1.«АБ-077»
Нұрша КӘКЕНОВ
Әңгіме
«Алматыдағы атқамінерлердің бәрі Астанаға бақтарын сынап жұмысқа кетті, сонда бар», – деп әкесі айтқан соң Әбу конкурсқа түсіп, министрлікке қызметке тұрғанына үш жыл болды. Бөлім басшысы қызметіне тұрғалы екінші рет министр ауысып, тағы да кадр сапырылысы басталған.
Сіркесі су көтермей, суырмадағы құжаттарды реттеп, тазалап отырған. «Оу, шеф, неге жүк буып жатырсыз, жаңа министр сізбен бір институтта оқыптығой?!», – деп Алдаберген кіріп келді. Іле телефон шылдырап, «министр шақырады» деген соң кабинетіне кірді.
Министр қатқыл дауыспен: «Менің реформамды сен: «мемлекетте қисық баған мен сым ғана қалды. Қойдың басын бір дөкей мүжіп, құйрығын біреуге сорғызып, ал қара қазаққа боқ ішегін қалдырыпты» депсің ғой, аузыңа неге ие болмайсың «Архимед!». Тым ақылды екеніңді білеміз», – деді. Жеткізген екен ғой бір жағымпаз – пысық. Үлкен министр басымен өсек жинағанына ызасы келіп:
– Айтқамын! – деді. Көмір разрездары, ірі жылу-энергетика кешендері акциясының бір үлесі мемлекетте қалмаса, тарифты қалай төмендете аласың. Бизнесмендер, министрлер келеді де кетеді. Салмақ халыққа түседі. Су ағады, ал тас қалады.
– Сен көп оттамай әрмен кетші! Тауықсыз да таңым атқан. Бар! Шық!
Мәжит ашуланып қаламсабын столға лақтырып жіберді. «Топас, торпақ», – деп іштей бір жекіп алып, кабинетке бөлім қызметкерлерін жинап: «Сау болыңыздар! Мен жұмыстан кетіп барам», – деп қоштасып далаға шықты.
Бейбітшілік көшесі бойымен басы салбырап, жаяу келе жатыр. Жаңбыр тамшылары бетке ұрып, жол шетінде тұрған жеңіл автокөліктен күй әуені қалықтайды. Сәлден соң Құрманғазының «Кішкентай» күйі төгілді. Ауылға, әке-шешеме қайтсам ба… Әбу толғаныс үстінде.
Көңілінде кемсіте сөйлеген ескі курстасы – «шала піскен» министрдің сөзі.
«Ақылды екеніңді білемін» дейді, ә! Білгішін «торпақтың!». Осы «ақыл» деген қай кеңістіктен екен. Философтар неге тура анықтама бермеген. Әлде есіме түспей тұр ма. Дүниежүзінің ең білімді ғалымдары колайдерде протон бөлшектерін соғыстырып, тіршіліктің пайда болу құпиясын ашпақ. Қызық, адам денесін материя десек – Сана, ақыл антиматерия болғаны ма? Шала піскен миллионерлер… ақылды «торпақ» сияқтылар. Ми солқылдап, құлақ шыңылдап не болдым өзі. Бірақ «Ақыл жастан, асыл тастан» демей ме. Жо-оқ, ол философиялық тұжырым емесі анық. Адам төбесінен жоғары – арман мен қиял кеңістігі десе болады. Адам миынан бір кальций, ақ құм жиналатын түйіншек тауыпты, оны «үшінші көз» дейді екен. Әлде суперкомпьютер ме екен?.. Не ойлап кеттім. Осы мен шын ақылдымын ба, әлде «тупоймын» ба?.. Осы Мәжитті студент кезімізде «торпақ» деп күлетінбіз. Бекер айтылмағаны ғой… Онда түсінік, заман басқа-тын.
Басын көтерсе, Кенесары ханның ескерткіші алдына келіп қалыпты.
– Ой, жалған-ай! Мына күйкі тірлікке түңілген жалғыз мен бе десем… Ханекем де атының артын көшеге беріп теріс қарап тұр. Осыны орнатқан адамдар қай басымен ойлаған. Қаладан тік жолмен өзенге шыққан адам алдымен темір аттың төгілген құйрығы мен салбыраған екі енін көреді. Басына дуылға, аяғына етік неге кигізбеген?.. Хан ием, орыс патшасы күлсалғыш жасатқан бас сүйегің туған топырағыңа қайтпаған соң түңіліп, бетіңді көрсете алмай тұрсың ба?! Ренжімеші, ханеке! Міне, сен соғысып ала алмаған қорған орнына жаңа Астана тұрғыздық, ол да сенің жеңісіңнің үлесі! «Ойпырым-ай, өзім жұмыссыз қаңғырып жүріп не айтып тұрмын! Қол шатырдағы жаңбыр суын сілкіп төгіп тастады. Әкей мені Астанада дөкей қызмет жасап, «қырып жүр» деп ойлайды-ау! Жас отыз екіге келді, не пәтер, не отбасым жоқ. Құрсыншы бәрі». Кері бұрыла беріп, алдындағы қараағашқа жабыстырылған хабарландыруға көзі түсті. «N» фирмасы дені сау ер адамдарды аталық ұрық – сперма тапсыруға шақырады. Бағасы өте жоғары»… Мырс етіп күліп, біреуін жұлып алып Кенесарының атына қарап: «Кім біледі, Тәңір берем десе темір тұлпардың екі дорбасынан да берер!» деп, енді кетпекке бұрыла бергенде:
– Әбу сен бе, сен? Алдында сәнді киінген курстасы Ғани келе жатыр. Екеуі құшақтаса кетті.
– Кездесу деп осыны айт, қане жүр, «Турист» қонақ үйіндегі бөлмеде сөйлесейік. Кеттік, шерімізді бір тарқатайық, – деді Ғани. Жайлы нөмірге мейрамханадан тапсырыспен дәмді тамақты алдырып, үйіп тастады.
– Қызылорданың қара қазағына мүлде ұқсамайсың ғой.
– Шетел фирмаларымен жұмыс істеген соң вариант осы, досым!
– Неше тіл білесің қазір?
– Ағылшын, қытай тілдері. Жұмыс туралы ештеңе сұрама. Мына ұялы телефонға, қонақ үйдің бөлмесіне де сенуге болмайды. Балконға шығып сөйлесеміз…
Екеуі студенттік өмірдің қызықтарын, дос-курстастарын естеріне алып, әңгіме-дүкенді қыздырған.
– Мен бүгін министрліктен жұмыстан кеттім… «Торпақ» министр болып келген, ренжісіп қалдық…
– Ештеңе етпейді. Осы уақытқа дейін «карьера жасаймын» деп, уақытты босқа өлтірген өзің. Жүр балконға, шылым тартайық.
Балкон есігін қаттырақ жауып: «Сотовый телефонды қалдырдың ба?» – деп сұрады.
– Мен, жекеменшік фирмада шетелге контрактпен мұнай сатамын. Оның иесі Иса, дөкей ағасының көмегімен лицензия алып, бір күнде миллионер болған жерлесім. Ертеректе кезде сыра сатып, тиыннан пайда тауып Иса байып алған соң, енді мұнай кенішін шетелдерге сатам деп жүр. Маған бар жұмысын орындатып, өзі табысқа кенелді. Тасқаны сонша, жас тоқалдарының көзінше жер-жебіріме жетіп боқтап, әбден кемсітетін болды. Сен Әбу, маған сенім хат, куәлігіңнің көшірмесін бер. Фирма ашайық. Бәрі заңды болады, тәжірибем жетерлік… Мұнайдан да, кеннен де, ата-бабамыз қорғап бар қазаққа мирасқа қалдырған жеріміздегі байлықтан да біздердің алар үлесіміз бар ғой. Үлесімді өзім тауып, тартып алсам, еш обалы жоқ. Адал еңбегім бағаланса үндемес те едім! Екі күннен соң жаңағы ескерткіш жанына түске қарай келетін бол.
***
Кенесары ескерткіші түбінде Ғани сағатқа қарап қойып, асыға тосып тұр екен.
– Неге түрің біртүрлі, – деді Әбу сүріне жетіп.
– Сәлем, мә, сенің атыңа офшордан фирма «…..» сатып алдым. Флешканы ал, жоғалтпа, аузыңды ашпа, құпия сақта. Есеп шоты Берн қаласында, ертең банкке ақша алуға барғанда құпия кодты жазасың. Ғани жан-жағына сезіктене қарап, қалталы телефонды, портфеліңді әрірек қойып, бас әріпі «К», әрі қарай өз атыңды теріс оқып жаз деп сыбырлады. Қоштасуға қолын беріп: «Или голова в кустах, или груд в крестах» деуші ме еді орыс казактары соғысқа аттанарда. Алға, достым!
– Ғани, не болса соны айтасың… Бәрі сенікі… Маған ештеңе…
– Жо-оқ, елу де елу пайыз. Кел, төс соғысып, уәделеселік. Сатқын емессің. Бетіне айтқан соң министр Мәжит сені жұмыстан қуды.
Әуелі Аллаға, сонсоң саған ғана сенемін. Ал мен кеттім! Хоп!
Тез-тез көшенің арғы шетіндегі тосқан автокөлікке асықты.
«Аман бол, Ғани!». Ішінде бір қимастық сезім… «Сол баяғы мәрт мінез», – деп ойлады. Досы артына бұрылып қараған да жоқ.
Флешканы қалтасына салса, үзіп алған хабарландыру саусағына тағы жабысты. «Осы қағаз неменеге іліге береді» деп телефон нөмірін терді.
– Фирма «N» сізді тыңдап тұр.
– Кешіріңіз, хабарландыру бойынша еді…
– Өте жақсы, мына адреске келіңіз. Сараптама тегін. Қорытынды шыққан соң өзіміз хабар береміз. Бәрі құпия, – деген әйел дауысы шықты.
Фирманы тауып алып бар, айтқан анализдерді тапсырып шықты. Пысықсып неге істеген, өзі де білмейді. «Уақыт өте берсін» дегені. Орыс медбике «АБ-077» деген көкшіл визитканы беріп: «Жоғалтпаңыз, шақырғанда осы кодпен келесіз», – деді.
– Ылғи кодқа түстім-ау, «АА» болмағанына тәуба! – деп қояды.
Қараса сағат үш. Автобуспен мешіт жақтағы базарға тартты.
Ығы-жығы сапырылысқан жұрт. Алма, жүзім, құрма, банан жайдақ сөрелерге орналасқан, жәшік, қаптар үйіліп жатыр. Шеттегі таныс қызыл апортты көріп таянып еді:
– Алма алыңыздар, арзан беремін! – деп сұңғақ бойлы әдемі, аққұба қыз күлімсірей қарады.
– Алмаңыз апорт па? Алматыдансыз ба?
– Мен емес, алма ғана Алматыдан. Өте дәмді, кеше әкелгемін. Міне, ауыз тиіңізші. Кішкентай бәкімен кесіп ұсынды.
– Атыңыз кім, қарындас?
– Атымды қайтесіз. Алма алуға ма, әлде танысуға келдіңіз бе? Әуре болмаңыз. «Тиімді» қалыңдық емеспіз. Аласыз ба, жоқ па?! Басқа адамға бұрылып:
– Апай, келіңіз!.. Арзан алма, Алматының тәтті апорты… – деп сатушы қыз лезде «ұмытып» кеткендей. Сонда да байқастап жігітке көзін салып қояды. Алсам ба, алмасам ба, – деп ойланып тұрғанда:
– Привет шеф! – деген дауысқа жалт қараса, орта бойлы орыс жігіті.
– Танымадыңыз ба, мен ТОО «Квартадан» Сергеймін ғой. Үш ай бұрын түсті металл сынықтары жайлы құжаттарға қол қойғансыз.
– Иә, сәлем, Сергей! Ол күш қазір менде жоқ. Кеше жұмыстан кеткенмін.
– Сол да сөз болып па, фирмада документтерге, құжаттарға бас менеджер болыңыз. Бірге еңбек жасалық, сізден артық оны кім біледі. Жұмыстың жүретініне сеніп тұрмын.
– Жарайды Сергей, келістік, – деп екеуі қол алысты.
МАЗАСЫЗ ТҮН
Ол шаршап, ерте жатты. Ғаламторды да, теледидар да қарағысы жоқ. Жаңа жұмыс қалай болар екен деген уайым басым. Түсі екен. Өзі өскен туған жері. Тау етегінде бұлақ ағып жатыр. Халық оны «Босаға бұлақ» деп атап кеткен. Ертеде осы бұлақ маңында үлкен атасы колхоз малын баққан. Мұны «Мен туған бұлақ» дейді екен. «Нива» автокөлігімен тоқтап, айналаға қарап, «Әкем де бір керемет жерде туған екен-ау», – деп ойлады.
Төбеге шығып бара жатыр еді, сұрғылт, екі бүйірінде қара жолағы бар, басы үп-үшкір бір жылан қызғылттау жақпар тасқа қысылып шыға алмай тұр екен. Әбуді көріп ысылдайды.
– Обал-ай! – деп тасты көтеріп, жыланды босатып жіберіп еді, жылан құйрығын тік көтеріліп, жігітке басын иіп, тағзым еткендей болды.
– Өлтірмеймін, жөніңе кете бер, – деді де бұлақ басына қайтып келді. Су ішіп, бетін, мойнын шайды. Суықтығы тіс жарады! Шым-шым қайнарынан майда ақ құм бүлкілдеп шығып жатыр.
Бұлақтың арғы жағындағы қызыл итмұрындарды көріп, жинап алып апама апарып берейінші деп, арықтан аттай бере сүрініп кетіп, маңдайын тасқа ұрып, есінен танып, етпеттей құлады. Есін жиып, мойнын сипаса оралған жылан тұр.
– Қорықпа, – деді жылан.
– Сен менің есімді жиғыздың ғой? Аздап тынысыңды ашқам… Мен осы тау астындағы оқ жыландар патшасымын.
– Неге адамша сөйлеп тұрсың? Жыландардың да аты болады деп естігемін.
– «Сап» деуіңе болады… Бағана мені тастан босатқансың. Бұлақ асты біздің мекеніміз. Ордамыз бар. Сенің миыңда шешілмеген мәселелер, уайым, күдіктер мол екен. Еш жерде жолың болмай жүрген жан екенсің. Саған көмектесейін. Маған да жақсылық жасадың.
– Небәрі жіп-жіңішке жылансың. Жұтатын айдаһар болсаң, кімді жұтуың керегін айтар едім, – деді жігіт күліп.
– Күлме, көмегіме көзің жеткен соң тағы бір тілегімді орындайсың. Тек бұлақ суын ішіп, теріс қарап отыр. Оқ жылан жерге секіріп түсіп, қазықтай қақайып, ысылдап тұр.
– Әй, жарайды ант етемін, уәде!
– Өкінбейсің ғой!
– Жоқ! Айттым бітті!
Онда қазір ақ күміс шынжырға айналамын. Мойныңа тағып ал. Бұйрығымды орындайсың. Орындамасаң, мойныңда ажал тұрғанын ұмытпа! Лезде Әбудің мойнына күміс шынжыр ілінді.
– Сап, менің қандай кемшілігімді көріп тұрсың?
– Жетерлік. Боз өкпесің. Арақты көтере алмайсың, еркектік белің әлсіз, кім көрінгенге сенесің.
– Сонда «түкке жарамайтын» болдым ба?
– Бұлақтан бір кесе су ал, соған уымды тамызамын. Әбу кесеге судытолтырып алды. Оған жыланның тісінен тамшылаған уы қосылып, лайланғанын көріп ол қорқып кетті.
– Неге ішпейсің? Ішпесең, шағамын. Өлесің! – Іше сала тілі күрмеліп, бойы ауырлай бастады.Оқ жылан тасқа сүйкеніп қабығын сыпырды да: «Мә, мына бір үзімін асықпай шайнап жұт», – деді. Жұқа болғанымен терісі қатты екен пәтшағардың. Шайнаңдап, өңешінен зорға өткізіп, жұтып салғанда денесі бір дір етті.
Оқ жылан қызыл тырбық тікеннен домалақ қатты үш дәнін нұсқап, шайнап бұлақ суымен іш деп бұйырды. Ішкізген соң:
– Енді мына жалпақ тасты иығыңа сал да, шаршағаныңа қарамайтөбе басына жүгіріп шығып, төмен түсесің. Тасты қолыңнан жерге түсірсең, шағамын, – деп ызбарлана ысылдады.
Әбуде зәре қалмаған. Есі шыға, жаны мұрнының ұшына тығыла жүгіріп жүр. Қара тер судай ағып, екі шекесі солқылдап, ерні кеуіп, қалай жүріп келе жатқанын да сезер емес. Әбуден шаршағаны сонша, төмен түскен бойда отыра кетті. Жылан тағы да мойнынан шынжыр боп қысқанда танауынан түйір-түйір қою қара қан ағып, есінен тана құлап түсті. Көзін ашса оқ жылан жылтырақ киімімен жігіт бейнесіне еніп жанында отыр.
– Есіңді жинадың ба?
– Миым түгел ағып кеткен жоқ па өзі?
– Жоқ, аздап қалды, тыныс жолы, тамақпен бойыңа сіңген қоқыс залалдар шықты. Мә, мына кеседегі суды іш, қызыл итмұрын жемісін шайнап қостым.
– Тағы уладың ба? – Үндемеді. Мойнында ажал тұзағындай тағы да күміс шынжыр ілінген. Оның ұсынғанын амалсыз ішіп алып, бұлақ суына тағы қана ішті. Сәлден соң керген қуығынан қандай қып-қызыл кіші дәрет кетті.
– Сен нағыз мықты жігіт болдың.Шағын шынжыр ретінде мойныңда тұрғанмен жай сипасаң, қасындағы адамның бар ойын оқып отырасың. Ал кімнен бастаймыз, айт!
– Ым…ым, Ғабиттан. Оқ жылан бір-екі рет бұлқынды да сені ат қылып жегіп алып, еңбегіңді бермей жүр екен ғой, кеттік.
– Тоқташы Сап, әуелі тендер құжаттарын тапсырған Қали мырзаға кірейін, – Сәлден соң Қалидың кабинетінде тұрды. Ол бұған ұнатпай қарады.
– О, Әбу сен бе?! Әлі комиссия болған жоқ. Неге ерте келдің?
– Ғабит телефон соқтым деген еді.
– Ол айта береді… Сол кез күміс шынжыр Қалидың мойнына оралып, қысып қалғанда оның дауысы қырылдап…
– Әбу, бәрін мен шешпеймін ғой. Біздің сұмырай шефтің ерке тоқалының ертең туған күні. «Он мың доллар тап» деп мені қинап отыр, қарызға тауып бере тұршы.
– Жарайды, Қали, тендерге жазған құжаттарымды бұрмаламай, дұрыс қараймын деп уәде бер.
– Уәде! Тек түске дейін әкелші… Ана шеф собака қысып барады. Қаншық қандегі күйлеп жүр, көмектесші Әбу!
– Енді қараса Ғабиттың офис кеңсесі.
– Ғабит, он мың доллар керек, тап!
– Не, менде қайдан ақша болады.
– Алдыңғы екі тендердің ақшасы қайда?
– Жұмсалып кетті. Офис жөндедік. Өзің көрдің.
– Ертең ақша тауып берсек, 50 миллион теңге тұратын күрделі жол жөндеуге тендер ұтып аласың. Ғабиттың көзі жыпылықтап, қипақтап отыр.
– Менде түк те жоқ, бұйырмасын, құдайдай шыным! Сен өзің достарыңнан қарызға тауып ал, бірден түскен ақшадан қолыңа беремін. Не, сенбей отырсың ба, айттым, берем! Алдыңғы екі тендерден ешкімге ештеңе бере алмадым, рас. Виновать! Сен досым, өзімсің ғой. Шығын аз емес. Аяққа енді тұрып келеміз. Білесің бәрін.
– Жарайды Ғабит, соңғы рет.
– Хоп, уәде!
Әбу бизнесмен досына барып қарызға ақша алып, Қалидың тапсырысын орындап, бір қуантты. Олар көрсеткіштері жоғары болғандықтан онсыз да тендер ұтып тұрған.
Арада бірнеше күн өткенде іздеп барса, Ғабит орнында тағы жоқ. Қашып жүр, уәдесін тағы да ұмытты. Араға аз уақыт салып, Ғабиттың кеңсесі тағы келді.
– Ғабит, бар тендерлерді ұттың, ақша толық түсті, жұмысың жүрді, менің еңбегімді төле.
– Әбу, ақша әлі түскен жоқ қой! – деді Ғабит сазарып. Сол кез шынжыр Ғабиттің мойнына барып оралып, буып қылқындырғанда ол басқаша сөйлей бастады.
– Кешір, кешір! Ақшаңды екі рет бергім келген. Мен қызтекемін, түнгі гей-клубтарға барамын. – Жылан тағы қатты қысып қалғанда: «Мә, мә, бес миллион теңгең, жаңа құрылысшылар әкелді, ал, алшы; баршы… ке…шір!..». Ых-ых! – деп газетке мұқият оралған бума-бума ақша ұсынды.
– Қызтеке болғаның не, СПИД-тен өлесің, сұмдық қой мұның! Ғабит көзін төмен салды…
– Оны қайтесің, мүлде біткен азғын адам. Еңбекақыңды алдың ба, кеттік! Енді менің тілегімді орында, – деді оқ жылан. Сол сәтте шынжыр екіге бөлінді де Әбу де кәдімгі сұр жыланға айналып, бұлақ ағып жатқан жартас астындағы қуыстан жыландар ордасына енді.
Орда ішінде қазықтай тізілген жыландар адам иісін сезіп, шақпақ болып ысылдайды кеп. Сап қатты бір рет ысылдап, биіктеу жерге көтерілгенде бәрі басылып, қуыстан жіптей жіңішке әлжуаз жылан шықты.
– Әке, міне, адам ертіп әкелдім, шағып қанын іш,– деді Сап.
– Не, мен өлемін бе?
– Ант ішкенсің! – дегенде бар жыландар ысылдай жөнелді.
– Жарайды, мә, саусағым. – Жіп жылан жабысып, қанша қажалағанымен тісі еш өтер емес. Оны көріп баласы: «Әке, ауру әбден қартайыпты.Мен адамның саусағын тасқа үйкеп қанын ағызамын, жалай бер, – деді Сап әкесіне.
Қып-қызыл тамған ыстық қанға тойған сайын жылан оқтаудай болып, басын тік көтеріп қаһарлана ысылдады:
– Рахмет саған, батыр жігіт! Нағыз азамат екенсің. Ешкімнен қорықпай, өз Құдайыңа сыйынып, бақытты өмір сүресің! – деп, баласына түсін суыта бұрылып қарап: – Бар, сыртқа шығарып сал! – деді ызбарланып.
Екеуі ирелеңдеп іннен далаға шықты. Әбу өз бейнесіне еніп, ал Сап жылан:
– Енді мені таспен ұрып өлтір! – деп жалынды.
– Не, не айтып тұрсың, Сап?
– Түсін, жылан ордасында бір ғана патша қалады, – кел Әбу, екеуіміз жарысайық, төбеге мен сенен бұрын озып шықсам бар айтқанымды орындайсың, – деді жылан.
– Жарайды, келістім, – деді Әбу күліп.
Екеуі жарыса жөнелді. Озып бара жатып, табаны астынан бір тас тайып төменге домалап, оқ жыланның басын мыжып өтті.
– Ыһ! – деген дыбысқа бұрылып, таяна бергенде өлген жыланды бір құс тістеп алып, аспанға көтеріліп ғайып болды.
– Қап, тағы маған бір тілегін айтамын деген еді, – деп өкінді Әбу.
Шошып оянса қара тер басып, су болып жатыр екен. Мойнын сипалап, шынжырды іздеп еді, жоқ, айнадан қараса қызыл жолақ ізі қалыпты.
Не өңі, не түсі екені белгісіз. Шекесін сипады, көгерген кішкене томпақ тұр… «Қайда құладым?!» деп ойлайды, ештеңе түсінер емес.
Ғабитпен бірге жұмыс істедім, ақшаны әлі төлеген жоқ. Әйелімен екі ай бұрын айырылысып кеткен деп естігем.Қалта телефонының нөмірін терсе, «бұл нөмір біздің жүйемізде тіркелмеген» деген жауап келеді.
Киініп, пәтер есігін жапса, тұрғын үй төлемін төлейтін құжаттар қыстырулы тұр екен. «Пәтердің төлем ақысы бар, барлығына ақша қайдан табамын?» деген уайым Әбуді тағы қинады.
ЖАҢА ЖҰМЫСТА
Фирма кеңсесі қаланың шетіндегі жалғыз элеваторға таяу жерде екен. Сергей жылы қарсы алып, жұмысымен таныстырды. Жеті, сегіз адам қызмет етеді. Ескі темір сынықтарын жинап, кесіп сататын кәсібі бар екен. Тез тіл табысқан, Әбу:
– Жиналған түсті, қара темірлердің сынықтарын ірі фирмаларға өткізбей, Қытайға сатайық, мен лицензия алып көрейін, – деп ұсыныс жасады. – Ол үшін әуелі бірнеше вагонға жүк болар темір қор жинап алайық, – деді Сергей.
Темір сынықтарын жинауға жігіттер жан-жаққа кетті. Сергей ақшасы жетпей, таныстарынан қарыз іздеп жүгірді.
– Кабулович, бәрін ұйымдастырамын! – дейді ынталанып. Керек құжаттарды түске дейін реттеп, Әбу банкоматтағы ақшасының азайғанын көріп, ойланып отыр. Жұмысқа шыққанына бір күн болмай жалақы сұрағаны ұят. Министрлік есепшотына әлі жалақысын аудармапты.
Қалталы телефонын ашып, кімнен қарыз сұрасам деп ойланып отырғанда телефон шылдырлады.
– Әбу Кабулович, бұл «N» медициналық орталығынан. Сіздің тапсырған сараптамаларыңыз өте жақсы. Келе аласыз ба бізге?
– Жарайды, жарты сағатта жетемін. – Қуанып кетті.
Өткен жолғы медбике:
– Абу Кабулович, өткен жолы ескерткендей ешкіммен төсекте болған жоқсыз ба? Гормоналдық дәрілер, қоспалар ішкен жоқсыз ба?
– Жоқ, жұмыстамын ғой.
– Мен берген көк визитка «АБ-077» бар ғой. Онда мына кабинаға кіріңіз. Сонда шыны ыдыста «АБ-077» деп жазылған.Толған кезде қызыл кнопканы басасыз. Асықпаңыз. Бұл өз еркіңізбен беретін аталық ұрық. Бала көтере алмай жүрген әйелдерді жасанды әдіспен ұрықтандыруға пайдаланамыз. Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық болмайды. Белгі код өзімізге ғана керек. Бергіңіз келмесе, қазір бас тартыңыз.
– Жоқ, ақыры келдім, тәуекел, ұрпақсыз адамдарға көмек болсын, бала сүйсін әрі қаражат та керек болып тұрғаны.
Әбу аздап қиналғанмен, әйтеуір жұмысты орындап шықты-ау!
Сәл уақыттан соң Валентина Ивановна: «Сіз құтыны шамадан тыс толтырыпсыз», – деп әзілдеп, ақшасын санап берді. «Не істеп жүргенімді жұмыстағылар білсе өлім-ау!», – деп, көрінбей тез кетуге асықты.
АЛҒАШҚЫ ЭКСПОРТ
Фирма жұмыскерлері зыр жүгіріп жүріп, бірнеше вагон түсті металл қалдықтарын жинады. Әбу өзінің бұрын жұмыс істеген министрлігіне лицензия алуға келді.
Лицензия бөлімін Алдаберген басқарыпты. Есіктен кіргеннен:
– Әбу Қабылұлы, саламатсыз ба! – деп өте жылы амандасты. – ТОО «Квартаға» жұмысқа тұрыпсыз . Дұ-ұ-ұ…рыс!
– Алдаберген, сенің де қызметің құтты болсын!
– Әбеке, өзіңіз құрып беріп кеткен тірлік қой. Тек… бұрынғыдай емес. Әр шаруаның «тормозы» бар… Команда жаңа, тәртіп басқа.
– Түсінемін ғой, «Рұқсат-лицензияға» қажет құжаттардың бәрін әкелдім.
– Ие-ие, Әбеке!.. Мына жазуға қараңыз, – деп ақ қағазға бір сандарды жазды. Ертең өзіңіз осыны… әкеліп, алып кетіңізші. Ренжімеңіз, басқа амал жоқ менде.
– Ашық айтқаныңа рахмет! Абай бол, «шелек жалаған тұтылады» дегенді ұмытпа!
– Амал который, шеф!
Сергей екеуі бірігіп «Рұқсат-лицензия» құжаттарын реттеп алған соң, жұмыс қарқынды жүре бастады.
ҚҰРМАНЫҢ ҚЫЗЫҒЫ
Арада үш жыл зымырап өте шықты.Әбу екі бөлмелі пәтер, оң рулді көк «Тойота» автокөлігін сатып алды. Демалыс күнін пайдаланып бой жазуға көк базарға келсе, ығы-жығы адам, арба сүйреткен арбакеш жігіттер. Аралап жүріп құрма сатып тұрған орыс қызына:
– Какие цены? – дей бергенде:
– Арзан, шоколад дәмді, ағай! – деп Лена қазақша сайрай жөнелді. Аласыз ба, қазір ана жәшіктен салайын. Вера апай, менің солдаттарымды арбасын қозғап, тербете салыңызшы…
– Неге менен сұрайсың әкесі келіп тұрғанда.
– Әкесі?! – Лена жігітке қарап, сасқанынан қолындағы тегештегі құрманы түсіріп, шашып алды. Егіз ұлы сәл сарылығы болмаса, Әбудің тура көшірмесі. Сол жақ қасы тұсындағы жапырақша қызғылт қалдары да бір аусайшы.
– Кешіріңіз! – еңкейе берген Ленаның ішінде бір темір арқан сым шарт үзіліп кеткендей, денесі босаңсып, дауысы әлсіреп қалды. Жігіт еңкейіп, құрмаларын жинасты.
–Жоқ, бұл кір, қазір тазасын салып беремін сізге. Қазір! – Есі шығып, қолдары дір-дір етеді. Құрма сатып алған жігіт балаларға бұрылып қараған да жоқ.
Жігіт кетісімен Лена Санияға бірден телефон шалды.
– Сания, сұмдық!
– Әй, не болды?
– Сұмдық болды, сұмдық! – деймін.
– Айтсаңшы, ей қыз!
–Маған базарда Ерік пен Серіктен аумайтын бір жігіт келді. Құрма сатып тұрып аузым ашылып, бәрін шашып алдым. Аумайды-ау, аумайды! Сол жақ қасы үстіндегі қызғылт қалы – копия!
–Не, не? Онда менің ұлымда да сондай қал бар. Жанардың қара ұлында да… Әй, сонда не болды, Лена?! Ол кім өзі?
–Тоқта, мен қазір Жанардан сұрайын. Алло! Жанар сәлем! Сенің Теміржаныңның қасының тұсында қалы бар ма?
– Дұрыстап қарап көрмеппін. Бар сияқты, бірақ онша үлкен де емес. Ұлым сәл қара торы болған соң онша білінбейді де. Не болды сонша?
– Не болды, тағы бала болды.
– Не, екіқабатсың ба?
– Жоға-а! Лена, базардан үшеуміздің ұлдарымыздан түрі аумайтын бір жігітті көріп, талып қалыпты. Жанындағы қатындар шелекпен су құйып, есін зорға жинатыпты.
– Рас па, талып қалғаны?
– Бәрі рас, біздің үйге келіңдер, тез ақылдасайық.
БІР АПТАДАН КЕЙІН
Келесі демалыста Әбу құрма дәмі ұнаған соң, өткен жолы сатып алған жерге келсе, аққұба, сәл толықтау жас келіншек:
– Келіңіз, құрма алыңыз, тәтті құрма. Тәшкеннен келген, –деп иілді.
– Өткен жолы алдым, дәмді екен. Сатушы орыс қызы еді.
– Ол – Лена ғой, бүгін «точкада» мен, Саниямын. Сіздің атыңыз кім?
– Әбу!
– Әбу?! Бұрын сізді бір жерден көрген сияқтымын ба?
– Оқасы жоқ, қанша құрма салайын?
– Бір-екі келі…
– Неге аз, үйде жеңгей, балаңыз жоқ па?
– Отбасым жоқ.
Сания іштей қуанып кетті.
– Жалғыз адамға қиын ғой, менің де отбасым жоқ.., ұлым ғана бар. Күнкөріс осы. Қажет болса үйіңізді жуып берейін. Керек болса… ғана.
– Айтса да ұялып барады. Өткен жолы достары қыздар келсе, «амалдап таныс» деп тапсырған.
– Келесі сенбіде келіп көмектессеңіз болады. Еңбегіңізді төлеймін. Еш қорықпаңыз, мен тәртіпсіз емеспін, қарындас.
– Рахмет, құрмаға төлемей-ақ қойыңыз. Кейін алам ақшасын, – деді Сания. Жігіт кетісімен қалталы телефонын ашып: «Таптым, іліктірдім қармаққа Әбуді, – деп масаттанды.
– Кімді дейсің? – деді Лена, – Әбу
ма – Ап-ума! – Телефоннан сыңғырлай күлген келіншектердің дауысы естілді.