ЖЫР КҮТІП ШАЙЫРЫҢНАН ЕЛЕҢДЕСЕҢ…
01.07.2016
1501
0

IMG_9505 (1)Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

 

ЕЛГЕ СӘЛЕМ

Көптен жол түспеп еді, елге бардым,

Көн болған көңілімді тербеп алдым.

Бір көрсем деген арман жүр екен ғой,

Жанымның түкпірінде шөлдеп әр күн.

 

Ел жаққа көптен жолым түспеп еді,

«Келгін» деп ол да мені күштемеді.

Алайда, ауыл-аймақ елес сынды,

Түн болса тұнжырап бір түске енеді.

 

Бір басып сағынышты өлшенбеген,

Түс емес, өңімде оны көрсем деп ем.

Жүректің іңкәрлігін өлең қылып,

Бір қыздың бұрымына өрсем дегем.

 

Өңімде барып-қайтқым келген еді,

Әйтпесе, жүрек неге шерленеді?

Балалық, бал дәуренім қолын бұлғап,

Шақыра беретіндей елге мені.

 

Сейілмей көңілдегі күдік көп күн,

Тірлік деп қашанғы енді үрікпекпін.

Ауылға, басу үшін аңсарымды,

Қолымды бір-ақ сілтеп жүріп кеттім…

 

ТАЛДЫҚОРҒАН

Тастағам жоқ, Талдықорған, мен сені…

Сағынышым көтертпейді еңсені.

Өзің едің тазалықтың теңеуі,

Өзің едің адалдықтың өлшемі.

 

Тастағам жоқ, жолаушылап кетті де,

Салған да жоқ түйткіл өмір тепкіге.

Қоныс болдың жақсы менен жайсаңға,

Мекен болдың адалдар мен тектіге.

 

Талдықорған, тал бесігім, киелім,

Жүрегімнің қоңыр сазды күйі едің.

Арудайын күн нұрына малынған,

Жамалыңды жанымменен сүйемін.

 

Көк аспанды торлағанда бұлты кеп,

Тұратындай таңғажайып жыр тілеп.

Екі ерке өзен – Көксу менен Қаратал,

Қос бүйірден ағып жатыр күркіреп.

 

Алатаудан атқан кезде таң – сағым,

Көңілімнен қашушы еді қанша мұң.

Сұлуларды көрік берген көшеге,

Серік болған жігіттерді аңсадым.

 

Жақсылыққа жүрген болса шөлдеп кім,

Жатсынбай-ақ жидың жұртын жер-көктің.

Жұматайды, Әбен менен Ордашты,

Бесігінде өлең-жырдың тербеттің.

 

Талдықорған, мен болайын жолыңда ән,

Перзентіңмін бақытым көп сорымнан.

Қимайтындай құрбы-құрдас көп сенде,

Аға таптым, ініні ерттім соңымнан.

 

Аралап бір жүргендейін гүл ішін,

Жылғаларда сыңғырлайды күміс үн.

Шаған таудан көрінгенде көк сағым,

Таңғы ауадай ашылады тынысым.

 

Естіге де, құшақ жайған ептіге,

Ақын саған сағынышын төкті ме?

Талдықорған, тағдырымның таңдауы,

Тастағам жоқ,

Жолаушылап кетті де…

 

ҚАПАЛ

Жол тағы бір жотадан асырады,

Тыңдашы, шырқалмай ма ғасыр әні.

Шіркін-ай, туған жердің әр төбесі,

Көзіме менің оттай басылады.

 

Осы ғой көптен бері аңсағаным,

Оралмай неге жүргем қаншама күн?!

Ақырын әуежайдан аса берсең,

Моласы көрінеді Кеңсабаның.

 

Асықсаң кете бергін төте, мейлі,

Көңілден қуып жібер бөтен ойды.

Өткен соң Тұздысудан оңға қарай,

Күре жол Қапал жаққа жетелейді.

 

Тарих қой мына жатқан дала деген,

Шарықтап шыңға қарай барады өлең.

Сал Біржан Ешкіөлместің баурайында,

Жолығып, айтысқан-ды Сараменен.

 

Болған соң ешкісі де, қойы да аман,

Ешкіөлмес…

Сыр шертеді жайы маған,

Оң жаққа бір асудан асып түссең,

Қоңыр тұр, туып-өскен Сайын ағам.

 

Табиғат осы жерде қызығар жан,

Шығады айта берсем түзіп алдан.

Көшкентал көшесінде көрер болсаң,

Марфуға, Өтепберген ізі қалған.

 

Суында сыңғырлаған мың бір әні,

Алдыңнан қарсы алады Шыңбұлағы.

Жабайы алмасы мен өрігі мол,

Қарақат, бүлдірген көз тұндырады.

 

Етегі көмкерілген бау-қайыңға,

Таулардың суығына жаурайын ба?!

Мұзбұлақ, Найзатас пен Сайын, Бөлек,

Бұйығы Қапал жатыр баурайында.

 

Саф таза тілегі бар лағылдайын,

Келгенде алға тосқан барын дәйім.

Сері деп, салған мені алақанға,

Қапалдың жұртын қалай сағынбайын.

 

Қарт Жоңғар, қалың жаудың бөгетіндей,

Қоңтәжі – кілең шыңның төбесіндей.

Ілияс жырға қосқан сұлу өлке,

Мейірін енді маған төгетіндей.

 

Баланың қайтпасын деп бақ-талабы,

Тілегін арда жұртым ақтарады.

Бұл Қапал,

қанат беріп қалықтатқан,

Мәңгілік жүрегімде сақталады!

 

ЕГІНСУ

Бәрі өтер…

өтер жастық,

өтер жалған,

Тіршілік, тәтті ме едің шекер балдан.

Мінекей,

Қаражота кейін қалды,

Мәңгілік Сара ақынға мекен болған.

 

Жастықтың жырға қосып жарастығын,

Қыз зарын айтып еді,

Алаш мұңын.

Сарамен бақұлдасып, әрі аттансаң,

Тоспасы шығады алдан Ақешкінің.

 

Қарасаң көз жетпейтін алабына,

Жақын ғой жүрегіме дала мына.

Бір жол бар батыс жаққа жетелейтін,

Көз көрген Алажиде, Молалыға.

 

Тірліктің талшық етіп сабағын кей,

Өзіңді, Қызылағаш, барам үндей.

Жоңғардың сілемі боп үнсіз жатыр,

Жұмбағын ішке бүгіп Қаракүнгей.

 

Ауасы кермекті алар қолқадағы,

Санамда саялайды өлке мәні.

Шап-шағын шаруақор ауыл мынау,

Бір кезде болған дейді көл табаны.

 

Шығыста таулар қалып асқаралы,

Жоңғардың түксиеді қас-қабағы.

Алдымнан балғын күннің елесіндей,

Жазығы Егінсудың басталады.

 

Бұл жерде жастық шақтың куәсі көп,

Сан мәрте түзді кезіп, қыр асып ек.

Өргізген қойнауында тағыларын,

Түбінде әр шиінің бір асым ет.

 

Көктем көл, жасыл шалғын жаз аңғары,

Сол сурет жиі алады мазамды әлі.

Үшкөлдің суы толып, жайылғанда,

Шалшықта шоршитұғын сазандары.

 

Не жетер перзент үшін елге, тегі,

Мұндайда сезім – бұлақ селдетеді.

Тұсына ауылымның тақалғанда,

Тылсым күш жүрегімді тербетеді.

 

Естелік әр төбесі жатқан батпан,

Мына маң, қозы бағып, сақпандатқан.

Түнімен ай астында серуендеп,

Кірпікті қамаушы едік атқанда ақ таң.

 

Ол шындық, артты заман халқыма жүк,

Содан ба, біздер тасып, шалқымадық.

Әне, әкем теміржолмен баратқандай,

Балғасын иығына артып алып.

 

Басқанда туған жерді келеді ой көп,

Ауылға жетуші едім төредей боп.

Тұрғандай анам тосып үй алдында,

Жанарын алақанмен көлегейлеп.

 

Туған жер, перзент үшін бекем айлақ,

Есімде, сан келгенмін «көкем-ай»-лап.

Ағайын жатыр, міне, бір қырқаны,

Туыстай қоңсы қонған жеке жайлап.

 

Тау көріп құм үйілген жай төбені,

Тайпақ тал болған көңіл бәйтерегі.

Ауылдың көшесіне тоқтай қалып,

«Келдім!» деп айқай салсам қайтер еді?!

 

Ататын арайлана таң білініп,

От алған осы арадан сан бір үміт.

«Келдім» деп көшесінде айқай салсам,

Дауысым кететіндей жаңғырығып.

 

Десе де туған жерін мақтайды әркім,

Егінсу, көңілімде баққа айналдың.

Жаңарған көшеңменен келе жатып,

Сенде өткен жастығымды таппай қалдым!..

 

МАТАЙ

Жыр күтіп шайырыңнан елеңдесең,

Жазайын, кеткендей-ақ өлеңде есем.

Тізгінін көлігіңнің Матайға бұр,

Құмдарды бұйрат-бұйрат көрем десең.

 

Таптатпай жауға найза кезеп келген,

Тағдырлы тарих мұнда безектелген.

Құрөзек, Ақөзек пен Талдыөзектей,

Өтесің жол-жөнекей өзектерден.

 

Жоқ мұнда биік шыңдар тас өрлеген,

Сонда да осы өлкені әсем көрем.

Ілияс жырға қосқан Ақсу, әне,

Арыны әлдеқайда бәсеңдеген.

 

Деп келдім, киелі өлке, жыр алайын.

Еншімді неге ендеше сұрамайын?!

Сібір мен Түркістанды жалғап жатқан,

Темір жол, өткен күннен мұрадайын.

 

Демегін, сар даланың бар ма сәні?

Жадымда сол құмдардың талмас әні.

Бұйыққан бұйрат-бұйрат ақ шағылдар,

Балқаштың толқынына жалғасады.

 

Тағдырдың аз болды ма сыбағасы?

Біз үшін жұмақ еді құм арасы.

Орнында біз оқыған интернаттың,

Мешіттің қалқияды мұнарасы.

 

Демеп ем, жырақ кетіп бақ сынайын,

Арай күн, сағым сыйлап атшы дәйім!

Мектебім – жау қайтарған қамал сынды,

Ағам жүр, қорғап оны сақшыдайын.

 

Көңілді қаумалап-ап қырмызы мұң,

Құрбымен тыңдаушы едік жұлдыз үнін.

Сөмкесін, бақытты едік, арқаласақ,

Бота көз, қолаң шашты бір қызының…

 

Япыр-ай, соның бәрі кеше ме еді?!

Бір тылсым сезімімді еселеді.

Қамсыз жұрт, қалыпты өмір, қараша үйлер,

Қалпында біздер жүрген көшелері.

 

Білмеймін, айтылды ма лағыл әнім?

Өткен күн еске түссе қамығамын.

Ұстаздар аз қалыпты алдын көрген,

Құрбылар әже бопты сары қарын.

 

Отарба, бопты иесі тас тұғырдың,

Көңілден оны көріп қашты бір мұң.

Бұл Матай бәзбіреуге бекет шығар,

Мен үшін бақ мекені жастығымның.

 

Жыр күтіп шайырыңнан елеңдесең,

Жазайын,

Кеткендей-ақ өлеңде есем.

Тізгінін көлігіңнің Матайға бұр,

Жалынын жастығымның көрем десең!

 

АСТАНА

Аспаны Астананың түнереді,

Ақшаңқан үйлердің де күрең өңі.

Сұп-суық сұр бұлттарға отырғызып,

Аулаққа көңілімді жібереді.

 

Бар ызғар алғандай-ақ жиылып кіл,

Аспаны Астананың түйіліп тұр.

Қатулы қарсы алғаны аз болғандай,

Желі де жүйке бұзар жиі ұлып тұр.

 

Жаз бойы күннің көзі күлмей кетті,

Арулар кимей кетті гүл көйлекті.

Асыққан арманына Астананы,

Ай мен Күн арайлана сүймей нетті?!

 

Қара бұлт қасарыса қырсығады,

Жастықтың ашылмай тұр бүршігі әлі.

Суы мен сазы жердің аз болғандай,

Құйылып көктен нөсер тыншымады.

 

Сырлары болмаса да басқа мәлім,

Аспанның танимыз ғой қас-қабағын.

Тұрғыны тартты ма әлде табиғатқа,

Қатулы қайманасы Астананың.

 

Арқаны әуреге сап байқадыңдар,

Беу, бұлттар, жылай бермей жай табыңдар…

Көздері күнді көріп күлімдесін,

Жауынды Алматыма қайтарыңдар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір