ЕЛ МЕРЕЙІНІҢ ҮСТЕМДІГІ
01.07.2016
1372
0

450af777343f770fff45f504bbc8ab3bЖер есімді алып планетаның тағдыр-талайына жауап берер Біріккен Ұлттар Ұйымы дейтін әлемдегі ең ірі, ең абыройлы Төрдің атынан Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшесін сайлауға қатысқан 193 елдің 138-і Қазақстан үшін дауыс берді!

Соңғы екі күннің ең қуанышты хабары, Алаш жұртының мерейін үстем етер ең мерейлі жаңалық осы!

Бұл – өз Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығын атағалы отырған Қазақ Елінің ғана емес, жалпы адамзат тағдырына, оның бүгіні мен ертеңіне алаңдайтын, ақыл мен парасатты серік еткен алты құрлық тұрғындарының бәріне ортақ жеңіс!

Бұл – елдік тұтастығымыз бен ерлік күресіміздің ондаған ғасырлық тарихына қанат бітірген дәуірдің ақиқаты!

Бұл – Елге қызмет ету мен Ел көшін бастаудың жаһандану за­ма­нындағы өрісі кең, өзгеше үлгісін қалыптастырған дара тұлғаның үздік саясатын төрткүл дүниенің мойындауы!

Бұл – кіндігін Ұлы Дала кескен, болмысы мен жаратылысын адамзат дамуының екі бірдей іргелі дәуірі – жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырларының аламаны шыңдаған, шын мағынасындағы ғаламдық саясаткер дейтін шырқауға көтерілген тұғырлы тұлғаның – Қазақстанды әлемге танытқан Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңісі!

Бұл – жаңа дәуірдегі жаңа тұрпатты Қазақстанның жеңісі!

Иә…

Жүрек соғысын жиілетіп, тіліміздің ұшына осындай түйдек-түйдек ой мен сөздің аласапыран тасқынынан алып келген Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің он бес мүшесінің бірі болғандығы жайлы хабарға қуанбаған отандастарымыз жоқ.

Сайып келгенде, төркінінде ұлттық мақтаныш пен халықтық сенім жатқан осынау сәт-сағатқа: әр күні – айға, әр айы – жылға, әр
жылы – ғасырға тең келер қажыр мен қайраттың, намыс пен жігердің, парасат пен сенімнің биігінен қарауымыз керек.

Қысқа мерзім ішінде Тәуелсіздігін жариялап қана қоймай, төрт қиырындағы елдермен шек-шекарасын анықтап, кейінгі ұрпаққа дау қалдырмайтындай,  жау шақырмайтындай іргесін бекіткен; алыс-жақын шетелдердің бәрімен дипломатиялық қарым-қатынасын реттеп, саяси, экономикалық реформаларын да кезең-кезеңімен атқарып келе жатқан, берісі – аймақтық, әрісі – әлемдік сипаттағы аса күрделі геосаяси ахуалдардың байыппен шешілуіне мұрындық болып отырған кең мінезді елдің көпвекторлы  кенен саясатын жасаушы тұлғаға берілген баға – тарихи баға екені анық.

Бүгінгі Елдік Жеңісіміз – сол тарихи бағаның әлемдік көрінісі!

Жеңіс құтты болсын, Қазақ Елі!

Жеңісіңіз құтты болсын, Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қуанышымыз ұзағынан болсын, Отандастар!

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Сенат депутаты,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір