағын футболдан аудан тұрғындары арасында турнир ұйымдастырылды. Сондай-ақ жаңартылған Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп, ойын басталар алдында 150 оқушы Мемлекеттік Әнұранды жанды дауыста орындады. «Сарайшық» ауданында К.Әзірбаев көшесі, 6 мекенжайында жаңа абаттандырылған аула кеңістігі ашылса, 5 маусым күні «Нұра» ауданында балаларға арналған ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылмақ.
Айсана ЖанҚазы