ҮРДІСІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ҰЛТ ҚҰРИДЫ
Әнгімені әп дегеннен «үрдіс» сөзімен бастау себебіміз, осы күні көптеген ақпаратшыларымыз (журналистеріміз) бұл сөздің қандай мағына беретінін білмей, оны латынның «процесс» сөзінің қотармасына қолданып жүр. Бұл да ұлтты туған тілінен адастырудың бір жолы десек те артық бола қоймас. Осының өзі-ақ бүгінгі қазақтың өз тілінен өте алыстап, алшақтап кеткенінің бірден-бір айғағы.

Ал үрдіс дегеніміз салт-дәстүр, ол дегеніңіз – мәдениеттің басты тірегінің бірі. Ұлтты ұлт қып ұйытып, оның өмірін сақтап отыратын да сол ұлттың үрдістері. Қарап отырсаңыз, азаттық алдық, еркін ел болдық деп жүріп қабылдаған Ата заңымыздың өзінде қазақ ұлтының, қазақ елінің ұлттық үрдістеріне қатысты ешнәрсе жоқ. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, тарихшы, жазушы Қойшығара Салғараұлы дәстүрі бұзылмаған елдер «…біз құсап, Ата заңын өзге елдің Конституциясына негіздеп жазбайды. Заң баптарын өзінің ұлттық дәстүрлеріне негіздейді, соны басшылыққа алады», – деп өте дұрыс айтты. («Елдік негіздері». Астана, 2007, 38-бет)
Көріп отырсыз, үрдісі, яғни ұлттық мәдениеті бұзылмаған ел бөгде біреуге отар болмайды, тағдыр айдап отар болса, одан оңай құтылады екен. Ұлттық үрдіс-дәстүрдің бұзылуы, ең алдымен, отбасындағы әркімнің өз орнын білмеуінен басталады.
Ұлттың ұлт болып аман сақталуы әйел – әйелдің, ер – еркектің, ұл – ұлдың, қыз – қыздың әрбірі өз орнын білуінен басталады. Бұған дау айтушылар да көптеп табылары сөзсіз. Олар мұндайда қолындағы кемпір-шалды ішер ас, киер киімнен кенде қып отырмағанын сәдеттейді. Ал адам баласы үстіне жабу жауып, жылы қораға қамап, алдына шөп пен су қойғанына разы болып отыра беретін мал не өзге жануар емес. Керісінше қарт ата-анасына сол жағдайды жасап қойғанын сәдеттейтіндердің малғұннан айырмасы аз ғана. Шындығына келгенде қарт ата-ана отбасы, шаңырақ, үй-іші, өтен деп аталатын («жанұя» дегенді көргенсіздер ғана айтады!) осы алақандай мемлекеттің патшасы мен патшайымы, ханы, ханшайымы. Ол екеуі – бала мен келіннің, олардан тараған немере, шөберелердің жердегі табынары. Отбасындағы бүкіл сыртқы-ішкі саясат сол екеуінің қатысуымен жүргізіліп, кез келген келісім де, шарт та сол екеуінің көзқарасы мен пікірі қатаң ескеріліп жасалуы ләзім. Отбасының яғни шаңырақтың сыртқы-ішкі саясаты дегеніміз – үйдегілердің сырт көзбен, ағайын-тумамен, жегжат-жұрағатпен арақатынастарын реттеп отыру. Қазақ ағайын-тума деп аталас, рулас бірге туған қандастарды, ал жегжат деп кұда-құдағиларды, құда бала, құдашаларды, олардың ағайын-туыстарын айтады. Міне, бұл қарым-қатынастардың бүкіл мән-мағынасын келін мен бала осы қос қариядан естіп, біліп, сабақ алулары керек.
Ал біздің осы күнгі қазақтың «өзі болған» ұл мен қызы, келіні мен баласы ше? Бүгінгі қазақтардың шаңырағы астындағы шаң-шұң, дау-жанжалдың бәрі, тіпті үйлене сала айрылысып кету, не баланың, не келіннің ішкілікке салынып кетуі, ұрлық, басқа да қылмыс істеп абақтыға түсуі – бәрі де, ең алдымен, үлкенді сыйламаудан, үйдегі ата-ананы, яғни ұлттың осынау ең киелі үрдістерін сыйламаудан, не олардан қаймықпаудан болып жатады. Қазіргі қазақ жастарының бұлай бетімен кетуі ең әуелі кешегі кеңестік идеологияның кесірі десек, екіншіден қазақтардың кім көрінгеннің қаңсығына таңсық еліктегіштігі, әсіресе орыс көрсе пірғауын көргендей жалбақтап, білген орысшасын айтып, сонымен орысша сөйлескеніне мәз болатын жағымпаздығы кінәлі дер едік.
Бұны айтып отырған себебіміз, бізге үлкенді сыйламау, ата-анаға қарсы шабу, ұлттық үрдіс-салттарымыздан безініп, басқаның күл-қоқысын қастерлеу сияқты құлмінездік қылуаның бәрі әуелі патша, сосын кеңес заманында орысқа еліктеуден немесе орыстардың бізді соған күштеп үйретуінен басталды. Қашан да өзінін ұлттық үрдістерін, ұлттық тәрбиесін, қысқасы ұлттық бүкіл мәдениетін сақтап, ешқандай «ұлы халыққа, еліктемеген ұлттар қарулы қанды соғыста да жеңілмей, алуан түрлі айлакерлік идеологияларға берілмей тұтастық қалпын сақтап қалатынын тарих ғасырлар бойы көрсетіп-ақ келеді. Бірақ тарих шалдың сол сабағы жай қазекемнің де, оның кешелі-бүгінгі кейбір басшыларының да миына сіңбей келеді. Кешегі кеңес заманында өзбек, әзербайжан, түркімен, тәжік, сияқты мұсылман жұрты да, христиан грузин, армяндар да дәл қазаққа ұқсап орыстанып, дәл қазаққа ұқсап дінін, тілін, үрдістерін сатқан жоқ. Ал бізде ұлдың әке, қыздың ана сыйламауы, әйелдің ерін сыйламауы күні кешегі кеңестік «социалистік реализм» әдебиетінен басталды. Ол өз алдына бөлек тақырып.
Жазушы Д.Исабековтің бір шығармасында Мыстан кемпір адамдарға «Мыстандық өздеріңе керек болғасын үйретесіңдер» деп бажылдайды. Сол айтқандай бүгінгі жас ұрпақтың үлкенді, әйелдің ерін сыйламауы кешегі бір жылдары кеңестік-мәлкиттік (империялық) үгіт-насихаттың күштілігінен болса, бүгінгі Қазақстанда осы малғұндык тіршілік күндіз-түні толып жатқан орыстілді телеарналар мен әйелдерге арналған түрлі-түсті журналдар, кітапшалар арқылы бұрынғыдан да пәрмендірек насихатталуда. Бұл сұрқия саясатты кімдер, қайдан келгендер жүргізіп, оларға неге тоқтау салынбай отырғанын көзі ашық екінің бірі біледі. Әттең, біле тұра тілін тістеп отыра береді. Сол сұрқия саясат санасына сіңіп қалған, жас кезіндегі қылтың-сылтыңқұмар желікпелігі, орысшыл, батысшылдығы басыла қоймаған, әлі күнге шашын қызылмен, көкпен бояп, бөксесін бұлтитып тұратын шалбар, басына беретка киген кемпірлер, «папам обкомда, райкомда істеп жүргенде» деп сөйлейтін кейбір ақсақалдардың ішінде әлі де балаларына ұлттық тәрбие беріп, кітап оқы деп үйретудің орнына «немерелерім үш тіл үйреніп жатыр» деп мақтанады. Тағы да айтайық, мұндай топастық пен надандық бізден басқа түркітекті ешбір ұлттың ақсақалында жоқ! Қазір жасы сексенге таяп қалған кемпірлер немерелерін «Аселя, Айнура, Айжана, Баяна, Кымбата, Раушана, Райхана, Гульшата» деп шақырады. Ақымақтық деген кеселдің шет-шегі болмайтынын сол қазақтардан-ақ көруге болады! Олар солай дегенде олардын балалары «Батя», «Пахан» «Махан» деп, біріне-бірі «братан», «сестренкам», «племянигім» демей қайтсін?!
Егер біз бүгінгі тәуелсіз елімізді алдағы уақытта шынайы ұлттық мемлекет етіп жаңғыртамыз десек немесе әнебір «қазақстандық ұлт» деген көрләт ұлтқа айналып кетпеуін ойласақ, ұлттық ар-намыстан, ұлттық тәрбиеден әбден мақұрым болған қыз-келіншектерімізді тәртіпке салуды қатаң қолға алуымыз керек. Оның ешқандай айыбы жоқ. Бұл – мемлекеттік деңгейде, заң қабылдау арқылы қолға алынатын шаруа. Қазір қазақ әйелдері арақ-шарап ішу, маскүнемдікке, жезөкшелікке, зинақорлыққа салыну, еркегін, ата-анасын сыйламау, отбасына ойран салу, неке бұзу, ажырасу, көлденең көк аттыға, яғни ойдан-қырдан Қазақстанға ағылып келіп жатқан келімсектермен төсектес болып, жыныстық ауруларды өздеріне, өзгеге жұқтыру, сәбиін қоқыс жәшігіне тастай салу, кісі өлтіру, ұрлық істеу және басқа да толып жатқан азғындық қылуалар жөнінен дүниежүзінде «алдыңғы қатарларға» іліккені айтылып та жүр. Қазір мектеп жасындағы үлбіреген қыздарымыздың да көшеде жүріп келе жатып темекісін бұрқыратып бара жатқанына, тіпті ішіп алып аузына келгенін оттап тұрғанына етіміз өліп, көзіміз үйреніп кетті. Әділін айту керек, әсіресе орыс мектептерінде оқитын қыз балаларымызда ішімдікке, темекіге әуестік, бұзақылық анық байқалады. Олардың мектеп ауласында бірін-бірі лас сөзбен сыбап тұрғанын көріп те жүрміз. Қалай дегенде де қазақы мектептердегі ұл-қыздарымыз орыс мектебіндегі мақұрымдарға қарағанда ұлттық тәрбиеден ұлттық санадан құралақан емес. Соны біле тұра, балаларын, әсіресе қыздарын орыс мектебіне беруге құштар ата-аналар не ойлайды екен дейсің кейде. Бұған кейбіреулер әдейі тарататын «қазақ мектептері білімді нашар береді» деген өтірік сөз де себеп болуда. Біз кешегі кеңес заманында-ақ академик, ғылым докторы, ғылым кандидаты атаулының түгелге жуық ауылдағы, аудандағы қазақ мектептерінің түлектері екенін ұмытпауымыз керек еді. Ал қай мектептің шәкірттерінде әлгіндей бұзақылық, тәртіпсіздік аз болса, сол мектеп түлектерінде білім, ұлтжандылық, отансүйгіштік көбірек болатыны өмір заңы. Басқа діннің адамдары, орыс мектебіндегі мұғалімдер осыны жақсы біледі. Біле тұра, сенің қызына «мұсылман әйелдері инабатты, ибалы, шаңырақтың ұйытқысы солардан үйреніңдер» деудің орнына керісінше әңгімесін «вот, в цивилизованных странах равноправие женщин достигло такой вершины…» деп бастап, арамза ниетін мектепте жүріп-ақ жүзеге асырып жүр. Орыс мектебін айтамыз-ау, осыдан бірер жыл бұрын бір шонжар теледидардан қазір қазақ қыздары басына орамал тартып («байлап» емес) жүргенін ерсі көріп: «Немене, бәрің бірдей молда болып кеттіңдер ме?» – деп дікілдеді. Егер ол ата-бабасының, ұлтының үрдіс-салтын құрметтейтін, дегдарлы тұқымнан шыққан адам болса: «міне, ұлттық санамыз осылай оянып келеді, шашын сыпыртып тастап тоқал ешкіден аумай қалған, ашық-шашық, бөксесіне сурет салып кіндік пен үлпершектің ортасына сырға тағып жүретін сұмырайлар осы қыздардан үлгі алсын» дер еді-а-а-ау… Оның орнына біздің кейбір зиялылар парламентте, үкіметте қанша қатын-қалаш бар екенін айтып, олардың санын әлі де көбейтеміз деп батыстағылар мен олардың Қазақстандағы қарауылдарына есеп беріп, ақталып отырады.
Ислам діні, қазақ халқы ешуақытта қыз баланы, әйелді қорлықта ұстамаған, керісінше ең қадірлі, құрметті жанға балаған. Дүниежүзіндегі ешбір дінде әйелге ислам дініндегідей құрмет білдірілген емес. Атын айтпай-ақ қоялық, осы күні Қазақстан саясатына едәуір ықпалы бар бір ұлттың еркектерінің ішінде әйел болып жаратылмағаны үшін өзінің Құдайына күніге үш мәрте рақмет айтып, құлшылық ететіндер де бар екен. Ислам дінінде қарсы кейбіреулер әдейі таратып жүргендей әйелді кемсіту деген атымен жоқ. Керісінше, исламда балаға «егер әкең мен анаң бір мезетте, бір жерде тұрып сені шақырса, әуелі анаңа жүгіріп бар» дейді.
Ал бұрын «ең момын деген қазақтың өзі жерін, әйелін немесе қыз баласын әркімнің талауына түсіріп коймайды, сол екеуінің жолында өлетін еді» дейді ақсақалдар. Тәуке ханның «Жеті жарғысында» әйел құқықтары ислам шариғаттарына сәйкес белгіленген. Қазақта әйелді қорлау, біреудің әйелін, айттырып қойған қалыңдығын алып қашу тәмам руды аяққа басу деп есептелген. Ондай қылмыс жасағандар өлім жазасына кесілген. Құлағына салақтатып сым іліп бітеп алған, екі көзі қолындағы «сотовыйдан» босамайтын, бір-бірін «братан» деп шақырып, «қалай, нәрмальні ма?» деп амандасатын қазіргі қазақ жігіттерінің ішінде ұлттық намыс дегеннің не екенінен мақұрымдар да аз емес. Ал әнебір жылдары Парламенттегі «ханымдар» мен «ханшайымдар» қыздарымызға он еркекке де шыдауға болатынын айтқанын естіп, төбе шашымыз тік тұрды. Иә, біз ұлт болып аман қалғымыз келсе, әуелі әйелдерімізді тәртіпке шақыратын заңдар қабылдауымыз керек. Ал парламентке депутат болғысы келген әйел тұрмыс құрған ба, моральдық, адамгершілік, әйелдік сипаты қандай екені қатаң тексерілуі керек. Егер ол ерінен ажыраскан, ері бола тұра бала тумаған, туудан бас тартып жүрген әйел болса, ол он жерден белсенді, он жерден сауатты және табыскер, кәсіпкер болса да оны мәжіліске де, үкіметке де жолатудың да жөні жок. Өйткені депутат немесе үкіметтегі әйел өзінен кейінгі қазақ қыздарына, ең алдымен, ана болу, әйел бола білу жөнінен үлгі болуы керек. Ал бізде керісінше…
Иә, керісінше, біздің әйелдерімізді, қыз балаларымызды ұлттық санадан, ұлттық тәрбиеден аулақтатын үгіт-насихаттар аз емес. Әсіресе әртүрлі телеарналар мен видеолардың бұл әрекеттері қазақ ұлтына қарсы жасап отырған қылмысы деп жариялайтын уақыт әлдеқашан жетті. Ал қазақтың әйел жыныстысын азғындық жолға бастайтын қаншама кірме діни секталар, өтірік-расы белгісіз халықаралық ұйым деп аталатындар қаншама! Олар қазір сотталған, бас бостандығынан айрылған әйелдер мен балалардың құқын қорғау туралы түрлі кітапшалар шығарып таратуда. Қазір Қазақстанда өзінің некелі жары қаламаса, оны күштеп жыныстық қатынас жасаған күйеуін қылмыстық жауапқа тартатын заң бабы бар. Бұл да еуропалық мемлекеттерден, Ресейден көшіріп алынған. Бүйте берсе, қазақтар көп ұзамай әйелімен жыныстық қатынасты қалай, қай күндері жасау керегін де батыс еуропалықтар мен орыстардан сұрап алатын шығар. Бір қызығы сіз әйеліңіздің басқа біреумен жыныстық қатынас жасағанын көріп, оны қатты сабап тастасаңыз да жауап бергізетін заң бар. Ал әйеліңіз сіздің көзіңізге шөп салғаны үшін жауапқа тартылмайды. Ол оның жеке азаматтық құқы көрінеді.
Қорыта келгенде, біз қанша жерден ғылым-білімі жетілген, әлемдік мәдениет пен өркениет көшінің ел қатарлы сапында келе жатсақ та іргесі бәле-жаладан ада әлеуетті қазақ елі болып дами беруді ойласақ, оның бірден бір басты талабы, ең әуелі, туған ұлтын – миллетін, сол ұлтының ұлттық қасиетін, тәрбиесін, ұлттық салт-санасын сақтайтын ұл мен қыз өсіру керек екенін қарабайыр қитабан қазақтан бастап, зиялы қауым һәм билік басындағылар болып бір сәт те естен шығармауымыз әрі міндет, әрі парыз деп білуіміз ләзім. Тілін, дінін, ділін, дәстүрін сақтаған ұлтты ешбір дұшпан ала алмайды.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ