ҚАЛДЫРАМЫН ҚОЛТАҢБА – ӨРНЕГІМДІ

Жомарт ИГІМАН
ӨМІР
Өмір – еңбек, ықылас, пейіл деймін,
Еңбектеніп тер төксем, жеңілдеймін.
Ықылас кеміп, пейілім тарылмаса,
Талқысынан тағдырдың жеңілмеймін.
Өмір – үміт, сөнбейтін шырағы бар,
Тәттілігі тым ерек, тұнады бал.
Үзілмейді үмітің сенім болып,
Өлең болып өріліп, жыр ағылар.
Өмір – намыс, еңсемді көтергенім,
Өмір өзен, өткелсіз өтем дедім.
Намысымды сын сәтте қайрамасам,
Бүгініме бүгілмей жетер ме едім?
Өмір ғажап, біледі жұртым мұны,
Шақырады алдыға сиқырлы үні.
Пешенеме жазулы, аз ба, көп пе,
Маған берген тағдырдың мүмкіндігі.
Ғұмыр бойы тоқыған, тергенімді,
Қалдырамын қолтаңба-өрнегімді.
Алғаныма өмірден тәубе деймін,
Безбендейді уақыт бергенімді.
ДОС ҚАБІРІНІҢ БАСЫНДА
Біздің көңіл тағы да досқа асықты,
Өзіңді іздеп, елегізіп босқа күтті.
Сен кеткенде келеміз дескен едік,
Саған барар сүрлеуді шөп басыпты.
Тағдыр салып жүрекке жара, жамау,
Қатарымды аяусыз тонаған-ау.
Саған барар сүрлеуді шөп басыпты,
Құлақтары қалқиған молаң анау.
Айдауына дертіңнің көне кетіп,
Не опа таптың ажалға ере кетіп?
Кім келгенін сыбырлап айтар саған,
Зиратың тұр құлағы елең етіп.
Антыңа адал, сертіңе берік едің,
Әлдиледі ертерек сені өлім.
Ағайынның аяғы саябырсып,
Ұмыта ма күні ертең төңірегің?
Сыр бөлісіп, шыға алмай құмарынан,
Көңіл қалды, не айла бар, сірә, бұған.
Мен тірліктің ырқына көнермін-ау,
Жан дүниемді қайтейін құлазыған?!
АЛАЯҚ
Пысықайлар жан беріп, жан алуда,
Қоғам қулық-сұмдықтан қаналуда…
…Алдандым да сан соғып қалдым, міне,
Ай мен күннің, амал не, аманында.
Пікірлеске көңілімнің төрін бердім,
Күдікке емес, үміт пен сенімге ердім.
Ұзын жолда сапарлас болған адам,
Жібі түзу жан болып көрінген-ді.
Алдау, арбау екенін ойлағаны,
Кеш ұғындым, пенде екен пайда амалы.
Қақшып кетті қалтамды ойда-жоқта,
Жанға батты сенімді лайлағаны.
Көздегені олжа мен пайда ғана,
Қуыс кеуде обалды ойлана ма?!
Ел қалмапты алаяқ ылаңдамаған,
Жан-жағыма қарап ем, айналама.
Адалдардан айласын асырыпты,
Арсыздықпен қауымды басыныпты.
Несиеге кіргізіп аңғал жұртты,
Миллиондап қарызға батырыпты.
Алдау, арбау… жазылмас кесел деп ұқ,
Қоғам теріс айналсын секемденіп.
Алаяқ па, телефон шалған кім деп,
Жауап қатпай тұтқаны көтермедік.
Жүрегімді жылытып үміт деген,
Бұған дейін ешкімнен үрікпегем.
Аңдап басып аяқты, төңірекке
Үйренермін қарауды күдікпенен.
ДӘНІККЕННЕН ҚҰНЫҚҚАН ЖАМАН
Сындарлы сәтте, нәпсі, сыналып ең,
Құлқынның соңы құрдым,сірә, білем.
Астыққа қамбадағы дәніккен соң,
Қарсақ та ін қазбай ма құлағымен.
Заман озды, десек те талғам басқа,
Құныққанды бола ма аңғармасқа.
Қауіп қылып жаздың ба, ақын бабам,
«Малға достың мұңы жоқ малдан басқа».
Адалдығың тұра алмас арашаға,
Қарынбайлар қоңсыға қараса ма?
Құдық өңеш жемқордың заманы бұл,
Ханнан бастап жалғасқан қарашаға.
Зауал, тыйым һәм тойым бар ма бұған,
Ойламайды басқаны өз қамынан.
Жырып қалсам дейді екен су басынан,
Алып қалсам дейді екен арбалыдан.
Көп қарғысы кем емес жай оғынан,
Деп сенетін аңғал жұрт баяғыдан.
Ал әзірше қол салған қазынаға,
Құныққанның туып жүр айы оңынан…
ЕСКІ СУРЕТ…
Сақи тағдыр сыйлаған соң жарық күн,
Өмірден өз үлесімді алыппын.
Шәкірт бейнем түсті кеше қолыма,
Сурет емес, мен ескіріп қалыппын.
Қадіріне жете алмаппын бес күннің,
Ертең деумен ерте күнді кеш қылдым.
Жастық шақтың жарқылының ізі жоқ,
Қу тірлікті қуып жүріп ескірдім.
Жастық дәмі, таңдайымда бал шырын,
Бұл өмірдің басы – сайран, арты – мұң.
Жоғалтыппын қызыл-жасыл дәуренді,
Жоғалтыппын жанарымның жарқылын.
Жарасатын тентектігі, ерлігі,
Жарасатын менмендігі, өрлігі…
Алыс қалды алып-ұшқан аусар шақ,
…Сабыр суы татар дәмім ендігі.
ШЫНДЫҚ ПЕН СҰМДЫҚ
Көптің бірі ем іздеп шыққан шындықты,
Сапарласым болып еді кіл мықты.
Жарты жолда айнып қалды барлығы,
Көрді-дағы жылмаңдаған қулықты.
Бұл фәниден іздегендер шындықты,
Бақ таппады, қайта қайғы-мұң жұтты.
Ел жүрегі шайлықты рас көргенде
Сұр жыландай сумаңдаған сұмдықты.
Тебендей боп тозып темір етігім,
Жоқты таппай қайтпаймын деп бекідім.
Алла қолдап жүрексініп қағып ем,
Шындық жасырынған үйдің есігін.
Ақиқатты ар-иманы күзеткен,
Көргім келіп қағып едім ізетпен.
Дімкәс біреу аяғына шалынып,
Ашты есікті тұрғандай бір сүзектен.
Қоғам оны жүнжітіпті ұйпалап,
Тергеу, тінту… тиесілі сый-табақ.
Үзіледі-ау жіңішкеріп жіптей бір,
Маңдайына жазылғаны үйқамақ.
Туралықтан болдық енді жасқанар,
Арылмастай ластаныпты аппақ ар.
Домаланып өтірік жүр жорғалап,
Доңыздай боп семіріпті-ау бәтшағар.
ДҮНИЕҚОРЛЫҚ ЕРТТЕП МІНЕ АЛМАДЫ
Айнымайтын сырлас досым – өлеңім,
Білімім мен білігім ғой – сенерім.
Танылуға тырыспадым жасымнан,
Жағынуға жоқ ебім.
Күпсінгенде көкірегін жел кеулеп,
Кеуде қақса бәзбіреулер мен-мен деп.
Көз көрімде тұрса-дағы биігім,
Ұмтылмадым өңмеңдеп.
Одырайып олай қарап өтсе кім,
Бұдырайып былай қарап жетсе кім,
Тымырайып төмен қарап кетсе кім,
Ешкімді де сөкпедім.
Таңғалмадым анау жүрсе абынып,
Таңданбадым мынау жүрсе қабынып,
Алданбадым қызыл-жасыл қызыққа,
Дүние қуып жанығып.
Адамдардың таза шықтай таңдағы,
Көңілінің жағасын кір шалмады.
Дүниеқорлық жүректерін қарайтып,
Ерттеп міне алмады.
Сыртқа шығып жүретұғын нұры ішкі,
Достарым бар несібелі, ырысты.
Кез келгенге бітпейтұғын бұл сипат,
Көпке болғай жұғысты.