Өтеген КҮМІСБАЕВ
Қазақ әдебиеті ауыр қазаға душар болды. 78 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, шығыстанушы-ғалым, филология ғылымының докторы, ұлағатты ұстаз Өтеген Күмісбаев дүниеден өтті.
Өтеген Күмісбаев 1939 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, аудандық газетте әдеби қызметкер болып істеген. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып істеді. 1969-1974 жылдары Мәскеудегі КСРО ҒА-ның Шығыстану институтында оқып, осы институттың аспирантурасына түскен. 1974 жылы «Тұрмағамбет Ізтілеуов және оның «Рүстем-Дастаны» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Көп жылдан бері әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-да ұстаз. Филология ғылымының докторы. Оннан астам өлең, әңгіме, повесть, ғылыми кітаптардың авторы. Өлеңдері орыс тіліне аударылып, «Солидарность», «Литература и ты», «Мы – молодые» секілді Мәскеуде шыққан жинақтарда басылған, шет елдер тіліне аударылған. Парсы-үнді классигі Әмір Хұсрау Дехлевидің «Жұмақтың сегіз бағы» дастанын түпнұсқасынан, сондай-ақ, М.Рыльскийдің «Раушан мен жүзім» өлең-поэмалар кітабын тәржімалады. Р.Ғамзатов, Вс.Рождественский, Явухулан жырларын қазақшалаған. Поляк революционері Янушкевич жөнінде роман жазған.
Шығыс әдебиеті мен қазақ әдебиетінің өзара байланысын зерттеуге арналған «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс», «Мұхтар Әуезов және әдебиет әлемі» монографиялары бар. «Тұңғыш», «Алақан», «Менің кішкентай үйрегім»,«Жапырақтар түсіп жатыр», «Ақбота», «Ақ шолпан», «Ауылдан шыққан жол», «Горный кумыс», «Степная рапсодия», «Екі перне», «Ортақ арна», т.б. кітаптары жарық көрген.
Оның шығармалары әдебиетіміздің алтын қорына қосылған қазыналар санатында.
Қазақ халқының аяулы перзенттерінің бірі Өтеген Күмісбаевтың жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.
ЖАНЫ АҚЫН, АСЫЛДАРДЫҢ КӨЗІ ЕДІ…
Қасиетті рамазан айының жұмасында 77 жасында белгілі шығыстанушы ғалым, иманы жүрегінде тұнған ақын, ұстаз Өтеген Күмісбаев дүниеден өтті. Ғылым жолына бар ғұмырын арнаған ұстаз еңбек жолын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында бастап, өмірінің соңына дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қызмет істеп, елімізде шығыстану саласының қалыптасып, дамуына өз үлесін қосты. Көңілі пәк, жүрегі таза, жүзі мейірімді Өтекең асылдардын көзі, толық Адам еді. Жаны жайсаң, тәкаппарлық пен менмендіктен ада, кішіпейіл, қарапайым, ақкөңіл, адам баласына қиянаты жоқ жан болатын.
Өтеген Күмісбаев елімізге танымал ақын болды. Лирикаға толы нәзік жырлары жырсүйер қауымның көңіл түкпірінен орын тауып, талайдың жүрегінде ән болып тербетілді. Ол көрнекті шығыстанушы ғалым еді. Оның ғылым жолындағы сүбелі ізденістері, қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Қазақтың сүлей ақыны Т.Ізтілеуов шығармашылығын егжей-тегжейлі зерттеп, шығыс поэзиясы мен қазақ ақындық дәстүрі арасындағы Алтын көпірге айналды. Ол тамаша аудармашы болатын. Оның аударма саласында да атқарған еңбегі өз бағасын алды. Сонау кеңес заманында Шығыс шайырларының інжу-маржандарын қазақ тіліне аударып, қазақ поэзиясында жаңа қырынан танылды. Ол ұлағатты ұстаз болды. Оның алдынан жүздеген шәкірттер түлеп ұшып, тәуелсіз еліміздің ғылым-білім, дипломатия саласында қомақты қызметтер атқарды. Осындай ардақты ағамыз қасиетті рамазан айында мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Оның жарқын бейнесі әріптестері мен шәкірттерінің санасында қашанда сол қалпында қалады. Жары мен балаларына, немерелеріне, сондай-ақ барша ағайын-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Топырағы торқа, жатқан жері жайлы, барар жері жұмақ болсын!
Қасиетті рамазан айында жамбасы жерге тиген жаны ақын, жүрегі алтын адам, бақұл бол!
Әбсаттар қажы
ДЕРБІСӘЛІ.
ЕСІМІ ЕЛІМЕН БІРГЕ ӨМІР КЕШПЕК
Жыл өткен сайын алдымыздағы қалам ұстаған ағаларымыздың қатарының сиреп бара жатқандығы қатты ойландырады. Жанға батады… Марқұм Өтеген ағамызды жуықта ғана көргенмін. Жылы жүзбен амандасып, амандық-саулығымызға тілектестігін білдіріп, өздеріміз еңбек ететін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Әл-Фараби» кітапханасына бір шаруаларымен кетіп бара жатқаны күні бүгінгідей көз алдымда.
Белгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Өтеген Күмісбайұлы еліне алдымен ақын ретінде танылды. Ол «Тұңғыш» атты алғашқы жинағынан «Гүлсана бағы» жыр кітабына дейінгі көркем шығармашылық жолында белгілі ақын ретінде, «Жапырақтар түсіп жатыр» туындысынан «Тіршілік тоқтамайды» кітабына дейінгі әр алуан жанрдағы прозалық кітаптарында қара сөздің кесте тіккен шебері ретінде танылды. Оның бірсыпыра туындылары орыс, ағылшын, поляк, украин, қырғыз, башқұрт, т.б. тілдерге аударылса, өзі әрідегі Әмір Хұсрау Дехлеви, берідегі М.Рыльский, Р. Ғамзатов, Қ.Құлиев, Вс.Рождественский сынды әлем оқырмандарына белгілі әдебиет алыптарының шығармаларын қазақша сөйлетті. Ол ғылыми жолда да сол әлем әдебиетінің небір жұлдызды тұлғаларын өмірге келтірген парсы әдебиетіне аса іңкәр болатын. Оның Тұрмағамбет Ізтілеуовтің «Рүстем-Дастанынан», «Абай мен Шығыс», «М.Әуезов және әлем әдебиеті», «Қазақ әдебиеті және Шығыс», «Иран әдебиетінің тарихы» секілді іргелі еңбектерінің өнбойынан – шығыстық ренесанстың биік тұғырнамалы шығармаларымен қазақ әдебиетінің рухани байланыстары жайын ашсам деп еңбектеніп өткен және сол жолда елеулі табыстарға жеткен ғалымдық, азаматтық болмысын танимыз.
Ардагер азаматтың жиырма жылдық өмірі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қабырғасында өтті. Ол академик Зәки Ахметов, әдебиет тарихының терең білімпазы, ұлттық академияның мүше-корреспонденті Әнуар Дербіс-
әлиннің қарамағында қызмет етті. Академик Серік Қирабаевтың институт директоры кезінде директордың орынбасары, филология ғылымдарының докторы атағына диссертация қорғататын мамандандырылған кеңестің ғалым-хатшысы болды. Сол уақыттың өнбойында оның біреумен сөзге келіп, қабақ шытысып жатқан жайсыз кезін көрмеппіз. Осы мінезімен ол өмірден өткенге дейінгі қызмет еткен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің әр алуан басшылық қызметінде жүрген кезінде де айнымағаны даусыз. Оны сол жайсаңдығы үшін де әріптестері ерекше сыйлайтын. Бір сөзбен айтқанда, ол өзінің барша саналы өмірін халқына қызмет етуге арнады. Марқұмның алды пейіш, соңы кеніш болғай!
Жұмат ТІЛЕПОВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті және
әдебиет теориясы кафедрасының профессоры.
ТАҒЫЛЫМДЫ ҰСТАЗ, АҚЫЛШЫ АҒА ЕДІ…
Еліміздегі шығыстану саласының көшбасында тұрған абыз-ұстазтарымыздың бірі Өтеген Күмісбайұлы дүниеден өтті. Алла алдынан жарылқасын!
Өмірінің соңына дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Шығыстану факультетінде қызмет істеп, болашақ шығыстанушылардың қалыптасуына өз үлесін қосты. Шығыс мұсылман әдебиетінен, соның ішінде классикалық парсы әдебиетінен оқыған дәрістері барша шәкірттерінің мәңгілік есінде. Фирдоуси, Хафиз, Омар Хаям секілді парсы ақындарының шығармашылығы туралы дәріс оқығанда Өтеген ағай жан-тәнімен беріле ой қозғап, барша аудиторияны баурап алатын қасиеті бар еді. Сол үшін де студенттер ол кісіні жақсы көретін, дәрістерін асыға күтетін.
Өтеген ағай ұжымымыздағы жасы үлкен ақсақалымыз болғандықтан да, басқа оқытушылар сол кісіге қарап бой түзейтін. Университетіміздегі Ақсақалдар кеңесінің мүшесі бола жүріп, кейінгі буынға ақыл-кеңес беруден жалықпайтын. Ол кісінің бойындағы қарапайымдылығы мен ізеттілігін, кішіпейілдігі мен адалдығын оқытушылар қауымы қашанда өздеріне үлгі тұтатын. Қабақ шытуды білмейтін, жылы жүзбен күліп жүретін жаны жайсаң жан еді. Расында да қазақтың нағыз ақсақалы еді ғой.
Ағайымыз сексеннің сеңгіріне қарай қадам басқанымен қашанда өзің тың ұстайтын. Факультетімізде өтетін барлық іс-шараның бел ортасынан табылатын. Арнайы іссапармен келген шетелдік қонақтардың алдынан алып шығар асыл туымыз еді. Арабпен арабша, ирандықпен парсыша, түрікпен түрікше еркін сөйлесе кететін. Әсіресе, сол халықтың ақындарының өлеңдерін түпнұсқадан оқыған уақытта ресми қонақтарымыз көңілденіп сала беретін.
Өтеген ағайымыздан қапыда айрылып қалғанымызға қабырғамыз қайысып отыр. Енді студенттерге тәлім-тәрбиеңіз, оқытушыларға ақыл-кеңесіңіз жетіспейтіні өкінішті. Ажалға қарсы тұрар шама бар ма?!
Факультет ұжымы атынан аяулы жары Бөлек апайға, балалары Арман мен Бағланға қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Баян ЖҰБАТОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Шығыстану факультетінің деканы.
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНЕ АЛТЫН АРҚАУ ЕДІ
Жазмыш кесімі, тағдыр ісі десек те, қатарды ойсыратып, орнын үңірейтіп, ортамыздан аяулы, абзал азаматтарды алып кететін құшағы салқын өлім қисынына жан көндігуі мүмкін емес. Бүгін де сондай бір хал. Өтекең, Шығыс поэзиясының хош иісті хошуақ лебізін қазақтың жусан жұпарлы даласына жалғаған шұғылалы ақын Өтеген Күмісбаев өмірден озды. Тағы да сол, жазмыш бұйрығы…
Бұл заманда өскіндері өркенге құлап, «Батыс-Шығыс» деп айшықталатын әлем-дүниеге тамырын терең жібере бастаған Қазақ әдебиетіндегі Жаратқанның жаһан кеңістігіне өріс кеңейтсем деген елеулі талпыныстар өткен тарихтардан бастау алып жатыр. Бұл талап – өзімізде барды өзгеге ұқсатып ұсыну, өзге әлемнің құнарынан талғап-таңдап сусындау мақсаты ғой. Өтеген Күмісбаев, сонау өзі әдебиет табалдырығын аттаған ХХ ғасырдың екінші жартысында осы бағытты алғаусыз өмірлік нысана, шығармашылық мұрат етіп таңдаған сияқты. Бұл тағдырлы таңдау бағдарында, жарық жұлдыздар сипатты Абай, М.Әуезов, Т.Ізтілеуов, Қ.Шаңғытбаев сынды өнеге мысалдары тұр еді оның маңдай тұсында.
Сол жолда, ақын поэзиясынан бөлек, «Терең тамырлар», «Абай және Шығыс», «М.Әуезов және әдебиет әлемі» атты ғылыми кітаптар өмірге келді.
Р.Ғамзатов, Қ.Құлиев, Вс.Рождественский өлеңдері қазақ тілінде, тағы бір қырында сөйледі. 500-ден астам ғылыми, зерттеу мақалалары жарық көрді.
«ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ және парсы әдеби байланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғалды.
Әлем әдебиеті мен мәдениетіне қазақ топырағынан тартылған алтын көпір сондай жауһарлармен кемелдене түсті. Бұл үдерістегі Ө.Күмісбаев арқауы аса елеулі құбылыс еді. Кейінгі, ғылым жолына түскен ізбасарларына, ілім-білім қуған қазақ жастарына бұл еңбектер – мол мағлұматты, болмысы терең қазына-кеніш ретінде енді.
Ол, ең алдымен, жаны жайсаң, көңілі дархан, кеудесі кең азамат болатын. Осының бәрі Өтекеңнің қарапайым жан-табиғатынан бастау алып жатқанын сезінбеу мүмкін емес еді. Өзі туып-өскен Сыр өлкесіндей игілікті, Сыр ағынындай нәрлі, терең болмыс еді ол табиғат.
Жаратқан да жақсыларды ұнатқан деседі ғой…
Өтекеңнің алды – пейіш, арты – кеніш болсын деп тілейміз енді.
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ.
ҰСТАЗ РУХЫНА ТАҒЗЫМ
Қасиетті рамазан айының мүбарак жұма күні 77 жасында ұстазымыз Өтеген Күмісбайұлы дүниеден өтті. Отбасына, ағайын-туыстарына қайғырып, көңіл айтамыз!
…Бір күні Әлішер Науаи жолдың бойында ойнап отырған бір кішкентай баланы көргенде атынан түсіп, баланың үсті-басын қағып, құшақтап, аман-саулығын сұрап болған соң, қайтадан атына мініп жүре беріпті. Сол сапардан қайтып келе жатса жаңағы бала сол орында тағы да ойнап отыр екен. Науаи қайтадан атынан түсіп, баланы құшақтап, бетінен сүйіп: «Үйдегілер аман-есен бе, қарның тоқ па?», – деп қайта жолға түсіпті. Сонда бұл жағдайға таңданған шәкірттерінің бірі Науаиға қарап: «Иә, ұстаз, бұл баланың келешекте ел билейтін патша немесе ғылым әлемін бағындырар ғалым, әлде ахлақ тәрбиесін бойына сіңірген әулие болатындығы Жаратқанның тылсым күшімен көз алдыңызға көрінді ме?», – дегенде, Науаи көзіне жас алып тұрып: «Жоқ, бұл ұстазым – Әбдірахман Жәмидің немересі. Ұстазымыз бізге білімнің жолын үйретті, ғылым әлеміне сыналап енуімізге көп септігін тигізді һәм көркем мінезді бойымызға сіңірді, содан ол кісі ізгі жандар қатарында дүниеден өтті. Сондықтан да осы шаңырақ қашан да мен үшін қастерлі, бұл әулеттің үлкен-кішісі мен үшін ұстаз», – деп жауап берген екен.
Өтеген ағайдың сабақ арасында айтқан осы ғибратты әңгімесін бүгін ұстазымыздың шаңырағына қарата айтып отырғанымыз өкінішті-ақ.
Шығыс мұсылман жұртында «Ғибратты ғұмыр, әдемі өлім» деген сөз бар. Бұрынғының ізгі жандары қасиетті рамазан айының мүбарак жұма күні Жаратқанның жамалымен қауышқанды қош көрген екен…
«Туу – сүннет, өлу – парыз» дегенімізбен де, адам баласын өлімге қимайтын пендеміз ғой.
Марқұм ұстазымыздың топырағы торқа, жатқан жері жайлы, барар жері жұмақ болсын! Жаратқан Алла артында қалған ұрпағына ұзақ ғұмыр берсін!
Шәкірттері атынан
Төрәлі ҚЫДЫР.