«Сувенир»
02.12.2025
33
0

«Сувенир»

Кеңестік әскер қатарында жүрген кезім. Әскери бөліміміз қазақтың құмды даласында «Байқоңыр» деген шартты атау­ға ие, Қызылорда облысының солтүстігіндегі ғарышқа ұшатын зымырандар мен ондағы қондырғыларды құрап-сынайтын алаңқайлардың бірінде орналасқан-ды.
Жазы от шарпыған ыстық, қысы қақаған суық. Көктемде ғана қызғалдақтары мен сарғалдақтары бір-екі аптадай бүкіл даланы кілемдей құлпыртатыны болмаса, сары ала-қоңыр ала белдері сұрғылт тартып, қатулы қабағынан ажырамайды. Жылдың төрт мезгілінде кейде бәсеңсіп, кейде үдей соғатын өткір жел өзімен бірге құмды ұшырып қойны-қонышыңа, аузы-мұрныңа дейін көміп өтеді. Асханадан тамақ ішкенде құм түйіршіктері тісіңнің арасында шақырлап, көзіңнен от шашыратады. «Тас шайнап, құм түкірдім» дегенге келтіреді. Ал алапат дауыл көтерілгенде, егер күзетте тұрсаң, қалқан болар ық тауып, күннің көзі ашылғанша жан сауғаламасаң, беталды лағып кетіп қалуың да мүмкін. Қысты күні аязы да айрықша. Желдің күшімен қанша градусқа төмендегенін аңғаруың қиын. Ондай ауа райында екі сағаттық кезекті күзетіңді бір сағатқа қысқартқанымен, екі шинель, оның сыртынан тон-тұлып, аяғыңа пима киіп тұрғанның өзінде сол аздаған уақытқа әрең шыдас бересің. Осындай қаһарлы қыстың ызғарын қайтаратындай жаздың аспан айналып жерге түсетіндей аптабында құм ішіндегі жан-жануарлардың ең бір шыдамдысы тасбақалар сияқты. Қалған ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндік атаулы мұндай ми қайнатар ыстыққа қалай шыдап жүргендері белгісіз.
Міне, осы бейкүнә момын, ешкімге зияны жоқ, ешқайда асықпайтын, өзге өлкеден жайлы мекен іздемейтін, бар ғұмырын құм ішінде өткізіп келе жатқан тұрақты тіршілік иелерін де аулаушылар табылады екен.
Күн жексенбі. Мен баспасөз басылымдарының жаңа сандарын қарап шығуға казармадағы Ленин бөлмесіне кірген едім. Алдағы күзде «дембельге» кететін бірнеше солдат шеткі үстелді айнала қоршап тұр. Ортадағы целлофан жайылған үстелдің жанында екі орыс жігіті құнжыңдап бірдеңе істеп жатыр. «Шиық-шиық» еткен тышқан үніндей дауыс естіледі. Бұлар не істеп жатыр деп жақындап келіп қарасам, бір тасбақаны қырынан қойып біреуі ұстап тұр да, екіншісі үстіңгі және астыңғы сауыттарының арасын қоларамен кесуде. Араның жүзінен қан сорғалап, тасбақаның кішкене басы жан-жағына жалтақтап, көздерінен жас моншақтайды. Аузын ашып-жауып шиқылдағандай үн шығарады. Тасбақаның денесін ортасынан тіліп жатқандар өз істеріне мәз, ыржалақтай күліп, әлденелерді айтқан болады. Үстелдің астында беті ашық қағаз қорапта бірнеше тасбақа біріне-бірі тығыла түсіп, өз кезектерін күтіп тыпыр етпей жатыр. Жаным түршігіп кетті.
– Что вы, делаете? Озверели что ли?.. – деппін, аузыма басқа сөз түспей.
Тасбақаны сойып жатқан екеудің бірі:
– К дембелью готовимся. Сувениры делаем, – дейді жайбарақат.
Сөйтсе, әлгі алынған сауыттарды егеу­қағазбен тазалап, өңдеп, бір-біріне теріс қарата кішкене темір болтпен бекіткен соң, түссіз лакпен бояп, темекінің күл салғышын жасайды екен. Арқадағысын жоғары, бауырындағысын төмен қарата бекіткенде, шынында да, экзотикалық күлсалғыш болып шығады. Алайда оны еліне жетіп, дос-жарандарына кәдесый ретінде табыстағанда бұл «сувенирлері» қалай әзірленгенін олар қайдан білсін?..
Мен Ленин бөлмесінен тез шығуға асығып, есікке қарай ұмтылдым. Көз алдымда тасбақаның кесілген қанды денесі мен мөлдіреген көзінен аққан жасы, құлағымда басына сауға сұрағандай шиқылдаған әлсіз үні қалды.

Шона ағамен өткен бір күн

Өткен ғасырдың 80-жылдарының ортасы. Бірде таң бозымен газет-журналдар редакциялары орналасқан зәулім үйдің тоғызыншы қабатының дәлізінде саңқылдаған дауыс естілді. Редакция бөлмелерінен шыққан біз, ұзын дәліздің орта тұсында дауыстай сөйлеп тұрған Шона Смаханұлы ағамызды көрдік.
– Кім бар маған ілесетін? Қазақ мектебін ашу үшін, міне, мына құлақтандыру жазылған парақтарды көшелердегі бағаналарға, аялдамаларға, т.б. көрнекті жерлерге жапсыруымыз керек. Маған көмекшілікке жарайтындарың жүріңдер, екі жігіт болса жетеді, – деп бұйыра өтініш айтты. Шөкеңе көмекшілікке бұрыннан қасына еріп жүрген «Қазақ­стан пионері» газетінің қызметкері, ақын Рақымжан Өтегенов пен «Балдырған» журналынан мен баратын болдым. Біз қаланың Шона аға көздеген бір аумағына автобуспен жеттік те, парақтарды жапсыруға дайындалдық. Ата-аналардың балаларын қазақ мектебіне беру үшін қай күні, қай уақытта, қай мектепке жиналу керектігі көрсетілген машинкамен басылған қағаздарға біреуіміз желім жағып, біреуіміз оны биіктеу жерлерге жабыстырып келеміз. Алдымызда Шона аға, қай тұсқа ілу керегін айтып жол бастап келеді. Бір кезде артына бұрылып қараған Рақымжан:
– Аға, біз жапсырған қағазды бір орыс әйелі жыртып жатыр, – деді ышқына дауыстап.
– Қане, анау қатын ба?
– Иә, сол.
– Әй, атаңа нәлет, что ты делаешь, собака! Женщина, зачем ты рвешь нашу бумагу? – деп Шона аға жанұшыра жүгіріп барып, әлгі әйелдің білегінен шап беріп ұстай алды.
Шөкең жанына жетіп барғанда байқадық, ол әйел зор денелі екен, ағамыздың басы оның кеудесінен ғана келеді. Соған қарамастан Шона аға оған қарай секіріп, ұрып жіберетіндей бір-екі қимыл жасады…
Басында қызыл қоңыр топысы, ақ көйлегіне қарастыра галстук таққан, костюм-шалбар киінген жасы үлкен адамның өзіне айбат шегіп, орысша-қазақша сөздерді қарша бората жөнелгеніне және жүгіріп келе жатқан бізді көріп орыс әйел сасайын деді:
– Я не поняла, потом порвала, – деді ақталғандай болып.
– Раз ты не понимаешь, надо порвать что ли? Это не для тебя написано, – деп тағы да жер-жебіріне жететін сөздермен түйреген Шона аға, оның сол арадан тез тайып тұруын талап етті. Біз жеткен бойда ағаға араша түсіп, жанжалдың ушығып кетпеуін ойлап басу айтып жатырмыз.
– Қарашы, оңбағанның «түсінбедім» деуін. Олар бәрін түсінеді, сол үшін жыртып жатыр. Бәрін ұқпаса да, «қазақ мектебі» деген сөзді жақсы біледі. Соған қанымен де, жанымен де қарсы. Қатын болмай, еркек болғанда ғой, желкеден түйіп жіберетін едім, – деп сөзінің аяғында өз қылығына өзі күліп, ашуын басты.
Қолымыздағы барлық қағазды түс ауа жапсырып болған соң, Шона аға:
– Ал, жігіттер, рақмет сендерге! Бүгінге жетерлік жұмыс жасадық. Жүріңдер, үйге барып шай ішейік. Сосын, сендер, қызметтеріңе барыңдар. Мен жеңгелеріңе кешке осындай құлақтандыруларды машинкаға бастыртамын да, ертең тағы да көшеге шығамын. Ертең басқа редакциялардан бір-екі адам алармын, – деп біздің қарсылығымызға қарамастан үйіне қарай бастай жөнелді.
Қаланың қай тұсы екені есімде қалмапты, әйтеуір, жаңадан салынған көп қабатты үйдің қасына келгенде:
– Бұл пәтерді менің қазақ мектептерін аштырып, жүгіріп жүрген еңбегімді бағалап, Одақ басшысы Олжас алып берген. Мұнда жастау жеңгелеріңмен тұрамын, екі балам бар. Ал бәйбішем өз балаларымен үлкен үйде, – деп мән-жайын айтты.
– Үлкен үйге де барып тұрасыз ба? – дедім
– Иә, екі жақта бірдей жүремін.
– О-о, жақсы ғой. Жеңгелеріміз өзара тату ма?
– Е-е, тату болмай қайда барады. «Ала дорбаның аузы» ашыла бергенде, ішіне «керегін» лақтырып тұрсаң, тыныш болады, – деп сақылдап күліп қойды сатирик аға.
Үйге кіргенде алдымыздан 10-12 жасар қыз бала шығып бізбен сәлемдесіп, әкесінің қолындағы портфелін алып жатты.
– Ой, айналайын, ағаларыңның аяғының шаңын сүрт, – деді Шона аға.
Қыз бала губка аяқ сүрткішті алып, еңкейе бергенде, «Жоқ, айналайын, өзім сүртемін», – деп аяғымды кейін тарттым. Ал Рақымжан болса, бұрын да келіп сүрткізіп үйреніп қалған ба, аяғын тосып, жайбарақат әңгімесін айтып тұр…

Диктор дауысты Дүйсекең

Дүйсекең – Дүйсенбек Қанатбаев бір күні «Түркістан» газетінің редакциясына келді. Ол кезде газет редакциясы Бөгенбай көшесіндегі екі қабатты ескілеу үйде еді. Қуана қарсы алып, амандық сұрасып жатырмыз. Дүйсекең редакцияға бір материал әкелген екен. Радиодан құлаққа жағымды қоңыр үнімен қаншама хабарлар жүргізіп жүрген жақсы көретін ағамыз. Ақындығы өз алдына. Мен «Қазақ әдебиетіне» екі-үш рет әзіл суреттерін салып, жариялап, жолыққанда жылы сәлемдесіп жүретінбіз. Біз жауапты хатшы бастаған екі-үш жігіт, бір қыз бала отыратын бөлмедеміз. Ағамыз біраз әңгімелескен соң, қайтуға айналды. Менің қазақшылығым ұстап:
– Дүйсеке, «қуыс үйден құр шықпа» деген, мына жас жігіттердің бірін дүкенге жүгіртсем қалай қарайсыз? – дедім.
– Дұрыс қараймын, – деп Дүйсенбек аға әдемі жымиды.
Бір жас жігітті жүгірттік. Ол тіскебасарымен бір жартыны алып жетті. Көлбай ондайды аузына алмайды. Абзал – жауапты хатшы, жауапкершілігі көп. Бас редактор дайындалып жатқан нөмірге байланысты шұғыл шақырып қалуы мүмкін. Сондықтан ол бізге қосыла алмады. Өзім айтқан соң, амалсыз екеуміз менің үстеліме жайылған «дастарқанның» басындамыз.
– Әй, жігіттер, Қалтай аға өзінде ме?
– Иә.
– Ойбай, ол кісі мына біздің түрімізді көрмей-ақ қойсын. Мен ішерімді ішкен соң тез кетіп қалайын, – деді ағамыз.
– Айтқаныңыз болсын.
Содан Дүйсекең екеуміз отырысымызды бастап жібердік. «Ақаңнан» бір-екі рөмке кеткен соң, Дүйсекеңнің әңгімесі де шырайланып, небір естеліктердің шеті сөгіліп жүре берді… Сонау студенттік кездерінен бері қарай біраз замандастары жайлы әдемі әңгіменің тиегі ағытылды. Сөйтіп, бір жартыны екеуміз тамамдап, едәуір желпініп алғандай болдық.
– Ал, Дүйсеке, қол жуатын бөлмеге барасыз ба? – деп едім…
– Жоқ, бармаймын, – деді.
– Онда мен барып келе қояйын. Сіз тапжылмай осында отырыңыз. Сосын, өзім шығарып саламын, – деп кеттім де, қайта оралсам, Дүйсекең орнында жоқ.
Сұрастыра келе, білсем, «Қалтай ағаға көрінбейін» деген Дүйсекең, сол кісінің кабинетінде отырғаны белгілі болды. Қабылдау бөлмесіне келсем, Бас редактордың кабинетінен саңқылдаған Дүйсекеңнің «дикторский» дауысы шығады… Ептеп есікті ашсам, төрде отырған Қалтай ағаға сұқ саусағын жоғары көтере бірдеңені дәлелдеп, түсіндіріп жатыр екен. Мен:
– Қалаға, кешіріңіз, Дүйсеке, жүріңіз, – деп, әрең дегенде алып шықтым…
Ертеңінде Қалтай аға мені көрді де:
– Иә, батырларым, мастықтарың тарқады ма? – дегені жымиып. Ұялғаным-ай…
– Тарқады, аға, – дедім сасқанымнан.
– Жақсы, жұмыстарыңды жасаңдар, – деп Қалтай аға кабинетіне кіріп кетті.
Қалтай ағаның сол ескертпесі өзіне шақырып алып ұрысқаннан да өтімді болды. «Мінезі де, қолтығы да кең қайран Қалағам-ай» деп жиі еске аламын.
Ал Дүйсенбек ағамыз қанша жерден танымал, диктор дауысты журналист болғанымен, ақындық арқасы ұстағанда, ешбір шеңберге сыймайтын асау мінездің де иесі екенін байқатқан еді сол жолы…

Еркін НҰРАЗХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір