АСТАМ СҰРАҚТЫҢ ЖАСҚАНШАҚТАУ ЖАУАБЫ
Талай уақыт болды, Күлтөбенің басы бос тұр. «Ұл – өзі болғандай, келін – өзі келгендей» бір дүние. Ешкімді ешкім тыңдамайды, кеңеске қайрылар жан жоқ. «Құрыды, су алды, заманы өтті, күні батты» деген өңкей бір кері кеткен тіркестермен ғана жолдас болып алған әдебиетке қызмет етіп (қор болып), жүйкесі жұқарып жүрген ақын-жазушы атаулының бетінен қағу – қайғы үстіндегі жанды тілдегенмен бірдей. Рас, оңай емес, – жаның ашиды. Кім үшін, не үшін жазып жатқанын өзі ғана біледі (білсе!), сол жазғанынан тауып жатқан малы, шығып жатқан атағы тағы аз… Тәуекелге мініп, уақытын, денсаулығын, жүйкесін шығын қылып, енді жазып болдым дегенде… Көлденеңнен әлдебір сыншы килігеді. Жоққа шығарады, іске алғысыз етеді. Бүкіл еңбегің – еш, тұзың – сор. Өзі тозып отырған адамға бұдан артық қиянат бар десеңіз, дәл сол сәтте сендіре алмас едіңіз. Рас, көңіл басылады, ашу қайтады. Сосын… Тағы да проблема: Кітабың өтпей жатыр, оқылмай жатыр, еленбей жатыр. Жатыр… Сіздің соншама уақыт бойы сарылып тапқан, қағазға түсірген көркем мәтініңіз ешкімді қызықтыра алмапты. Анығында, ешкімге керек емес екен, көп жұрт хабарсыз. Былайғы жұртқа тым құрығанда хабары да жетпеген жинағыңа кеткен еңбектің өтеуін кімнен сұрарсың? Тіпті, сенің әлгі бір белгісіз кітабыңның артында зор еңбек жатқанын сезінер біреу табылар ма… Жазушы мен ақын үшін оқырманның үнсіздігінен ауыр сын жоқ екен ғой. Сол сынға шыдаған жан басқа сынды күліп отырып қабылдамас па…
Алмас НҮСІП:
– Жазушы мен сыншының арақатынасы туралы ойласам «Төс болсаң – төзіп бақ, балға болсаң – соғып бақ» деген тәмсіл есіме түседі. Төс – жазушы, балға – сыншы, бірігіп илегені – шығарма. Бірінсіз бірі жоқ. Екеуі де төзімділік, түсіністік танытқан жағдайда қайнауы жеткен темірден шебер қолдың табы есетін мүлік шықпақшы. Оған қайда… Балға қиыс соғады, төс тайқып кетеді… Сөйтіп, ымырасыз тартыспен жүргенде темірдің қызуы басылып қалады.
…Өмірге тағы бір сұрықсыздау сомдалған бір дүние келеді.
Сыннан өтудің жолы көп қой. Сын деген нәрсе біз ойлағандай баспасөз бетінде жарық көретін жарнамалық материал (ара-тұра жеңіл-желпі өтірік ескертпесі бар) ғана емес. Рас, сын көркем шығармашылықтың – насихатшысы,– құлы емес; төрешісі, – төресі емес. Баспасөз бетіне шығатын сын – алдымен сыншының жеке шығармашылығы. Бұл кезде кемшілігін ойласып, қайта түзетейік дегеннен гөрі нақты баға беру ниеті ғана болады. Шығарманың кемшілігін түзету үшін – кітап болып басылмай тұрған кездегі достық, жан-
ашырлық пікірлер өте маңызды. Әлгі әбден жауыр болған «дос жылатып айтады» деген сөздің салтанат құратын шағы да осы. Ендігінің жазушысына әр жазған дүниесін жарыққа ала жүгірмеуді меңгермек керек. Басын, ортасын, соңын бір-бір парақтап шығып, «мынауың ғажап дүние екен», – деп аузы көпіріп мақтау айтуға ұялмайтын, әдебиетшілік өмірінде ешкіммен «шәй деспеген», жақсы адам болуды – жасықты да мақтай беру деп түсінетін, әлдекімдердің көлеңкесінде, көбіне екінші нөмірде жүріп күнін өткізетін жансыздау жандардың мін айтпайтынын біле тұра, «бір тексертіп алу» ұшпаққа шығармайды. «Өзіңнен мықтымен достас», – дейді философтар. Өсесің. Биікке ұмтыласың. Шығармашылық – жеке адамның оңаша шаруасы. Десе де, шынайы дос тауып, әлгіндей шығармашылық қарым-қатынас орната алған жазушының жұлдызы өзгелерден биігірек болмақ.
Шығармаң жарық көрген соң, оның соңынан айтылатын мінге, жазылатын сынға (мейлі жала болсын) мейлінше салқынқандылықпен қарамақ абзал. Жарыққа жеткен шығарма қолдан шығып кеткен бір мүлік. Қолдан бір шығып кеткен соң-ақ оның ендігі иесі жалпы жұрт. Соңынан қанша шырақ алып түссең де абырой таппайсың. Ақтай алмайсың. Жазушыға Бердібектік биіктік керек: «Біздің жазғанымызды мазмұндап беруді сын деп, шығармашылық деп есептейтін сыншылар…». Ауырлау сөз, бірақ жазушы өзін көлденең сөзден, әлгіндей сыннан биік қоя білмесе, аты алысқа бармасы анық. Жазуың жаман деген әр сыншының жағасына жармасып жүріп ғұмыры түгесіледі.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Тұрсынбек Кәкішев: «Ол замандарда шығарманы талдап, қызылкеңірдек боп, айтысып жатсақ та, залдан шыға бере сол талқылаудағы жанжалдың бірі де есіктен аттап шықпайтын. Былай шыға дос-жаран қалпымызға қайта түсер едік. Біздің «жанжалымыз» шығармашылық үстінде ғана еді», – деген мағынада бір жақсы сөз айтып еді. Әдебиетті шын түсінетін жандардың өзегінен шыққан әр сөзінде жеке басқа деген өкпе-наз болмайтын сияқты әсер береді де тұрады. Ал әдебиетті түсінбейтін, түсіне алмайтын жандардың өкпесі, реніші – алдымен жеке басқа. Шығармашылық әлемнен сырт қалған жанның талантсыздығына оқырманы, сыншысы кінәлі сияқты көрінетін шығар. Өлең жазатын, әңгіме жазатын қаламгерлердің (мықтысы болсын, осалы болсын) қайсысы өзін талантсызбын десін. Керек десеңіз, шетелдерге қазақтың атынан шығып жүрген кей ақын-жазушыларымыздың өзі шын мықты болмаса да өзге елге танылуға талпынып тұрмай ма? Бұл дегеніңіз қалай болғанда да, өзіне сенушілік. Өзін мықты санағандық! Әйтпесе «қазақтың мықты ақыны осы ма?» деп айтып жүрмесін, менің орныма Пәленшекең барсын. Сол – мықты» деген ар сөзі неге айтылмайды? Өйткені, айта алмайды! Өйткені – эгоист! Сын көтере алмау дегеніңіз – осы эгоистіктен. «Мен мықтымын! Мен талантпын!» дей беретін әдетімізден. «Заманның ұлы ақынына» деген хатты Гетелер «маған емес шығар» деп бір-біріне ысырмайтын ба еді?! Абай да: «Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» деп ағынан жарылмайтын ба еді?! Өзінің мықты емес екенін, осал екенін мойындай алу мен мойындамаудың арасындағы парықтың өзі кімнің кім екенін көрсетіп тұрған жоқ па?!
Мәселенің бәрі осы – айта алмауда. Өзіңнің осал екеніңді де айта алмайсың. Өйткені, талантсың! Біреудің осалдығын да айта алмайсың. Өйткені, ыңғайсыз! Есенқұлша айтқанда: «Шырқыратып шындықты айтсам бір жайсыз, Қатар бірге жүргендерден ыңғайсыз, ойнап бірге күлгендерден ыңғайсыз…» деген гәп.
Ал шынайылық дегеннің өзі қиын. Кейде: «Мен өзі өтірікке жоқ адаммын» деп, сөзін өтіріктен бастайтын замандастарымыз бар. Өтірікке жоқ адам, өтірік айтпайтынын тілге тиек етпей-ақ әңгімесін айта бермей ме? Әдебиетті түсінбейтін адам өтірік айтады. Роман емес дүниені – роман, әңгіме емес нәрсені – әңгіме, жазушы емес адамды – жазушы қылады. Өтірік сынайды, жала жабады. Бәлкім, сондай адамдардан жазушы, ақындар мезі болған шығар. Әйтпесе, сыннан қорытынды шығаруды кім ойламайды?
Алмас НҮСІП:
– Мәселе сын көтере алу деген сөздің мәнін қалай ұғатынымызда. Сын көтере алу – беті бүлк етпейтін ұятсыздық пен сөз жемейтін тасырлықпен астасса, мұндай көнтерліліктен том-том жарамсыз кітапқа қор болған қайран қағаздың обалын ғана көрер едіңіз. «Бұлар да айта береді екен», – деп, миығынан бір күліп қоя салса да, «Менің айтпағымды түсінбепсің», – деп, кешірімді қалып танытқан болса да, «Не оттап тұрсың?!» – деп, сыншысының жағасына жармасса да әркімнің еркі, кісілігі біледі. Меніңше, ең дұрысы – іштей қорыту. Бұл процесс сын естушінің жан дүниесінде міндетті түрде жүреді. Қалай туласа да, былайғы жұрттың алдында өзін қалай ұстаса да сынға арқау болған ақын-жазушы өзімен іштей күресумен болады. Себебі, қандай тасыр болса да, бәрі біледі: Әдебиетке сын керек! Тіпті, бір сұхбатында әдебиетімізге жай ғана сын емес, ащы сын қажет екенін, сын болмай әдеби өмір жанданбайтынын айтып тастаған болуы да мүмкін. Менмін деген талай мықтыңның өзі айналып өте алмаған – «кесапат». Енді міне, кезек өзіне келіпті. Мүлде ойламаған соққы, әлде, күткен жау. Мұндайда ең ауыры – көлденең жұрттың «бұл енді қайтер екен», – деп, аузыңды бағып қимылыңды қалт жібермей аңдып отырғанын сезіну. Өз ойыңша, сен бүкіл жұрттың сол сәттегі ұғымында – масқараланған, тәлкек етілген мүсәпір бір жан. Шығарма иесін ең алдымен осы ой қажайды. Адам өзінің нағыз бейнесін сын сағатта көрсетіп алмаушы ма еді, жаңа айтқан кісілік осындайда көрінеді. Әркім әр түрлі әрекетке барады. Өзін ақтайды, жала жабылғанын, сыншының әділ емес екенін айтып бағады. Ары-бергіге қоңырау шалады: жақтастарынан жұбату естиді, қарсыластарына доңайбат жасайды. «Иістің қайдан шыққанын, желдің қайдан соққанын білеміз! Біз де қарекетсіз, іздеусіз, сұраусыз емеспіз…». Біздің ағайын да әбден дәндеген: «Бір қызықтың басталғаны анық». Алақанын ысқылап қарсы жақтан жауап күтеді. Айғайға аттан қосып, төтеден жандайшаптар қосылады. Басу айтқан болып, отқа май құйып қалқада жатыпатарлар жатады.
Біреудің інісі дардай басыңа қарамай сені мұқатпақ болды. Артында әлгі Біреудің тұрғаны анық. Ондай іні, құдайға шүкір, сенде де жетеді. Біреуге бірден тап беруге болмайды – білініп қалады. Ең дұрысы, алдымен інісінің сыбағасын беру. Яғни… Ол ешкім емес, әшейін айтаққа үрген, қиқуға еліккен бір делбе. Дәлелсіз, дәйексіз (!) сын жазыпты, онысы тұнып тұрған жала. Давай, өзіміздің Бәленжанға жаздырамыз… Ол Бәленжан әлгі ағасын (таяқ жеген шығармасын) бастан-аяқ мақтаған, «жерге түсіруге қимай» мәпелеген мақала жазады.
Әдеби тартысымыздың түрі осы.
Былайша айтқанда, жұртқа жем болу деген осы, міне.
Бұл енді болған, болуы мүмкін жағдай. Екінші нұсқа, сыншыны қасақана көзге ілмей қою. Бала-шаға, бақа-шаянның ұсақ-түйек сөзіне бола сонша таусылар жөні жоқ.Бірді-екілі қызыққұмарлардың сұрағына: «Ә-ә-ә, әлгі ма? Соны естідім, сосын не жаза қойды екен деп оқып ем (не мүлде оқымадым), түк жоқ. Есек не жемейді, айта берсін. Үріп-үріп қояды». Бірақ бұл үнсіздік те – толық жеңіс емес. Үндемей жатып алса да, тынышы бұзылғаны анық: Сыншымен іштей тартыс басталады. Айтып тұрғаны рас па, жаулық ниеттен туған жалалы пікір ме? Негізгі мәселе онда да емес. Жазушы осы сын айтылған сәттен бастап өзін сырттай бақылай бастайды. Жан дүниесіне үңіледі, өз талант күшін салмақтап байқайды. Боламыз ба, жоқ па? Рас па, өтірік пе? Сыншы мысал келтірген үзінділер мен тұқыртқан тұстарын еркінен тыс бір қарап шығады. Еркінен тыс әлгі кемшіліктің рас екенін мойындайды. Бірақ сыртқа шығаруға әлгі сен айтқан даладай көкірек жібермейді. Сосын, үнсіз қалады…
Осы жағынан алып қарағанда, сынның қандай формада да айтылып тұрғаны дұрыс па деп ойлайсың. Сыншы – әдеби ортаның бақылаушысы ғана емес, әр жазушының өзіне деген ішкі бақылауын, талабын күшейтуші маңызды тетік.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Біз шығарманы талдаудан гөрі бағалауға асығамыз. Ертеңгі тағдыры (шығарманың) қалай болады – оның бәрі уақыттың құзырындағы үкім. Сыншының міндеті тек талдап, сол арқылы жақсылы-жаманды жетістігін айту. Бізде бәрі кесіп айтуға құмар (категоричный). Кесіп айту да белгілі дәрежеде шектелу ғой.
Әдебиетті сүю, оны сезіну – тек өлең, я прозалық дүние жазу ма екен? Сыншының міндеті шығарманы талдау ғана ма? Кезінде бір әдеби бәйге немесе сыншы талантты ақын мен жазушыны ашып жатады екен. Бүгінгі күні сын кімді таныта алды? Әбіш Кекілбаевтың Қасымды, Ілиясты, Мұқағали мен Төлегенді, соңғысы Тыныштықбекті ашқаны сияқты оқиға соңғы рет қашан болды екен? Әңгіме керемет мақтауда немесе тұқырта қаралауда емес. Шама келгенше шығармашылық болмысына тоқталып, адам ретінде емес, ақын, я жазушы ретінде сен қалай таныдың, бар артықшылығы мен кемшілігін жасырмау арқылы шығармашылық портретін жасау. Оның әр сөзіне, сөйлеміне қадалу емес, жалпы шығармаларын толық алғанда қандай қаламгер деген сұраққа өзіңше жауап тауып көру. Сөзіне, сөйлеміне үңілу де сын шығар. Бірақ одан қандай мақсат шығады? Жалпы шығармашылықты жазғанда ғана қаламгердің болмысы көрінеді. Әйтпесе сөзден небір жүйріктердің өзі сүрініп кетіп жатқан жоқ па?
Сынды әркім әр түрлі айтады. Теориямен де, практикамен де талдап жатады. Бірақ осының қайсысы шығарманы толық аша алады. Немесе соған жетеқабыл дәрежеге жеткізетін қай жол, қай тәсіл екенін тамыршыдай тура басу да қиын. Толстой «Әкелер мен балаларды» оқығаннан кейін: «Жаман шығарма емес. Бірақ бір деммен жазылған бір беті жоқ» депті. Осыны сезу үшін қандай теория керек? Оны тек Құдай берген түйсік арқылы ғана сезуге болады. Толстойлық дәрежеде сезіну үшін де қандай қасиеттің керек екенін айтпаса да түсінікті. Біз де осыған ұқсап, шығарманы оқыған кезде-ақ қандай көңіл-күймен жазылғанын, шығарманың ішкі ағысын ұстай алған ба, жоқ па деген сұрақтарға жауапты түйсік арқылы сезе аламыз ба? Ондай түйсігіңіз болмаса, теорияны жақсы білгеніңізден не қайыр?
Бір сындар болады, автордың білген нәрселерінің бәрі қосылған ассорти дүние. Бірақ ассортидің бәрі дәмді ме? Әлемдегі жұрт білмейтін терминдердің бәрін жаттап, я тізіп сын жазып, объектісін құбылыс етіп көрсеткісі келетін сындарды да көріп жүрміз. Олардың атын айтсаң: «Бәлелі к… сияқты». Сен айтқандай улап-шулап, артынан айтақшылары қосылып, үрім бұтағымен қарғап, бір-ақ тоқтайды. Ал содан әдебиетке келген пайда қайсы? Обал, сауапты айтып тұрып, бұрыла сап қиянат жасайтындардың әрекетін немен түсіндіреріңді де білмейсің. Өзіне бір сын айтылса, ер-тоқымын бауырына алып тулап, қылқынып, артынша өзі туралы жазылған бір «тамаша» мақаланы газетіңе жариялатқысы келетін кей жазушылардың қылығы ұятқа жатпай ма? Ішкі бақылау қайда қалды?
Алмас НҮСІП:
– Өз мінін көзіне шұқығандай қылып айтқан адамды ұнатпау бір жағынан табиғи нәрсе. Сол пендешілікті жасыра білу де үлкен күшке түсетіні анық. Ішкі түйсік аталған кемшіліктердің бар екенін біледі, біздің мін – сол ішкі дауысты тыңдай алмайтындығымызда. Қараңызшы, Үлкен кісі (атағы дардай, үлкен жазушы) мақтаған шығармасын екі жастың біріне келмеген қайдағы бір боқмұрын іске алғысыз қылып тастайды. Автор кімге жүгінеді? Әрине, Үлкен кісіге. Біріншіден, ол үлкен кісі. Екіншіден, мақтап тұр. Ал жас бала түріне қарамай сынайды. Қай жағынан да Үлкеннің сөзі – сөз-ақ. «Хан айтқан сөзді мен де айтам» дейтін құлдың жанайқайы еске түседі. Бірақ бұл жерде ауыздың дуасынан гөрі, мақтаудың бәсі басымдау. Жастар кітап шығарып жатады, сонда бір қатып қалған салт бар: Ақсақалға алғысөз жаздыру. Бата-тілек жөнінен құптарлық-ақ іс. Бірақ сол алғысөзде «болашағынан зор үміт күттіреді» немесе «бұл мылтықты наган кезінен білем» дегеннен өзге ештеңе айтылмайды. Айтса, бірді-екілі әңгімесі ғана. Бұл анығында – талантты таныту, шығарманың ақ-қарасын байыптау, жазушының (ақынның) табиғатын ашу туралы талаптармен қабыса қоймайды. «Берсең балаға бер» деген кеңпейіл аталардың атүсті айтқан бір ләмі ғана. Асса, кітаптың сәнін кіргізер әшекей есепті.
Бізде және бір түсінік бар: Мәселен, мен әлі жаспын. Демек, әзірге өз сөзімді айтуға хақым жоқ. Отызға жетпей дүниенің сөзін айтып кеткендер туралы айтпай-ақ қоялық, сондайлық дарын деп үміт артпай-ақ қойсын, бірақ аз да болса құлақ қоюға болар еді ғой. Алда-жалда бірдеңе деп қойсам (Құдай ұрып!), міндетті түрде артымда айтақшыларым тұруға тиіс. Қандай да бір пікір айту үшін аға-көкелерімнің тапсырмасын алуым керек. Объект таңдалған. Ол міндетті түрде аяусыз жанышталуға тиіс. Қай тарапта сыналатыны да анықталып қойылған. Мен жай ғана баскесермін. Атқарушы жендет. Сонда, мен неге жандүнием құптамаған шығарма туралы өз сөзімді айта алмаймын?.. Меніңше, албырттау болса да адал сөзді жастық айтады. Ал белгілі бір дәрежеге жеткен әдебиетші пенделік есепке жүгінбей тұра алмайды. Ананың жақсылығын көрген, мынаның шуағына шомған, шарапатына бөккен (қиғаш келіп қалса, ұят болады). Немесе жастық максимализмнен арылған, шығармашылық процесті, әдеби ортаның жай-күйін салқынқандылықпен (немқұрайлы) бақылаушы дәрежесіне жеткен. Адалын айтқанда, хас талант өмір бойы максималист болуға тиіс. Олай болмаған жағдайда оның орнын есеп-қисап басады.Аңдап сөйлейді, абайлап айтады – түк те айтпайды.
«В диких условиях» деген биографиялық көркем фильмнің бас кейіпкері кезбелікке салынып кететін. Әке-шешесі жасап берген жақсы жағдайдан, өзінде бар бүкіл дүние-мүліктен бас тартып. Колледжді енді бітірген жас кезбе қалтасында қалған соңғы ақшасын отқа тастап тұрып: «Ақша бізді аяншақ күйге түсіреді. Сақтаулы ақшасы бар адам ешқандай тәуекелге бара алмайды», – дейтін. Ал біздің жасымыз ұлғайған сайын, «запасымыз» да қалыңдай түседі. Есенқұл Жақыпбек айтатын бір рет жаназа шығарып, мал тауып дәндеген соң, адал құлшылығына селкеу түсіп, қанша тырысса да ниетін түзей алмай қоятын молданың трагедиясы бар еді ғой. Біздің де сол молдадан айырмашылығымыз шамалы.
Мені қазір әдебиеттегі айтыс-тартыс та бұрынғыдай қызықтырмайды. Бір кезде Айтулылар мен Азулылардың арасындағы майдандар мүлгіп тұрған әдеби өмірді бір сілкіп тастайтын. Енді қарасақ, ол да уақытша нәрсе екен. Себебі, онда эмоция мен пендешілік, мен білермендік бірінші қатарға шығып кете береді. Екеуара, топ-топ, жік-жік болып, әлдебір ақиқатты дәлелдеу үшін жеке бір мүдделер тұрғысынан жазылған дүниелер сол бір оқиғамен бірге көмескілене береді. Демек, біздің өзімізді қорғаған, жақтастарымыздың мүддесі үшін жазған сыни мақалаларымыз бен қызылкеңірдек талас-тартыстарымыз кезеңдік әдебиеттің мәнсіздеу естеліктері ретінде ғана айтылып (айтылса!) жүріп, ұмытылады екен. Оқырманына берер танымы мен білімі жоқ дүниелер біздің «шыбық тимес шыңқ етерлігіміздің» бір көрінісі ғана екен…
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:
– Сын мәдениеті, пікірталас мәдениеті қалай болуы керектігін оқыған кітаптарынан жақсы білетін адамдардың өзі пікірталасқа келгенде сол этиканы ұстана алмай жатады. Немесе берген сұхбаттарында, айтқан сөздерінде тым білімді, мәдениетті, адал көрінетін үлкендер шынайы қарым-қатынасқа келгенде сол айтқан сөздеріндегідей неге үлгілі емес екеніне таңғаламын. Сөз бен істің арасы тым алыстаған сайын шынайылығы мен шындығы жоғалып бара жатқанын өзі де аңғармауы ненің көрінісі екенін айту да ауыр.
Мерейтой қарсаңында шылқыған мақтауға негізделген қызыл сөзге әбден бой үйретіп алғанымыз да жасырып-жабатын жағдай емес қой. Дүниеден өткен айтулы ақын, я жазушы туралы өз көзқарасыңды, жеткен жетістігі мен кемшін кеткен тұстарын тең ұстап айтсаң да, артында қалған ұрпағына, көзі тірі жарына, іздеушісі боп жүрген жолдасына жақпай қалғаныңды да аңдай алмайсың. Әке, жар, дос ретінде жеке басына тіл тиген жағдайда қорғауға хақың болса да, қаламгер басына айтылған әдебиет сөзіне араласуға не ақың бар? Шығармасы халқының игілігіне айналған жанды қанша меншіктесек те қаламгер рухы оған көне қояр ма?
Дүниеден озғанын былай қойғанда, арамызда жүрген үлкенді-кішілі қаламгерлер туралы да «қателессек те, әділ қателескен» сөзімізді айтуға жасыратыны жоқ, жасқаншақтап қалдық. Өзің айтқан: «тапсырыс» деп жағаңнан алып, ит теріңді басыңа қаптаған ағаның қылығынан безінесің. Қорыққандық емес, «аш пәледен қаш пәле» дегенге ақылға құлақ қоясың. Неде болса, сөз көтерер, кеңеске құлақ асар жанды жақын көресің. «Мың дегенмен, тіршіліктегі қанибетке не жетсін!» деп Қасым Аманжолов туралы ақынның көзі барында мақала жазбағанына өкінген Тәкен Әлімқұловтың күйін кешкің келмей, қандай болса да бір лепесіңді арнағың келетін ақын ағаң, жазушы көкең болашақта жазылар ол туралы мақалаңды қалай қабылдар екен деп күні бұрын алаңдайтынымызды несіне жасырайық.
Осындайда тірі ағаңнан гөрі, шығармасы қалған өткендер туралы ғана жазғың кеп кетеді. Рахат! Ешкім жау көрмейді. Кінәсіз кітаптары ғана бар назын айтып, сырласады…
Дүние доңғалағы алға озған сайын, күңк-күңк сөздің, бұрқ-бұрқ эмоцияның түкке де тұрмайтынына қанша мәрте көз жетсе де, одан сабақ алған қайсымыз бар… Әйтеуір өзіміз жазған дүниенің бір ғажайып туынды екеніне өзіміз ғана иланып, өзіміз ғана мастанып өтіп жатқан уақыт. Ол туралы шындық сөздің де айтылуына өзіміздің тосқауыл боп жүргенімізді де ескерсек екен.
«Менің атым Қызылда» (Орхан Памук) Бекзат туралы бір аңыз-сөз айтылады. Шығыстың теңдесіз суретшісі туындыларының астына өз атын жазбайтын көрінеді. Өйткені, туындыға қарап-ақ шығарманың Бекзаттың қолынан шыққаны ап-айқын білінеді екен. Сол сияқты, жазған өлеңінен, прозалық дүниесінен-ақ автордың өз қолтаңбасы жарқырай көрінетін шығармалар әлі-ақ жазылар.
Қолтаңбасы жазылған, пошта арқылы жеткен Ертай Ашықбаевтың «Өлең және өмір» кітабын қайта оқып отырып, (қайта дейтініміз: бұл жинақтағы мақалалардың денін газет бетінен оқыған едік) бір керемет күйге түсесің. Өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі әдеби ахуалды өз басыңнан кешкендей боласың. Ешбір міндетсінусіз, таза көңілмен, ақ жүрекпен, махаббатпен талданған ақындардың шығармашылығына Ертайша ғашық боласың. Кірпияз талғам иесінің әдебиетті, әдеби жағдайды жақсы білетінін аңғарасың. Бәлкім, әдебиетті сүю деген осы шығар. Тым болмаса осындай ағалардың алдында ұятқа қалмауды ойлайсың. Және оның аса қиын іс екенін де сезесің. Ізтай Мәмбетов туралы сөзін Аян Нысаналиннің «Кімді кім іздеп жатыр?» деген мақаласының қайтарымы ретінде жазғанын мойындап: «жасқаншақтау жұбату жауабымыздың да бір нұсқасы болмақ» деп аяқтайтын. Біздің де талпынысымыз, жазып жатқан дүниелеріміз – әдебиетке адал ағалардың үмітіне бағышталған «жасқаншақтау жұбату жауабымыз» ғой. «Өрт болса, әдебиет – ішіндеміз, Серт болса, әдебиет – күшіндеміз» деп Жарасқанша сенімді айта алар ма екенбіз? Біз кім боламыз?.. Әдебиет не болады?.. Әңгіме осы…