СӘБЕ. СҮЙЕУ. СМОКТУНОВСКИЙ
04.02.2026
65
1

Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ өнерінің абыз-аңызына айналған ұлы өнерпаз Сәбит Қоңырбайұлы Оразбаев 90 жасқа толды.

Бұл бір тұла бойы тұнған тектілік, жүрегі толы мейірбан, рахман нұрындай таза адам. Өмірде де, өнерде де сол тазалықтың эталоны болып келеді. Күні бүгінге дейін мұндай сөзге ұста, шебер әңгімеші адамды сирек кездестірдім. Драма артистерінің ішіндегі
Бейімбеті дерсің. Әсіресе, қазақы қалжыңды, юморды биік өнер деңгейіне көтерген. «Алдаркөсені ойнайтын адамның тыныш жатқанына таңым бар» деп гастрольде жүргенде қалжыңдайтын Асқар Сүлейменовтің айтатынындай бар, шебердің аты – шебер, сырт көзге сабырлы көрінетін Сәбең сол қоңыр мінезімен-ақ талай комедиялық бейнелердің бағын ашып, әкемтеатрдың босағасына байлады.
Кісі бойына мейірім-шапқат, алдымен, бір Тәңірден берілсе, одан соң ата-анадан дариды ғой. Осынау зымыран жылдар ішіндегі шығармашылық тағдыр жолында қазақтың осындай бірегей болмысты тұлғаларымен пікірлес, сырлас болудың арқасында саф сұлулықтың, мөлт еткен мейірімнің қайнарынан қанып ішіп, көп қасиет жидым, биіктедім, бекзаттандым, өмірім аса бай мазмұн мен мағынаға толды. Олар менің егіз стихиям – өнер мен мәдениетке деген құштар көңілімді қанаттандырды, кісілік пен кішілік, парасат-пайым, зиялылық пен зипалық, мінез мектебінен өттім.

Сәбең – алуан тағдырлы, сан қырлы өнер иесі. Сахна мен экранда 200-ден астам кейіпкер кескіндеп, отыздан асқан жасында аса күрделі психологиялық образ – Сүйеу қарттың бейнесімен құбылыс жасап, менменшіл Мәскеу марқасқаларының мысын басты. Алла бұл кісінің бір басына бірнеше өнер берген. Актерлігінің қос қанатындай әншілігі, термешілігі, жыршылығы әлі зерттеушісі түрен сала қоймаған, ашылмай жатқан бір арал. Жұртқа танымал бірнеше әннің авторы. Қарапайымдылығы ғой, осы күнде біреулер бір ән жазса, жер-көкке сыймай төбеңді ойып жібере жаздайды, ал мұның өзін ол қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Оның сыртында ұзақ дастан, жырларды («Саурық батыр», «Сүйінбайдың батасы», «Төле бидің толғауы», т.б) одан әрмен жауһарға айналдырып, өз жанынан қосатын ғажап сарындардың рухани қуа­ты қандай десеңші! Ертеректе Ташкент жақта бір ақсақалдың аузынан жазып алған «Төле бидің өсиетіне» шығарған мақамы бүгінде халық туындысына айналып кетті. «Сүйінбайдың батасын» бұл кісідей айтатын жанды әзірге жолықтырмадым. Ісмерлігін айтсаңызшы. Фото суретшілігінің өзі бүтін бір бекзат. Алпыс алты жыл ғұмырын берген әкемтеатр мұражайындағы сарғайған суреттерде де Сәбеңнің қолтаңбасы сөйлеп тұр.
Сәбең – шежіре, қазына. Кешегі қасиетті қара шалдардың Ар академиясын бітірген санаулы саңлақтың бірі. Сол «самородок-сары алтындардан» қалған үздік үрдіске, рухани мұратқа адалдықтың нәзира үлгісін ұстанған ұстындардың арқасында әкемтеатр әлі күнге өзінің тектілік тұғырынан түскен емес. Ұлы үрдіс, сара сабақтастық талантты шоғырмен жалғасып жатыр.
«Алматы ақшамында» «Ақшамның» кітапханасы» айдарымен Қ.Бадыров, А.Әшімұлы, Е.Обаевтардың әңгімесін жариялағанымыз күні кеше. Сол қатарда «Жақсыдан сөз қалсын» рубрикасымен Сәбит Оразбайдың әңгімелерін белгілі ақын, газет тілшісі Сәрсенбек Бекмұратұлы жазып алып, әр сенбі са­йын жарияға шығып тұрды. Бұл баянның тартымды болғаны сонша, оқырмандардан «Сенбіні күтпей-ақ, әр нөмірге неге бермейсіздер?» деген өтініш түсе бастады. Газет бетінде мұғдары екі жылдай жүрген әңгімелер «Өмірдің өзі – театр», «Тазарғың келсе, театрға бар» деген атау­мен кітап болып шықты. Әкемтеатрда өткен тұсаукесердің тізгінін Әшірбек Сығай ұстап, дүркіреп өтті. Айтпағым, сол жылдардағы газет жобаларының жұрт көңілінен шығып, ұлт өнербаянына қосқан өлшеусіз үлесі. Әрине, аталған еңбектердегі ұлт руханияты және оның қайта тумас тұлғаларының қызық та қиын тағдыры туралы толғаныстар өз алдына, Сәбеңнің анасы Апақай (Аппақ ай) жөніндегі әңгімелері оқырмандарды айрықша қызықтырды.
Қысқасы, Шәкен Айманов қайтыс болған жылы туған балалар алып Айманов туралы «естелік» айта бастаған тұста бастап кеткен жобамыздың өзін-өзі ақтағанына бек қуанышты едік. Соның ішінде Сәбеңнің «Апақайы» шыққан күні редакция телефонына тыным болмайтын. Оқырманның да түр-түрі бар. Әркімнің танымы, талғам-түсінігі бөлек. Тіпті ана туралы жазбалар көбейе бастады. Оның бірнешеуін жарияладық та. Сәбеңнің өзіне хабарласып жатқандар да нөпір.
Шебердің аты – шебер. Шертпе күй шерткендей шертіп айтады ғой әңгімені. Әңгіме шынайы болғанда, оған шеберлік, шешендік қосылғанда шедевр шығатынына шүбә бар ма!? Бүгінде «Қарағым, шырағым, алтыным» деген алтын сөздер азайып тұрған заманда мұндай туындылардың газет бетінен орын алуының кісіні де бір адами бақытқа бөлері өз алдына, сол олқылықтың орнын он есе толтыратыны сөзсіз. Біз оқырмандар тарапынан соны шын сезіндік. Сол оқырманның бірі, бірі емес-ау, ірісі Әбе, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осыдан елу жыл бұрын Сүйеу қартқа сүйінгеніндей, «Әй, мына баланың «Апақайы» мені баурап барады. Бұл өзі керемет кісі болып шықты. Қандай шешен, тіпті батыр адам. Ана баласын сүйсе, осылай сүюі керек. Әңгімені қалай шебер айтады. Байқағаным, екеуі бір-бірін толықтырып, ғажап өмір сүріпті. Мынау, қарағым-ау, ана туралы жыр ғой», – дегені бар еді. Бұл жазбаның бір ерекшелігі – Сәбең мұнда өз анасымен қоса, халқымыздың аяулысына айналған ардақты аналарымыз туралы да қызықты, тартымды толғаныстарды қатар өрбітеді (бүгінгі нөмірге де сол «Апақайдан» үзінділер ұсынып отырмыз).
«Қай рольді алсаң да өлтірмей жібермейсің ғой» деп, Әшірбек Сығайдың Асанәлі Әшімовке айтқанындай, бұлардың қай-қайсысы да (Әнуар, Есболған, Фарида…) сондай еді. Сәбең де сонау Эдип патша, Достоевскийден бермен жақсыны да, бақсыны да, жаманды да, жәутікті де жеріне жеткізіп ойнады. Соның ішінде Ә.Мәмбетов сахналаған Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу қарттың бейнесі әлі күнге көз алдымызда тұрады. Сүйеудің жұрт жадында бірден ұялап қалуының бір сыры – әркім одан өз атасының, әкесінің болмысын, өрістетіп айтқанда, ұлттың мінезін көрді. Көрермен ұлт мінезін сағынғанда театрға, Сүйеу қартқа асығатын жағдайға жетті. Әзелден, Тургенев заманынан бері әдебиетте «әкелер мен балалар» тақырыбы назардан түскен емес. Еламанның «Баламды қалада оқытамын» дегеніне «Ал, оқыт, тар шалбар кисін, түрегеп тұрып сисін, саған бұл иман бере ме?» деп сахнаға үш мәрте ғана шығатын Сүйеудің сөзін Сәбең жеткізгенде дүр сілкінбеуші ме едік.
– Менің Сүйеу қартқа келуімнің өзі бір хикая, – дейді Сәбең. – Бұл роль әу баста Елағаңа тапсырылған. Ол кісі ауырып қалып, маған ұсыныс түскенде зәре-құтым қалмады. Отыздың о жақ, бұ жағындағы жаспын ғой. Елағаң жуық арада келетін түрі жоқ. Репетиция кейінге қала берді. Бірде Әзекең маған ұсыныс жасады. Мен жөнінде жұбайы Ғазиза Жұбанова айтқан екен. Бұл бір өзі аса зиялы, дарынды адам еді ғой. Әзекең менің көне қоймайтынымды, жүрексініп жүргенімді сезді. Өзінің зілі жоқ «идиот» деген сөзі бар еді. Бір күні түнгі үште телефон шалып, сол «идиотына» басып, біраз намысыма тиіп сөйледі. Сөйтіп, келісім бердім. Бірақ оңай болған жоқ. Көк базарға дейін барып, насыбай ататын шалдармен сұхбат құрып, характер, әрекет іздеген кезім көп болды. Жүдегенім соншалық, біртіндеп Сүйеудің бейнесіне кіре бердім. Ақыр соңы бұл роль одақ көлеміндегі басылымдарда құбылыс ретінде бағаланып, дүркін-дүркін жазылды. Әуелде көп күдіктенген Нұрпейісовтің де қабылдауы бір жаңалық болды.
Бірде Сәбеңнің Қаллекидің Абызына орыстардың жылағанының жайын білмек болып, Тоқпановқа тосын сауал қойғаны бар. Сонда Асекең: «Әй, солар түсініп жылады ғой дейсің бе? Бұл ұлы өнердің, таланттың құдіреті ғой», – дейді. Сол орыстарыңыздың Сүйеуге дейін қазақ актерлерін мойындағаны бірлі-жарым еді. Орыс театрының тұлғалы теоретигінің бірі Николай Абалкин Мәскеуге сапары кезінде Сүйеуді ойнаған актерге қойы­лымнан соң арнайы ілтипат білдірмекші болып, оны аға буын артистер ішінен іздейді. Алайда Сәбит Оразбаевтың әлі де қырыққа келе қоймаған жігіт екенін білген соң, таңданбасқа шарасы қалмаған.
Ал енді атақты Иннокентий Смоктуновскийдің (Смоктунович) Сүйеуге сүйсінуі тіптен сұрапыл еді. Дүние жүзінде Гамлетті ойнаған актерлердің бәрін Лондонға шақырғанда ерекше құрмет көрсетілген Смоктуновский ғой. Сәбең сол күндердің бір сәтін былай еске алады.
«Тағы бірде Мәскеуге гастрольмен бардық. «Қан мен терді» қойдық. Мен Сүйеу қартты ойнадым. Орталықтың бірқатар танымал кино, театр актерлері келді. Иннокентий Смоктуновский бастан-аяқ қатысып, ынта қойып көрді. Спектакль аяқталған соң ризашылығын білдіріп, қолымды алды. Бұл оның дүркіреп тұрған кезі. «Шалдың образын жас бола тұра өте керемет ойнады. Сенімді шығарды. Ешкімге ұқсамайды. Даланың данасы. Мұндай данышпандар ұлы далада ғана туса керек. Соны Сәбит Қоңырбайұлы дәлелдеді. Жарайсың, старик», – деді. Әзірбайжан атақты актердің шәкіртін құттықтағанын көріп, арқаланып кетті. Кейіннен деректі фильмде: «Бұл актер маған ұнады. Тереңірек білгім келеді. Әсіресе мына шалдың бейнесін классикалық үлгіде сомдады», – деп сөйледі.
Мәскеуге жиі баратын Сәбең өнер адамдарымен жиі араласып тұрады. Соның ішінде шовинизм сырқатына шалдықпаған, өте қарапайым, таза адам Смоктуновскиймен айрықша сыйлас, сырлас болды. Сол қарапайымдылығы ғой, жөні түзу пәтері болмапты. Тек 69 жасында, өмірден озарынан сәл бұрын Мәскеудің ортасындағы Кутузов даңғылынан төрт бөлмелі пәтер бұйы­рыпты. Анда-санда Сәбеңе телефон шалып: «Старик, қалайсың?» – деп ұзақ сөйлесіп, қонаққа да шақырады екен. Орыстың (бір деректерде поляк, жөйіт деп те жүр) ұлы актері қазақтың біртуар актері туралы осылайша тарих парағына өзінің өлмейтұғын сөзін жазып кетті.

Қали СӘРСЕНБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 04.02.2026 | 17:29

Ағамыздың жасы құтты болсын. Жақсы берілген. екен

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір