АГРОНОМ
Жарықтық Тоқаш Бердияровтан «төбелесті тұтқиылдан бастау керек», – деген сөз қалыпты… Үш жылын морфлотқа арнаған Тоқаң бұл пікірін қай жылы, қай жерде айтты, ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі – журналистиканың тілімен айтқанда, біздің бүгінгі кейіпкеріміздің осы күнге дейін біреуге жұдырық ала жүгірмек түгілі, бір ауыз артық сөз айтқанын да естімеппіз.
«Маған назар аудармайды көп інім…».
Ертай Ашықбаев.
Онымен танысқанымыз да қызық. Оқуға түсіп, желпініп жүрміз. Содан алты алашты аузыма қаратамын деп келген кіл ығай мен сығайларды плацкартқа тиеп, армияға бара жатқандай сельхоз работаға алып кетті. Кешегі Ақмолаға аз-кем аялдадық. Содан вокзал маңайындағы арзанқолдау асханаға бас сұқтық. Ойымыз – бір второй жеп алу. Табақшаны алып, кезектің соңына келіп тұра қалдық. Алдымда жан-жағына алаңсыз қарап біреу тұр. Армиядан келген бетім, бетіме жылы қарағандармен жанаса кеткім кеп тұрады. Содан әлгі жігітпен не жайында екенін білмеймін, сөйлесіп кеттік. Таныстық, ақтөбелік Сәндібек Жұбаниязов деген боп шықты. Ол кезде бүгінгі Сәкеңді көп ешкім танымаса да, біздің алғашқы таныстығымыз осылай басталып еді-ау.
Сөйткен С.Жұбаниязов о бастан бүгінгі тағдыр соқпағына түсемін деп тіптен ойламапты. Ит арқасы қияндағы Жабасақтағы мектептің 8 класын бітіре салысымен ағайын-тума түгілі, еш танысы жоқ Оралдан бір-ақ шығады. Гуманитарлық бағыттағы техникумның табалдырығын аттаса түсінер едік. Ол өйтпеді. Алып отырып ауыл шаруашылығы техникумына барады. Болам дегеннің кім бетінен қақсын, ол сөйтіп агрономия факультетінің партасына отырады. Бұл өзі сонау сексенінші жылдардың басы болса керек. Маңдайы жіпсігеннің барлығы орден-медальға қол жеткізіп, қарық болып жүрген аста-төк кезіміз болатын. Иә, техникумдағы өткен үш жыл босқа кетпепті. Топырақтың құнары, әр центнерден қанша өнім алу жолында не істеу керек, картоптың тұқымын асылдандырудың нәтижесінде жоспарланған өнімді екі еселеудің жолы қандай. Міне, осы сұрақтарды шемішкеше шаққан қиялилау С.Жұбаниязовты екі жол күтіп тұрды. Қайсысын таңдау – өз еркіңде. Біріншісі – Батыс Қазақстан ауылшаруашылық институтына барып, білімін жалғастыру. Бұл жолды таңдаса, алдыңғы қатарлы шаруашылықтың бас агрономы болады. Мойнында томардай галстук, қолтығында папкасы бар беделді бас агроном Сәндібек Жұбаниязовтың ауданның ауыл шаруашылығы мамандарының слетінде қолын сермеп сөйлеп тұрған кезі көз алдыма елестейді. Екінші жол – туған өлке Жабасаққа жетіп, көзін күннен көлегейлеп, өзін күтіп жүрген көкесінің жанында ортаңқол агроном болып орналасу. Өзінен жас бастықтарының бетінен алмайтын томаға-тұйық Сәкең секілді маманды көз алдыңа тағы елестете алмай дал боласың. Иығын жұлып жеп, «жоспар, жоспар» деп алқынған қызыл көз совхоз директоры оған бәрібір күн көрсетпес еді. Бұл жолға түспегені де жақсы болды.
Біздің кезімізде журфактағы жасы да үлкен, бойы да ұзын Жамбыл деген жігіт оқыды. Оралдың тумасы болатын. Ақындығы да, жазушылығы да ешкімнен кем соқпаушы еді. Оқу бітіріп ауылға кетті. Жаны нәзік Жамбыл итырғылжыңға шыдамады ма қайдам, шайтан суға жақындап кетіпті дейді. Қандай азамат еді. Осы Жамбылдың басқа-басқа, техникумның дипломын қалтаға басып, теңселіп жүрген С.Жұбаниязовқа жолықпасы бар ма. Анау-мынау емес, Оралдың әуежайында. Студент Жамбыл каникулы бітіп, Алматысына кетіп бара жатыр дейік, сельхоз техникумның түлегі Сәкеңді сол жолы аэропортқа кім жетектеп апарды, ол енді шешілмейтін жұмбақ. Жазу-сызуға жақындау жігітке бағдар берген Жамбылды күллі Шөмекейдің аруағы қолдап жүргей.
Ол Алматыдағы алғашқы түнін әуежайда өткізді, алғашқы таңды әуежайдан қарсы алды. Армандамаса да, алып-ұшып жеткен журфак оны құшақ жайып қарсы алған жоқ. Оған өкінетін Сәкең бе… Кілең өзі секілді әр түкпірден келгендерден жасақталған СМУ-15-ке қатардағы құрылысшы болып орналасты. Бүгінгі Сейфуллин мен Мақатаев көшесіндегі бес қабатты үйдің балконынан қарап тұрғандар осы үйдің іргетасын кезінде С.Жұбаниязовтың құйғанын білмейді. СМУ-дан достар тапты. Ақтөбедегі Талап досымен күні бүгінге дейін хабарласып тұруды ұмытпайды. Иә, сонымен айхой жиырма бесінде журфактың табалдырығын аттап, орда бұзар отызында дипломды маман атанған С.Жұбаниязовтың кейінгі тағдыры баршаңыздың назарыңызда құрметті оқырман.
Студенттік кезең басталмай тұрып, Сәкеңнің басы дауға қала жаздады. Кураторларымыз Дәмегүл Баялиева мен Роза Алтынбекова апайлар жасы үлкен болғасын С.Жұбаниязовты староста етіп сайлауға ұсыныс берді. Бәріміз жапа-тармағай қолдадық. Стипендия беретін мезгілде университеттің кассасынан Сәкең бүкіл группаның шәкіртақысын қол қойып ала салған. Содан ешқандай ведомствосыз, әлгі көп ақшаны группадағыларға таратқан. Арада уақыт өтпей, ақшасы қолдарына тимегендер алып-ұшып деканатқа барады. Содан айғай-шу. Қазіргі тілмен айтқанда, С.Жұбаниязов қылмыстық кодекстің жемқорлыққа қатысты бабына іліге жаздап еді. Ұлы ұстаз Темкең, Темірбек Қожакеевтің тепкісінен ілдалдалап аман өткен екеумізді Әшірбек Амангелдінің сілекпемізді қатырмасы бар ма. Көк базардың қасындағы зәулім ғимаратқа барған сайын, Әшірбек ағайымыздың: «курсовойларыңда нақты ештеңе жоқ, тым қиялисыңдар», – деген пікірін естіп, басымыз салбырап қайтатын. Қысқасы, бір курсовойды бес рет жаздық. Ең соңында не жазарымызды білмей, абдыраған түрімізді көрген көзілдірікті ағайымыз «Мына түрлеріңмен балашағаларыңды қалай асырайсыңдар», – деп екеумізге әлде аяныш, әлде келешегімізге сенімсіздікпен қарап еді. Сөйткен Сәкең оқу бітіргесін Ә.Амангелді бас редактор болып жұмыс жасайтын ғылыми «Зерде» журналында екі жылдай жемісті еңбек етті. Әшекеңе қосылып іссапармен бірталай облысты аралады. Екеуміз де Құдайға шүкір, бала-шағамызды қатарынан кем қылмай асырап келеміз.
Тоқсаныншы жылдары әдебиетке қосылған топтың ортасынан ойып орын алған С.Жұбаниязовтың күні бүгінге дейін үш өлең кітабы жарық көріпті. Үшеуінің арасы тұтас 18 жыл. Поэзияға биік талғам, терең парасатпен қарайтын Сәкең қатарымнан қалмайыншы деп аласұрмады. Студенттік кезде жарық көрген «Жасыл әлем», одан кейінгі «Жабасақ», соңғы жыр жинағы «Сыр» кітабын парақтасаңыз, жүрек лүпілі сап-сары сағыныш болып өріле кетеді. Ол асықпай жазды, көп ойланып-толғанып барып жазу үстеліне отырады. Ол ауық-ауық үлестірілетін әдеби сыйлық үшін де жанталаспады. Әдебиетке тікелей қатысы бар «Жалын» альманағы мен «Жазушы» баспасында қолтаңбасы қалса да, Жазушылар одағының мүшесі болғанына да екі жаз ғана өтіпті. Қайбір жылдары Сәтімжан Санбаев «сенің өлең оқығаның да білінбейді екен», – деп еді оған. Иә, ол ешқашан аптығып, аласұрған емес, бұйырған несібесін асықпай теріп жүрген ақсұңқар құстың өзіндей.
Сәкең екеуміз екі жыл қаланың шет жағындағы Жанболат аға Аупбаевтың саяжайында бірге тұрдық. Бір жағы қымбатшылық, бір жағы кризис жан алқымнан алып тұрған қысылтаяң кезде баспанасын беріп, қамқор болған Жанболат аға мен Ләззат жеңгейдің мейірімін күні бүгінге дейін сағынамыз.
Қайбір жылдары С.Жұбаниязов біздің газетке жұмысқа орналасты. Егер сенбесеңіз, мұрағаттағы шекарашылардың басылымына зер салып қарасаңыз прапорщик С.Жұбаниязов деп қол қойған талай мақаламен танысар едіңіз. Үкіметті басқарған Ә.Қажыгелдин бүгіндері Лондонда тұрады. Премьер-министр Әкежанның ақын Сәндібекке не қатысы бар дерсіз. Біз қатысы бар дейміз, ол да кезінде прапорщик болып, сапта тұрған. Прапорщиктердің жерде қалғаны жоқ. Сәкең біздегі өткен бес жылдың ішінде еліміздің бүкіл шекарасын аралап шыққан болар. Талай кейіпкерлер тапты. Оларды Сәкең ұмытса да, шекарашылар ауық-ауық «осы прапорщик С.Жұбаниязов қайда» деп сұрап қояды. Оның әскери ортаман қош айтысуы да қызық. Тіпті, офицерлік шен мен жоғары лауазым береміз дегенде де қайырылмады. Оралдан Алматыға нар тәуекел деп келген Сәкеңді бір сызықпен жүргізіп, бірдей демалдыратын әскери орта қанша жерден бауырына басқысы келгенімен, үміт ақталмады. Прапорщик С.Жұбаниязов ақыры өзінің рухани Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Шекарашылар сапындағы өткен уақыты жалғыз өлең болып өрілген. Кезінде ұшақ апатына ұшыраған есіл ер полковник Тұрғанбек Стамбековке арнап «Батыр рухы» атты шағын өлеңін «Сыр» жинағын парақтап отырып таптым. Онымен таныссаңыз, мына өмірдің тым өткінші екеніне С.Жұбаниязовтың көзімен тағы бір қарап, бес күн тірліктің әрбір шұғылалы сәтіне тәубә етесің.
Кешегі алыптардың ізі қалған «Жазушы» баспасында Сәкеңнің бақандай бес жылы өтіпті. Ол талайдың кітабына редакторлық жасап, көз майын тамызудай-ақ тамызды. Ақындығы айлапат, оның үстіне іскерлігінің арқасында баспаның беделін биіктеткен бастығы «бәлкім, ойланарсың, ойланарсың», – деп қимай қоштасса керек. С.Жұбаниязовтың табандылығына қайранмын. Астанаға қоныс аударып, жаңа өмір бастаймын деді. Бастады. Иса пайғамбардың жасына жетіп, жүрегін жаулаған жан жары Ақтөбеден келіп, үш жылдың ішінде Алматыда филологиядан кандидаттық қорғаған, Құмжиектің пермісі Пірімжардың құмда өскен қызы Гүлназ жеңешемізді қолтығынан қысып, үш балапанын жетелеп Астанаға тайып тұрды. Мұндай нар тәуекел сіздің қолыңыздан келер ма еді… Үкімет мүшесіндей оны ешкім салтанатымен шақырып, жайлы пәтер, жылы орынтақ ұсынған жоқ. Халықаралық Астана әуежайының іргесіндегі FAMILY TOWN-нан ойып тұрып элитный үй алды. Сәкеңнің өміріне бетбұрыс жасаған әуежайлар туралы да қалам тербегім кеп кетеді кей кездері.
Неге екенін қайдам, енді оралмайтын сол бір тәтті шақтар ойыма келсе, міндетті түрде С.Жұбаниязовтың адамға сынай қарайтын болмысы көз алдыма келеді. Ол биыл 50-ге толды. Менің бір жақсы көретін ағам туралы 50-ге келгенде естелік кітабы жарық көрді. Дүркіреген той өтті. Газеттерде ол жайлы тілеулестері бұрқыратып мақала жазды. Бәрі жарасымды. Ал Сәкең болса үндеген жоқ. Арамыздағы жалғыз агрономды қолпаштап көтеруіміз керек-ақ еді…
КСРО-ның түбіне жеткен біздің курс туралы айтылар әңгіме алда. Арсен достың тойынан түннің бір уағында қайтып, бір қора қызды таксимен сонау ВАЗ-дан КазГУ-ге алып келіп, ұят-ай, таксистің ақшасын төлемей, жан-жаққа бытырай қашатынымыз. Құдай-ау, жоқ ақшаны қайдан төлеймін. Б.Қауысовтың екінші қабаттан құлап, сирағын сындырып, бір семестр бойы соғыстан қайтқан солдаттар құсап балдақпен жүріп, гипспен алысқаны өз алдына бөлек тақырып. Талғат екеуміздің Нарынқолдың Шалкөдесіне Мақсат пен Мәдинаның үйлену тойына барып, екі-үш күн асыр салғанымыз, қайтар жолда жүргенінен тұрғаны көп сары автобустың жолаушыларына «Мәдина, Мәдина арман, жарқырап жаз болып шығарсың алдан», – деген қайырмасы жиі айтылатын су жаңа әнді шырқап, тегін концерт қойып келгеніміз. Тіпті, капитан Н.Ғизатовтың Жаркенттегі полктен қашып келіп, түннің бір уағында жын соққандай атып тұрып «группа захвата, группа захвата», – деп тісін қайрап, көзі алара айқайлап Ораз екеуміздің бала-шағамыздың үрейін алатыны. Айта берсең, еске оралып, езуіңе күлкі үйіретін жайттар жетіп-артылады екен.
Біздің курстан бәрі шықты. БАҚ саласындағы Президент пен журналистік бағыттағы түрлі қоғамдық ұйымдардың мәртебелі және әдеби шығармаларға берілетін «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлықтарының лауреаттары мен белгілі ақын да, теледидар мен радиодан дауыстары саңқылдап естілетін әрі танымал, әрі өжет журналист қарындастарымыз, бүкіл бір техникалық саланың қатып қалған тамырын қазақшалап жібіткен кәсіби аудармашылар да, қосқабатты коттедж соғып, тиыннан теңге құраған кәсіпкер де, айтысқа интеллектуалдық леп әкелген айтыскер де, жалғыз әнімен елдің назарына ілігіп, дүйім жұртты тербелткен қос композитор да, қара шаңырақ журфакта сабақ беріп, докторлыққа пара-пар кандидаттық қорғап, одан тұманды Альбионда білімін шыңдап қайтқан ғалым да, гендерлік саясатқа үлес қосып, тұтас ауылды шыр көбелек айналдырып отырған әкім де, журналистикадан гөрі ұстаздықты қалаған аяулы ұстаздар да, ақыр аяғы фурашкесі қисайған прапорщик пен қаракөл папахты полковник те шықты. Ешкім әйкәпір атанған жоқ. Кешегі ұялшақ қыздар келін болды, аңқаулығы өздеріне жарасқан балалардың шашына ақ кірді. Олардың барлығы еліміздің әр түкпірінде ұл-қыздарын өсіріп, тіршіліктің дәнін теріп шапқылап жүр. Қазақ журналистикасы салтанат құрып тұрған кезде, сол бір мылтықсыз майданның ортасында, кезінде армандарының ақ жүгін арқалап Алматыға келген курстастарымның барлығына әркез шүкіршілік етіп, жеткен жетістіктеріне қуанамын. Сіздер жайлы естеліктің басын агроном бола алмай қалғанына тіпті өкінбейтін, 1991 жылғы абитуриент қалпынан еш өзгермеген сыйлы да сырбаз ағамыз С.Жұбаниязовтан бастағанды құп көрдім. Менің бұл қадамымды журфакты бітіргенімізге биыл 20 жыл болған курстастарымның да қуана құптайтындарына қалайша сенбеймін.
…Агрономия – диқаншылық туралы ғылым. Егіс алқабынан шықпай, шекесін күнге ғана сүйдіретін дихан қасқа тек қана қара кетпені мен екі білегіне ғана арқа сүйейді. Ол әр танапты қоңыр күзге дейін баптап күтеді. Еңбегінің ақырын Алладан сұрайды. Киелі әдебиет пен бейнеті мол журналистикада адалдық, парасат, талғам мен тереңдік секілді қасиетті кетпеніне сүйеніп, тырбанып еңбек етіп келе жатқан С.Жұбаниязовтың мәуелі бақшасының қоңыр күзде айран асыр жеміс беретін кезінің де көкжиектен қол бұлғар кезі алыс емес-ау.
Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ,
полковник,
ҚР ҰҚК Шекара қызметі апталық «Отан Сақшысы – Часовой Родины» газеті бас редакторының бірінші орынбасары,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.