ІЗДЕРІМ ҚАЛЫПТЫ ҰҚСАП…
10.06.2016
934
1

12-беткеНұролла САҒАТБАЕВ

 

 

Тілдесіп қарағанмен, тобылғымен,

Сапарға шықтым іздеп жоғымды мен.

Белгілі болды үш қырдан асқан соң-ақ

Даланың деп жүргенде, жолын білем.

 

Ағынан ақтарылып, ағытылған,

Бір істі бастап едім тағы тыңнан.

Жолыққан жалғыз аяқ жолсымақтар

Жіберді адастырып бағытымнан.

 

Амалсыз енді өзгеге кіріптармын,

Келмеді қайтып үйге кіріп барғым.

Маңайдан жөн сұрарлық жан кезікпей,

Шиырлап төңіректі жүріп қалдым.

 

Шегі жоқ кеңістік қой түз дегенің,

Бір жерге келіп кеткен жүз келемін.

Соқпағың өзің салған болмаған соң

Кім берсін қаңғыбастың іздегенін.

 

Күнгейдің көтеріліп көк беліне,

Ойланып көз жібердім өткеніме.

Өкіндім босқа кеткен уақытыма,

Қиналдым терді текке төккеніме.

 

Сонда да қиындыққа көне білдім,

Күтпедім береді деп көмегін кім.

Іздерім қалыпты ұқсап шиырлаған

Тоқылған өрнегіне өлеңімнің.

 

Сыртына үміт-түгін тебіндеткен,

Күпті еді, күдікті еді көңіл көптен.

Жатса да жаза басып ақындықтың,

Тағдырын айта алмаймын тегін деп мен.

 

Кетпесе екен

Жеткізе алмай жүректің арман, мұңын,

Шырылдаған торғайдай арбалды үнім.

Айға қарап ұлитын болғансың ба-ей,

Азуы алты қарыс «арландығым».

 

Бабалардың оятып ұранды үнін,

Еске салды өткенді бір ән бүгін.

Қарғалар мен кеттің бе-ей, жемтік іздеп,

Қағып түсер қиядан «қырандығым».

 

Қара өлеңнің шығармай шашау жібін,

Жүргенімде түгендеп жасау, жүгін.

Есекдәме тірлікке көнгенсің бе-ей,

Жалына қол апартпас «асаулығым».

 

Сыйлағанға семіріп әр таң нұрын,

Қыздырғанға қуанып, арқамды күн.

Дарақының тойына айналдың ба-ей,

Далаға тән қазақы «дарқандығым».

 

Тимесе де пайдасы маған бұның,

Бере алады безбендеп бағамды кім.

Еркіндігін маймылдың мансұқ қылып,

Кетерсің деп қорқамын «адамдығым».

 

Жақпаса да жаныңа бұл қылығым,

Ар-иманның айнымас құлдығымын.

Мұражайдан жүрсің бе орын іздеп,

Орны толмас, әй, ұлттық құндылығым.

 

Желіне ұқсап өтімді кұздің ұтқыр,

Өкпе тұстан соғады ызғырық бір.

Қарамайтын бет, жүзге нарық келіп,

Бәсекенің базарын қыздырып тұр.

 

Дала десем…

Тартып туған өзіне даласының,

Қарапайым қазақтың баласымын.

Өзені мен тауының мінезі ғой,

Өн бойыма жинаған бар асылым.

 

Өсуі үшін өркені аман-есен,

Жауыма да жамандық қаламас ем.

Дала десем мәрттігім бүрін жарып,

Дархандығым оянар дала десем.

 

Күн өткізіп көрмедім дүрмекпенен,

Көріксізге қөңілді кірлетпеп ем.

Үмітпенен қарадым алдағыма,

Арттағыма қарадым құрметпенен.

 

Арманымның асылы ішіндегі ең,

Жаратылған қанымнан күшінде өлең.

Басқалардың алдында мақтанамын,

Қазақ болып туғаным үшін де мен.

 

Дала десем далиып кеңіп қалам,

Рахатты сезінем, ел ұқпаған.

Дала жайлы бірдеме білгің келсе,

Жолығып кет, ей, досым келіп маған.

 

Ұлы дала

Туған анадай өткізген қадыр, қасиетін

Ақ сүйекке де, қара құлға да.

Саудаға салынып, сатылып көрмеген

Қисапсыз қазына – пұлға да.

Сақтардан қалған сарқыттай,

Сақталған сана түбінде,

Дешті Қыпшақпен Қоңырат, Керей, Найманның

Құтты қонысы, алтын бесігі болған бұл дала.

 

Салт-дәстүрі мен жыр, аңыздарын

Күзеткен жауынгерлердей қырағы.

Жәдігер балбал тұлғалар түзде,

Кезегін күтіп тұр әлі.

Күлтегін, Тоныкөк бабаларымның

Қолжазбаларын жеткізген бізге көк тастар,

Түркілік тегімнің табан тірерлік

Мәңгілік тұғыр-тұрағы.

 

Қалғып-мүлгіген, ұйқыда жатқан жаһанның

Бұзып бұйығы тынышын,

Он ғасыр бұрын оянған менің

Алтын айдарлы Шығысым.

Ұмыта да қойған жоқ әлі Евразия құрылығы

Жарты әлемге әмірін жүргізген

Шыңғыс қағанның қайқы қылышын.

 

Жәнібек пен Керей белдерін буып,

Қазақ хандығын құрғанда.

Тәңірі жарылқап көшінің бетін

Ұлы Далаға бұрғанда.

 

Мәңгілікке тігілген алып орданың

Шаңырағын ұстап тұратын,

Уығы болуға асығыпты бәрі

Ағылып ойдан, қырдан да.

 

Әлхисса жырмен бастаған басын

Баталы баба сөзінің,

Алмас қылыштай сынаған тасқа

Қайратты ерлер төзімін.

 

Кейінгі өсер ұрпақтарына енші болып мәңгі қалсын деп,

Қорғаған осынау Ұлы Даланы қарашығындай көзінің.

 

«Еңсегей бойлы ер есім салған ескі жол» жатыр бетінде,

Қасымнан қасқа жолы қалды қарасқан жесір, жетімге.

Тәукенің жеті жарғысы емес пе іргесін елдің бекіткен

Жол бермей келген әділдігімен ыдырап, тозып кетуге.

 

Туған жерінің топырағы үшін бір уыс,

Қайда қалмады қу бас, жан, дене.

Ұлы Даланың ұраны болуды

Абылайға ғана тән деме

Бұғаудан босаудың бұлқынысы еді ғой алғашқы

Тәуелсіздіктің соңғы құрбан болған хан Кене.

 

Қайырлы болсын, кешеулеп келіп

Маңдайға қонған ырыс-бақ.

Ғасырлап күткен тәуелсіздіктің бағасын

Танып алайық дұрыстап.

Шашырап кетіп қайта табысқан тағдырлардың тұтқасын

Атадан балаға мұра болып қалған береке-бірлік тұр ұстап.

 

Зер салып қарап, өткен тарихқа

Қолдағы барды бағалап.

Салмақтап көрсең бұрынды-соңды естілмепті ғой жаман ат.

Ертеңіміздің елдігіменен еңсені тіктер ерлігі

Алаш ұранды, Ұлы Даланың, ұрпақтарына аманат.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 30.06.2020 | 20:18

Өте әсерлі күшті өлең шұмақтары екен👍🏻

ПІКІР ҚОСУ