Нұрмахан ЕЛТАЙ. Сатиралар

ОТ ШЫҒАРАТЫН ОЙЫН
Пәшенді ит қауып алды. Қызғаныштың қызыл иті.
Егістікке су айдайтын насос маторының май-суын көріп, үйге жақындай бере көзі шалып қалды, қалбаңдаған біреу қораны айнала бере жылыстай жөнелді. Жыңғыл қорадан басы қылт-қылт көрініп сайға түсіп барады.
– Жаңағы кім, – әйелінен зілдене сұрады.
– Дедей ғой, – Жансаясы жайбарақат нан илеп отыр.
– Не ғып жүр?
– Қайдан білейін, сені сұрады да шығып кетті.
– Е, деп қоя салар ма еді. Осы жағдай екі-үш күннен соң тағы қайталанды. Тіпті бірінде шалбарының бауын жүре байланып, мұның дауыстағанына қарамай бұқпантайлай зытты. Сәлден соң-ақ, автоләпкінің гүрілдеген даусы естілді. Көңіліне күдік кірді. Бүгін қорада мал жайғап жүріп аңғарды, іште бір кастөм ілулі тұр. Байқаса – әлгі Дедей иттікі.
– «Мынау не?» – деп әйелінен сұраса, «Қайдан білейін?» – деп бет бақтырар емес. «Бұл тегін болмады» деп дүдәмал ойлап жүр еді, есік алдындағы қада ағашта бөтен кепкі кәкірейіп қапты. Сол, сол-ақ екен қызғаныштың қызыл иті қауіп түсті Пәшенді. Атойлап ашуы келді. Көзіне шөп салып жүр ме мына антұрған?! Ішін мысық тырнағандай дызылдаған Пәшен қамшысын алды да құрт жайып отырған қатынды салды кеп, салды кеп. Не болғанын білмейді. Көз алды қызыл, жасыл, жаны әлем-тапырақ. Шыңғырған, жылаған не сән. Көршісі келіп, қолын ұстағанда зорға тоқтады. Ана сорлы естен танып қалыпты…
Қарулы көршісі қапсыра құшақтап, екпінін зорға басты.
– Ойыннан өрт шығарды Дедей бәтшағар. Сенің келуіңді аңдып тұрады да, бұқпантайлаған болып тұра қашады. Күнде осы. Келін байғұс оның не бүлдіріп жүргенін аңғармайды да. Кеше ана кепкіні лақтырып іліп жүрген сол. «Құрдасыммен ойнап жүрмін, қызық болсын», –деп ыржалақтайды жағымсыз. Мұнысын өзіңе ескертемін деп жүр едім. Қып-қызыл майданның үстінен түстік қой, – деп көршісі ағынан жарылды.
Пәшеннің есі енді кірді. «Сондайы бар оның.., ә бәлем, сені ме?!». Қарымта қайтару әуресімен тиянақты дайындыққа кірісті содан. Ілгеріде ауыл клубының өнерпазы болғаны бар еді, соны есіне ала рөлге кірмекші болды. Кербез келіншектің жүрісін салып ырғала басып, нәзік қимылды мың қайталады. Олай-былай былқ-былқ бұраңдай жүріп, сыңқылдап күліп жібереді. Көйлегі де, орамалы да жараса қалыпты өзінің ашаң денесіне.
…Күткен мезеті де келіп жеткен секілді. Ләпкіші Дедейдің үйіне тақала бере үсті-басын тағы да дұрыстап алды. Демін тоқтатып, қаракөлеңкемен жылыстай жақындады. Әупілдей шыққан төбет Пәшенді танып, құйрығын бұлғаңдатып жайына кетті. Бүгін бұл үй қонақ күтуде. Үйдің айналасы жап-жарық. Қонақтар тамаққа отырған болуы керек, қара-құра басылды. Есік алдындағы асыр салған балалар да дамылдады. Енді ең керек сәтті пайдалану керек. Қапы қалуға болмайды. Сыбдырсыз үйге тағы да жақындады. Көп күттірмей-ақ, табақ ұстаған әйел асыға ошаққа беттеді. Осы кезде бұл да қара көлеңкеден көлбеңдей шығып, нәзік дауыспен:
– Апай, апай, Дедей ағайды шақырып жіберіңізші, – деді сызылып.
– Бұ, кім-ей, – деп әйел қараңғыға үңілгенде қылмыңдаған келіншекті аңғарғандай болды. Әлгі «төмен етекті»:
– Дедей ағайды шақырып жіберіңізші, – дейді үздіге үн шығарып. Сылқ-сылқ күледі тағы да.
– Қараң қалғыр, бұ кім-ей өзі? – деп шаңқылдаған әйел апыл-ғұпыл ішке еніп, күйеуін ерте қайта шықты.
– А? О не? Кім? – деген Дедей де төплиін сірісінен басып, қаракөлеңкеге қарай қалбалақтай тақалды.
– Ағай, бері келіңізші, – деді бұл тағы да сыңғырлай күле сөйлеп.
– Кім-ей? – деген Дедейге ілесе қайыстай қара қатыны қылғына сөйлеп:
– Білмей қалған шығарсың, бір сайқалың да, – деп тепсінді.
Қармағының дөп ілгенін білген Пәшен де күлкісін құйылжытып, үй айналып жөнеп берді. Сәлден соң-ақ, әйелдің шаңқылы айналаны жаңғыртып, Дедейдің дүрс-дүрс сөзі дүниені дүрліктірді. Көпшіліктің қой-қойласқан, пай-пайласқан у-шуы бір сойқанның соққанын білдіргендей. Бұл кезде Пәшен де үйіне жетіп еді.
«Ә, іздегенің қызық екен. Ал қызықта, қызғаншақ қатыныңның қызығын!» – деп шиқылдай күлді Пәшен қосағының қызыл көйлегін шешіп жатып.
Әй, құрдастар-ай! Ойыннан от шығып кетпесе болғаны дә.

ЗІЛБАСТЫҢ ЗІКІРІ
Аққұманға қолын соза берген Дүрдек оқыс дыбыстан селк ете қалды. Жүрегі дүрсілдеп, жан-жағына алақтай қарады. Өзі де бір шайқор неме еді, кәйпінің быт-шыт болғанын қарашы? Ә, бәрін бүлдірген төрде жатқан мына Зілбас секілді. Қақырынды ма, әлде түкірінді ме, әлгі жаман дыбыс осы қапталдан шыққандай болғаны. Кәлләсі кәллә-ақ екен кәрияңның. Бұжыр-бұжыр, жон-жон бірдеңе. Жастықтың жартысына жуықтайды-ау, шамасы! Онысын олай-бұлай сілкіп, бір кезде көзімен шайнекке ұмсына қалған әлгі шайқорды тауып алсын. Қатты ұйқынікі болар, бет-аузы суға салып тепкілеген доптай домбығып кеткен. Үлкен ала көзі қып-қызыл. Қою қастары бір-біріне «сен қайтесің» дегендей маңдайына қарай шатқаяқтайды, Қоңқақ мұрнының астындағы қалың мұрты да сұстана салбырап тұр. Дүрдегімізге дүрдие қадалған Зілбас бір кезде:
– Ту-у-у! – деп бастап, ысылдай дүрілдеді. «Апырмай, бұл не сөз?» Дүрдегіміз дірілдеп кетті. «Бұрын көрген кісім емес, мынандай диюды көрсем, көзім шықсын» деп тез-тез ойлаған шайқорымыз қорқа-қорқа үн шығарды.
– Ассалаумағалейкум, көке, – деді қатқақ мұз үстіндегі сырғанақшыдай қозғалақтап. Мұнысына дәу кісіңіз селт етпеді. Қадала ұз-а-ақ қарап, жастығына қайта сылқ ете түсті.
…Ауданға барған жұмысы сәтімен тез біте қойған-ды. «Кешкі автобусты күткенше, жылжи берейін» деп үлкен жолға шыққан. Пысқырып кідірген «КамаАЗ»-ға жармаса кетті. Беталысы тура өзінің ауылы. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» Қуана қутыңдап, жайлы кабинаға жайласып алған-ды.
Зулап келеді. Шопыры да аузы тыным тапса, езуі ыржаңдайтын әңгімешіл жігіт екен, ішін пыстырмады.
– Мына ауылға кіріп шығайық, – деп жолай бір ауылға бұрылды. Іздеп барған кісісі шеберхана жақта екен.
– Сіз шай ішіп отыра беріңіз. Мен сонда жылдам барып келе қояйын, – деген шопыр машинасын өкіртіп-өкіртіп алып жөнеп берген-ді. «Түнде ұзақтан келген меймандар болып, жаңа ғана шығарып салып едік. Келіндер жұмысқа кетіп, дастарқанды да жинай алмай жатырмыз. Меймандардың сарқытынан дәм ала отырыңыз», – деп үй иесі апайы да самаурынды көтере кірген. Жолаушымыз «жұтқан жұтамас» деп мол дастарқаннан қарпытып, шайды сіміре берді.
–Үйбуй, табаға нан салып қойған едім. Күйіп кетер, өзіңіз құйып іше беріңіз, – деген әйел шайнекті бұған икемдеп, өзі сыртқа ұмтылды. Сәлден соң-ақ: «Осы үйде үш келін бар. Сонда да болса маған да осындай-осындай шаруалары тиіп қалады», – деп күле келіп, қайта шығып кеткен-ді. Елудің үстіндегі ашық-жарқын кісі екен. Реңінен әлі де әр тая қоймаған. Салиқалы бәйбіше екені көрініп-ақ тұр.
Іштегі жыланның басы қайтқан соң ғана аңғарған-ды. Төрдегі кісі етпетінен түсіп, жастықты құшақтай құлапты. Үстелдің аяқ жағында бесік тұр. «Келіндерінің бірінің баласы болар» деп ойлай, аққұманға қолын соза берген шамада әлгі кәйіпті бұзған оқиға өтті ғой.
«Жаңағы шопыр кешікті-ау» деп ойлай бергенінше жаңағы дәу басын қайта көтерсін. Басын көтеріп қана қоймай, денесін де жайлап жинап, төрт аяқтап тұрды. Екі көзі әлі қып-қызыл. Танауының лебі мойнындағы сүлгіні жаман үйдің түңлігіндей желп-желп еткізеді. Сәлден соң етпеттеген күйі «по пластунский» жайлап бұған жақындай түсті. Соғыста разведщик болған қу ма қайдам? Екі көзі тесіп барады. Дүрдек сасайын деді. Зілбасыңыз тағы да қадала қарап тұрып: «Ту-ды-ды-мм» деп ыңыранды. Түк түсінбеді. Бірақ жазым ететіндей әрекет болмаған соң, мұнысына да шүкіршілік етіп, отыра берді. Ау, бұл не дегені!? «Е, қайдан келдің, кім боласың?» – деп сұрағаны шығар.
– Көке, ауданнан келе жатыр едім, – деп жыпылдады шайқор. Жоқ. Бұ сөзі әсер етпеді. Тағы да бұрынғысынша етпеттеп жата кетсін. Қорылдағаны ма, әйтеуір бір жайсыз дыбыс шығарып қояды. Енді шындап сескенейін деді. Қаупі күшейді. «Дені сау емес шығар? Ды-ды-ды-мм! Осы да сөз бе? Не басы, не аяғы жоқ бірдеңе. Не қазақша, не шүршітше емес. Ағылшыншаң айналайын екен-ақ мынаның жанында. Ойпырмай, жаңағы апай да қайта үйге кірмей қойды-ау. Шопыр болса да кешікті. «Қай Құдай мені айдап келді бұл үйге? Оразада жұрт күні бойы нәр татпай-ақ жүреді ғой. Сыртта-ақ күтіп отыра тұрмадым ба? Құдамның үйіне келгендей жамбастап жата қап. Онда да жетіскенім шамалы. Бір қолымда шайнек, екінші қолымда бесік, осы үйдің тоқалы құсап отырысым мынау. Дәудің жатысы анау, түсініксіз сөздермен зәремді алып» деп Дүрдек өзіне-өзі ұрысып алды.
Анаң қара! Ойбай, Зілбасың төрт аяқтап қайта тұрды. Құдды бір жемтігін алатын жолбарыс секілді. Екі көзі мұнда. Танауы буда-буда дем шығарып, шулап тұр. Мұрты дір-дір етеді. Пах-пах-пах! Атты ма не пәле! Атпай-ақ, қолын созса, тырп ете алмайтын секілді. Сирағы тіс шұқуына да жарамайды-ау, ананың жанында. Лыу-гыр-гыр. Жанын ұшыра кекіріп алған алакөз дәу:
– Ту-ды-ды-мм! – деп тағы қарап тұр.
О, бәле, албасты. О, Құдайдың бәлесі, мақұлық қой мынау. Сау сиырдың тезегі емес. «Ту-ды-ды-мм!» Бітті. Басқа сөз жоқ. Иманын үйіріп жатқаны ма?! Не керек миы сақылдап, жан-жақты есеп жасап жатыр. «Жайлап шегініп, самаурын мен бесіктің арасынан зып етіп артпен шыға, далаға тура тарту керек. Табылған ақыл». Жоспарын енді іске асыруға бекініп, тоңқаңдай бергенінде үйге дабырлап шопыр жігіт кірді. Зілбасың сол баяғы төрттағандаған күйі:
– Ту-ды-ды-мм! – деп күркірейді. «Бәз баяғы, баяғы, Баянбайдың таяғы».
– Мына кісі бірдеңе деп жатыр ғой, – деді Дүрдек даусы дірілдеп. Жүрегі атқақтап тұр.
– Ту-ды-ды-мм! – дейді анау даусы тарғылданып.
– О несі-ей! Пайғамбар жасынан асса да ұялмайды, – дейді үй иесі әйел жайбарақат қана. Жігіттер күлді де қойды.
Үлкен жолға түсе, Дүрдек серігінен әлгі гәптің мәнісін сұрады. Ол ха-ха-халап ұзақ күліп алды. Рақаттана күледі. «Бесікте жатқан әлгі шалдың он екінші баласы. Қырқынан кеше шығарыпты. Атырау жақта шалдың өзімен құрдас құдасы бар екен. Сол екеуі түнде жуған көрінеді. Содан шаршау. «Тудырдым!» деп саған түсіндіріп жатқаны ғой», – дейді шопыр жырқылдап. Енді Дүрдек ыржисын. «Әй, Зілбас көке, зікір салғандай жаман қорқыттың-ау! Көбейтсең, көбейт ұрпағыңды! Өзіңде асың болса, кісі де қасың бар ма?» – дейді күбірлеп. Өзі бір өлімнен аман қалғандай қуанып келеді.