«Ғылым ордасы» реставраторлары халықаралық семинарда шеберлік сабақтарын өткізді
14.04.2026
99
0

2026 жылғы 6–10 сәуір аралығында Ресей мемлекеттік кітапханасының базасында «Құжатты реставрациялау: консерватизм және инновациялар — 2026» атты VIII Халықаралық ғылыми-практикалық семинар өтті.

Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Мысыр, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 250-ден астам маман қатысты.

Семинар мәдени мұраны сақтау саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосты. Бағдарламаның практикалық маңыздылығына ерекше көңіл бөлініп, реставрациялау орталықтарының мамандары қатысушыларға кәсіби қызметте қолданылатын заманауи әдістемелерді, материалдар мен жабдықтарды таныстырды.

Семинар барысында реставрация саласының өзекті мәселелеріне арналған тақырыптық дөңгелек үстелдер, кәсіби пікірталастар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қатысушылар тәжірибе алмасып, Ресей, ТМД елдері, жақын және алыс шетел мекемелерінің реставрациялық бөлімшелері арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады.

Практикалық бөлім шағын топтардағы арнайы тренингтерді қамтыды. Сабақтар аясында иран қағазын қолмен құю, тұт қағазын дайындау, шығыс капталын өру өнері, клапанды шығыс түптемесін конструкциялау, «Зарафшан» форзац қағазын жасау және басқа да дәстүрлі реставрациялау әдістемелері қарастырылды.

Іс-шара аясында «Ғылым ордасы» Реставрация және консервация орталығының қызметкерлері шеберлік сабақтарын өткізді: Амирдин Султанмурат — «Шығыс капталын тігу: орындалу техникасы», Сырым Ботабеков — «Шығыс түптемесі: клапанды конструкция». Мамандар қатысушыларға кәсіби құзыреттілікті дамытуға бағытталған реставрациялау жұмыстарының негізгі практикалық дағдыларын көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, іс-шараның ұйымдастырылуына Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі, Еуразия кітапханалық ассамблеясы, ТМД-ға мүше мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры және Ресей мемлекеттік кітапханасы қолдау көрсетті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір