ШЫҒАРМАШЫЛ ҰСТАЗДАРЫ КӨП ҰЖЫМ
14.10.2025
130
0

Шымкент қаласындағы №66 Қазығұрт жалпы орта білім беретін мектеп жайлы айтқанда, 2003 – 2004 оқу жылдары еске түседі. Сол жылы республика бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл алған түлек осы мектептен шыққан еді. Мектеп түлегі Мақсат Пернебаев ҰБТ-дан 120 балл алып, айды аспанға бір-ақ шығарды! Республика бойынша тұңғыш рет осындай балл алған түлек шыққаннан соң ба, білім ордасына қызығушылар саны күрт артты. Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапары кезінде ҚР Білім және ғылым министрі мектепке арнайы соқты. Онымен бірге облыс әкімі де келген. Сол жолы мектепте тамаша дидар-ғайып кездесу өтті. «Оқысаңдар, Мақсат сияқты оқыңдар!» деген ұран бүкіл облысқа тарады.

Міне, содан бері мектеп ұжымы «осы деңгейді сақтап қаламыз» деген ұранмен жұмыс істеп келеді. Шын мәнінде, олар осы биік тұғырынан түскен емес. Соңғы жылдары мектепті Найла Шертаева басқарып келеді. Ол бұл мектепке дейін де бірнеше білім ошағында басшылық қызметте болды. Тәжірибелі де іскер жан. Мектептің үнемі үздіктер қатарынан табылуына тынымсыз еңбегінің арқасында қол жеткізіп жүр. Иә, мұндай үлкен мектепті басқару оңай да емес. Айталық, мектеп директорының табанды талап етуі нәтижесінде осыдан екі жыл бұрын білім ошағының ғимараты толық күрделі жөндеуден өтті. Бүгінде кешкі мектеп пен қазіргі мектепті салыстыруға мүлде келмейді. Жаңаша реңкке ие болған мектеп ғимараты сонадайдан көз тартады. Жайлы мектептерге қажетті жағдайлар бұл жерде де бар. Көрнекті құралдар жеткілікті. Заманауи үлгідегі оқу құралдары әр бөлмеден табылады.
№66 Қазығұрт жалпы орта білім беретін мектебі 1992 жылы пайдалануға берілді. Есігін айқара ашқаннан бері мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім нұрын себелеп келе жатқан қасиетті білім ордасы. Мектеп өзінің алғашқы күнінен бастап «Білімді ұрпақ – ел болашағы» деген ұстанымды берік ұстанып, сапалы білім мен саналы тәрбие беруді басты мақсат етуде. Бүгінде мектеп қабырғасында тәжірибелі де шығармашыл ұстаздар ұжымы қызмет атқарады. Олар жаңартылған білім мазмұнына сай заманауи технологияларды тиімді қолданып, оқушылардың ой-өрісін, танымдық қабілетін дамытуға зор үлес қосуда. Мектеп кабинеттері жаңа технологиялармен жабдықталған. Барлық оқу бөлмелеріне интерактивті тақталар орнатылып, информатика және робототехника кабинеттері заманауи компьютерлермен қамтамасыз етілген. Мұндай қолайлы орта білім сапасын арттыруға, оқушылардың ақпараттық сауаттылығын дамытуға зор мүмкіндік береді.
Сонымен қатар №66 Қазығұрт жалпы білім беретін орта мектебінің оқушылары түрлі білім және өнер сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетуде. Айталық, 2024 жылдың 19 қаңтарында Шымкент қалалық Білім басқармасының «Оқушылар сарайы» ұйымдастырған әл-Фараби, Абай және Тұран аудандарына қарасты мектептер арасындағы қалалық «Ең үздік рәміздік топ» байқауында мектептің «Жас ұлан» ұйымының «Рәміздік тобы» I орын иеленді. Бұл мектептің патриоттық тәрбиеге ерекше мән беретінін дәлелдейді.
Сондай-ақ мектептің 10-сынып оқушысы Кәусар Дүйсебай «Алтын түлек» математикалық олимпиа­дасының республикалық кезеңінде III дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл жетістік – оқушының еңбегі мен оның жетекшісі, математика пәні мұғалімі Ж.Қалмырзаеваның жоғары кәсіби шеберлігінің айғағы.
Тағы бір үлкен жетістік – 8-сынып оқушысы Жомарт Алуа Әуелбекқызының жеңісі. Ол «Мектеп пен ЖОО-ның интеграциясы – жаңа білім беру жүйесінің даму факто­ры» тақырыбындағы Саттар жас ғалым­да­рының жобалар шеруі атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Бас жүлде иегері атанды. Оның Жетекшісі – Рахия Айтбаева.
Мектептің еңбекқор қызметкері, ағаш шебері мамандығының иесі Қайрат Арғынбеков Астана қаласында өткен «Тамыз – 2025» республикалық конференциясына қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған «Жұмысшылар жылы» аясында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл марапат – оның адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің, өскелең ұрпақты еңбекке баулу бағытындағы өлшеусіз үлесінің лайықты бағасы.
Шын мәнінде, №66 Қазығұрт жалпы орта мектебі – ұжымдық ынтымақ пен ізгіліктің ордасы. Мұнда әр балаға жеке тұлға ретінде қарап, оның дарынын ашуға, өз жолын табуына мүмкіндік жасалады. Ұстаздар мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде мектеп жылдан-жылға дамып, өз беделін арттыра түсуде.
Биыл осы мектептің құрылғанына 33 жыл толып отыр. Бұл – тек бір білім ошағының емес, тұтас ұрпақтың өмір жолындағы баспалдақтарының мерейлі белесі. №66 Қазығұрт жалпы орта білім беретін мектебі – өткенін мақтан тұтып, болашағына сеніммен қарайтын, білім мен руханияттың шырағын жаққан асыл ұя!
Шымкент қалалық Білім басқар­ма­сына қарасты №66 Қазығұрт жалпы орта білім беретін мектебі жылдық жоспарға сәйкес 2025 жылдың 17 сәуірінде ерекше мәнге ие «Үштік одақтың үйлесімі – жарқын болашақ кепілі» атты ашық есік күнін өткізді. Бұл атау тек ата-ана, мұғалім және оқушы арасындағы өзара байланыс қана емес, бұл – бірлік, сенім мен түсіністікке негізделген үштаған, ұрпақ болашағының тұғыры. Мақсаты – мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз байланыс пен ынтымақтастықты нығайту. Мектеп—оқушы—ата-ана! Осы үштаған қашан да бірлікте, өзара ынтымақта болса, алынбайтын асу жоқ. Жалпы, мектеп педагогтары білім мен тәрбиені қатар алып жүруге тырысады. Бұл ретте атқарылып жатқан жұмыстар жеткілікті.
Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі шырайлы шаһардың қоғамның өміріне белсенді араласып, берекелі істің бастауы, жақсылықтың ұйытқысы болып жүр. Ардагерлер Білім басқармасымен бірлесе отырып, мектептердегі ұлттық құндылыққа негізделген тәлім-тәрбие жұмыстарын жандандыруға үлес қосып келеді. Сонымен қатар №66 Қазығұрт жалпы орта мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына сәйкес «Зама­науи тәрбие әлемі. Ұлттық құнды­лықтар. Ұрпақтар сабақтастығы» тақыры­бында ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев бастаған бір топ ардагердің қатысуымен қалалық әдістемелік -тәжірибелік семинар өтті. Онда ұрпақ тәрбиесіне қатысты барлық мәселе талқыланды. «Бүгінгі алмағайып заманда жастарға қалай тәрбие береміз?», «оларды жат ағымдардың жетегінен қалай арашалаймыз?», «телефонға тәуелділіктен құтқарудың жолдары қандай? деген сұрақтарды ардагерлер мен мұғалімдер бірлесе талқылады.
Мектеп пен ата-ана арасындағы тығыз байланыс пен ынтымақтастықты нығайту үлкен маңызға ие. Оқушы тәрбиесінде үшжақты бірлескен әрекеттің маңызын көрсету мұғалімнің күнделікті жадында жүруі тиіс. Білім беру үдерісіндегі ашықтық пен сенімділікті арттыру жолдарын қарастыру мектептің әрбір ұстазының басты борышы саналады. Ардагерлер мен ата-аналарды мектеп өмірімен таныстырып, ортақ жетістіктермен бөлісу екіжақты байланысты нығайта түседі.
«Ашық есік» күні аясында ата-аналар оқу кабинеттерін аралап, оқушылардың шығармашылық және ғылыми жобаларымен танысады. Сонымен қатар ашық сабақтар, спорттық сайыстар, өнер көрсету, үйірме жұмыстары, психологиялық тренингтер, пікір алмасу алаңдары ұйымдастырылады. Бұл күн – ата-анаға өз баласының мектептегі даму бағытын көруге, ал ұстаз бен оқушыға қолдау сезінуге мүмкіндік беретін маңызды сәт.
«Үштік одақтың үйлесімі – жарқын болашақ кепілі» атты ашық есік күні аясында келушілерді «Ұлттық қазына» бұрышы: ұлттық құндылықтар көрмесімен таныстырады. Қонақтарды мектеп оркестрі «Ер Тұран», «Адай» күйлерімен қарсы алды. «Жас домбырашылар» тобы өнер көрсетті. Ал «Тәжірибе алаңы» көрмесінде оқушылардың жобалық, шығармашылық жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды.
Білімге арналған бұрыш аясында оқушылардың оқу үлгерімі таразыға түсті. «Білімнің қайнар бұлағы – кітап» көрмесі бойынша «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге…» деген Абай даналығына негізделген танымдық сабақтар өтті. «Тәрбие – тал бесіктен басталады» тақырыбында тренинг-сабақ мектепте жиі өтіп тұрады. Инклюзивті білім беру бойынша «Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылармен жұмыс жасау тәсілдері» тақырыбындағы таныстырылым болады. Зияткерлік даму бөлімі ментальды арифметика бойынша шеберлік сабағын өткізіп келеді.
Мектепте өткен осынау іс-шара қорытындысында мектеп директоры Найла Рапихақызы: «Бүгінгі ашық есік күні – білім мен тәрбие берудегі бірліктің, сенім мен серіктестіктің нақты көрінісі. Үштік одақтың – ата-ана, ұстаз, оқушы арасындағы үйлесімі мықты болса, ұлт болашағы жарқын, еліміздің ертеңі сенімді болмақ. Бірігіп атқарған әрбір іс үлкен нәтижеге бастайды. Сіздерге шынайы алғысымызды білдіре отырып, бала болашағы жолындағы ортақ жұмыста табыс тілейміз!» — деді.
Иә, Шымкент шаһарындағы №66 Қазығұрт жалпы білім беретін мектебі бүгінде республикаға кеңінен танымал. Мектеп мұғалімдері республикалық, аймақтық пән олимпиадаларында үнемі топ жарып, бәйгелерден оза шауып келіп жүр. Бір мақалада олардың барлығын атап шығу мүмкін емес. Аймақтық, қалааралық, республикалық түрлі жарыстарға қатысып, мектеп мерейін асқақтатып жүрген оқушылар да баршылық.
Қазығұрт мектебінің ту сыртынан осы аттас тау асқақтап көрінеді. Ал Қазығұртта Нұқ пайғамбардың кемесі қалғанын жұртшылық жақсы біледі. Осынау киелі тау атындағы мектептің үнемі алдыңғы қатарда болуы заңды да. Біз Қазығұрт тауындай асқақтай беріңіздер, түлектерініңіздің даңқы Қазығұрт тауындай әлемге тарай берсін деген ізгі ниетпен қоштастық.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір