«Сексеуілдің шоғы»
17.06.2016
3078
0

Тұмадай тұнық жырлар

Ғалым Жайлыбай

Қолыма Қытайдағы бауырларымыздың өлеңдері топтастырылған жинақ тиді. Тұмадай мөлдіреген тұ­нық жырлар тереңіне тартып әкетті. Шөлде қал­ған жолаушы құм арасынан жылтыраған бұлақ кө­зін көргенде қандай қуанышта болса, менің де жүрегімді сондай шаттық кернеді. Еңкейіп, жыр-бастаудан сіміріп, құныға бас қойғаным рас.
Жыр – жан әлемінің айнасы. Осынау айнадан мынау сайқалсыған қоғамның аяр өңін көргендей болдым. Иә, қазақы Рух тірі екен! Ол біздің шет жер­де тағдырдың жазуымен қалып қойған қан­дастарымыздың қанында тулап жатыр екен. Туған топырақта жүрмесе де туған тілдің нәрі мен зарын ұмытпапты.  Ошақта қалған қоламтадай қызарып, тұтанып жатыр ол.
Балапан Рабатовтың мынау өлеңі менің жан-дүниемнің астаң-кестеңін шығарды. Бір өксік көмейіме келіп тығылып қалғандай болды:
Тау басына тасылған тас, кесектен,
Еңбекшілер елестейді кеше өткен.
Бүгін міне өзіңді алып шығуға,
Шыдамайды қос өкпең.

Ұлы десе ұлы болар қорған-ақ,
Тәніндегі тарих қаны сорғалап.
Тас айдаһар бара жатқан тәрізді,
Бауырымен жорғалап.

Секілденіп көкейдегі көп өлең,
Қарлығаштар ұшып өтті төбеден.
Тәңіртауға талпындырмай құсымды,
Неге тұрмын, неге мен?!
Ақын өлеңінің философиялық түйіні әріде жа­тыр. «Сабырлы тау, сабаз құзбен» кеңескен кескекті ердің сойын танығандай боласың, осынау жан әлемінің үнсіз  айғайынан! Иә, адам баласы айт­па­ған сөз бар ма, сірә! Алайда, ол өзінше айтады, өзін­ше жырлайды. Біреу салып кеткен соқпақты шиырламайды, «соқтықпалы» жолмен қияға өр­мелейді. Нағыз үлгі аларлық қасиет! Мен бұл жырлардан Қазақ халқына тән тектілікті таны­ған­дай­мын. «Сексеуілдің шоғы» арқаны қалай қыз­­дырса, осы жинаққа енген жырлардың қызуы бүкіл қазақ­тың жан дүниесін жылытары кәміл.
…Ерлік күйіңе қанатын едім,
Ерінбей айтар ертегін құптап.
Қара шалдардың қалатын едім,
Қара тонының етегіне ұйықтап.

Тотыдай тоқсан толғайын, елім,
Баяныңды ұзақ ашына, налып.
Тобылғыңнан ұшқан торғайың едім,
Қонайын қайта басыңа барып, – бұл Тәпей Қайысқанұлының қолтаңбасы. «Қара шалдардың шапанының етегіне ұйықтап» қалатын лирикалық кейіпкерге сүйсіне қарайсың. Шіркін-ай, бүгінгінің интернетке үңілген, жаһандануға жұтылып бара жат­қан ұлы мен қызы білмейтін, тіптен түсіне де ен­бейтін жай ғой бұл деген! Күйбең тірліктің бітпей­тін сүргінінен шаршаған жан осындай жырмен ғана де­малса керек, тазарып, жан сарайы  жаңғырса керек!
Екі елдің арасында ұшқан құс, жүгірген аң өте алмайтын бір заман болды. Хатпен жетті ме, жадқа жетті ме, білмеймін, Өр Алтай деген елде Мағаз Разданұлы, Қызырбек Оралов, Сәден Әнуарұлы секілді мықты ақындар болған екен. Солардың мы­надай-мынадай өлеңдері бар екен деп үзік-үзік жырларды айтатын едік.
Жиырма жыл тас түрмеде жатып елге оралған Мағаз ақын:
Сәлем, саған Алтайым!
Тентегің сонша сағынды.
Жоғалып кеткен бір тайың
Тарландап барып табылды… –
депті.
Жазықсыз атылып кеткен Қызырбек қашып жүріп ұсталғанда айтыпты:
…Жер шары – жалғыз ғана тарыдай-ақ,
Мен енді қайда барып, қайда сіңем…
Осындай сағыныш пен құсаның бәрін айтқан ақын да, айтқызған өз заманы болса керек. Сол Өр Алтайдың бауырында туғандар жәй ақын болмайды-ау деп қалдым. Жеңісхан Нүсіпұлы да әлгі айтқан ақиықтардың заңды жалғасындай көрінді.
Зәруімді мен күтем қара жолдан,
Бауырын бір жазбады-ау қара жорғам.
Қара қарғам, аспадан қара жолдан,
Боздайды кеп, боздайды боз далада,
Қалған бота  қара көз қара нардан…
Жеңісханның жырлары осылай құйылып түседі.
Немесе:
…Ертіс құяр теңізге,
Бақ пенен сор егіз бе?!
Сұңқылдап ұшқан қуыңды
Сұмырайға жегізбе!
Сұмырай деген де жыртқыш құс бар, құсты құс, адамды адам жемесе екен демекші, шамасы. Мысал десеңіз өлеңдерін дерлік оқып шығыңыз, іздеге­ніңіз­ді табасыз.
Көптен таңғы шықтай таза өлеңге сусаған басым жыр кәусарынан сіміре бердім, сіміре бердім. Мақ­сат Нұрғазиннің де өлеңдерінде өзгеше бояу, ерекше үн бар.
Салиқалы сан ауыл санатынан,
Ат үстінде күй шертіп, салатын ән.
Ат мінбеген қазағың қазақ емес,
Айырылған құс бейне қанатынан, –  Мақсаттың даусына еріксіз бұрыларымыз анық. Өйткені, қаны­мызда бар қасиет – жылқықұмарлық, кең далаға ғашықтық. Міне, осы қасиеттер атой салғанда шынымен де төрт қабырғаға қамалған қала тірлігін талақ қып, жұлдызды аспанмен сырласқың келеді, жайлауға барып аунап-қунап, балдай қымызына, саф ауасына мас болғың келетіні де жасырын емес.
Ал Нұрболат Әбдіқадыр жырларына сезімтал­дық, сыршылдық тән екен. Мәселен, мына бір өлеңдегі сыршылдықты қарайықшы:
Түу бастан тұлғаландым жарықты ішіп,
Өлді дер өңкей білмес табыт құшып.
Түннен күнге шықсам ғой, жауларымның
Жүрмес пе екі көзі ағып түсіп?!
Ерлан Нұрдыханұлының «Тастағы із» өлеңі де ойға жетелейді. Иә, мынау жарық дүниеде ақын жы­ры­мен ғана сырласады, жырға ғана өзегін күй­дірген өкінішін, алдағы күнге арқалатқан арманын айта алады. Әйтпесе, ақын бола ма? Жалғанда барлық адам өз мұңымен жалғыз дейтін болсақ, осы жалғыздық философиясы Ерланның жырларында оқырманды ой орманын жалғыз аралауға мәжбүр етеді:

Сәл мұңлылау дала әлдиі –
Ақ бұлақ,
Барады әне боз құлындай шапқылап.
Жас бұтақтың қимылындай жеп-жеңіл
Қарт ағаштың қабығынан қаттырақ.

Ашық оттың қасиетімен гүлдеген,
Кетем сіңіп сонау жым-жырт түнге мен.
Соңғы күздің жаңбырындай зілмәуір,
Тас кітаптың тағдырындай мұңлы өлең.
«Соңғы күздің жаңбыры мен тас кітаптың тағ­дыры» бей-жай қалдыра алмасы айқын. Біртүрлі жү­рек сазып, арқаңнан құмырсқа жүгіріп өткендей бола­тыны да шын.  Тас бетін мекендеген бояулар, даланы әлдилеген ақ бұлақ сыңғыры жанды мұңға батырғандай. Осынау қылау түспеген тазалықтан ақын болмысы танылады.
Жинақта ақын қыздардың да өлеңдеріне орын берілген. Олардың нәзік жүрегінің лүпілі, сырғасы­ның дірілі тұрғандай әр жыр шумақтарында. Көңіл толқып, жанарға жас үйірілгендей… Сөздің құдіреті ғой. Атамекеннен табаны ажырамаған адамдардың түсінбейтін мұңы, сезінбейтін сыры. Мәңгілік сағы­ныш…
Әзия Мағыпердің осы жинаққа енген «Іргеқұм балладасы» – табиғаты басқа өлең. Лирикалық кейіп­кердің өткен күнге деген сағынышы түйеші жігіт арқылы беріліпті. Туған жерге деген махаббат шертіліп, төрт түлік малды бағып, көшіп-қонған ата-бабаларымыздың тірлігін еске салады бұл өлең. Әзия қазақ қыздарының өрлігін, махаббатқа адалдықты  паш етеді.
Сәуле болар жақсының санасында,
Тұла бойың – тұнған нұр, нанасың ба?
Шалқимын пенделіктен нұрға шомып,
Қалқимын қара түннің қанатында.
Қала бірге ғажайып түске енеді,
Бақ-байлықтың жоқ енді түк керегі.
Түксиген түннің түріп қабағын нұр,
Тереземнен ентелеп ішке енеді.

Кемімді келдің нұрмен толтыруға,
Не деген шет-шегі жоқ мол шұғыла!..
Бара жатам бағзы бір дүниеге,
Қуыршақтай құлпырып қолтығыңда, – ақын қылаусыз шынын жайып салған. Адами бақыттың, пендеге тән бақыттың кілті – махаббатта екенін ұғындырғандай.
Айша Қабылқожақызының жырларында да жанды сурет, кестелі бояу, нанымды образдар жетіп-ар­тылады. Сөзімізге дәлел ретінде төмендегі бір шумақты мысалға алдық:
…Желге ырғалып желбегей әнші қайың,
Жүрегімді сен солай жаншы дәйім.
Қара тауға жөңкілген бұлтқа айналып,
Сағыныштың жасы боп тамшылайын…
Жас ақын Шалқар Қаныкей жырларындағы се­зім байлығы, тіл тазалығы жайлы «Қазақ әде­бие­ті» газетінде сүйіншілеп пікір білдіргенмін. Менің­ше, Шалқар ақын болып туған жігіт.
Жазбаймын жанып неге жыр,
Жанымнан жалын тамызып.
Барады-ау зулап беу, өмір
Бізді де теріс ағызып, –
дейді ол «Терісаққан» өлеңінде, Шалқардың кез келген жырынан ақын табиғатын түсінуге болады.
Жинаққа енген ақындардың барлығы да – қауыр­сын қаламы қатайған, қалыптасқан қалам­герлер. Алайда, бұл жырлар маған үлкен ой салды, кө­кірек көзімді ашты. Дүниеге өзгеше қарауға мүмкіндік берді. Қандай қиын өткелектерден өтсе де ана тілін жоғалтпай, тұмарындай қадірлеп, сақтаған қандастарымыздан үйренеріміз көп. Сондықтан «Сексеуілдің шоғын» оқыған әр қазақ­тың жүрегінде жыр ұшқындасын. Жинақтың жолы сәт­ті болсын!
Сөз соңында «Сексеуілдің шоғы» ұжымдық жинағын шығаруға демеушілік көрсеткен зиялы азамат Жеңіс Түркияұлы бауырыма Алланың нұры жаусын демекпін.


Сексеуілдің шоғыҚазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде Жазушылар одағы мен  «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының бірлескен жобасы аясында Қытайдағы қандас ақындарымыздың бір шоғырының өлеңдері топтастырылған жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жинаққа үлкенді-кішілі 26 ақынның жырлары енгізілген, бір сөзбен айтқанда, ол елдегі қазақ поэзиясының бүгінгі таңдағы деңгейі қандай деген сұраққа жауапты осы кітаптан табуға болады. Тұсаукесер рәсімін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма  төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай құттықтау сөзімен ашып, жыр кешін Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан жүргізді. Төменде кешке келген бір топ қонақ-ақындардың бір-бір өлеңін және жыр жинағындағы ақын Ғ.Жайлыбайдың алғысөзін ықшамдап  оқырманға ұсынып отырмыз.

 

 


Тәпей ҚАЙЫСҚАНҰЛЫ

Тәпей ҚАЙЫСҚАНҰЛЫБОЗТОРҒАЙ-ЖҮРЕК
Бозбала шақтың ізі анау,
Боз жорға мініп сабылған.
Құбыла жақтан қыз-алау,
Қадайды көзін сағынған.

Бидайық шидің басына,
Қона қап еппен жеп-жеңіл.
Боз торғай құсым, асыға,
Шырылдаушы едің шер көңіл.

Кішкене құспен арада,
Жақындық әлде бар шығар?
Оңаша жатқан далада,
Ой-көзіңді әбден аршып ал.

Бозала төсте саз көмей,
Боз торғаймен тел өскен,
Боздала сенің мәз-мерей,
Бозбалаң, сірә, емес пе ем?!

Айнала ұшып төбемде,
Сайраушы едің жыр толғай.
Құлағым түріп төменде,
Тыңдаушы едім бір талмай.

Тоғысқан дәйім қос үміт,
Өзектес өмірбаяның.
Екеуіміз ылғи қосылып,
Шырқаушы ек бірге дала әнін.

Кеудеме қонып әуенің,
Әуелеп ұшқан жүрегім.
Жалғасып жатқан әдемі үн,
Жүрегімменен жұп едің.

Той болып күнде тарасып,
Ду еді жатқан мына әлем…
Аттанар кезде адасып,
Артымда қалдың мың әуен.

Бейүнге елтпей жасанды,
Жабығып әлде барам ба?
Сенімен бірге жасауды,
Жазған ба тағдыр маған да?!

Түсіме кіріп кей түні,
Кеудеме қонып аласың.
Жалғайды ғажап ой тілі,
Жаным мен Дала арасын.

Барыңды, дала, арнаған,
Перзентің түгел адал ма?
Мені де талай арбаған,
Кіндіктес мынау адам да.

Шырылдап жүрген жұмыр ет,
Даланың шыбын жанындай.
Сендегі ұлы құдырет,
Маған да қонған жаңылмай.

Опасыздар да түбінде,
Тыңдайды бізден тағылым.
Торғай мен менің тілімде –
Ел мен жер сенің тағдырың.

Қуансаң дала көз тоймай,
Жұбансаң бірге жүдедім.
Жүрегім менің – боз торғай,
Боз торғай – менің Жүрегім.


Әзия МАҒЫПЕР

Әзия МАҒЫПЕРТҰЛА БОЙЫҢ –
ТҰНҒАН НҰР

Сен болған соң көрікті мынау қала,
Сайран салып жүреді нұр аулада.
Кейде қатал анамдай шарт қоймайды,
Қызға ашық күлуге, жылауға да.

Сәуле болар жақсының санасында,
Тұла бойың – тұнған нұр, нанасың ба?
Шалқимын пенделіктен нұрға шомып,
Қалқимын қара түннің қанатында.

Қала бірге ғажайып түске енеді,
Бақ-байлықтың жоқ енді түк керегі.
Түксиген түннің түріп қабағын нұр,
Тереземнен ентелеп ішке енеді.

Кемімді келдің нұрмен толтыруға,
Не деген шет-шегі жоқ мол шұғыла!..
Бара жатам бағзы бір дүниеге,
Қуыршақтай құлпырып қолтығыңда.

Нұр жауласа екен деп бар сананы,
Шамадан тыс болды ұмыт шаршағаным.
Ернімдегі ерніңнен жұққан нұрға,
Талай жігіт таңданып, тамсанады.

Нұр тамғанда көзіңнен, тіліңнен де,
Жұғып жатыр тамған нұр жұмыр жерге.
Реңіме алқызыл нұр көшеді,
Жүрегімнің дірілі тірілгенде.

Жат жүздерде жүрген соң мысқыл өріп,
Сананы мұң, жаулайды ішті желік.
Нұрды құшып тазарып, түніменен
Есті жырға оянам жүкті болып.

Мынау – бина, базар, бақ… Анау – көше,
Алтынменен апталсын, маған десе!
Сенсіз маған құны жоқ қызыл тиын,
Қала, естігің келсе – осы, ал, ендеше!


Нұрболат  ӘБДІҚАДЫР

Нұрболат ӘБДІҚАДЫРЖАРЫҚСЫҢ О ДҮНИЕ,
БҰ ДҮНИЕ…
Өлең жазу ақынға арман деуші ем,
Нұрлымын,
атымда нұр бар болған соң.
Әуелгімше өнбейтін дауды қуып,
Жанжалға еріп жөн бе еді
жалғанда өлсем.

Мен өлген боп,
өлмеймін барып-барып,
Қабырымнан тұрамын жарықтанып.
Жаным гүлдей құлпырса,
Көргім келмес
Түндемін деп тұншыққан
ғарыпты анық.

Түу бастан тұлғаландым жарықты ішіп,
Өлді дер өңкей білмес табыт құшып.
Түннен күнге шықсам ғой,
жауларымның
Жүрмес пе екі көзі ағып түсіп?!

Періште,
Жын,
Адамға – кімім ие?!
Жарықсың о дүние, бұ дүние!
Хақ мені бір тылсымның қорғайтыны,
Көктегі рухым райыс тірі кие.

Түнді сүйсе жын сүйсін,
жаным жарық,
Оянам бір ұйықтап ап,
тәнім қалып.
Мәпеден бір кенде емес мен – баласын,
Екі әлем сонсоң тербет бауырыңа алып!


Думан БӘЗІЛЖАНҰЛЫ

Думан БӘЗІЛЖАНҰЛЫБЕУ, ҚҰЛЖА!
Беу, Құлжа!
Бесігім бол, бас қала сен,
Беті – нұр, құшағы – құт, аспаны – әсем.
Бұлтыңа бұйдаланған жырым екен,
Құлаған жанарымнан жас па десем?!

Ескірер ертегідей елес-күнім,
Биіктеп кетсе дағы белес-қырым.
Әнеу бір көзі қызыл көре алмастан:
«Қазақта қала жоқ қой» деп естідім.

Мен үшін керек емес кім салғаны,
Лақтырдым иесіндей жыр-шалманы.
Атағы Алатаудан ары асса да,
Батады жанарының кір шалғаны.

Сылқымдай құлақ түрген жайлап сырға,
Тақсам ба махаббатқа айғақ сырға.
Ажарың ару болсаң ашылар ма,
Ғазалын ғашықтықтың қанша айтсам да!

Түркідeй түpeн жұpттан тіл қат, дала.
Шайырың шалқиды кеп сырды ақтара.
Түлеткен тұғырынан қыран-өлең,
Хафиздің шаһарындай қымбат қала –

Беу, Құлжа!
Бесігім бол, тербет мені,
Құшайын бар бақытты жер-көктегі.
Анамның алақаны секілденіп,
Жазып ал жаралансам емдеп мені.
Беу, Құлжа, бесігім бол!


Әріпжан ӘБІТАЙ

Әріпжан ӘБІТАЙКӨЛ БОЙЫНДАҒЫ ҚЫЗҒАНЫШ

Көл бойына ертіп бардым іңірде,
Көл бетінде толқын тұрған дірілдеп.
Жалынымды басайын деп шомылдым,
Сен жағада қарап тұрдың күлімдеп.

…Қаз-үйректер сабалады қанатын,
Анау жақтан жылт етті адам қарасы.
Тани қойдым,
Ол да сені сүйетін,
Ауылдағы бір қойшы ақын болатын.

Кеудемдегі қызғаныштың иті үрді,
Сен де сезе қойдың бірден сиқымды.
Сені сүйген екі ақын – екі ішек,
Ортамызда шертілмеген күй тұрды.

Ол ұяңдау жігіт еді,
қысылды,
Амандасып қолын саған ұсынды.
Білегіңнен ұстадым да ап кеттім,
Көрсеткендей күндесіме күшімді.

…Бүгін сенен айырылғанда жаны нұр,
Қиял кештім,
«Қыз дегеннің бәрі гүл».
Мәңгүрт емес,
Ақынға да қимаған,
Сол қызғаныш кеудемдегі әлі жүр.


Шалқар ҚАНЫКЕЙҰЛЫ

Шалқар ҚАНЫКЕЙҰЛЫТерісаққан

Қорым орманды қойнаулар,
Жарыса келіп қол соққан.
Терісаққан деген жайлау бар,
Бұлағы еді оның теріс аққан.

Құмартып қызық, ойынға,
Бұтағын ат қып ағаштың.
Теріс аққан бұлақ бойында,
Балалық, сенен адастым.

Төр жайлау еді ол ойпаң бір,
Айнала таулар қоршаған.
Ән салдырар ем ой, тағдыр,
Күйші әкем егер болса аман.

Даланы түйсе жарылар,
Бар салмағымен келсап-тау.
Әкемнің сондай әні бар,
Өмір өзені теріс ақты-ау…

Кетті әкем, табар жоқ әлім,
Оралмайды деп айтады ай.
Қалдырған маған сол әнін,
Қайталай бердім, қайталай.

Жазбаймын жанып неге жыр,
Жанымнан жалын тамызып.
Барады-ау зулап беу, өмір,
Бізді де теріс ағызып.

Өмір өзені теріс ақты-ау.


Айша ҚАБЫЛҚОЖАҚЫЗЫ

Айша ҚАБЫЛҚОЖАҚЫЗЫҚАПШАҒАЙ

Ей, Қапшағай, Қапшағай,
Кеудең кеніш, ақ сарай.
Сең сабылтып сен тындың,
Менде де күй тап солай.

Арқыраған өзен бе ең?!
Теңіздерге кезенген.
Тынып жатқан түріңнен,
Бір қасірет сезем мен.

Қан сасыған ғасырдың,
Қанша мұңын жасырдың.
Алас ұрып қанша рет,
Қаншама рет басылдың.

Сабылтатын сеңді ұрып,
Жарысатын жел мініп,
Арыныңды ноқталап,
Тастаған ба көл қылып.

Бұйықтанған бұла көл,
Мұңыңа ортақ мына бел.
Қиянат пен қорлыққа,
Тек сен ғана куәгер.

Ақ шағылмен нұрға орап,
Қара таулар тұр қарап.
Кейігенде кетесің,
Жағалауды жұлмалап.

Күңіренген күйменен,
Көкіректе күйді өлең.
Тасты егілтіп толқының,
Иірімде илеген.

Жанды қажап тілсіз мұң,
Өртенеді жырсыз күн.
Жан отымның шоғымен,
Айдыныңа гүл сыздым.
Мазағынан масқара ап,
Шанағымнан жас борап.
Күншілдердің күйігі,
Мені көрге тастамақ.

Жалғандықтың желкені,
«Мазақ» күйін шертеді.
Мынау ессіз дүние,
Өртеді ғой, өртеді.

Тулатқанда күш-ағын,
Тұншықтырса тұсауың.
Қара таудың сен құла,
Мекен етіп құшағын.

Қасиетім қараң боп,
Тиген кезде маған да оқ.
Лапылдаған кезімде,
Мен құлайын саған кеп.

Күйігінен көп күштің.
Кесе толы кекті іштім.
Сен бу болып көкке ұштың,
Мен күл болып көкке ұштым…

Ей,
Қапшағай, Қапшағай!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір