ЖЫЛАСЫНШЫ, БОЗДАСЫН ЕГІЛІП КҮН…
10.06.2016
2649
0

Зайда ЕлғондиноваЗайда ЕЛҒОНДИНОВА

 

***

Көк ғарышпен мәңгілік астасқанша,

Әзірейіл албасты қастасқанша,

Кербаланың шөлінде өмір сүрем,

Сен аман бол, табаным тас басқанша.

 

Ақ жүзімді қанша әжім айғыздаған,

Қартайдың деп жылайды байғыз ғалам.

Жұлдыздарға жылаймын қара түнде,

Келші, кел деп шақырам Айды ұзаған.

 

Қайран жүрек! Бұл күнде қансоқтасың,

Аппақ жаным өзіңнен әнтек басым.

Көкірегімді қарайтпа, сенсіз менің,

Миым, ағзам қалайша жан сақтасын!

 

Өртен жүрек, өртенші, өртенгірім,

Көтерілсін, гүлдесін еңсем бүгін.

Ғасыр жүгін арқалап ағзам кетсін,

Сен ұсыншы ақ қырау сеңсең гүлін.

 

Жыласыншы, боздасын егіліп Күн,

Қанша ғасыр маржан боп төгіліппін.

Мен ғашықпын әлемге, адамдарға,

Желегі де желге ұшсын Еңіліктің!

 

Керегі жоқ ұлы тәж, биік мүсін,

Махаббат та тастамас сүйіктісін.

Ғашық болшы, жүрегім, ғұмырымның,

Ең соңғы рет, ең соңғы жиып күшін!

 

Жапа шегіп жылайын мен желіктен,

Адасайын, жол таппай сенделіп мен.

Жүрегімді жұлып ап көкірегімнен,

Мені биік көтерші пенделіктен!

 

Қара түндей қуарып күн кеше алман,

Алып қашам, қанеки, мінгес арман.

Сезімімнің селіне тұншықтыршы,

Тыныштала алмаспын тынбаса жан!

 

***

Көктем, көктем, көкірегіңе кіремін,

Қайта туғыз, қайта тірілт, айтпашы оны.

                                                                Бір өлім.

Егделіктен, қарттықтан да қорықпа,

Он жетіге оралсаңшы, жүрегім!

 

Ай қараңғы, жұлдызы да жоқ аспан,

Бақалар жүр башпайымен бал ашқан.

Менің жаным көкжиекпен астасты,

Пенделіктен безе қашты адасқан.

 

Мені көріп Ай, жұлдызын жиды аспан,

Неткен өмір, даналықтан ми қашқан.

Ей, ғажайып еркін өмір, қайдасың,

Қайда кеттің бұл дүниеге сыймастан?!

 

Жүрегімді кел аймала, жарық нұр,

Мен сыймайтын өлшеп-пішкен қалып тұр.

«Зайда қызым егде тартты» деп күліп,

Мен сүйетін сәби мінез халық жүр.

 

Барлықса да жабы тартып көк дөнен,

Қашып барам егделіктен, егде емен.

Кербалада қалар ағзам шашылып,

Мәңгі бақи махаббатқа шөлдеген!

 

***

Соңғы демім, ең соңғы үзілгенше,

Қос жанарым ғарышқа сүзілгенше,

Сені ғана ойлаймын, сені ғана,

Мейлі, мейлі қыс келсін, күзім келсін…

 

Сені ойласам мәңгілік  мұңға айналам,

Тербетеді жанымды тынбай ғалам.

Омар Хаям тәрізді ғазал төгем,

Бас бармағым қарысып, сынбай қалам.

 

Жанарымның жап-жасыл көл тұрағы,

Оны күнде жалғыздық толтырады.

Қызылшақа жүрегім Күнге айналып,

Құлпынайдай ернімде шөл тұрады.

 

Ақ тамшыға айналып құса деген,

Жүрегімнің лүпілін тұсады өлең.

Аппақ нұрға айналып Алла сүйген,

Көк ғарыштың жұлдызын құша берем.

 

Ұлы Алланың нұрына шомылып күн,

Қара тікті қан жылап шегініп мұң.

Күймесінен сен үшін түстім бүгін,

Ақ Баян мен ақ ұлпа Еңіліктің.

 

Көтере алман мен енді титтей де сын,

Даналық пен даралық күтпейді есім.

Жас жапырақ жамылып мен отырмын,

Жыр-сәбидің жөрмеумен ит жейдесін.

 

Сені көрмей өтуде айлар қанша,

Жарқылдаймын сырт көзге жайдарманша.

Бас тартпаймын ешқашан махаббаттан,

Ақ нұрына Алланың айналғанша!

 

***

О, Алла, неге бүгін таң сабырлы,

Алтын нұр аймалайды моншағымды.

Қолымды сүйді сұлтан, сүйді патша,

Десті олар неге сонша ханша мұңлы?!

 

Тал-дарақ аймалайды жауса күнді,

Қан жұтып түн айтады қаусадым-ды.

Түсімде Тұмар берген алтын балдақ,

Қысады, қайтсем екен саусағымды?

 

Мен сүйген қайда кетті аппақ адам,

Жанымды жабырқатты-ау қаһ тағалам.

Жаныма бір тамшы нұр құя алмады,

Мақтаған бақ та маған, тақ та маған.

 

Жалғыздық, жанкештілік серігім де,

Алланың Ай, жұлдызы бөрігімде.

Махаббат бұйырмаған аппақ Зайда,

Тұмардың сарбаз болды шерігінде.

 

Шөлдейді жаңбырға да, жасынға адам,

Жоқ боп тұр, жұбататын қасымда жан.

Көктемде көп жылайсың, көкірегім,

Ынтызар, іңкәрлығы басылмаған.

 

***

Сазыңды шал, сазыңды, өнер берсе,

Көкірегімнің жұлдызы көнергенше.

Мен соңыңнан қалмаймын ей, махаббат,

Мен сендікпін, сендікпін өле-өлгенше!

 

Жүрегімнің елеме қабарғанын,

Шашымның да елеме ағарғанын.

Мен соңыңнан еремін диуана боп,

Ұмытамын мұң барын, ажал барын.

 

Жұлдызшы едім, жанын мұң зерделеген,

Пері болдым ақ жүзін перделеген.

Азаптан да, ажалдан қорықпаймын,

Атағыма сай болам пенде деген.

 

Бір сен үшін тас басам, теңіз кешем,

Тозақтан да табылам сен іздесең.

Тақ пен бақтың бұл маған керегі жоқ,

Адасамын, адастыр, өмір кешем.

 

Тәж-Махаллға апаршы сүйеп керім,

Кемсеңдесін, кемсеңде, иектерім.

Ғашықтықтан жүрегім құсқа айналып,

Сары далада шашылсын сүйектерім!

 

Қарамадың сен маған, амал қанша,

Жатырқама, жалт қара сазарғанша.

Махаббатсыз күн кешу қорқынышты,

Қорқынышты емес-ау ажал да онша.

 

 Жатырқайды бұл күнде жасқап та Ай, Күн,

Ертегіге айналған асқақ қайғым!

Егделіктен, қарттықтан өлмес үшін,

Сенің  махаббатыңнан бас тартпаймын!

 

***

Жаратқан-ай, апыр-ай, жаратқан-ай,

Жүрегімді жер тартып баратқаны-ай.

Жер бетінен жұбаныш таппай жаным,

Ай, жұлдызға мәңгілік қаратқаны-ай.

 

Өмірімде адасып жүрмін әлі,

Көкірегім қан жоса сүргін әлі.

Аппақ шашым ағарып қара түнде,

Соны іздеймін, таппаймын, кім кінәлі?!

 

Жарық берер жарқырап, жанса да адам,

Түн қиялым бітпейтін, таң садағам.

Егде тарттың деп біреу есіркейді,

Көңілімді қалдырды қанша надан.

 

Алтын түстес беттегі әжімдерім,

Жұбатады көктемім, жазым керім.

Жан жастығым, сені іздеп келем қаңғып,

Жүрегімді оятты сазың менің.

 

Аппақ шашым ағарған ақ таңдарда,

Тіл қатады махаббат, бақ қонғанда.

Мені мәңгі жетелеп келе жатыр,

Аппақ ізің ағарып жатқан қарда…

 

***

Сен ғанасың, жүрегім, сен ғанасың,

Ерке шайыр иеңе таң қаласың.

Соны ғана қалайсың, соны ғана,

Жолатпайсың жаныма жан баласын.

 

Бір тәңірден махаббат сұра, жүрек,

Ақ періште алдына құла, жүрек.

Жастығымды бір сәтке берсе екен,

Ғашық болып көрейін бір-ақ рет!

 

Жер төзімді, білемін, аспан арлы,

Ғашық болсаң қап-қара тас та ажарлы.

Ажырамас досым бол,  алтын жүрек,

Біз екеуміз алалық бас қамалды!

 

Алла деген қол жетпес жарық нұрлы,

Ал махаббат жанымды зарықтырды.

Өлшеулі өмір екенін бұл құдірет,

Сынағымен, сынымен сан ұқтырды.

 

Жебе мені махаббат, желе мені,

Көктем жусын кірлеген терезені.

Аппақ жаңбыр, аспаннан төпей берші,

Кептірмеші, кептірме кенеземді.

 

Үмітімді өтейін шырақ қылып,

Арманымды жеткізбе жырақ қылып.

Тәй-тәй басқан сәбидей тірлік берші,

Адасайын, жылайын, құлап, тұрып!

 

Тек, әйтеуір, әулие, дана қылма,

Әлдилей бер, әлдиле бала қыл да.

Қара түнде адассам көше кезіп,

Ит пенен құс жармассын балағыма!

 

Қарақұстай қалбаңдап құздан ұшқан,

Қарау жандар жарылсын сызданыстан.

Ғашық қылшы соңғы рет, Ұлы Алла,

Өлсем, шіркін, арман жоқ қызғаныштан!

 

Талау  жүйрік болуға жарап құнан,

Түу биіктен шаңқ етті қарап қыран.

Өткен күннің белгісін лақтырдым,

Ертегі мен аңызды талақ қылам!

 

Етегімнен тартпағын наз, десте мұң,

Қалай жалғыз өткерем жаз кештерін.

Мен тірімін, тірімін, кешіріңдер,

Махаббат пен сезімнен баз кешпедім!

 

***

Жан түсінбес, жан түсінбес сөйлеммін,

Жақсыларды жақсы мәңгі көргенмін.

Мына жарық дүниеге мен бар ғой,

Жапырақпен сөйлесуге келгенмін.

 

Таңға жуық тамылжиды тал-дарақ,

Жел желпиді жапырақты майдалап.

Жапырақтар, сарғаймаңдар мен құсап,

Күннің көзі жылытады аймалап.

 

Өздеріңе жетеді үнсіз жан үнім,

Аймалайды бір сендерді жалыным.

Жапырақтар, өздеріңмен мен мәңгі,

Бөлісемін дүниенің жарығын.

 

Бір сендерсіз бос өмірім, бос ғалам,

Аспан ғана өмір бойы қосқан ән.

Жапырақтар, жасылдарым мәңгілік,

Айналайын ерініңнен қоштаған.

 

Жүрегімде сезімнен де мұң басым,

Жапырақтар, жасылдарым, мұңдасым.

Жан-жүрегім саябырсып баратса,

Оятыңдар, жасыл әнім тынбасын.

 

***

Сөйлейсіңдер торғын самал өпкенде,

Сөйлейсіңдер мамыр туса көктемде.

Менің бүгін, жапырақтар, қызығы,

Жүрегім де жап-жасыл боп кеткен бе?!

 

Жұлдыздарға айналғанда озғандар,

Періштедей қолын маған созғанда…

Мен тірімін, жапырақтар, қалғытпай,

Көкірегімді, сезімімді қозғаңдар!

 

Сезім өлсе, Ай құлайды, Күн іріп,

Жұлдыз жаным қара түнді сіміріп.

Көктем келсе жапырақпен сөйлесем,

Жасыл түске бояламын тіріліп.

 

Жас парлайды, жас парлайды көзімнен,

Көл толқытып, көл толқытып сезімнен.

Қыс пенен жаз, күз де мені кешірсін,

Тек көктемде табысамын өзіммен.

 

Мұңым да көп, сырым да көп санасам,

Армандармен әлі күнге таң асам.

Ғұмыр бойы жұлдыз санап, Ай құшып,

Өз жанымнан өзім мәңгі адасам.

 

Сөнбесінші, сөнбе мәңгі көкте Күн,

Жылытсыншы жүрегімді от демің.

Жапырақтар, сарғаймаңдар ешқашан,

Ұзақ болсын, ұзақ болсын көктемің!

 

***

Өледі ғасыр құрсағынан күміс күн өрбіп,

Аспанның төрін түйіліп, тершіп мінер бұлт.

Тәңірім, маған қасиет берші ғажайып,

Жап-жасыл болып жапыраққа мәңгі сіңерлік.

 

Дүниеге сыймай, дүниеге сыймай, тасып құбылам,

Ал, кейде бар ғой, құшағына түннің жасып тығылам.

Өміріме сыймай, ғұмырыма сыймай жылаймын,

Жасылдыққа мынау, жасылдыққа мынау ғашықтығымнан.

 

Ғашықтығым да, асықтығым да басылмай,

Көкірегімде Күн, жебейді үнсіз қасымда Ай.

Қызғалдақ сынды қыз ғұмырым да өтті-ау бір,

Көктемде сонау, көктемде сонау қырқаларда ашылмай.

 

Төге алмай жанның, төге алмай жанның жарығын,

Жалыным, түнде қап-қара түнді қарыдың.

Айкезбе болып аспанның мынау астында,

Сезіндім мұңның, ғашықтығымның шалығын.

 

Перілер күліп, періштелер жебеп, жылағам,

Қаңғығам жалғыз, маңайымда жоқ бір адам.

Алланың нұры көкірегімді жарық қып,

Жаратқаннан жапырақ қылуын сұрағам.

 

Тобылғы тірлік төбемнен төніп сенделем,

Көкірегімде өліп, өксимін іштей, енді өлең.

Жапырақтар-ау, жапырақ болсам мен осы,

Көктемде мәңгі жап-жасыл тілмен сөйлер ем.

 

***

Өмірім қайда?!

Сенің мөлдір көзіңде қалды ма?!

Әлде жанарымнан жас боп тамған сезімде қалды ма?!

Әлде адасулар мен құлазулардан тұратын,

Аңғал да таза кезімде қалды ма?!

 

Өмірім қайда?!

Шынымен, жер бетінде ме?!

Әлде көктемнің келбетінде ме?!

Әлде жүрегімді сыздатқан,

                                көкірегіме мұз қатқан,

Махаббаттың сезім деген жендетінде ме?!

 

Өмірім қайда?!

Білмеймін. Күлкім келеді.

О, Алла! Жұлдыз қылшы бір түнге мені.

Өмірім қайда?!

Жаным жасарып, тәнім көнеріп барады,

Жаратқан неге берді екен, шіркін, денені?!

Өмір дегеніміз осы ма?!

Білмеймін. Әйтеуір, күлкім келеді.

 

***

Астафираллаһ!

Сендер мені жалықтырдыңдар!

Сезімі жоқ судағы балық қылдыңдар!

Бұл күпіршілік пе, әлде, адасу ма екен?

Тұнжырамаймын, тыншышы,

Тұңғиығыңа тартпай, қарасу бекер.

 

Жан бүтін. Іншаллаһ. Қанша мұңайсаң да, жан жарылмайды.

Қара түн. Өмірдің қап-қара қанжарындай-ды.

Қап-қара қанжар, тек жүрегіме сілтелуде,

Өмір мен тағдыр. Махаббат пен қоштасу,

Тірі өлік болып күн кешу.

 

Бәріне, бәріне мені әрбір өткен күн телуде.

Жүрегім, сен шыда. Сабыр қыл. Сыр берме.

Жаңа күнді көргенде күле қара күнде елге.

Қалған өміріңді ақсүйек бекзаттарша түгесуің керек,

Сол үшін ақтық демің қалғанша күресуің керек.

 

Тәңірім! Күл түсіндей болып аспан жұлдыздары оңып барады,

Жүрегім мұздап, ал жаным тоңып барады.

Ей, Алла! Іңгәлаған жаныма әлдиіңді бер,

О, ғарыш! Тербетші мені, қалғиын да мен.

 

Өмір қандай суық!

Махаббат жоқ.

Көкірегім босап қалды.

Ол кетті. Мен қалдым.

Бар мен жоқ.

Көңірсіген кексе ошақ қалды.

 

 ***

Махаббатым қайда?

                Ол жасыл ма, әлде, қара ма еді?!

Неге ұмытты қызғалдақ, қыр, дала мені?

Қасыма қос жанары боталаған елік келді,

Ол да мендей жалғыз еді, жаралы еді.

 

Сезімім қайда?!

Жоғалттым. Сергелдең кешіп кеткені ме?!

Мың сан көбелектер жұбатқалы жаныма жетті егіле.

Мендей аушты көрдіңдер ме, ақ таңның аппақ сәулелері-ау,

Мәңгілік қол созған көктеміне?!

 

***

Күн де ашылды, мен де ашылдым,

Шаңы кетті сан ғасырдың.

Жүрегімді аймалады,

Жапырақтай жап-жасыл мұң.

 

Менің демім тамшыда бар,

Талға тамған, сансыз олар.

Күйбеңінен қу тірліктің,

Сол тамшылар аршып алар.

 

Жасыл өлең, жасыл жарық,

Түу сыртымда ғасыр қалып.

Жұбатады сол тамшылар,

Көз алдымда асыр салып.

 

Мұңайдым ба озғасын Күн,

Бұл жанымды қозғасын кім?!

Дәмі қалар тамшыларда,

Менің жасыл көз жасымның…

 

***

Менің әнім құс үніндей,

Көңілімнің түсі нілдей.

Жаным жұлдыз, сыр-сымбатым,

Ақ қайыңның мүсініндей.

 

Шынар тұлғам мың бұралған,

Ал күлкімнің сыңғыры арман.

Көктем келсе көкірегімде,

Бүр жарады мың бір арман.

 

Жымиясың жанымда сен,

Неге сенің әнің бәсең?!

Мен көктеммін, сенесің бе,

Жан-жүрегім мамыр десем?!

 

Жалыныма Күн шыдайды,

Сезім бұлақ тыншымайды.

Сакура (ханами*) гүл ашқанда,

Жетелеймін үнсіз Айды.


Сакура (ханами)* – жапондықтар бұл ағашты махаббат ағашы деп ерекше құрметтейді.

 

 

***

Қарлығаш бұлттар үдере көшті аймақтан,

Сауыры тершіп, сілкінді үнсіз қаймақ таң.

Көгеріп дарақ көктем деп күліп, күрсінді,

Көрінді-ау күн де күлшедей болып май жаққан.

 

Сәулесі күннің сәбидей қызық ашқарақ,

Әулие құстар қалқиды көкте ақ қанат.

Бас шайқап қайың, тамашаға мына таң қалды,

Бой түзеп жатыр, сәмбі талдар да шаш тарап.

 

Ақжелкен бұлттар қалқыды көкте, жаумады,

Жаныма жақты наурыздың самал саумалы.

Ақ кеме сынды айналам көшіп барады,

Қайнаған өмір Есентайдың аумағы.

 

Үдере көшті көліктер бүгін, қала дүр,

Күркіреп күндей жаңалық ашты жаңа бір.

Қаптаған халық, май жұтқан көлік, ғажабы,

Есентайда мына адасып титтей дала жүр.

 

Ғажайып түстің құшағына құлап,  енді өмір,

Тершітті таудың қабағын сүйіп теңге нұр.

Көктемін іздеп сабылған салқын ғаламнан,

Құмары қанбай, қызылсыраған мен де пендемін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір