ҚАНИПА АПАМ, ХАН АПАМ!
05.01.2026
145
0

Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ораз Жандосов атындағы орта мектепте дәуірдің дара ұстазы Қанипа Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік зертхана филиалының ашылу салтанаты және 80 жылдық мерейтойына орай «Ұстаздықтың сөнбес жарық жұлдызы, ұлт ұстазы – Қанипа Бітібаева» тақырыбындағы республикалық конференция өтті. Конференцияны Қанипа апайдың перзенті, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, О.Жандосов атындағы мектептің директоры Айжан Кеңесқызы ұйым­дастырды.

Қ.О.Бітібаева атындағы ғылыми-әдістемелік зертхана филиалын ашуда ғылыми педагогикалық мұрасын насихаттау және білім беру сапасына қосқан үлесін дәріптеу конференция мақсаты болды.
Конференцияға білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің өкілдері, әдістемелік орталықтың әдіскерлері, ЖОО-ның профессор оқытушылар құрамы, республикалық Қ.О.Бітібаева атындағы ғылыми-әдістемелік зертхана филиалының жетекшілері, білім беру ұйымдарының педагогтері қатысты.
Алматы облыстық Білім басқармасының басшысы Салтанат Дауысбекқызы Пленарлық мәжілістің модераторы болды. Мәжілісте елімізге танымал ғалымдар конференция тақырыбын ашу барысында ой қозғады. Олар бетпе-бет, қашықтықтан сөз алды. Әсіресе Өскемен қаласындағы Қанипа апай ұзақ жыл білім берген Жамбыл атындағы интернат-гимназия түлектерінің лебіздері көкейден шығып, көңілге қонып жатты. Ұлт ұстазынан дәріс алған ғалым-ұстаздардың сөйлеу мәнерлері мен ой қозғау барысындағы білім, тәжірибелері тереңдігімен танылып тұрды.
Пленарлық мәжілістен соң конференция үш топқа бөлініп, тәжірибе бөлісуге кірісті.
Екі күн болған конференцияда Қанипа Омарғалиқызы салған қасиетті қазақ әдебиетін оқыту әдісінің төңірегінде жан-жақты мазмұнды, мағыналы ойлар айтылды. Көкейге қонымды пікірлер зерделеніп, келісті кеңестер айқындалды.
Мен Хан апама арнап өлең оқыдым. Алпыс жылдығында Алматыда, алпыс бес жылдығында Өскеменде арнау өлеңдерімді тарту еткен едім. Хан апам разылығын білдіріп, «Қазақтың Қанипасы» атты кітабына қолтаңба қойып сыйлаған болатын. Ұлт мақтанышына айналған тұлғаға арналған өлеңдерімді халқымыздың сөз қадірін білетін қауымына ұсынғым келеді.

ЗЕРДЕЛІ ОЙЫҢ МӘҢГІЛІК БОП ТЫҢДАЛСЫН!

Шабытыма қанат бердің шарқ ұрған,
Ізгілікті үндей білген жарқын жан.
Менің үшін парқыңыз бен нарқыңыз,
Артық деймін сомдап құйған алтыннан.

Жеткіншектің жүрек отын маздатып,
Қоламтасын тәлімменен қоздатып.
Дархан, дара жүргеннен соң құрметпен,
Берілмеген басыңызға аз бақыт.

Абайменен астасқан соң талғамың,
Даналықты тәлімменен жалғадың.
Білім дария ертісімен жүздің де,
Асқақтаттың бұқтарма ойлар арманын.

Ақ жайықтың жағалауын барладың,
Ой ораммен нарын құмға барғаның.
Исатай мен Махамбетті үлгі етіп,
Жирендіріп жауыздықты толғадың.

Аңсап қапты Мұқағали ақынды,
Хантәңірін қазақтағы татымды.
Шәкірттерің ұлы дейді дарынды,
Содан білдім қандайлығын затыңды.

Ұлыларды ұлағаттау арманын,
Қағида қып, тірек етіп алғанын.
Біле ме екен мынау фәни дүние,
Бар екенін қазақтың бір ардағын?!

Сол ардағым бүгін алпыс жасқа кеп,
Болып жатыр жайсаң елі ас та төк.
Ізгілікті ізеттеген жандардың,
Ашық болсын өмір күні, аспан көк.

Жол нұсқаған ұрпағына, ұлтына,
Жаңа әдісті беріп жатыр құлшына.
Еңбектерін тәнті болып оқимыз,
Тамсанумен қазақилық ғұрпына.

Білген болсақ басқа елдің тұлғасын,
Арман, мақсат бойымызда тұнғасын.
Ардақталып алпысқа да келіпсіз,
Зерделі ойың мәңгілік боп тыңдалсын!

ХАЛҚЫҢ ЖАТСА ҚЫЗЫМЫЗ ДЕП ҚАҺАРМАН…

Қанипа апай атаған соң ақын деп,
Өлең жазбай жай жүруге хақым жоқ.
Әрбір күнім өлең-жыр боп өрілсін,
Сөзден сақтап мағынасыз татым жоқ.
Сөзден сақтап мағынасыз татым жоқ,
Бабалардай саралайтын асыл ма ек?!
Келіп қалдық дидарласып, асығып,
Хан апама іңкәрлігім басым боп.

Жайнай бергін, жасай бергін, асыл көк,
Қазағыма сізді берген ғасыр дөп.
Тектілерден туған текті өзіңіз,
Елің жатыр ғажап тұлға, жасын деп.

Ұл-қыздарын халық өзі қалайды,
Таңдар атса шұғылалы, арайлы.
Ал апатай, мына бүгін өзіңді,
Батыр ұлы Бауыржанға балайды.

Бауыржандар халқымызда санаулы
Жаны жайсаң, шұғыла нұр, аяулы.
Халқың жатса қызымыз деп қаһарман,
Болсын апа, бұл атағың баянды!

ҚАНИПА АПАМ, ХАН АПАМ!

Он жыл болды бақилыққа аттандың,
Көрмедіңіз арай таңның атқанын.
Толықсып Ай, Күн керуеннің батқанын,
Осылайша, ой өрмек боп жатқаным.

Алпысыңда өлең арнап келістім,
Басып жүріп ғұмыр күнде жер үстін.
Жырым ұнап, құшақтадың марқайып,
Алғыс айттың абыз апа, кеніштім.

Келіп жатыр тірлік күннің елесі,
«Жетпісімде үндемедің», – демеші.
«Топырағың торқа болсын», – деп іштен,
Тыныстатты өмір күннің белесі.

Сексеніңде қайта өзіңмен қауыштым,
Келіп отыр өрелі ойға ауысқым.
Тәніңізді алғанымен жер бесік,
Рухыңды шалқытуда ғарыш күн.

Жеті қаттай көгімдегі елессің,
Жаңашылдар өзіңменен теңессін.
Үлгі тұтып еңбегіңді, Әз апа,
Білім жолдың Хан апасы демес кім?!

 

Оңайбай Кәдірбек Сағымбайұлы,
Қазақ тілі, әдебиет пәндерінің маманы, зейнеткер
Алматы облысы,
Қарасай ауданы,
Жандосов ауылы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір