КӨРІНЕР МЕ, АҚ БАУЫРЛЫ КЕМЕДЕЙІН…
Сыр өңірінің айтулы қаламгері Қази Данабаев – журналистикада өзіндік із қалдырған тұлға. Оның қаламынан туған өткір мақалалары әрдайым оқырман көңілінен шығатын-ды. Мерзімді басылымда еңбек ете жүріп, өз шығармашылығынан да қол үзбеді. Атап айтқанда, «Гүлдәурен», «Ақ кептер» хикаяттары, сондай-ақ «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген «Сағыныш екен бала кез» кітабы – биік талғамның туындысы. Республикалық «Жалын» баспасының екі мәрте жабық жүлдесін жеңіп алуы суреткерлік талғамының биіктігін, өршіл мінезділігін көрсетсе керек. Бастысы, оның шығармашылығына қарапайымдылық, табиғилық, шынайылық тән. Нағыз толысқан шағы 56 жасында бақилық болған қаламгердің туғанына биыл 75 жыл толды.

Жазушылығымен де, журналисттік шеберлігімен де елге кеңінен танылған Қази Данабаев расында көпке ақылшы, қамқоршы, жанашыр жан болды. Жалпы жұртты алалаушылығы жоқ әріптесіміз өзінен жөн сұраған адамға шын пейілімен көмектескісі келіп, білгенін сарқа айтудан, үйретуден әсте танған емес. Өзі де келісті, сырбаз еді ғой, жатырқамай, өз жайынан бұрын сенің жағдайыңды ойлап, қоғамның сырқатын емдегісі келіп аласұрып жүрсе де, қарапайым да маңғаз қалпынан бір танған емес.
«Жазушы – қоғамның сүйегінен адамның жанын іздейтін бейбақ» деп сөз зергері Асқар Сүлейменов айтпақшы, Қазекең болған оқиғалар ақиқатын ашып, шыншыл фактілерді оқырман көз алдына келтіре алатын, қабылдауға қолайлы пішін беретін шеберлігі толысқан қаламгер екенін әлденеше рет дәлелдеген, өз ойы, өз өрісі бар азамат болды. Онымен әңгімелесу барысында ойды нақты айтуға және өзіндік пайым мен ұстанымды қорғауға шыныға түсетінбіз. Расында адамның өз ойын айтып жеткізе алмауы осалдық болса, өзіндік ойы болмауы одан да үлен олқылық қой, бұл тараптан оның әріптестеріне, жақын жүрген азаматтарға берген өнегесі аз емес-ті. «Мақала үстірт жазылмауы тиіс, журналист өзі араласқан мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп, етене араласып кетуі керек, сонда ғана оның мәні ашылады», – дейтін-ді ол редакцияның алқа жиынында. Қази не нәрсені қай кезде, қалай айту тәсілдерін жетік меңгерген майталман қаламгер еді.
Қызылорда облысының аға басылымы «Сыр бойы» газетінің руханият бөлімінің меңгерушісі Қази Данабаев болса, ақын Дүйсенбек Аяшұлы екеуміз – сол бөлімнің тілшілеріміз. Дүйсен төре – поэзия жанрына қараса, маған прозалық материалдарды қорытуды тапсырды. Қазидың шығармашылықты құрметтеп, құнттайтыны соншалық, кейде редактор шертіп салған кей туындылар әдеби талап тұрғысына сай келмесе, «жарамсыз» деп бірден архивке жібереді.
Газет тілшілеріне аптасына қаладан, аудандардан кемінде төрт-бес жаңалық тауып, секретариатқа ұсынып отыру тапсырылған. Қаржылық тапшылықтың уақыты ғой, облыстық газетте бөлім меңгерушілерінен өзге төрт-бес-ақ журналист бар. Аптасына үш реттен жарық көретін дастарқандай газет комбайн секілді, көлдей мақалаң мен кішкентай хабар-ошарыңды лезде жұтып, «тағы не бар?» деп аузын ашып тұрғаны. Бастысы, материалдар сапалы да мазмұнды болуы қажет. Сондай қарбалас шақтарда қабақ шытып жүрген біреуді көрмейсің, жылу жүйесі орталықтан ажыратылған суық редакцияда қағазға шұқшиған қаламгерлер… Қара-ала күйе газет макетін баспахана мен редакция ортасында зыр жүгіре тасып жүрген секретариат қызметкерлері, корректор, кезекші журналистер… «Баспасөз – билік пен халық арасындағы алтын көпір, бәрі қоғам үшін, халықтың ертеңгі болашағы үшін» деген сенім мен жауапкершіліктің жүгі босаңсуға тіптен жібермейді. Басқаша ойлауға қарбалас жұмыстан мұрша да жоқ.
Аймағымыздан экологиялық жеңілдіктерді алып тастау жөнінде сол кездегі облыс басшысының бірінен сөз шығып, осыны насихаттау барысына біршама басылымдар белсене кірісіп те кеткен кез еді, сол шамада республикалық беделді басылымдардың бірінде журналист Қази Данабаевтың «Әкім әлем халқын қалай алдамақшы болды?» деген көлемді мақаласы жарқ ете қалды. Өте өткір әрі идея авторы сынға ұшыраған материал еді. Расында экологиялық зардап салдары бар деп танылған аймақты тап-таза етіп шығаруға, ол жерде өнген өнімдерді кіршіксіз деп айтуға, бұл пікірді көпшілікке тықпалауға кімнің дәті баруы мүмкін?!
Осы жарияланымнан соң іле-шала жергілікті кадрлерді қудалауға ұшыратқан бір мекеме басшысының жұмыс стилін сынға алған екінші мақаласы да «Жас Алаш» газетінде жарық көре қалды. Бұл кісіңіз де жоғарыдағыларға жақын жүретін, жұғымы бар адам екен, мұнан соң біздің газет басшылығына тықыр таянып, соңында журалистің үлкен кабинетте ықпалды кісімен бетпе-бет кездесуіне тура келеді. Келген соң болған жайтты қысқаша әңгімелеп берді. Екеуара әңгімелесу барысында Қази мақалаларындағы фактілерді түгел дәлелдеп, өз ойына дөкейді де иліктіреді. «Басшының түпкі ойы шынында жөн секілді, аймаққа экономикалық пайдасы бар екенін аңғардым. Тек, онысын жұртшылыққа дұрыс жеткізе алмады», – деді ол сөзінің соңында қашанғы шындық сөзге мойынсұнатын әдетіне басып. «Адам болған соң қателеседі, сүрінеді, жығылады, тұрады. Бұл – әр пендеде болатын жағдай. Мас болуы да, біреуді тілдеуі де мүмкін. Мұның бәрін кешіруге болады, тек өтірік айтқанды, жұртты ақымақ көретін өтірікшіні кешірмеу керек», – дейтін мінезі де әлі есімде.
«Қайраңда қалған кеменің капитаны» атты сын мақаласында сол кездегі білім саласындағы жүйесіздіктер талданып, Білім министрі сынға алынды. Көп ұзамай бұл шенеуінік те қызметімен қоштасты. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген осы болса керек.
Ол кездері газеттің, журналистің беделі зор еді, редакциямызға өз ортасынан зәбір көргендер, шындықтың ауылын іздегендер жиі келетін-ді. Әділдік орнатамыз деп газет қызметкерлері де ел-елді кезіп, оқиға ортасында болуға ұмтылып, ала-шапқын болып жататын-ды. Басшы-қосшылар да мақтауға оншалықты еліре бармейтін, атқарған қызметін міндетім деп түсініп, орынды сын болса, мойындап, оны қалпына келтіруге тырысып жүретінін байқар едік. Қоғамдық өзгерістерден соңғы қаржы тапшылығының әлі де етектен басып тұрған кезеңі ғой, журналистердің де жалақысы мардымсыз, бір айлығы екінші айлығына жетпейтін, өзгеге түсірер көлеңкесі шамалы шағы. Сондайда әріптестеріміздің: «Өзің диуанасың, кімге пір болмақшысың?» дейтін зілсіз әзіліне Қази: «Журналист – қалқан ғой, қалқанды ешкім де, ешнәрсе де қорғамайды», – деп шындап жауап беретін-ді. Расы да солай ғой, жұрт сенген қаламгер өз жағдайын қамдап, ықтап кетсе, қоғамдағы келеңсіздіктерді кім су бетіне шығарады, кім болашаққа қамқоршы болады?! Осы ұстанымның басында әрдайым Қази досымыз жүрді. Ол қашан да шындықтың жүзіне тура қарады және онысын ешкімнен жасырмады, бүгежектемеді. Оның қыбын табу қиын еді, жағымпаздарды жақсы көрмейтін, ал көшелі іске қашан да басын иіп өтті. Осы қасиеті үшін бас редакторымыз Жақсылық Рахматулла, редколлегия мүшелері оның уәжіне тұрып, құрмет тұтты, сыйлады. Солай болуы заңдылық еді.
Мұнай өндіру саласындағы шетелдіктердің қандастарымызға әлеуметтік теңсіздік көрсеткенін зерттеуде екі-үш күн сол жақта қона жатқан кездері де болды. Қашан да шындық жағында жүретін Қазекең бұл жағдай туралы бірнеше сериялы мақалалар жазды. Сол кездегі облыс әкімі Икрам Адырбековтің журналист деректеріне ден қойып, қолдау білдіргенін де ұмытқанымыз жоқ.
Қази әзілге де бейім еді. Ал корректор Кенжебай екеуінің ойлап таппайтындары жоқ. Екеуі бір кәсіпті бастап, сөзімен аста-төк байлыққа кенеліп жатқаны. Әсіресе олардың бұл ойынынан хабарсыз сырт кісі тұрса, тіптен жанып кетеді. Бірде Кенжебай бөлмеге екпіндей кірді де:
– Бүгін ашуым қатты келіп тұр. Кеше әкелген жап-жаңа джипті есік алдына қойсам, балам гаражға кіргіземін деп бір бүйірін оңдырмай соғып алыпты, – деді еш сыр білдірместен. «Ойпырмай, мынаның фантазиясын-ай!» деп мен отырмын. Тақымында автокөлік түгілі велосипеді жоқ Кенжекең қалай-қалай көсіледі. Тоқсаныншы жылдардың аяқ кезі ғой, барлық жерде тапшылық, тиісті азғантай айлық жалақымыз қолға зорға тиеді. Кейде ақша орнына күріш не басқа тұтыну заттарын берсе де шүкіршілік етеміз. Ал корректор – «кәсіпкеріңіз» ісіп-кеуіп болар емес. «Бұ не деген ағыл-тегіл молшылық?!» Осы оқиғаға куә болып отырған ақын қонағымыз аң-таң қалпы оның сірісі ақ жем топлиі мен жеңі қырқыла бастаған көнелеу кәстөміне күмәндана қарап қалыпты. Ал Қази әртістік рөлінен шықпаған күйі:
– Не деген сараң адам, – деп қойды. – Дорба-дорба ақшасы болса да, үстіне бір дұрыс киім кимей осылай жүре береді, – деп күбірлеп қағаздарын аударыстырып кетті…
Қази мен Кенжебайдың әлгіндей ойындарына талай куә болып жүрген менің өзім де бір рет арандап қала жаздағаным бар. Баяғы бөлме, газеттің қарбалас жұмысынан қол босаған бір сәтте Кенжекең Қази екеумізге «тапсырма» бере бастады. Іште басқалар да бар, мұндайда корректордың қиялы өрлеп, өркештеніп кетеді. Әңгіме ауанынан байқап отырғаным, екеуі жүз бас баспақ алып, малдарын Қаратаудың баурайында біреуге «баққызып» қойыпты. Айтуынша, бақташы менің танысым секілді. Сондағы жағдайдан хабардар болып, апта сайын барып-келіп тұруым керек екен. «Уазик әперіп қоямын», – дейді жарылқаушымыз. Ал Қази 20-30 тонна жем тауып, сонда жеткізуі керек. «Кәсіпкер басшымыздың» қарқыны тіптен қатты, бәрін өлшеп-пішіп жалтаруға мүмкіндік берер емес. Бұл сыбыс бас редактор Жақаңның да құлағына тиіпті. «Үшеуің жақсы шаруаны қолға алған екенсіңдер. Мал ұстаған жақсы. Ата кәсіп! Айлық тиген соң, мен де қораларыңа екі баспақ қосып қояйын, өзің бас-көз болып жүрерсің», – деген бұйымтай айтады. Со жолы әріптестерімнің құпиясын ашуға бата алмай, үнсіз кеткенмін. Содан жексенбі болса уайым: «Екі баспақты әкеле қалса, қайда сыйдырамын» деп ойлаймын ғой. Абырой болғанда, Жақаң да әлгі шаруақорлығын ұмытып кетті ғой деймін, қайта мазаламады.
Иә, Арал теңізінің толқынын көріп, шағаланың шуын естіген, ақ бауырлы кеменің теңіз бетінде жүзгенінен қуат алған Қази дос арманшыл күйі қалыпқа сыймайтын, бұғаулап ұстауға көнбейтін басы асау күйі өмірден өтті. Кейде қиялданып, шалқыған теңізді, онда қатарласа жүзген кемелерді көз алдыма елестетемін. Ақ жал толқындар арасынан Қазидың ақ бауырлы кемесі көрінер ме деп те үміттеніп қалатыным бар. Олай дейтінім, ол бақилық боларынан сәл алдын еліне былай аманат қалдырды:
«Сен аман бол, Қазақстан!
Көтеріп көк жиектен делегейін,
Келесің ақ бауырлы кемедейін.
Мен болмасам – болмайын,
Қазақстан!
Сен аман бол,
Сен үшін мен өлейін.
Сенсіз өмір болады қалай маған,
Шаңдақпын шартарапқа жел айдаған.
Қаңғырып жүрер едім қай бұрышта,
Қазақстан бермесе арай маған.
Амансың ғой…
Барсың ғой…
Орныңдасың.
Орныңды таппай Құдай қор қылмасын…»
ЕЛТАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Ақпарат саласының үздігі