САРИЕВТІ САҒЫНУ
Поэзия әлемінің қашан да күрделі болып келетініне бүгінгі ақындарымыздың жаңа туындыларын оқыған
сайын одан арман көзіңіз жете түскендей болады. Соның бір мысалы Шөмішбай Сариевтің поэзиясынан байқалатын-ды. Оның өлеңдері оқырманға эстетикалық әсер беріп қана қоймай, ойлануға жетелейтін.

Шөмішбай Сариев – оқырман жұртшылыққа ғана емес, тыңдарман
қауымға да жақсы таныс есім. Кейбір тыңдарман бұл ақынды бірыңғай ән өлеңдерінің мәтінін ғана жазатын, шығармашылық жұмысын тек сол бағытта өрістететін сөз зергері деп пайымдауы да мүмкін. Себебі дыбыстық және бейнеақпарат құралдары арқылы таратылып жататын көптеген ән мәтіндерінің авторы да Шөмішбай Сариев еді.
Қаламынан туындаған жыр жолдары ән шығаруға сұранып тұратын ақын – бақытты ақын. Бұл – шығармашылық құбылыстың өзі қиыстырып әкеліп, күшпен дәлелдеуді қажет етпейтін шынайы дарынның белгісі. Сазгер, композитор қауымның эстетикалық талғамы қашан да жоғары екенін ескерсек, Ш.Сариев өлеңдерінің поэтикалық болмысы, мағынасы мен сөздердің ішкі үйлесімі, ырғақтылығы сондай ортақ талғамнан табылып жатады деп тұжырымдауға әбден боларлық.
Бірақ, оған қарамастан, Ш.Сариевтің ән жазылмаған жырлары – жинағындағы қатардағы жыр жолдарының да биік көркемдік өреде жазылғанын, құлаққа таныс ән мәтіндерінен ешқандай да кем емес екенін атап айтқан жөн.
Ақын циклдік өлеңдерінде белгілі бір тақырыпты немесе тақырыптары сабақтас өмір қырларын жыр тілімен бейнелеуге бейім. Оған дәлел болар жыр жинақтарының бірі – «Шөл даланың ұлымын…» деп аталатын кітабы. Өйткені мұндағы өлеңдердің барлығы бірыңғай «Шөл» деген ұғымның төңірегінде ой тарқатады, оның адам өмірінде алатын орны жайында сыр тербейді. Әдетте «шөл» сөзі адам қабылдауында теріс эмоциялы тұйық түйсік туғызады. Бұл сөзді айтсақ болды, сазарып жатқан шексіз өлке, тіршіліксіз шөл елестейді. Шөлді өлкеге тап болған адам дүниенің үзірінен баз кешіп, екі қолын төбесіне қойып әлдеқайда безе жөнелгісі келетіндей күйге тап болады. Қарадан-қарап ернің кезеріп, бір ұрттам суға зар болғандай тәуелді күй кешесің. Бір ауыз сөзбен айтқанда, «шөл» сөзі – «тіршілік» ұғымының антонимы.
Сондықтан болар, шөлдің адам өмірінде алатын орны мен оның қабылдауындағы болмыс-бітімі, табиғаты турасында бас қатыра бермейтініміз рас. Шөл талай ақын-жазушының қаламынан жағымсыз кейіпкер ретінде, тек географиялық қана емес, әлеуметтік-моральдық тұрғыдан да кері фактор ретінде бейнеленіп келгені де шындық.
Аталған кітаппен, ондағы жырлармен танысқан оқырман осынау қалыптасқан стандартты түсінікке күмәнмен қарап, өзінің бұл бағыттағы тұжырымын қайтадан жаңаша құруға қам жасайтыны анық. Бұндағы өлеңдермен танысып шыққаннан кейін, сіз енді шөл далаға басқаша көзбен қарай бастайсыз. Біз атын естігеннен кейін-ақ, қарадай үркіп, іштей шошынып үлгерген шөл дегеніңіз, мүлде қорқынышты емес екен. Қорқынышты болуы былай тұрсын, керісінше, адамның жанына жайлы, алуан сипатты көңіл күйге түсіретін философиялық орта екен, көңіліңді тербетіп, жаныңды толғандыратын эстетикалық биіктік екен, ішкі дүниеңе себезгілеп құштарлық нұрын құятын, мынау жарық дүниеге іңкәр етіп жетелейтін рухани қуаттың көзі екен; шөл дегеніңіз – үнсіз ғана шырқалып жатқан ән, көңілге көктем шуағын құйған, жанарыңды жасқап, жан дүниеңді жайлы сезімге бөлейтін сән екен; шөл дегеніңіз – адам баласы сыр-сипатын бірден ұғып болмас, шет-шегіне оңайшылықпен шығып болмас құпия әлем екен; шөл дегеніңіз – тағы да…
Біздің түсінігімізді бұлайша өзгертіп жіберген – сөз жоқ, ақын талантының қуаты.
Қойшы, әйтеуір, құрғақ тебіреніп, құр тамсана беріп қайтеміз, қу сөзден қуырдақ қуырып, құмнан қылшық суырып, құр ділмарси бермей, автордың өзіне сөз берейік те, автор көзімен біз де сол шөл даланың тылсымына шым батайық…
«Айдыны жүрегімді тербеп өтер,
Көңілім аққу жүзген көл деп өтер.
Бір шөлім басылдса да, шөл далада,
Бір басылмай махаббат шөлдеп өтер» .
Осынау поэзиялық шашуларды оқып шыққан оқырман енді бұдан былай шөлден қорықпайтын, меңіреу құшағына тап бола кетсе де торықпайтын болады. Торыққаныңыз не, біраздан кейін осы шөл даланы жақсы көріп, тіпті шөлсіз өмір сүре алмайтындай оған ғашық болып қалуы да ғажап емес. Сондай сәтте: «Шөмішбай шайыр-ау, сіз біздің түсінігімізді неге бұлай өзгертіп жібердіңіз?» деп сұрағыңыз келеді.
Ақын шөлдің қандай ерекшеліктері, адам баласына ұнайтын нендей тамаша қасиеттері бар екенін көркемдік кестесімен дәлелдейді және сол қасиеттердің артықшылықтарын эстетикалық ойлармен тиянақтауға күш салады. Ақынның бұл арадағы тұжырымының мықтылығы да сол дәлелдердің көркемдік қисынында.
Шөлде біздің жан дүниеміз қалайтын жайлы қасиеттердің басым бөлгі бар екен, тек оны көре білетін көз керек, қалың жұртшылықтың санасына жеткізе білетін көркем сөз керек екен. Ақынның артықшылығы – сол жүрекке жеткізе алатын кілтті таба білуінде, тауып қана қоймай, оқырман қолына ұстатқыза білуінде. Рас, шөл далада өмір сүрудің қиындығын ақын ұмытпайды, мүлде есінен шығарып алмайды, оқырман есіне қайталай салып отыруға бейім. Тек сол қиындықпен күресе білуге, тіпті керек болса, сол қиындықты көрмеуге үндейді, адамның ішкі күрескерлік рухын қайрап, тың көзқарасты таңуға ұмтылыс жасайды.
Шөл далада басталған бойдағы шөл бүкіладамзаттық проблемалармен астасып, бүкіл шөліркеудің түрлерін ашып көрсетеді. Ақын бір жұтым суға ғана шөлдеп қоймапты, оның шөлдеуінің әлеуметтік астары әлдеқайда ауқымды екен.
«Адамдардың шапағатына шөлдедім,
Хас сұлудың махаббатына
шөлдедім…
Суға емес, жылы сөзге шөлдедім,
Ұлағатты ұлы сөзге шөлдедім…» –
дейді ақын. Осынау шөліркеудің әдепкі көзі бәрібір қалай болған күнде де ақын өзі туып-өскен шөл даладан бастау алғаны – тағы да шындық. Ендеше, өмірдің қадір-қасиетін түсіндірген шөлге деген алғыстан басқа айтар болмаса керек. Қазақ жерінің жетпіс пайыздан астамы шөл және шөлейт өлкелер болып келсе, ақынның бұл философиясы кез келген қазақ баласының жанына жақын екені және рас.
«Бір басылмас шөлге баттым
тереңнен,
Кеудем осы шөл гүліне бөленген.
Сапар кешіп, жер-жаһанды аралап,
Жер бетінде шөлдеуменен келем мен».
Міне, шөл философиясынан туындайтын тағы бір нақты тұжырым. Тіпті сулы-нулы жерде туып-өскен жанның өзіне де жақын құбылыс, тіршілік шындығы.
Көркемөнер туындысын өмірге әкелген туындыгерлер көбіне өз ойларын тұтынушыға, яғни көрерменге, оқырманға немесе тыңдарманға таңбайды. Өз философиясын ұсынумен шектеліп, «ары қарай өзің біл» деген сыңайда сүйейсалды ұстанымға бой алдырады. Біз өлеңдерінің табиғатына үңіліп отырған Шөмішбай Сариев олай емес, өзінің тапқан эстетикалық-философиялық жаңалығын оқырманға таңуға бейім, бірақ ол бұл амалын зорлық пен күштеудің арқасында жүзеге асырмайды, поэзиядағы оңтайлы құрал – эстетикалық қуаттың көзін ұтымдылықпен пайдаланады.
Қазақ халқының айтулы тұлғаларының бірі, Абай атындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және халықаралық Дж.Неру атындағы сыйлығының иегері Әнуар Әлімжанов кезінде: «Ш.Сариев өз талант-дарынына сеніммен қарайды. Оның жақсы жырлары сұлулықты сезіну арқылы туындайды деп білемін, бұл талант иесіне ғана тән қасиет дер едім», – деп жоғары баға беріпті. Кез келген қалам ұстаған жанға назар аударып, сөз шығындай бермейтін атақты тұлғаның бұл пікірі көңіл аударуға тұрарлық.
Мен өз басым Шөмішбай замандасыммен екі рет қызметтес болдым. Бірінші рет өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Жұлдыз» журналының редакциясында, екінші жолы
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында. Осылайша, қатар жүрген кездерімде Шөкеңді адам ретінде жақынырақ таныдым, адамгершілік қасиеттеріне тәнті болдым. Ол өмірде жүрегіне кір сақтамайтын рухани таза, қарапайым әрі ақкөңіл жан еді.
Жалпы, ақындар ортасы – өзіндік бір әлем. Кейде бір-бірін кісінесе түсінісіп жатса, араларында бір иықтарын алдыға беріп, соқтығуға дайын жүретіндері де жоқ емес. Сондайлардың кейбірі Шөкеңе жөнсіз тиіскісі келіп, жағымсыз сөз айтып қалғандары да болды. Сондайда таңғалғаным, Шөкең ондайлармен айтысып, дауласа кетпейтін. Үнсіз шегіну тактикасын ғана қолданатын.
Неше рет дәмдес болып жүрсем де, кейде зорлап үйіне шақыратын. Жұмакүл жеңгейдің қолынан шай ішіп, сергіп қалған кездеріміз де естен кете қоймас.
Ауызша әңгімелерінің көбі естеліктерден тұрушы еді. Сол естеліктердің мазмұнында сағыныш лебі жататын. Ал бүгінгі күнде Шөкеңнің өзі көпшілігіміз үшін сағынышқа айналған. Әріптестерімізбен отырғанда Шөкеңнің ерекше мінезін еске алып, кейде күліп алсақ, енді бірде ортамызда жоқтығы еңсемізді басқандай болып, мұңайып қаламыз.
Өзің кетіп қалсаң да, жырларың жадымызда, ақжарқын үнің құлағымызда. Рухың шат болсын, қымбатты Шөке!
Нұрдәулет АҚЫШ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
бас ғылыми қызметкері