МЫЛҚАУДЫҢ МАХАББАТЫ
10.06.2016
1379
0

4-6Өріс ЯШҮКІРҚЫЗЫ

 

Рысқұл – қара шаңырақтағы жалғыз ұл. Ме­нің әкем оны «Қайназардың көзі ғой, шіркін» деп Рысқұлды көрген сайын иығынан қағып, еркелетіп, көтермелеп отырады. Көпшілік жұрт «Шарипаның баласы» деп шешесінің атымен атайды немесе «Мылқау ше, әлгі мылқау» дейді. Өзінің азан шақырып қойған есімін, не әкесінің атын жиі ауызға ала бермейді.

Менің білетінРысқұл мылқау еді. Бізден 4-5 жас үлкен. 16-17 ге келген кезі болар, мұр­ты енді тебіндеп көрінген бозбала.Бойы сұң­ғақ. Жауырыны қақпақтай. Екі иығына екі кісі мінгендей, денесі шымыр. Өзі үнемі күлімсіреп жүреді. Кездескен адамға басын шұлғып амандасқан кейіп көрсетеді. Күніне неше көрсең, сонша ілтипат аласың. Табиғаты жайсаң. Жүзінен әрдайым жылылық байқа­лып тұрады. Шаш қойған емес. Жалтыр бас. Ұстарамен тақырлап алдырып тастайды. Қы­сы-жазы осылай. Алдыңғы екі күрек тісі күлгенде дүрдиіп тұрғаны болмаса, жалпы келбеті көрікті.

Ауылдық мектептегі жетінші сыныпта оқимыз. Біздің сыныпқа Рысқұл жиі келеді. Ешкім кемсітіп, мазақтамаған соң ба, біздегі қыздармен, әсіресе Алтынмен еркін аралады. Біздерге де ыммен бірнәрсені айтып, түсіндірген болады. Көбіне оны түсінбесек те, сыпайылық жасап, басымызды изейміз. Оның тілін жақсы түсініп, ыммен сөйлесе алатын біздің сыныптан Әбдештің Қожасы. Өйткені екеуі көрші. Рысқұл Қожаның көме­гімен әріпті танып, жазуды үйренген. Қожа: «кейбір мылқаулардың құлағы естімейді ғой, ал Рысқұл естиді.Бірақ сөйлей алмайды.Мен оған оқуды, жазуды үйреттім» дейді. Қожа­ның бойы мыртық, аласа, ал ол ұзын. Сонда да екеуі бір-бірінен айрылмай, үнемі бірге жүреді. Қожа бар жерде Рысқұл, Рысқұл бар жерден Қожа табылады. Екеуі ыммен сөй­лесе­тіндіктен бет-ауыздарында да, саусақ­тарында да тыным болған емес.

Анамның айтуынша, Рысқұлға көз тиген. 4-5 жасар кезде тақылдап сөйлеп-ақ жүрген бала екен. Бәрі көктемде Шарипаның үйінде киіз басқан күні болыпты. Әйелдер өзара ду-ду әңгімемен болады. Әр әйелдің соңына ерген екі-үш кішкентай бала өз-өздерімен ойнайды. Түс кезінде дастархан жайылып, әйелдер балаларын қастарына шақырып, тамақ берейін десе, Рысқұл жоқ. Шарипа өз ұлын үй-үйден сұрастырып, іздейді. Бала табылмайды.Басқан киіз де, асылған тамақ та әдіре қалып, жұрт Рысқұлды іздейді. Шарипа: «Ойбай жалғызым, ойбай жалғызым қайда кетті», – деп дауыс салып жылап, есі­нен тана жаздаған. Ет пісірім уақыт өтеді. Рысқұл жым-жылас. Осы кезде ауылдағы ақ­сақ Әбсадық атын суғаруға құдыққа бара қалады. Сөйтсе, Рысқұл құдықтың ішінде, суда тұр екен дірілдеп. Ерні-ерніне тимей сақылдап әбден тоңған, бірақ жыламайды дейді. Құдыққа құласа да, не қолы, не аяғы сынып, еш жері майып болмаған. Бетінде де еш дақ жоқ. Бірақ тілден айырылған. Қаума­ла­ған көпшілік шешесін де танымай қалар ма екен деп ойлапты. Рысқұл анасын көре сала дірдектеп барып қолтығына кіріпті. Алақан­дай ауыл ішін: «Ауылға жетек келіпті, Рыс­құл­­ды жетектеп апарып, құдыққа құла­тыпты», – деген сөз тарап, көпке дейін үрей­лендірген.

Оның алдында, екі жыл бұрын Рысқұлдың әкесі Қайназар шабындықта колхоздың шөбін орып жүріп, көлеңкеге тіккен кішкен­тай күркесінде ұйықтап жатып, оянбай қалған. Ендігісі мынау, айдың күннің аманында баланың құдыққа түсіп, аман-есен қал­уы. Шарипаның «ой жалғызым» деп боз­дауы осыдан. Міне, содан бері Рысқұл «мылқау» атанған.

Мектеп директоры Ораз ағай Рысқұлдың әкесі Қайназардың көп жақсылығын көрген екен. Мылқау болғанмен шаруаға мығым Рысқұлды мектептегі шаруашылық жұмысқа алған. Бұл – жесір әйел мен жетім балаға қол ұшын бергендегісі. Шешесі мектептің еден жуушы болса, Рысқұл қыс бойы мектептегі барлық пештерге от жағады. Көмір түсіреді.Жазда мектептің сыртын ақтайды. Бұзылған парталарды жөндейді. Әйтеуір тыным таппайды. Сөйтіп жүріп, оның қабағы қатып, үнжырғасы бір түспейді. Қай кезде болмасын жымиып күліп жүргені. «Қолынан бәрі келеді, темірден түйін түйіп, ағаштан адам суретін салатын шебер» дегенді де еститін де болдық.

Біздің сыныптағы Алтынның шешесі мектеп қасындағы дүкенде сатушы. Біз бұл дүкенді «Шолпанның дүкені» дейміз. Үлкен қоңырау соғылғанда бәріміз соған қарай жүгіреміз. Құмартатынымыз – бөтелкедегі тәтті лимонад.Кейде ақшамыз жетпесе бәріміз қосылып жинап лимонад сусынын, жарты кило пряник сатып алып жейміз. Алтын дүкеншінің қызы болғандықтан бізге қосылмайды. Біз дүкенге кеткенде мылқау Рысқұл Алтынды айналшықтайды. Алтын да оған «кетәрі» емес. Мылқауға тілін шығарып, сықылықтап күліп отырады. Қожа осы кезде Рысқұлға жақтасады. Үшеуінің ербеңдескен саусақтарын, сөз сөйлегендерін көріп біз де кейде қосылып күлетін болдық. Рысқұл ақылды. Үзіліс аяқталып, қоңырау шылдырласа, сыныптан шығып кетеді. Өзінің сан жұмысын одан әрі жалғастырады.

Жетінші сыныптың көктемінде Алтын сылаңдап бой түзеп, бізден гөрі ерте бой­жет­кендігін байқатып қалды. Сабақ үлгерімі де нашарлап кетті. Сынып жетекшісі Тұрсынкүл апай:

– Кемелова, оқуға құлқың мүлде төмендеп кетті. Сылаңдап бой түзегенің жақсы-ақ қой. Ең болмаса сегіз жылдық орта білімді жөн­деп меңгеріп алуға тырыссаңшы. Білім ертең өзіңе керек. Оттың басында біреудің түтінін түтете білсең жақсы. Өйте алмасаң қайтесің? – дейді ұялтайын деп.

– Апай, Алтын анасының қасында сатушы болып, есеп шоттан қағып тиын-тебен жесем де күнімді көремін дейді.– Бұл соңғы партада қонжиып отырған Қожаның сөзі.

– Әй, қара көже, сен тыныш отыршы… – деп Алтын арт жақтағы Қожаға сәнмен наз­дана бұрылады. Қожа Алтын бұрылғанда жым болады.

Сабақ үлгерімім төмендеп кетті екенмін деп ұялатын Алтын емес. Біздерде жоқ әдемі жылтырақ қол айнасына бір қарап, оны сөм­кесіне қайыра салып, жіңішке қасын бір керіп, мызғымай отыра береді. Ол біздегі қыздардың ең әдемісі. Өзі керемет әнші.Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі. Алтынсыз мектепте бірде-бір концерт өтпейді. Концертке басқа көркемөнер­паздар мектеп формасымен шыға береді. Алтын болса әртістердікіндей үкілі тақия, қос етекті бүрмелі ақжібек көйлек, өңірі кестеленген камзол киіп шығады. Өзі ажарлы қыз бұл киіммен одан сайын құлпырып кетеді. Біз оған қатты қызығамыз.

Оқу жылы аяқталып қалған шақ еді. Әдеттегідей, бәріміз дүкенге жүгірдік. Бізбен бірге осы күні Алтын да жүрді. Біз асығып Шолпан дүкеншіден алатынымызды алып, қосқан тиындарымызды шытырлатып санап жатқанда мылқау Рысқұлдың төбесі көрінген есік жақтан. Шешесі жақ қапталда тұрған Алтын Рысқұлға бірнәрсе деп ымдап, артынша сықылықтап күліп жіберді. Рысқұл үнсіз тұрды да, «қасыма жақындашы, құлағыңа бірнәрсе айтамын» дегендей ым жасағанын байқадық. Алтын елп етіп Рысқұлға жетіп келді. Сол кезде Рысқұл Алтынды құшқан алып, өліп-өшіп маңдайынан, бетінен шөпілдетіп сүйе бастады. Біз де аңтарылып қалдық. Ана жақта дүкенші Шолпан айқайға басты.

– Әй, ана мылқау не істеп жатыр, ойбай, құтқарсаңдаршы. Нойыс неме қызымды жазым қылар, – дейді шырылдап.

Мен болсам Рысқұл мылқаудың тілін жақсы білетін Қожаны іздей бастадым көзіммен. Ол дүкенге бүгін келмепті.

Қасымдағы сыныптас балаларға:

– Тез Қожаны шақырыңдар, мылқаудан Алтынды ажыратсын, – деймін жаным ашып.

– Қап, мына, көгермегір мылқауды-ай, ә?! – деп Шолпан дүкенін жауып үлгер­генше Рысқұл Алтынды құшағына қысқанкүйі үйіне де жетіп қалды. Бұл кезде мектеп оқушылары мен ауыл адамдарының қарасы көбейді. Шарипа ұлының қасында жүр.

– Құлыным-ау, босат қызды. Не істегенің бұл! – дей береді, қабаттасып Қожа да жетті жүгіріп. Қожаны көрген Рысқұл Алтынды қайтадан бетінен шөпілдетіп сүйе бастады.

– Бітті апа. Рысқұл Алтынды жақсы көретінін маған айтқан. Бұл – Алтынды үйге келіншек етіп түсірдім дегені. Шымылдық бар ма еді?.. – деп, Қожа Шарипаға ыржың ете қалды.

– Ойбай, құдай не дейді? Екеуі де жас қой әлі…– деп Шарипа ұлына жақындағысы келіп еді. Анасына қарар ұлы жоқ. Алтынды үйге кіргізді де, қайыра есікті тарс жапқан Рысқұл сыртқа шығып, міз бақпай есік алдына тұрып алды. «Үйге ешқайсысың кірмейсіңдер, кіргізбеймін» дегендегісі еді.

– Мен айтсам, бұл оқиғаға Алтынның өзі кінәлі. Рысқұлға кеше ғана «мен сені жақсы көремін. Сен маған үйленесің бе?» деп хат жазыпты. Рысқұл оқи алады. Оқуды мен үйреткенмін. Енді соған Рысқұл сеніп қалып тұр. Үйленемін дейді, – деп Қожа әңгіменің ашығын айтты жиналғандарға.

Осы кезде Алтынның әкесі Кемел келді кер атымен құйғытып. Атынан түсе салысымен, шылбырын қолына ұстаған күйі түсін суытып:

– Не болып жатыр мұнда?! Әй, Шолпан, қыз қайда? – деді дауыстап әйеліне. Шолпанда үн жоқ. Күйеуі қолындағы қамшымен салып жіберер деді ме, оның қасынан әрірек ығысты.

Шарипа ұлын ақтап, Кемелге Қожаның айтқанын бұлжытпай айтып берді.

– Әй, Қожа, сен түсіндір анау Рысқұлға. Алтынды бері шығарсын! Бір-ақ ауыз сөзін естимін. Сөйтіп хат жазғаны рас па, өтірік пе. Рас болса, өз обалы өзіне, бердім Рысқұлға. Ал өтірік болса, мына Қайназардың баласын өз қолыммен қазір үйден мылтық әкелемін де атып тастаймын! – деді Кемел ақырып.

Қожа Рысқұлмен ымдасып, күбірлесіп екеуі есікті ашып, Алтынды сыртқа алып шықты. Алтын есік алдындағы жиналған адамдардан ұялса керек, басын төмен салбыратып жіберген.

– Ал қызым, сөйле. Сүйекке таңба салып, қарабет етпе. Шыныңды айт! Ана мылқауға хат жазғаның рас па?! –Кемелдің даусы саңқ етті.

– Көке, кешір мені… Көке… ойнап… әше­йін, не жауап жазар екен деп.. хат жазғаным рас еді… Мен ойлағанмын мылқау жазуды білмейді, әріп танымайды деп…

– Алда, қызым-ай отпен ойнағаныңды қайтейін… міне, жеңілтектің кесірі… – деді әкесі. Маңдайыңа мылқауды жазып-ақ тұр екен ә!.. Ел-жұртқа масқара еттің ғой! Бұл деген нағыз жігіт емес пе. Ойнағаныңды қайдан білсін. Болды енді! Қаласың осы үйде! Үйге қарай саған жол жоқ! – деді де атына ырғып мінген бойда, қамшыны кер атқа бір салып кете барды.

Шарипаның есігінің алдында топтасқан көпшілік тегін қызыққа батты да қалды.

– Шашу қайда, Шарипа! Келінді болдың! Құтты болсын. Кемел мен Шолпанға құдағи болдың… – деп дабырласып кетті.

Алтынның он сегізге толмай тұрмысқа шығуы аудандың оқу бөлімінде үлкен әңгіме болып, Ораз ағай мектеп директорлығынан түсті. Математика пәнінен қатардағы мұғалім болды.Тұрсынкүл апай қатаң сөгіс алыпты. Келесі жылы біз сегізінші сыныпты бітір­генде Алтын кішкентайлы болды.

Ауылда онжылдық орта мектеп болмаған соң, сегізінші сыныпты бітіргендер жан-жаққа тарадық. Мен алдымен Қызылордаға, одан әрі Алматыға оқуға кеттім. Қызмет бабымен әркім әр жаққа кетіп, ауылдан хабар мүлде үзілді. Бірақ ел адамдарынан естуімше Рысқұл мен Алтын тату-тәтті жиырма жыл бірге өмір сүріпті.Екеуінен төрт ер бала дү­ниеге келіпті. Рысқұл да әкесі сияқты ұйқы­дан оянбай қалып, 40 жасқа жетпей қайтыс болған. Ал Алтын ауылда бала­ла­ры­ның қасында салиқалы ана екен. «Біздің хаттарымыз сандықта сақтаулы, ұрпақта­ры­мыз екеуміздің сүйіспеншілігіміздің қалай бол­ғанынын осы хаттардан біледі», – дейді екен сырласқандарға. Ауылға барып, Алтынға кездесіп, екеуінің сандықтағы хаттарын бір оқысам-ау, шіркін деп жүргенімде Алтын да ана дүниеге сапар шегіп кетіпті.

***

Астанада қолөнер шеберлерінің республи­ка­лық көрмесі болып, бара қалдым. Көрме залында көрермен соншалық мән беріп таңқалыс білдірген ағаштан оюланып жаса­лын­ған әдемі аққу құстың кескіндемесі «Аққуым менің» деп аталыпты. Авторы Қайназаров Рысқұл. Кейін анықтағандай, жа­ры Алтынға арнап өз қолымен салған Рыс­құлдың кескіндемесін ұлы көрмеге әкеліпті. Тілі жоқ мылқаудың сүйіспеншілігі мен таза махаббаты өнер құдіретімен сайрап-ақ тұр.

 

ПІКІР ҚОСУ