Өз болмысың – SENің күшің

Болашақтың иесі — жастардың санасының ояу болуына, рухани білімінің жоғары болуына басты мән бере отырып, олармен семинар-тренингті көптеп өткізуді күн тәртібіне енгізген «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы түрлі деңгейдегі оқу орындарының студенттерімен кездесуді жүйелі жолға қойған. Соның бірі — Алматы технологиялық-қаржы және инновациялық-техникалық колледжі жастарымен өтті. 21 жылдан астам уақыт бойы техникалық және кәсіптік білім беру саласында жас мамандарды даярлап келе жатқан оқу орны тәрбиені де тыс қалдырмағанын Бірлестікпен болған меморандум айқындаса керек. Бұл жөнінде кіріспедегі сөзінде айтқан бірлестіктің Алматы филиалының директоры М.Мәулетқызы жастардың сенімдерін оята сөйледі. Бұрын Отанға деген сүйіспеншілік көбіне әскери сипатта не тарихи оқиғалармен байланыстырылып айтылса, бүгінде әр азаматтың өз саласында адал еңбек етуі, әділдікке ұмтылысы, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, ел дамуына шынайы үлес қосуы нағыз патриотизм саналатынын жеткізді.

Бірлестіктің «Ой айту емес, ой ояту» бағыты бойынша өткен семинар тренинг тақырыбы «Өз болмысың – SENің күшің» деп аталды. Іс-шараның спикері — педагог-психолог, KUMBEL PRO жобасының түлегі, «Эмоционалды интеллект» менторы Рәбина Қобланқызы болды. Тренингтің негізгі мақсаты — студенттерге алдағы сессия қарсаңында психологиялық қолдау көрсету, күйзеліс деңгейін төмендету және ішкі ресурстарын нығайту.
Рәбина Қобланқызы теориялық білімнен бөлек психологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмектесетін практикалық әдістер мен ұсынымдарды көрсетті. Жастарды қызықтыратын тренингтер арқылы өз күшіне деген сенімділікті арттыру, ішкі мотивация мен эмоциялық тұрақтылықты қалыптастыру, жоғары оқу жүктемесі кезеңінде зейінді шоғырландыру және өзін-өзі реттеу дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше назар аудара білді.

Дәл осындай І курс студенттеріне арналған кезекті мотивациялық тренинг ЕТЭК-те өтті. Іс-шара еркін форматта болғандықтан жастар спикерге сұрақтарын қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Тренингтің заманға сай болуы жастарға жігер беріп, жетістікке қадам жасауына түрткі болды десек қателеспейміз. «Мұндай кездесулер олардың көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және тәжірибе алмасуына ықпал етеді», — дейді психолог Р.Қобланқызы
Семинар-тренингтен жастар өзіне қажетті ақпараттарды, құнды кеңстерді ала білді және өз кезектерінде ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
М.МАУЛИНА,
журналист

ПІКІРЛЕР1