«ЖИДЕБАЙ-БӨРІЛІНІҢ» ДЕ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН
Ертіс өңірінің жұртшылығы, әсіресе, әдебиет пен өнер жанашырлары үшін көрнекті абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың қадір-қасиеті әуелден ерекше.
Бұлай болуы да табиғи нәрсе. Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толып отыр. Соған орай ғалымның туған күні – 5 қаңтарда оның өзі туып-өскен Семейінде тұсауы кесілген мерейтойлық шаралар Астана мен Алматыда салтанатты жиындар және салиқалы бас қосулармен атап өтіліп, республика өңірлеріне кең қанат жайды.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ұжымы, осы рухани орталықтың негізін қалаушы әрі алғашқы директорларының бірі болған қайраткер ағаға өздерінің қарыздар екенін түсінеді. Мұражайда көрме ашып, еске алу кешін өткізумен басталған шаралар Ұлы ақынның киелі шаңырағындағы республикалық «Қайым Мұхамедханов және абайтану мәселелері» ғылыми-тәжірибелік конференциясында тағы бір сараланған еді.
Ал жақында Қайымға арналған көрмелер керуені Астанадағы С.Сейфуллин мұражайында Елорда жұртшылығымен қуана қауышты. Тәуелсіз еліміздің Астанасындағы көрме қазан айына шейін аялдап, Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» музейімен Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектепте жалғасын таппақ.
Елі ерекше ардақ тұтқан Қайым Мұхамедханов шын мәнінде халқының тәуелсіздігі жолында аянбай күрескен қайраткер еді. Ұлы Абай өнеге еткен «жүрегі – айна, көңілі – ояу» біртуар тұлға Қайым Мұхамедханов туралы сөз айтуға оқталғанда кемеңгер ақын сақтандырған «көк тұман заман» ызғары жанымызды еріксіз түршіктірген. Көз алдымда қоғамды тапқа бөлген тұрпайы социологизмнің құрбанына айналған алаш қайраткері тұрды. Замана запыраны ғалымның 100 жылдық мерейтой жылы Абай мұражайына тапсырылған екі хатынан-ақ айқын сезіледі.
Соның бірінде Қайым аға күркідей ғана «АН-2» самолетінің ішін өзі қамалған лагерь тозағының жанында «жұмақ сияқты көрінді» деп, жүректі бір шым еткізеді. Мұхтар Омарханұлының ата-анасы зиратының орнын анықтауға қатысты Амантай Мұқатаевқа жазылған екінші хат та саясат сойқанының бұлтартпас айғағындай. «Бұдан 45 жыл бұрын, 1943 жылы Мұхтар Әуезовпен Абай елінде болдық, – деп жазады автор… Бөріліде болғанымызда Мұхтар өзінің қыстауын, әке-шешесінің бейітін көрсетіп, естіп-білгендерімді, көргендерімді мүмкіншілігінше қағаз бетіне түсіріп отырған едім. Ол жазбаларымды өзімді тұтқынға алғанда, 1951-ші жылы жазалау органы сыпырып алып кеткен… аман қалған бір бет қағазда Омарханның – Мұхтардың қоралары (қыстаулары), Мұхтардың әке-шешесінің, ағасы Қасымбектің зираты шартты түрде қағазға түсіріліп (сызылып) көрсетілген. Сол жазбаларымды 1943 жылғы жазылған қалпын сақтап, көшіріп, сенің сұрауың бойынша жіберіп отырмын. Ағалық, достық көңілмен – Қайым Мұхамедханов».
М.Әуезовтің жетекшілігімен Абайдың ақындық айналасын зерттеуге құлшына кіріскен ғалымды жазықсыздан-жазықсыз темір торға қамап, іс жүзінде өлімге айдау – адамға, тұтас халыққа қарсы жасалған нағыз қылмыс еді.
Сондықтан туған еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толатын мерейлі жылы біз өткеннің ащы ақиқатын ашып айтқанымыз абзал.
Ұлы Дала тарлан тарихы мен қайталанбас өнерін, айбынды да айшықты ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерін ел зердесінен зорлықпен өшіру кесапатын бастан кешті. Халық диктатураға қару алып, ашық қарсы шықпағанымен, күрес іс жүзінде ешқашан тоқтамады.
Сондай кезеңде Қайым Мұхамедханов Ұлы ақынның асыл мұрасына, хәкім Абайды дүниежүзіне танытқан Мұхтар Әуезовке деген адалдықтың тамаша үлгісін көрсетті. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт», – дейді. – Одан да өлгенім жақсы емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін», – деп жазады мұражай қорындағы естелігінде Қайым аға.
Баршаға мәлім, Мұхтар Әуезовтің бастамасымен 1940-шы жылы ашылған республикадағы тұңғыш әдеби-мемориалдық мұражайда Әрхам Ысқақұлы, Қайым Мұхамедханов пен Борис Аккермандардың музей ісін жүргізуі, жаңа айтқанымыздай, шырғалаңы көп кеңестік тоталитарлық жүйе құрсауында зиялы қауымның ұлт мүддесін қорғауға бел буған кезең еді. Олар ғылыми қордағы қолжазбалар мен естеліктерді, сирек кітаптарды зерттеу мен жүйелеу және ғылыми айналымға енгізу бағытында қыруар жұмыс атқарды.
Музейде аға ғылыми қызметкер, ғылыми хатшы, Абай мерейтойын өткізу комитетінің ғылыми хатшысы, 1947-1951 жылдар аралығында музей директоры лауазымын атқарған Қайым Мұхамедхановтың қызметтік есебі ғалымның кандидаттық минимум тапсырғанына, «Абайдың әдеби мектебі» тақырыбында зерттеу жұмыстарын жүргізгеніне, Әрхам Ысқақовпен бірге Абайдың шежіресін аяқтағанына және 1949 жылы Абайдың ақындық мектебінің шығармаларын алғы сөзімен, өмірбаяндарымен баспаға дайындағанына куәлік етеді.
Мұрағат деректерін қарап отырсақ, Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын өткізуге ғұлама ғалымның тікелей атсалысып, барлық ұйымдастыру жұмыстарының ұйытқысы болғанына қаныға түсеміз. Ғалым ағаның алақанының табы қалған музей жәдігерлері әдеби мұражайды Абайтанудың ғылыми орталығына айналдыруға Қайым ағаның көп күш-жігер жұмсағанының айғағы. Ол Абай заманындағы жәдігерлер мен естеліктердің ақынға қатысы барын жан-жақты тиянақтап, қор каталогын жасады. Сонымен қатар, Әрхам Ысқақұлымен қоса Ахат Шәкәрімұлымен тығыз байланысып, үзбей хат алысып, Шәкәрім ақынды ақтау ісіне де аянбай атсалысты. Қайым Мұхамедханов зерттеген көптеген қолжазбалар том-том кітап болып шығып, Абайдың ақындық мектебін алдымызға жайып салып, ұлттық мақтаныш сезімін оятты.
Абай мұражайының Қайым Мұхамедхановты білетін ардагерлерінің және ғалым ағаның замандастарының пікірлерін тыңдағанда тағы да көз алдымда Абай тақырыбын бүге-шігесіне шейін білетін, бұл арада ешқандай «ағайыншылыққа» жол бермейтін, тіпті ешкімнің атақ-дәрежесіне қарамайтын біртуар тұлға тұрды.
Биыл республика көлемінде өтіп жатқан сан алуан шаралар қызыл диктатураға қарсы әдебиет майданында аянбай күрескен «Өзіне ғана сенген, өзін екі жақтап алып шығар еңбегіне сенген» (Абай) қайраткер ғалымға деген құрметтің көрінісі деген лайық.
«Өлеңің, асыл сөзің кеткен жазып,
Бойға қуат, жаныма болған азық.
Қолыма қалам алсам, өлең жазсам
Алдымда ақын Абай – Темірқазық, – деп Қайым ағаның өзі жазғандай, біз үшін ол Абайтану саласы мен музей ісінде қайталанбас тұлға. Ғылым мен ғалым мәртебесін асқақтататындар да Қайым Мұхамедханов секілді нағыз қайраткер ғалымдар болса керек.
Болат ЖҮНІСБЕКОВ,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік
тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық
қорық-мұражайының директоры.