ТАМЫРЛАР мен ЖАПЫРАҚТАР
13.01.2026
655
6

Мен Мәлік Отарбаевты 2023 жылдың көктемінде Баку мемлекеттік университетінде ардақты ұстазымыз, көрнекті жазушы Мир Жалал Пашаевтың мерейтойына арналған жиында көрген едім. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі ретінде мінберге шақырылған Мәлік Нұржанұлы таза, жатық түрік тілінде кәсіби әдебиетшіге тән деңгейде сөз сөйледі. Кездесудің соңында онымен танысуға мүмкіндік болмады: оны ертіп жүрген рес­ми тұлғалар шұғыл түрде басқа шараға алып кетті.

Арадан біраз уақыт өткен соң, оның Түркі мәдениеті және мұрасы қоры тарапынан әзербайжан тілінде «Түрік әдебиетінің інжу-маржандары» сериясымен жарық көрген «Біз күткен бақыт» (әзербайжан тілінде «Gözlədiyimiz xoşbəxtlik») атты кітабын маған жеткізді.
Қазақтың жас жазушысы Мәлік Отарбаевтың эсселері мен әңгімелерінен құралған «Біз күткен бақыт» кітабымен танысқанда, шынын айту керек, мені «інжу-маржан іздеуден» гөрі, қазіргі қазақ әдебиетінің рухани ахуалы, көркем сөздің қандай кеңістікте өмір сүріп жатқаны, ең бастысы, посткеңестік мәдениет контексінде әзербайжан және қазақ әдебиеттері арасындағы параллельді тұстарды іздеу көбірек ойландырды.
«Біз күткен бақыт» атты кітапта орын алған және қазіргі ойлау жүйесінің ізденістерін бейнелейтін эсселер қазақ әдебиетінің, жалпы шығыс мәдениетінің ұлы әдеби мұраларымен үндесіп жатыр. Бұл жазбалардың түп-тамырында, ең алдымен, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі ғұлама-ойшыл Абайдың Қара сөздерінен бастау алатын рухани байланыс айқын сезіледі.
Қазақ даласында заманауи ағартушылық идеяның негізін қалаған Абай Қара сөздері арқылы ежелгі дәстүрлі өсиет-нақыл әдебиетінің қалыптарын бұзды. Ол жаңа ұрпақты заман талабына сай тәрбиелеу үшін көркем сөзді құрғақ насихат шеңберінде шектемей, философиялық ойды, қоғамдық жауапкершілік сезімін жарқын бояулармен жеткізді.
XIX ғасырдағы әзербайжан ағартушылығының тарихына көз жүгіртсек, ұқсас үрдісті көреміз. Аббасгұлу аға Бақихановтың «Китаби-нәсайех» – «Өсиеттер кітабы», Сеид Азим Ширванидің ұлы Жафарға арнаған және өсиетпен басталатын «Рәбиүл-әтфал» оқулығы да жаңару қажеттілігін сезінген әдебиет­тің қойнауынан туған еді. Алайда бұл үлгілердің негізінде басқа шындық бар: әзербайжан көркем ойы шығыстық  дүниетанымының шеңберінде тұйықталып қалып, ғасырлар бойы қалыптасқан шығыстық дидактиканың – «Гүлстан» мен «Бустанның» ықпалынан шыға алмады. Ағартушылық идея осы дәстүрлі поэтикалық кеңістіктің ішінде еркін қозғала алмады.
Ғасыр соңына қарай Мирза Фатали Ахундов, Хасан бей Зардаби, Наджаф бей Везиров және олардың серіктестері модернизмдік дүниетанымның қайшылықты идеологиялық орта мен мәдени инерцияға тап болғанын жақсы түсінді. Олар қалыпқа түскен шығыстық поэтикалық шеңберде тұйықталуды қоғамдық дамуға кедергі келтіретін тосқауыл деп білді.
Абай бұл шеңберді бұзуға мәжбүр болған жоқ; ол керісінше, шеңберді кеңейтіп, Шығыстың прогрессивті құндылықтары мен заманауи қажеттілікті қамтитын жаңа рухани кеңістік жасай алды. Өз елінде ықпалы аса күшті болмаған шығыстық мәдени мұраны жоққа шығармай, оған сүйене отырып, модернистік ой мен шығыстық мораль философиясы арасында үйлесім тапты. Шығыстың рухани құндылықтары мен Батыс ағартушылығының рационализмі оның шығармашылығында бірін-бірі толықтырып отырды. Осы тұрғыдан Абай, шын мәнінде, жаңа әдеби-интеллектуалдық жол ашты деп айтуға болады. Меніңше, бүгінгі қазақ әдебиетінде сол жолдың сәтті жалғастырушыларының бірі – жас қаламгер Мәлік Отарбаев.
«Біз күткен бақыт» кітабында менің назарымды аударған басты ерекшелік – автордың атқаратын ресми мемлекеттік қызметіне қарамастан, оның тәуелсіз ішкі еркіндігі (бұл кітапты жазғанда ол бірнеше жауапты мемлекеттік қызметтер атқарған). Кітаптағы мәтіндер мен оқырман арасындағы қарым-қатынаста бұл еркіндік анық сезіледі: автор өзін белгілі бір идеологиялық шеңберге салып шектемейді, көркем ойдың үстінен көлеңке түсіретін мемлекеттік көзқарастағы қатаң ережелерге бой алдырмайды. Эсселер арқылы оқырманның ой-санасына табылған жол – адамның ар-ожданы, жауапкершілігі, рухани тұтастық пен ақиқат.
Автор қоғамды, жалпы адамзатты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді мемлекеттік қызметкердің тілімен емес, жазушыға тән стилімен және сезімталдығы арқылы жеткізеді. Сондықтан да автордың дауысы «жоғарыдан төмен» сөйлейтін адамның үніндей емес, өз халқымен бірге тұрған, елден жырақта жүрсе де Отанынан, туған жерінен, сол жердегі адамдардан ажырай алмайтын ұлт зиялының үні ретінде естіледі әрі есте қалады.
Автор кітапқа енген шағын шығармаларын эссе жанрына жатқызғанымен, бұл мәтіндерде дәстүрлі эссе поэтикасынан гөрі шығыс мәтіндеріне тән мысал (притча) сипаты басым. Мәтіндердің ішкі құрылымы да соны дәлелдейді: автор оқырманды ойлануға, өзін және әлемді қайта оқуға шақырады.
«Жұбатқан жұлдыз» атты шағын әңгіме кітаптың увертюрасы іспетті. Бұл мәтін сырттай қарағанда бір отбасының оқиғасы секілді: жемқор басшының әділетсіздігіне ұшыраған әке, күйзелісті үнсіздікпен жеңуге тырысқан ана, жағдайдың күрделілігін толық түсінбесе де, сезінетін бала және түн қараңғылығында жымыңдаған жарық жұлдыз. Мұнда «жарық жұлдыз» мысал ретінде әңгіменің өзегіне айналады. Мәселе жұлдыздың өзінде емес, оның тудырған рухани күйінде ашылады. Жұлдыздың көрінуі – жұбаныш, ал отбасының тағдырын өзгертетін – жұлдыз кейпінде көрінген үміт. Бұл жерде мысал эстетикасының негізгі шарты да айқындалады: сыртқы көрініс ішкі мағына үшін картинадағы бояу қызметін атқарады.
Кітаптағы мәтіндердің рухы Шығыс мәдениетінің ғасырлар бойғы «шағын оқиға – терең мағына» поэтикасынан бастау алады. Бұл стильде ақиқат автордың тікелей түсіндірмесінде емес, мәтін ішіне ишара ретінде енгізілген образда өмір сүреді. «Кеме» деп аталатын алақандай шығарма да соның айқын мысалы. Бұл мәтінде посткеңестік кеңістіктен қалған ескі дерттің диагнозы жаңа көркем ойдың тілімен беріледі. Автор үшін «кемеге міну» – жоғары жақтың «тізіміне іліну», жасанды бедел мен сыртқы жетістік нышаны. Ал мәтіннің астарында тұрған сұрақ мынау: адам өз ішіндегі өзін қай кеменің жолаушысы деп санайды? Автор бұл сұрақты ашық қоймайды, философия осыдан туындайды.
«Жоғарының тізімінен» тыс қалғандар – «Ескі заманның дәруіштері» мен уақыт арасындағы драмалық алшақтықты көрсетеді. Мұнда Рыдван молданың таспихы – халық жадынан бүгінге жеткен символ. Таспих жібінің үзілуі бүкіл посткеңестік жүйелердің жасырын үрейін аңғартады: егер бір күні «тізім» механизмі күйресе, адам тағдырлары таспихтың моншақтарындай бытырап кетуі мүмкін.
Автор басқа шығармаларында жазғандай бұл мәтіннің де соңын ашық қалдырады. Осы арқылы оқырманды терең ойға жетелейді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Біз күткен бақыттың» ішінен өтетін кеме – үкім емес, сұрақ алып жүреді; бұл мәтіндер мойындау секілді естіледі.
Мәлік Отарбаевтың эсселері Шығыстың классикалық мәдени мұраларынан қуат алады. Абайдың Қара сөздері негізінде дүниеге келген бұл жазбалар кең бір географияның мәдени шекараларын тоғыстырып, Қазақ даласын Анадолы сопылық даналығының көзімен тамашалатады. Автор бұл есімдерді атай ма, атамай ма бәрібір, мұнда Қожа Ахмет Ясауи, Низами Гәнжауи, Жәлаладдин Руми, Әлішер Науаи рухы заманауи шындықтармен сабақтасады.
Осы қасиеттерді автордың әңгімелерінен де көреміз. Әзербайжан тілінде жарық көрген кітапқа енген «Шамнан ұшқан шағала» атты әңгімесін белгілі ақын Мәмед Исмайыл аударып, шығарма «Әдебиет газеті» бетінде жарияланған еді. Бұл әңгімеде тарихтың ащы шындығы – Сириядан босып, Түркияға паналаған, бірақ мұнда да өз орнын таба алмаған адамдардың тағдыры суреттеледі. Сол сергелдең жандардың арасында қазақ тілінде сөйлейтін Айсамал есімді кішкентай қыз да бар. Әкесі адасқандардың үгітіне еріп, отбасымен Қазақстаннан Сирияға барған, соғыста із-түзсіз қаза тапқан, аласапыранда анасынан айырылған, ұстазының қамқорлығымен Ыстамбұлға жеткен бұл баланың тағдыры ертегімен астасып беріледі. Қазақстаннан Түркияға оқуға келген Төлегеннің кішкентай қызға айтып берген «Шағала ертегісі» әлемнің саяси, әлеуметтік және рухани шындықтарына айна ұстайды. Әңгімеде қазіргі заманның қасіретті шындығы, Сириядағы қақтығыстар салдарынан отбасылардың бастан кешкен трагедиялары әсерлі түрде бейнеленеді. Сириялық босқын Нисаның «Біз бұл дүниеге өлу үшін емес, өмір сүру үшін келдік!» деген сөзі идеологиялық манипуляцияларға қарсы қарсылық ретінде естіледі. Мұнда зорлықпен «жиһадқа» айдалған адамдардың тағдыры мен олардың балаларының тартқан психологиялық жарасы ауыр тілмен жеткізіледі.
Айсамал – соғыс пен босқындық жағдайында жоғалған адамның символы, ол өзінің болмысын ғана емес, тілін де жоғалту алдында тұр. Төлегеннің оған айтқан «Шағала ертегісіндегі» баланың күндіз құс, түнде адам болуы – адамның өмірдегі екіұдай күйін, өзін қорғау мен бар болу арасындағы тепе-теңдікті білдіреді.
М.Отарбаевтың әңгімелерінде Төлеген бейнесін мысал дәстүрінің қазіргі мәтіндегі интерпретаторы ретінде көреміз. Оның суреттеген мешіт маңы, кесенелер, зират, ағаш жапырақтары, бақтағы гүлдер мен тіршілік иелері символдық-мәдени кеңістікті қалыптастырады.
Бұл әңгімелерде баяндаушы қызметін атқаратын Төлеген есімі қазақ халқының жадысын бүгінге жеткізеді. Бір жерде оның атасы ұстазының аты болғаны айтылады. Сонымен қатар Төлеген – «Қыз Жібек» жырының басты кейіпкері. Қазақ эпикалық жадында ерекше орны бар бұл есімнің таңдалуы кездейсоқ емес: автор кейіпкерін ұлттық жадыны оятатын архетиптік тұлға ретінде ұсынады. «Қыз Жібекте» ерлік пен батырлықты бейнелейтін Төлеген М.Отарбаевтың әңгімелерінде ар-ожданды, мейірімді, адам үнін сақтап тұрған рухани тамыр деңгейіне көтеріледі. Қазіргі күрделі заманда Төлеген «жұбатқан жұлдыз» іспетті көрінеді.
«Үзілген жапырақ» атты әңгімесі зират көрінісінен басталады: Төлеген атасы мен әжесінің қабірін зиярат етеді. Бұл үнсіз кеңістік біртіндеп жеке, отбасылық әрі ұжымдық жадыдан тым тереңге жеткізетін символдық қақпаға айналады, ал бұтағынан үзіліп жерге түскен жапырақ сол қақпаның кілті секілді мәнге ие болады. Жапырақтың үзілуі өлімнің шарасыздығын да, тамырынан ажыраған адамның тағдырын да білдіреді.
Әңгімеде кенеттен пайда болған Хадишаның жан күйзелісі мен сандырағы, «Қызымды тірідей көміп тастады!» деген жанайқайы баяндауда күрт бұрылыс жасайды. Уақыт үзіледі де, Төлегеннің қиялында ежелгі надандық дәуірі, қыз балаларды тірідей жерге көмген жабайы тайпалар мен олардың ғибратты істері көз алдына келеді.
Төлеген мен анасының әңгімесінен Хадишаның қызының мезгілсіз өліміне оның сұлулық байқауына қатысуы себеп болғаны белгілі болады. Қыз Қазақстанда байқауда жеңіске жеткен соң Америкаға шақырылып, сол жерде белгісіз себеппен өз-өзіне қол жұмсаған. Қыздың трагедиясы «Шағала ертегісіндегі» тағы бір үзілген жапырақпен – Сирияға кетіп, қайғылы тағдыр кешкен қазақ отбасының тарихымен үндеседі.
Алайда бұл мәтінді кітаптағы «Әлем аруы» атты эссемен бір контексте қарастырғанда күрделі сұрақтар туындайды және автордың қазақ қызының сұлулық байқауына қатысуын «ұлтты келемеждеу» деп бағалауы таңғалдырады. Одан да таңғаларлығы – 1932 жылы түрік қызы Кериман Халистің Бельгияда өткен халықаралық байқауда «Әлем аруы» атануына берілген авторлық түсіндірме.
Автор Кериман Халистің бұл жеңісін түрік ұлтының мәдени жеңілісі деп есептейді. Ал, шын мәнінде, Түркия Республикасының негізін қалаушы Ататүрік жоғары бағалаған бұл оқиға сол дәуірдің идеологиялық ойлау жүйесінде әйелдің қоғамдық рөлінің артуы, патриархалдық стереотиптердің бұзылуы, түрік әйелінің өзін заманауи әлемнің субъектісі ретінде танытуы ретінде қабылданған еді. Эсседе байқау қазылар алқасының атынан берілген дәйексөздің тарихи дерек ретінде ұсынылуы да күмәнді, өйткені мұндай құжат жоқ, тек актер Халид Турханның негізсіз мәлімдемесі ғана бар. Автор сол мәлімдемені идео­логиялық факт ретінде пайдаланып, Ататүрік дәуіріндегі реформалар мен республикашыл модернизация секілді күрделі процестерді тым қарапайымдатып жібереді. Түркияда Ататүрік реформаларын «Батыстың жеңісі» ретінде көрсету тарихи да, идеологиялық тұрғыдан да шындықтан алшақ. Ататүріктің модернизациясы Батыстың қысымымен емес, Түркияның ішкі қажеттіліктерінен туындаған процесс еді, ал әйел құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету сол процестің негізгі тіректерінің бірі болатын.
Автордың бұл мәселедегі пікірталасқа ашық көзқарасын оның ой еркіндігінің көрінісі деп қабылдаймын. Үміттенемін, менің бұл ескертпелерім әрі автор, әрі кітаптың баспагерлері тарапынан түсіністікпен қабылданады. Жапырақтар әртүрлі себептермен бұтағынан үзіліп кетуі мүмкін, бірақ бізді біріктіретін тамырларға адалдық – баршамыздың рухани борышымыз.
Кітапты әзербайжан тіліне жас түрколог, Баку мемлекеттік университетінің түркология кафедрасының докторанты Мәлейке Мирзәли аударған. Бұған дейін ол «Қазіргі татар әңгімелері антологиясын», сондай-ақ «Түркі әлемінен әңгімелер» атты жинақты құрастырып, тәржімалаған болатын. Мұндай жүйелі бастамалардың түркі халықтары арасындағы мәдени және рухани тұтастықты тереңдетуге лайықты үлес қосатынына сенімдімін.

«Әдебиет» газеті,
5 желтоқсан 2025 жыл

Мәти ОСМАНОҒЛУ,
әдебиеттанушы-ғалым,
Баку мемлекеттік университетінің профессоры

ПІКІРЛЕР6
Аноним 13.01.2026 | 20:21

Керемет!

Аноним 13.01.2026 | 22:05

Өте Кермет!

Аноним 14.01.2026 | 00:20

Кітаптағы әрбір эпизодты көркемдеп ұщқыр оймен шынайы жеткізген.
Керемет!

Аноним 14.01.2026 | 15:57

Мәлік қаламың ұштала берсін.

Аноним 15.01.2026 | 17:37

Тамаша.

Аноним 16.01.2026 | 11:42

Мәлік Нұржанұлы шабыттың тұлпарына мініп осындай көркем туындылар шығара беруіңізге тілектеспін. Абрайыңыз асқақтап биік белестерді бағындыра беріңіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір