Адалдықтың темірқазығы
Бекмұханбет Нұрмұханбетов үшін адамдардың атақ-дәрежесі, байлық-мансабы емес, адам бойындағы адалдық бағалы болатын. Өзі де мінезге бай, көңілі баладай адал жан еді.
1990 жылдардағы толқымалы кезеңде қолы жеткендер қонышынан басып Есік қаласындағы ежелгі сақ қорғандары орналасқан аумақты жекеменшікке оңды-солды сатып жатқан тұста Алматыдағы пәтерін тастап, айдаладағы Есікке көшіп келіп, қорғандардың тамтығын болса да қорғап қалуға жанталаса кірісуі тарихқа, атамұраға адалдықтың айқын көрінісі. Жайлы өмірді тәрк етіп, диуана тірлік кешіп жүріп атқарған шаруалары мен ақ ниеті қабыл болып сақ қорғандары орналасқан аумақта «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы ашылды. Осыдан кейін ешбір ғылыми атағы жоқ қарапайым ғылыми қызметкерді халық Алтын адам атап кетті.
Алтын адам өмірінің соңына дейін қорық-мұражайда Тәңіріне тәуба айтып, қызмет атқарып, жаңа тарихи таным қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Бұл да тамырынан ажырап қалған нәумез ұрпақтың бойына қан жүгірткен игі қадам, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік еді.
Ол кісі өзіне тәлім берген ұстаздарын, әсіресе, Кемал Ақышев туралы ылғи ерекше ілтипатпен айтып отыратын. Өзі де ақтық демі шыққанша ізбасар дайындаудан танған емес. Мұның өзі ұрпақтар сабақтастығына, атаның өзінше көсілсек «түп бабадан жалғасқан желіге» адалдық.
Ол кісінің жұмысқа келуі ұжым үшін мереке еді. Есіктен кіре өзін күтіп тұрған ұжымына құдай берген ерекше даусымен «Қайырлы таң!» деп дауыстап амандасуы, жағдай сұрасқанда қолын көкке көтеріп, салалы саусақтарын жайып «бес» деп өзіне ғана тән ерекше сүйкімділікпен жауап беруі бүкіл қызметтестерінің көңілін көтеріп, құлшынысын арттыратын.
«Біз бір жұдырық, бір команда екенбіз, тәуба», – деп ұжымға дем бере айтқан сөзінен соң ырың-жырыңға орын да қалмайтын. Бұл да болса өз ұжымына деген Адалдықтың көрінісі болса керек.
Шау тартқан жасына қарамай ширақ, әзіл-қалжыңы таусылмайтын қағылез кісі еді. Жұмысын жанындай сүйді, бар болмысымен қатты қадірледі. Ақтық демін алардан алты-жеті сағат бұрын қорық-мұражайға келген қонақтарға соңғы рет экскурсия жүргізіпті. Бекен атаның экскурсия жүргізген сәті Нұрғиса Тілендиевтің дирижерлігі іспетті, өз ісіне деген зор махаббатты сезесіз. Үйіне келген соң Өрнек ауылында басталуы тиіс қазба жұмыстарына қажет жолдорбасы мен керекті заттарын дайындап қойыпты…
Ақсақалдың тағы бір үлкен арманы – «Алтын адамның» сүйегін толықтай зерттеп, оны сақтардың ғұрып-салтымен жер қойнына тапсыру болатын.
Артында өзінің жолын қуған сан шәкірттері, ұрпағы қалды. Алып бәйтерек құлағанмен тамыры сау, топырағы құнарлы болса орнына талай-талай жас шыбықтар қаулап өсері хақ. Бұйырса, Атамыздың ол арманы да орындалады деп білеміз.
Он сегіз мың ғаламды өз құдірет, махаббатымен жаратқан Ұлы Хақтың ең кешірмейтін күнәсі – біреудің сыртынан ғайбат айту деседі Кәлам шарифтың оқуын түгескен жандар. Атамыз өмірінде біреудің сыртынан иянаттап көрмеген, кісіге қиянат жасамаған жан еді. Жаратқанның мейірі есепсіз төгілетін жақсы айда жер бесікке түсуі де Ұлы Жаратушының осынау қарапайым ғана ғұмыр кешкен пендесіне берген сыйы болар деп білдік. Хақ Тағала рай білдірсе өзіңіз бар болмысыңызбен сүйген сақ бабаларыңызбен, ата-ана, ұстаздарыңызбен, жарыңызбен, қыршын кеткен ұлыңызбен табысып жатқан боларсыз, Ата. Алдыңыз – пейіш, артыңыз – кеніш болғай қазақтың Қариясы – Алтын адам!
Досым Зікірия,
«Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени
қорық-мұражайының ғылыми қызметкері.
ПІКІРЛЕР1
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.