КОНФУЦИЙ
Майкл Х.Харт
Қытайдың ұлы философы Конфуций қытай халқының болашаққа деген сенім жүйесін дамытып, негізгі таным-түсініктерін біріктіре білген тұңғыш адам болды. Өзінің халқына қызмет ететін және оны жеке басының үлгі- өнегесі арқылы биліктің, басқарушы өкіметтің тұжырымдамасы мен жекелей моралінің негізінен туындайтын екі мың жылдан астамға созылып жатқан қытай өмірі мен қытай мәдениетін бойына сіңіріп алған оның философиясы Жер шарының көп бөлігіне елеулі түрде ықпал етті.
Конфуций біздің дәуірімізге дейінгі 551 жылы Қытайдың солтүстік шығысындағы – казіргі Шаньдун провинциясының аумағында орналасқан шағын Лу хандығында дүниеге келген. Оның тіпті бала кезінде әкесі өледі де, шешесі екеуі жоқшылықта өмір сүреді. Болашақ философ жас кезінде мемлекеттік қызметте ұсақ шенеунік болады. Ол жұмысты бірнеше жыл атқарып, сонан кейін оны тастайды. Келесі 16 жыл бойы ол күшін ағартушылыққа арнап, философиясына көп адамды еліктіріп үлгереді. Оның жасы елуге таяғанда, ол Лу үкіметіндегі үлкен қызметке орналасады, бірақ төрт жыл өткеннен кейін Сарай маңындағы дұшпандары оны жұмыстан кетіріп, тіпті жер аударып жібертеді. Ол он үш жыл бойы кезбелік өмірмен ұстаздық етіп жүреді де, сонан кейін өмірінің қалған бес жылын туған жерінде өткізбек боп, еліне оралады. Ол біздің дәуірімізге дейінгі 479 жылы қайтыс болды.
Көбіне Конфуцийді діннің негізін қалаушы дейтіндер бар, бірақ бұлай деу қате. Ол Құдайды аузына көп ала бермеген, о дүние туралы сөйлеуден мүлде бас тартып, метафизикалық айла-шарғының қандай түрінен де бойын аулақ ұстаған. Ол, негізінен, жеке тұлға мен саяси тұлғаның моралі туралы проблемаларымен, тәлімдік хақындағы көкейкесті мәселелермен ғана айналысқан.
Конфуцийге сенсек, адамды адам қылып көрсететін екі қасиет бар: «жэн» мен «ли». «Жэнді» кейде «махабба» деп аударды. Бірақ оған «жақыны мейіріммен қарай білу» деген анықтама берген дұрысырақ . «Ли» этикалық нормалардың жиынтық түрі: сыпайы жүріп-тұру, салтанаттылық, дәстүршілдік, сырбаздық және үздік тәлім үлгілері.
Ата-баба аруақтарына табыну Конфуцийге дейін өмір сүрген қытай дінінің негізі болып табылады. Өзінің отбасы мен туған-туысқандарына деген ерекше құрмет содан барып шыққан. Конфуций әйелдердің күйеулерін құрметтеп, оларға бас иіп бағынышты болуын, ал қарапайым халықтың билеушілерге қарсы келмеуін насихаттады.
Алайда қытай данышпаны озбыр өктемдікті мақұлдаған емес. Ол, мемлекет адамдардың игілі үшін өмір сүруі керек деп ұқты. Конфуцийдің айтуы бойынша, билеуші тұлға елді зорлық-зомбылықпен емес, өзінің жеке басының моральдық үлгі-өнеге көрсетуімен басқаруы керек. Оның «Алтын ережемен» сай келетін тағы бір приципті сөзі бар: «Өзіңе нені тілемесең, басқаға да соны тілеме!»
Конфуцийдің басты мақсаты қолға ұстатқандай айқын консервативті болып келеді. Ол өткен ғасыр Алтын ғасыр болғанын, сондықтан оның қасиетті моральдық қалыптарын билік басындағылар да, халық та ұстану керек деп білді. Алайда, шын мәніне келсек, елді моральдық үлгі-өнеге арқылы басқару жөніндегі Конфуций идеалы сол көне дәуірде кең құлаш жайып кете қойған жоқ. Солай бола тұра Конфуций, өзі күткендей, сол идеясының арқасында алдыңғы қатардағы реформалар болып саналады.
Чжоу әулеті билік етіп тұрған кезде өмір сүрген Конфуций қытайдағы интеллектуалдық қуат көздерінің ашытқысы бола білді. Сол кездегі өктем тап өкілдері оның бағдарламасын қабылдай қойған жоқ, бірақ философ қайтыс болғаннан кейін оның идеялары елде кең етек алды.
Алайда біздің дәуірімізге дейінгі 221 жылы Цин әулетінің билік басына келуіне орай Конфуций ілімінің басына ауыр күн туды.
Цинь әулетінің тұңғыш императоры – Цинь Шихуанди Конфуций ықпалынан мүлде арылып, өткен заманмен ат құйрығын шорт кесті. Ол Конфуций іліміне тыйым салып, оның кітаптарын өртеп жіберуге бұйрық берді. Бұл ілімге тыйым салу соншалықты сәтті бола қойған жоқ, өйткені бірер жылдан кейін Цинь әулеті билік басынан кеткеннен кейін, Конфуций ілімі қайтадан бостандық алып, ел арасында насихаттала бастады. Билік тізгінін Хань әулеті (біздің дәуірімізге дейінгі 206-220 жылдары) қолға алғаннан кейін Конфуций ілімі Қытай мемлекетінің ресми діні болып танылды.
Хан әулетінің билік басына келуінен бастап қытай императорлары мемлекеттік қызметке шенеуніктерді іріктеу практикасы біртіндеп енгізіліп, олардан «мемлекет қызметі» тақырыбынан емтихан алынатын болды. Уақыт өте келе бұл емтихандардың негізіне Конфуций мұрасының ілімі талап ететін қағидалар жиірек ене бастады. Қытай империясы кезінде үкіметтік бюрократия қатарына финанс саласында қол жеткізген табысы мен әлеуметтік беделге ие болғандар ғана кіре алатындықтан мемлекеттік қызмет пәнінен емтихан тапсыру қатаң конкурстық негізде өткізілетін болды. Нәтижесінде, ұзақ уақыт бойы Қытайдың зиялылық пен көшбасшылыққа ұмтылған жастары өздерінің көп жылын Конфуций мұраларын мұқият оқып-үйренуге жұмсап, ал Қытайдың азаматтық әкімшілігі ұзақ ғасырлар бойы Конфуций философиясының негізінде дүниетанымы қалыптасқан адамдардан тұратын болды. Бұл жүйе кейбір үзілістерге қарамай, біздің дәуірімізге дейінгі 100-жылдан, біздің дәуіріміздің 1900-жылына дейін, яғни екі мың жыл бойы сақталып келді.
Бірақ Конфуций ілімі Қытай әкімшілігінің ресми философиясы ғана болып қойған жоқ. Конфуций идеялары Қытай тұрғындарының көпшілігінің, екі мың жылдан астам уақыт бойы, өмірі мен ой- өрісіне терең ықпал етіп келді.
Конфуций идеясының қытайлар үшін соншалықты неге ықпалды болғанының бірнеше себеп-салдары бар. Ең алдымен, бұл ілімнің ашықтығы мен әділдігі. Екіншіден, ерекше ден қояр нәрсе, оның қарапайым және тіршілікпен қоян қолтық өмір сүргендігі. Содан да ол адамдардан қол жеткізе алмайтын қиын істерді талап етпеді.
Адамдардан таза өмір сүруді талап ете тұрып, оларға әулие болыңдар деген жоқ. Бұл тұрғыдан да, басқа мәселелер жөнінде де ол қытайға ғана тән істе бейімділігімен ерекшелене білді. Қытайдағы оның идеяларының кең түрде қанат жаюын, бәлкім, осыдан іздеу жөн болар. Конфуций қытайлардан өздерінің кәнігі әдет-ғұрпын өзгертуін талап еткен жоқ. Ол, дәлірек айтсақ, олардың негізгі дәстүрлі идеяларын қайта үйлестіріп, оны жарқын да айқын құралдармен байытты. Мүмкін, тарихтағы бірде-бір философ өзінің отандастарының әбден қалыптасқан көзқарастарына дәл Конфуцийдей жақын келмеген шығар.
Адам құқынан гөрі, оның атқарар міндеттеріне көбірек екпін түсіретін Конфуций ілімі – қазіргі батыстық қалыптасқан қағидалар үшін тым жадағай, тым үстірт ілім боп көрінуі мүмкін. Ал басқару философиясына келетін болсақ, онда ол іс жүзінде аса тиімді болды дер едік. Егер мемлекеттің ішінде тыныштықты сақтай білу мен оның гүлденуін қамтамасыз ету тұрғысынан қарайтын болсақ, онда Қытай екі мың жылға созылған кезең бойы басқару әдістемелері анағұрлым сәтті құрылған мемлекет болып саналады.
Конфуций идеялары Қытай мәдениетіне ендеп кіре тұра, Шығыс Азиядан тыс жатқан елдерге елеулі әсерін тигізді дей аламыз.
Қазіргі таңда Қытайдағы Конфуций ілімінің атқарар рөлі тым бәсең. Қытай коммунистері өзінің өткенінен қол үзуге үздіксіз ұмтыла отырып, Конфуций ілімі мен оның докториналарына өршелене шабуыл жасауда. Содан да, бәлкім, оның тарихқа жасар әсері тұйыққа тірелген де шығар. Өткен замандарда Қытай топырағына терең тамыр салған Конфуций идеялары болашақ ғасырларда қайтадан түлеп-жаңғырып жатса, онда бұған ауыз ашып, көз жұмып таңғалудың тіпті де қажеті жоқ.
Тәржімалаған Темірхан Медетбек