Желтоксан
05.01.2026
116
0

Желтоқсанды тарихқа «оқиға» ретінде енгіземіз деген біраз тоқішерлердің пиғылы әдірәм қалып, «Желтоқсан көтерілісінің маңызы жыл өткен сайын арта береді» деген қазақ жанашырларының ұстанымы аксиомаға айналып барады.

«Оқиға – болып өткен іс» дейді қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Қош! Ал Желтоқсан көтерілісі Қазақстан басшысы, Д.А.Қонаевты елімізге беймәлім адамға ауыстырылғаннан басталған ғой, яғни о бастан саяси негізі болған. Бірақ жастар қарусыз, бейбіт түрде, түсінік алуға келген. Ал қарсы жақ арандатып, ішімдік таратқан, қалталарына анаша салған, қыз-ұл демей өрт машиналарынан суық су шашқан, әскери иттерге талатып, күрекшелерімен сабап, өрескел әрекеттер пайдаланған.
Одан кейін жастарды қырып-жойып, жүзшақты адамды соттап, қазақ жастарына «ұлтшылдар» деп таңба басып, көптеген білікті қызметкерлерді жұмыстарынан босатып, студенттерді оқудан шығарып, қолданбаған репрессия түрі қалмағанша қудаланған қазақ Желтоқсан көтерілісін екі машина соғысқандай оқиға сияқты қабылдау керек пе?
Кеңес Одағының тоғыз қаласынан алдырылған аса ожар ұлдар шоғырланған әскери бөлімдер, жергілікті Орталық Азия әскери округі, Ішкі Істер министрлігі құрамымен қоса еріктілер жасақтарымен, он сегізінен он тоғызыншы желтоқсанға қараған түні алаңдағы айтуға адам аузы бармайтын ойран жабулы қазан астында мәңгі қалады деген үмітке кім сендірді екен? Алаңның маңында тұратын ел бар ғой. Бір ғана мысал: бір мектептегі кездесуде балалармен әңгімелесу барысында мектеп директоры еңіреп жылады. Кейіннен естігенімдей ол кісі көп ұзамай о дүниелік болып кетіпті. Көтеріліс кезінде еріктілер қатарында болған екен.
Мен – Желтоқсан көтерілісінің салдарынан бірінші болып, 1987 жылы, 5 қаңтар күні сотталған адаммын. Менің көтеріліске қосқан үлесім, үнпарақтар еді. Жастар Д.А.Қонаевты не себептен қызметінен босатқанын түсіндіруін, мүмкін болса, өз аузынан естуін талап етіп жатқанын 17-желтоқсан күні кешке гастрономда естідім. Ес тоқтатқан, 38 жастамын. Не болса да ресми ақпаратты тосайын деп шештім. Ақпаратты тәулік бойы тостық. Сол тәулік Ш.Айтматов айтқандай, «…ғасырдан да ұзақ түн» болып көрінді. Ақпарат 18- желтоқсанда, сағат кешкі сегізде Алматыдан, онда Мәскеуден берілді. Ақпарат санаға сыймайтын шындықты бұрмалауға толы болды. Күндіз өзім де алаңға шыққам, ұзынқұлақтар шейіт болған жастардың барын да жеткізіп қойған. Аналық ашуға отаршының елімді қанап келген әрекеттерінің перзенттік ашуы қосылып үнпарақтар жазуға кірістім. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де «ақыр қан төгілді, енді тәуелсіздік алғанша күресу керек» деп ой түйдім. «Қасиетсіздер, вон из Казахстана!» (үнпарақтар орыс тілінде) деп бүкіл қазақ айқайын қағазға түсірдім.
Енді сот процесіне оралсақ, мен процесте жеңілгем жоқ. Барлық таққан кінәлары негізсіз екенін дәлелдеп бердім. Алайда темір тордың арғы жағына тоғытып жіберді. Сот процесі барысында Д.А.Қонаевты да қорғаштап былай дедім: «Кеңес Одағының 1987 жылғы күнтізбелерінің бәрінде «Д.А.Қонаев Кеңес Одағы мен Коммунистік партияның көрнекті қайраткері» делінген. Сол кісінің 75 жылдық мерей тойына бір айдан аз уақыт қалғанда шұғыл алып тастайтындай не болып қалды?» Атан түйедей ақырып отырған ауыздарына құм құйыла қалды. Не айтарын білмей 2-3 минут ыңғайсыз үнсіздік орнады. Ақыры процесті жүргізіп отырған сот Төрағасы: «Партия солай шешті!» – деді.
2007 жылдың 15 қараша күнгі «Түркістан» газетінің номерінде тілші Көлбай Адырбек газеттің екі бетіне сол процесс туралы мұражай құжаттарына сүйене отырып, «Казахское дело» атты мақала шығарды. Шындық іздеп мұражайлардың кей кезде ғасырлар бойы жиналған шаңын жұтып, денсаулығына нұқсан келтіретін жандардың құлағына алтын сырға мұражайға құжат тапсырушылар өзіне жағымды нәрселерді ғана тапсыратынына көзім жетті. Мен жоғарыда жазған көріністердің әлгі мақалада бірі жоқ.
Колонияда бір жыл өткен соң көтерем халге жеттім. Енді арнайы бөлім бастығы оңашалап алып, Жоғары Кеңеске кешірім сұрап хат жазуымды талап ететін болды. «Жазбаймын! Не деп жазайын? «жазықсыздығыма жазықтымын» деп жазайын ба?» Айтқанымнан қайтпайтыныма көзі әбден жеткен соң «ауыр артиллерия» іске қосылды. Мені ГУИТУ (главное управление исправительно-трудовых учреждений) колония замполиттері шақырды. Талабы сол, «кешірім хат жазыңыз» дейді. Арнайы бөлім бастығына берген жауабымда «Мен өз ұрпағын өзі қыратын мемлекетте тұрғым да келмейді!» – дедім. Сол сөзімді «Сен өзіңе қол жұмсаймын» деп айттың деп күштеп емдеуге жіберді. 22 қарашада тұтқындардың «химия» деген режиміне ауыстырды. «Құқық қорғаушылардың» арсыздығы – жаңа режимге ауыстырғанда, құжаттарымның ішіне менің медициналық картамды салмағаны. Неге дейсіз ғой. Көтерем халге жеткізу де, күштеп емдеу де – пенитициарлық жүйеге компромат.
Айналайын елім, көрмегенді көріп жүріп жеткен Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! Білімді, ақылды парасатты болыңыздар. Біреу шығарған затты арбамен тасығанға тоқмейілсімеңдер, ол жұмсалған күш – далаға кеткен күш! Өз еліңді, мемлекетіңді көгертуге күш-қуаттарыңызды жұмсаған абзал! Ұстанымдарыңыз берік, көк туымызды бекем ұстайық!

Жансая Сабитова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір