Біз әлі кездесеміз…
14.10.2025
91
0

Жұмабай алғаш көргеннен-ақ кіммен болсын тонның ішкі бауындай араласып кете бермеуші еді, әрине, туған-туыстай болып кеткен ақын-жазушыларының немесе ілгеріден білетіндерінің орны бөлек. Жәкең дос-жарандарын негізінен адамгершілігіне, шығармашылық әлеуетіне көз жеткізіп таңдайтындай. Ұл болсын, қыз болсын, жақсы адамдарды көбіне өз ортасынан, басқа ортадан да іздеуден жалықпайтыны жүрек қалауы. Сондай-ақ көңілі жақын жандардың қаламгер болуы шарт емес, қадірлісі мектептегі ұстазы немесе өмір бойы есіктен кіруге именіп тұратын таныс-білісі немесе бақытын қарапайым еңбектен тапқан адам болуы мүмкін. Жұмаштың әдебиетті, өнерді ұнататын жастарға ықыласы шексіз. Қолынан келгенінше көмектескісі келетіні іш тартып сөйлеген сөзінен, елгезек, ілтипатты қимыл-қозғалысынан көрініп тұратын.

Бірде оңаша отырғанда:
– Өмірді азды-көпті білемін, – деп кесіп сөйлегені бар. Тағы бірде:
– Өмірде білмейтінім көп екен. Өмірге кеше келген адам сияқтымын, – деді өзіне-өзі ренжіп.
Жұмаш бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында бойындағы кемшілігін жасырмайтыны жан тазалығынан, ізгілікті мұрат тұтқандығынан шығар. 
Жәкеммен әуелгі кездесуіміз Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Оған дейін бір-бірімізді сырттай білетіндіктен, ара-тұра қоңырау шалып әңгімелесетінбіз. Бірінші қабаттағы кабинеттердің бірінен шықса керек, сыртқы есіктен кіргенімде Жәкең баспалдақпен жоғары көтеріліп бара жатыр екен. Мені көріп күтіп тұр. Жанына келгесін құшақтасып амандастық. Сөзі майда.
– Астана аман-есен бе? Қашан келдің? Иә, қандай шаруа? 
– Аманшылық. Астанадан кеше келгенмін. Шаруа қара шаңыраққа, өзіңе сәлем беру, – деп жатырмын. 
– Сәлемші болсаң, төрге шық, – деді Жәкем қолтықтап жатып.
Сағат онның кезі болса керек. Түскі үзіліс болғанынша жұмыс бөлмесінде тапжылмастан отырдық. Ара-тұра Жәркен Бөдешұлы сынды ұлт ақыны, Жазушылар одағының хатшысы Жанарбек Әшімжан, сондай-ақ редакция қызметкерлері кіріп-шығуда. Мен бір шетте ескі газет тігіндісін қарап отырсам да бәрімен қол ұсынып, амандасып қаламын.
Әлден уақытта қара бұлттай түнеріп, бір мұртты кіріп келгені. Сәлем-сауқат жоқ, айқайына басты. Өткен апта болса керек, «Қазақ әдебиеті» газетіндегі жарияланымда әлгі адам қызмет істейтін мекеме басшысының аты-жөні қате жазылыпты. Мақала авторы редакцияның тілші қызы болып шықты. Сол қызды таптырып алып Жұмабай біраз кейіген болды. Сөзінің соңында басылымның бас редакторы ретінде айыбын мойындайтынын айтуда. Ұпайы түгел мұртты өзіне-өзі риза секілді, бәрімізбен қоштасқаны шығар, оң қолын жоғары көтерген соң сыртқа шығып кетті.
Іле-шала тілші қызды қайта шақыртқан Жәкең кешірім сұрағандай айналып-толғану үстінде.
– Көңіліңе алмашы, қарағым. Жас кезімізде өзіміз де тілші ретінде қателіктер жібердік. Сені түсінемін, айналайын! Айтып жатқаным – дұшпан көзі сөздер ғой. Бақытты бол, әкем! – деп маңдайынан сүйіп, есіктің аузына дейін қошеметпен шығарып салды. 
Сол күні кешкісін Жазушылар одағында Жәкеммен қайта қауыштық. Жұмыс аяқталған уақыт. Екеуміз такси жалдап Медеуге көтеріліп, мейрамханалардың бірінде отырмыз, оңаша бөлме. Даяшыдан басқа кіріп-шығып жатқан ешкім жоқ. Жұмашпен жасымыз қатар. Жас ұлғайғасын құрдаспен сыр шертісудің жөн-жосығы бір бөлек. Оған Медеудің көркем табиғаты мен күндізгіден бетер сүттей жарығы да себепші шығар.
 Кейбіреуіне жолымыз түсті, жер бетінде ғажайып, ажар-көркімен көз тартатын әйгілі демалыс орындары баршылық. Медеудің олардан несі кем? Жаратылысы озық болмаса.
* * *
Елімізді, жұртымызды кемсітіп, кісімсіп сөйлейтін болған-толғанның алдында Жұмабай Шаштайұлы іркіліп қалмайтын, ішіндегісін қатты-қатты айтып тастайтын. Кейде көзі тірісінде сыйласып өткен ел ағаларын кезінде өзі ойлаған деңгейде құрметтей алмағанына қынжылатыны бар. Бір күні Сыртқы істер министрлігіндегі жас, көрнекті дипломаттар туралы сұрағына орай, Қайрат Әбдірахманов пен Қайрат Сарыбайды тілге тиек еттім. Екеуі де ол кезде вице-министр болатын. Жұмабайдың көздегені дипломаттар туралы жалқы емес, бір шоғыр материалдар жазу еді. Амал не, ол ойын жүзеге асыра алмай кетті. 
Жыл сайын Алматы қаласына бір рет, кейде екі рет жол түседі. Бірде онсыз да екі күн кешігіп келгесін қонақүйге емес, бірден «Алматы» шипажайына ат басын тіредім. Жатын бөлмеге жайғасқасын ағайын-туыс, басқа да жақын адамдарың бар, тұс-тұсына хабарласып жатырмын. Ойым – амандық білу.
Жұмашқа қоңырау шалғанымда өзі туып-өскен Жамбыл ауданы «Қазақ әдебиеті» басылымының мерейтойына байланысты қонаққа шақырып жатқанын айтып, ертең ертерек Жазушылар одағына келуімді міндеттеді. 
Ертеңіне таңертең Жазушылар одағының алдында «Қазақ әдебиеті»  редакциясының ұжымымен қатар одақта қызмет істейтін біраз адам бас қосыпты. Білетіндермен жай-жапсар сұрастық. 
Кез келген ортаның ажар-көркіндей қыз-келіншектер көп, арасында Қарагөз Смәділ секілді қаламы жүйрік қыздарымыз көзге түсті. Көпшілігі жас ұрпақ, Алмас Нүсіп пен Бағашар Тұрсынбайұлы амандасты. Осы талантты жастарды жанына жақын тұтатын болса керек, Жәкең үшін осы екеуі бір төбе, басқалары бір төбе сияқты.
Сатирик-жазушы Еркін Жаппасұлы ол кезде редактордың орынбасары қызметін атқарады, Ерекеңді баяғыдан білемін. Қауқылдасып, оңаша шыққасын өтіп те кеткен екеумізге ортақ күндерді еске түсірдік. Әңгіме-дүкен жуық арада бітетін емес. 
Кейбір жігіттер жеке көліктерімен жүр. Біздің мінгеніміз – жүрісі жайлы заманауи автобус. Жамбыл ауданының жұртшылығы құрмет көрсетіп, күтіп алды. Тәлім-тәрбиесі шығар, аудан әкімі Махаббат (тегі есімде қалмапты) көптің біріндей ұстайды өзін, көп сөйлемейді. Ізетті, қарапайым адам. Иә, көргенді әкім аз сөйлеп, көп тыңдар. Жұмабай бір орайы келгенде: 
– Әкім осы кісі, – деп таныстырып жатты. Бәріміздің илейтініміз бір терінің пұшпағы. Қаламдас әріптестердің тойын ұйымдастырғаны өз алдына, ажарлы-базарлы тойдың басынан аяғына дейін басы-қасында жүрген Махаббат ініміздің ғұмырлы болғанын, өмірден бақ-берекет тапқанын ішімізден тіледік. 
Тойымыз Жамбыл ауданының Құрметті азаматы ретінде Жұмабай бауырымызды «Қазақ әдебиеті» басылымының мерейжасымен құттықтап, басына бөрік, иығына шапан жабудан басталды. Жұмабайдың жеке шақыруымен келген қаламгерлерге де құрмет көрсетілуде. Олар – Серік Асылбекұлы, Бекболат Әдетов, Көпен Әмірбек, Несіпбек Дәутайұлы, Самат Ибраим, Жұмабек Кенжалин, Бекен Ыбырайым. Бәрі де – ел жақсылары. 
Тау етегінде, тамылжыған табиғат аясында киіз үйлер тігіп тастапты. Дастарқаны берекелі. Әлсін-әлі ортада өнер көрсететін әнші, күйші, биші қыз-жігіттер жанып тұр. Иә, Жамбыл ел-жұртының көңілі дарқан, қонақжай салты мінсіз.
Жаны нәзік Жұмабаймен оңаша бір сөйлескенімде ризашылығын білдіріп жатты.
«Қазақ әдебиетінің» шашбауын көтеріп жатқан ағайынға рақмет! Осындай көл-көсір жақсылықтан ара-тұра көңілім босап кететіндей көрінеді. Сыр білдірмей жүрмін», – деді. 
Жұмабай керемет редактор болатын. Ықыласы түссе, күрделі дүниені де жайнатып жіберуші еді. Сонымен бірге кейде Жұмаштың бойында әулие-әмбиеге тән мүмкіндік бұғып жатқандай көрінетіні бар.
 Қай жылы екеуміз екінді кезінде Бішкек қаласына сапарға шықтық. Жұмабай «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, осы басылым тасқа басылатын күн болғасын Қордайға жеткенше қалта телефонына тыным болған жоқ. Қазақ-қырғыз шекарасында күтіп тұрған туған інім Арманды көп болды көрмегелі, сағынышымыз бір құшақ. Мейрамханадағы кешкі астан соң «Дискавери» қонақүйінде Жәкең екеуміз екі нөмірге жайғастық. 
Бірден шаңырағына түспегенімізге інім өкпелі сияқты.
– Уайымдама, ертең барамыз, – деп бетінен сүйіп жатырмын.
Ертеңіне ұлы сәскеде Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы елшілігіне кіріп шықтық. Елші Айымдос Бозжігітовпен көптен бері араласамын, құшақ жайып қарсы алды. Басқа да таныс-біліс жігіттер жүр. Айымдос Ерсайынұлы – әдебиет пен өнерді қадір тұтатын азамат. Жұмабай екеуі бір-біріне ынта-ықылас танытып, асықпай әңгімелесті. Ара-тұра елшінің хатшы қызы рұқсат сұрап ыстық шай, кофесін, тәтті-дәмдісін әкеліп жүр.
Ақырында, елші жүргізушісімен бірге жеңіл көлігін босатты. Бір туған Қырғызстан, қайда барсақ та өз еліңде, өз жеріңде жүргендейсің. Марқұм Шыңғыс Айтматов ағамыздың басына, «Ата Бейітке» зиярат етіп шықтық. Шықаңның құдіретті рухы ма? Оқылған Құран аяты жан дүниемізді қатты толқытты. 
Қырғыз Алатауының табиғи қорығын туристер соқпағымен жаяу жүріп қызықтау бір ғанибет. Қайтарда тоғанында балық өсіретін дәмханаға аялдадық. Дайын қармақты салған бойыңда бір-екі қадақ тау балығы (форель) бірінен соң бірі түсіп жатқаны. Өрімдей жас қыз аулаған балықтарымызды қызартып, қытырлатып қуырып әкелді бетіне көк жуа төсеп. Жасы қатар қызы бар Жәкем болашағына ақ жол тілеп, батасын берді. 
Түстен кейін інім Арманның бау-бақшасымен ерекшеленетін жеке, еңселі қонысжайында қонақта болдық. Келініміз – қырғыз қызы. Інімнің тұңғышы Әйгерім таяуда тұрмысқа шыққан, бір қой шалып, құда мен құдағиды да шақырыпты, сүйкімді адамдар. Жәкең Алматыда да, Манас елінде де ішімдікті кері ысырып жүрді. Мен де Жұмабай достың ыңғайына жығыламын.
Сол күні кешкісін кенже ініммен қырғыз-қазақ шекарасында қош айтысып, әрі қарай Алматыға қайттық. Күнделікті жұмыс – көпшілігімізді езіп жіберетіні өз алдына, апталарды, айларды, жылдарды із-түзсіз жұтуда. Соған қарамастан, байырғыдан бергі қызметтестер мен ағайын-туыс ортасындағы қысқа демалыстың өзінде адам көңіл сергектігін қайта табатындай. Жәкең екеуміздің Қордайдан өтіп бара жатқандағы бастапқы сұхбатымыз осы төңіректе болды.
Жолда мәңгілік тақырыпты да азды-көпті қаузадық.
Сені асықтырмаймын. Өзім де асығып отырғаным жоқ. Жылдар өтер, тіпті тұтас бір дәурен өтер. Ақиретте де кездесуге жазсын, – деп жатырмын сөздің ретіне қарай.
– О дүние ғажайыбы рас болса, бәрі мүмкін, – деді Жәкең салмақты, сабырлы қалпында.

Бақиға аяқ астынан аттанып кеткен Жұмабай туралы осы естелік тақырыбын таңдауыма сол бір тілдесу себепші болғандай. «Ел-жұрт аман ба? Қашан келдің, әке?» – деп қарсы алатын адамды үлкен-кіші екі дүниеде де іздейтін сияқты.

Азат ӘКІМ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір