САРЫН
Молдахмет ҚАНАЗ
Мына қарбалас тіршілік ағымымен домбыраның не күйде екендігінен мүлде бейхабар ем. Көңіліңнің бір босаған, сол көңіл таңдаған әуенге зәру шақтарыңда қолыңа алып күй келтіретін өнерің болмаған соң, оның кітап сөресінің арғы қуысында шаң басып тұрғаны да ұмыт болған. Кең шанақты, сүйекпен оюланған қазмойын домбыраның сол көзден жырақ жерде ілулі тұрғанына не заман болды десейші. Менің тот басып бара жатқан сезімім үшін ол да бір өнер хабаршысындай еліктіре қоймайтын.
Қыс ортасы. Кешқұрым. Алакеуім шақта үй сыртына торы атты мейман келіп түсе берді. Анам: «Әкеңнің үзеңгілесі. Алдынан шығып, атын байла», – деді. Тез киініп тысқа шықтым. Қаба сақалды, орта бойлы, терең көзділеу кісі екен. Соғымның сүр етіне тояттап, бусанған соң да мейман аман-түгелден артық әңгіме қозғамады. Мығым сөйлеп, жинақы отырды да тасадағы домбыраға көзін біраз уақыт үнсіз қадап:
– Алып бер, балам, – деді. Оны келу бойына-ақ аңғарды ма, әлде жаңа көрді ме, ол жағы маған беймағлұм. Орнымнан ұшып тұрып, қолына ұстаттым. Мейман біраз айналаға қарап мұңайып отырды-отырды да, шыркөбелек айналдырып жіберіп, шанақты тырс-тырс шертіп қойды.
– Есіл дүниені қор еткен екенсің, балам…
Бізде үн жоқ. Қор ете қояйын деген пейіл қайдан болсын, қолдан келмеген соң әуреленбегеніміз де…
Болса да, құлақтары бос. Шанақтың беті жарылған. Талайдан қол тимей, қаңсып тұрса қайтеді енді.
…Ертеңіне сәскелік жұмыстан оралсам, түнерген қария маңдайы тершіп ағаш жонып отыр. Ләм-мим деп тіс жармайды. Мейман сол әуреленген күйі үйде біраз аялдады. Ақыры дайын етті-ау. Тарамыс саусақтарымен жұмсақ сипап,мұңайып отырды да, тура қарамаса да маған бағыштап:
– Сен мейлің, сенбе мейлің, түу қияннан арып-ашып арнайы қалап келгенде пілдей атанға айырбастамаған дүние еді-ау бұл бір кезде. Зәру затыңа қолың жетпеген соң сағың сынып, пәтің қайтып, мойырылып қалатынсың…– деп қойды.
Демек, бір кездері бұл дүниеге қолқа салғаны да.
– Салт атты, сабау қамшылы шағымызда сенің әкең мен мынау домбыра үшеуміз Сыр бойының қалың жұртын аралаған кездерімізде бұл Тәңірі жарылқағырдың қасиеті қандай еді! Қайран дүние-ай… – деп еңсесін тік көтеріп, қайта солқ етіп түсе қалғанда жүрегі қақ айрылды ма деп ем, – Айналып тағы бір соғар болсаң, сен тіршілік болармысың…
Көзі жасаурап жарық түсіп тұрған жаққа қиялай қарады. Домбыраға жан біте бастады. Әліге дейін мен естімеген азалы күй пернеге ілініп гөй-гөйлеген кезде бойым мамыражай елітіп, елжіреп қалыппын. Түнде жортқан ат дүбірі ме, арманда кеткен арудың сыңсыған зары ма, селеуі шалқыған жазира ма, әйтеуір бұрын құлаққа шалынбаған бейтаныс мұңды әуен домбыраның көмейінен діріл қағып тасып-төгіліп берді дейсің. Тағы бір өзге саз… Сонан соң тағы да бөтен сарын… Қарияның көздері қызара жайнап, талаурап, күймен бірге өзі де өртеніп бара жатқандай. Үн-түнсіз тынбастан ұзақ әуенді қозғап, өзі де балқып, мұңға көміліп, әрлі-берлі теңселіп отырды. Қос жауырыны әні-міне ұшажөнелетін қос қанат па дерсің. Біз болсақ тырп ете алмай мүлгіп қалыппыз. Жүрек аттай тулайды, бой дел-сал.
Мейман домбыраны маған қарай жыға салып, сол түнере балқыған күйі баппен киінде де, аттанып кетті.
Сыр айтылып та, айтылмай да қалған…
Домбыраны енді қақ төрге іліп қойдым. Ішегіне айғыр шыбын қонып, «дың» еткізіп теуіп кеткенде аспап өз-өзінен шалқып кетеді. Үйдің қуыс-қуысын тірі сазға толтырып, төрт қабырғаны теңселтеді дейсің. Сондай сәттерде домбыраны орнынан қозғауға да,қол созу түгілі жақын баруға да дәрменім жетпей, төбе құйқам шымырлап, бақайшағыма дейін балқып, өзіме-өзім ие бола алмай, мелшиіп отырып қалам. Көкіректе мұң. Тілмен жеткізуге келмейтін сан-сапалақ сезім тасқыны. Өзі ғайыпқа сіңіп, ізі ғана қалған әлдебір сарын мені әлдеқайда, беймағлұм зеңгірге ілестіріп алып кеткендей. Мына кісәпір дүниеге мүлде қайта оралғым жоқ. Қашан әл-дәрмен сарқылғанша…
ҚОРҚЫТ ЗАРЫ
Новелла
Еспе Қарақұмның терең түкпіріне осы бір жұтаң ауылдың талықсып келіп алқа-қотан қонғанына көп уақыт та өткен жоқ. Жойқын шапқыншылықтардан әбден қалжырап, біраз дамыл табуға аялдаған. Талай атпал азаматтары қанқызыл қыспақтарда қылыш жүзінен өтіп, найза мен дұшпан істігіне жем болып, шексіз даланың әр қиырында шашылып қалған. Жүзі жасырылғаны жасырылды, жасырылмағандары құзғындар мен шибөрілерге аманат. Дүние-мүлік атаулы талауға түскен, тұяқ атаулы жортуылшылардың айдауында кеткен. Бір кездегі қаймағы қалың ауылдың жұқанасына әлдеқалай жау тағы да аяқасты лап бере қалса, атқа бұт артып атойлап шығар еркек кіндік иттің тісіндей сиреп қалған. Олардың да жарақаттанбағандарын саусақпен санауға болар еді.
Қазір малтығып келіп құлаған жолаушыдай сәл тыныс алып, етек-жеңін жия алмай жайылып шашырап жатыр.
Кешқұрым. Күнұзақ алқапты бидайдай қуырған айтабақтай күн бұйрат-бұйраттың арғы жағына енді ғана бой тасалаған. Алыстан… Түу қияннан үзіліп, әлсірей, талып бір жұмбақ сазды күй естілді. Енесін борпылдатып еміп тұрған тентек құлындар бастарын көтеріп-көтеріп, қимылсыз қатып қалды. Бауырларын күлге төсеп жатқан маңғаз түйелер күрт-күрт шайнаған көк жантақтарын ұрттарына мытып, күйіс қайыруды тоқтатты. Ауылдың тірі жан атаулысы тірлігін тастай-тастай жұмбақ сарынның төркінін білмекке түгелдей биік басына ұмтылды. Қариялардың буындары дірілдеп, құм төбеге сүріне-қабына жетіп, беймағлұм сазды бақты. Құлақтары сол жұмбақ сарында.
Жаһан мүлгіп, сұлық күйге түскен. Тек сабырсыз жүректер ғана аттай туласып дүрсілдеп, әні-міне үзілердей қалтырай соғады.
Күй барған сайын ынтық жандарға жақындап айқындала түсті. Қуатты да асқақ сарын құлақ есітер жердегі жан иелерін түгел арбап, балқытып барады. Алапат жойқын күшке мойын ұсынып, адамзат түгілі жан-жануарға дейін әлдебір сиқырлы баптың бесігінде тербеліп, бұл ғаламда болып көрмеген ләззатпен айқара табысқандай.
Енді айдың өзі де әні-міне жерге құлап түскелі дірілдеп тұр.
Күй… Әлемді жұмбақ саз алып барады.
– Қобыз ғой мынау, – деп сыбырлады әлдекім. Сол-ақ екен, жұрт шу ете қалды.
– Қорқыт!
– Қорқыт…
– Қорқыт…
Сәтте қалың нөпірден қырық қыз суырылып шығып, мүлгіген өлі түннің құшағына сіңіп кете барды. «Барма» деп жол кескен жан болмады. Жұрттың тілі күрмеліп,жағы қарысып қалғандай. Дүркіреген қыздар легі ысылдаған Қарақұмның мақпал топырағын сыбдырсыз кешіп, ән естілген бағытқа тарта берді.
Бүкіл әлемді зарлы, сазды күй билеп алған. Дірілдеген екі ішектің бұл зары ғалам – ғалам болғалы адамзаттың көрген зар-мұңы, удай ащы қасіреті, ұжмақ болашақты аңсаған тәтті ләззаты, әлде, жалғыз рет берілетін өмірмен қоштасу сәтіндегі запыран өкініші ме екен… Әйтеуір, ғалам иіп, мүлгіп қалған.
Қырық қыз қаптай аяңдап, күй әуелеп шайқап жатқан даламен тым-тырыс тартып келеді. Біреуі ләм-мим демей дуаланып қалған қырық сүлде мына күйге елітіп, саналарында «Қорқыт, Қорқыт» дегенді ғана қайталай береді. Үн де жоқ, тіл де жоқ. Адами пенделікті ұмытып, бойға сіңген ағын сезімнің толқынымен дүние тұманданып, тек жалғыз аңсар алпауыт жойқын ағысқа елтіген, сол екпінге малтып келеді.
Тек біреуі болмаса…
Мынау қуатты ағынның соңында бұлардан қара үзбей аяғын сылтып басып бір қыз келеді… Аттаған сайын өңменінен итерген бөгетті өр кеудесімен қағып, ұмтыла түседі. Бергенін тәңірі бүтін етсе нетті! Сағымды қуып жетер аяқты мерттіктірген тірлік – тірлік болар ма? Қыранның қанаты қиылса қайтпек? Мәрт батыр белдесерге келгенде білегінен айырылса нетер? Бақайшағына дейін қан тасыған қызба шабыс, қиқу жарыста тұлпардың тұяғы кетсе қайтер? Қыз болса тасқындаған дүбірден қара үзбей, өр кеудесін өткінші бақытқа сүйеп, өршелене ұмтылып келеді…
Күй толастар емес. Барған сайын біресе алағай да бұлағай зарлы өкінішке бөгіп, біресе нәзіктеніп, күңіреніп, кеудені алып, бойды балқытып барады.
Қараңғы қоюланды. Таң атты. Күн өтті. Тынар күй болсашы.
Қыздар сабылып ендігі бір қырқаға шыға келгенде бүлкілдей ағып жатқан Сырдың бозғылт суына жасыл кілемін төсеп тастап, кеудесін шалқақ керіп отырған Қорқытты көрді.
Күй иесін алуға келген ажал да әуез айбынынан бата алмай, сырлы-мұңлы әуенге елітіп, жағада талықсып сұлық жатыр екен. Ұзақ… ұзақ уақыттар бойы ажалмен арбасып, текетіресіп келген қобыз әуені үзіліп-үзіліп барып, ақыры мәңгілікке өтті. Үзілген де, өлген де, өшкен де жоқ, сол күйі шексіз ғаламға көшті. Қорқыт жасыл кілемге жантайды. Қобыз жанына құлады. Сырдың қасиетті суы абыз атаның суымаған денесін аймалай сүйіп, жағаға әкеп сарыла күтіп жатқан ажалдың қолына табыстады.
Дүние күңіреніп кеткен. Аспан астаң-кестең. Бозғылт тасқын көкке шапшыған. Найзағай бұлқан-талқан, бауырымен жер сызған қара бұлттар еңіреп жас төкті. Сұрапыл дауыл Қорқыттың денесін ұйытқи сүйіп, ауада шашырап қалған әлгі ырғақты әлемнің түкпір-түкпіріне алып қашып жатты.
Қырық қыз:
– Өлді Қорқыт! Қорқыт… – деп зар еңіреді. Бойға жігер құйып, ләззатты тасқынға сүйреп келе жатқан қуат сарқылды да, сол жеткен қыратқа құлай-құлай кетісті. Балғын тәндер қалды да, жан атаулы Қорқытпен бірге кетті.
…Бұл күндері қырық бейіт құдіретті күйдің мәңгібақи нөкеріндей төбе басында бұйығып жатыр. Қорқыт мазарының солтүстік-шығыс жағындағы үрпек-үрпек биіктерді жұрт төбе дейді. Ол төбе емес, дауыл үрлеп құм басқан, жаңбыр шайып, үгіткен, періштелер дәнін сеуіп кеткен қырық қыздың мазары.
Бұлардан бір айқай жерде тарпаң түйеден аударылып қалған жазыдай боп мелшиіп шөгіп қалған шап-шағын төбешік – әлгі аяғын сылтып басатын сөлтек қыздың бейіті. Үстін алабота мен шағыр басқан бұл төбешіктің астында он екіде бір гүлі ашылмаған алапат шайқаста аттан аударылып мертіккен қыз мүрдесі жатыр екен деп ешкім де қаперге алмайды бұл күндері.
…Бұл күндері Қорқыт әуенін даланың ерке желі тынымсыз айтады.
Бұл – Қорқыттың сазы, мәңгі өлмес өмірдің сазы.
Тіршілік атаулының тұла бойын аралап, жан жүйесін тітірете зарлап тұр…