Сырттан
Малшы Жазықбайдың қыстағынан бес күшіктің шәуілі ат шаптырым жерге естіле бастағанына бірер ай өткен. Ішіндегі басы үлкен, аяғы жуан бақуаттысын отағасы екі құлағы мен құйрық ұшы ғана қара, басқа жағы түгелдей қардай аппақтығына қарай Ақкүшік атады. Бесеу итаяқтан ішкен жуындыны місе тұтпай, жақындап келіп жантая кеткен аналарының бауырына жабыса түсіп, таласа-тармаса соруға кіріседі. Бесеудің екеуі әлжуаз. Талас кезінде емшектен қағылады. Ал өз сыбағасынан айырылмайтын Ақкүшік, тамақ тойдырудан әрдайым алда. Соны байқаған анасы Ақтөс оны желкесінен тістеп аулақтау апарып тастап: «Осында тұра-тұр…» дегенін жеңіл ырылмен білдірді. Мұндай алалауға есі кіріп қалған Ақкүшік «ренжіді». Реніштің жетелеуімен, жарты шақырымдағы шойын жол бойына барып, ары-бері тасырлап өтіп жатқан пойыздарға қарап шоқиып отырған. Жол үстімен қызыл жолақты сары комзолды, сөмке асынған кісі келе жатты. Ақкүшік ілезде жақын тұрған бұтаға бой тасалап, кісіні бақылауға кірісті. Оқта-текте тоқтап, рельстердің о жақ, бұ жағын қарағыштап, кейде аз уақытқа аялдап, босаған бұрандаларды бекіткендей сыңай танытып, жүрісін жалғастырып, мұның алдынан өтіп, суы таяздау кішкене өзен үстіндегі қос бағыттың рельстері жатқан шағын көпірге жеткенде, біресе астына түсіп, біресе үстіне шығып, әлденелерді тарсылдата ұрып, сүт пісірімдей уақыт жүріп алды. Содан кейін өзен бойындағы көк майсаға отыра кетіп, сөмкесінен оны-мұнысын шығарып, түскі асын ішуге кірісті. «Жақсы адамды бала мен ит сезеді». Ақкүшік мына екі аяқтыдан өзіне қауіп бола қоймайтынын сезіп, тығылған бұтасынан шығып, жақындап барып шоқиды. Кісі де мұны байқап: «Келе ғой…» деп еді, Ақкүшік жетіп баруға қымсынып, орнынан қозғала қоймады. Кісі тұрып жатып: «Өле жегенше, бөле жейік!» – деп қолындағы нан қиындыларының арасына қыстырылған екі түйір шұжық кесіндісінің бірін алдына тастай салып, қайтадан орнына барып жайғасты. Асын іше отырып, бұған көз тастап қойып: «Айтқан сөзді ұғатын есті күшік тәріздісің», – деп мақтап қойды. Қомағай Ақкүшік бұл кезде бұрын жемеген дәмді шұжықтың қызығына бата, басын шұлғи, құйрығын бұлғай кісіге ризашылығын білдіре шайнап, жұтып жатты. Кісі көп отырмай, заттарын жиыстырып, сөмкесін асынған соң, әлі шоқиған Ақкүшіктің жанына келіп, тізесін бүге басынан сипап, құлағынан тартып еркелетіп, азу сүйектерін басып көріп: «О-о-о… Сенен тістеген жерінен айырылмайтын, қасқырмен тайталаса алатын, мықты қазақы төбет шығатын түрі бар…» дегеніне Ақкүшік құйрығын тағы бұлғақтата қозғалақтап қойды. Кісі қайтадан жол үстіне шығып, келген жағына қарай бет алып бара жатты. Ақкүшік артынан ермек болып қозғала беріп еді, өзінің ізінің иісімен тауып келген Ақтөсті көріп, солай қарай бұрылды. Ызалы Ақтөс ә дегенде «өкпешілді» бірер рет тістелеп жазаламақ еді, алдына түсе сала қыстаққа қарай томпаңдай безіп бара жатқан соң «іштен шыққан шұбар жылан» емес пе, ол райынан қайтты.
Ақкүшік ертемен оянды. Басқалары күздің суық таңында бір-біріне тығыла бұйығып ұйқыда жатқанда, бұл малқораларды аралауға шықты. Қысқы соғымға семіртіліп жатқан аттың жанынан өтіп, жаңадан бұзаулаған сиырдың жанына жеткенде кідіріп еді, ол көзін алартып, бұзауын қорғаштай жақындай түскен соң шәңк етіп бір рет үрді де, ары қарай бордақыланып жатқан төрт-бес ісекті төңіректей тоқтады. Қи мен ісектердің иісін ажырата алмай сәл тұрды. Олар таңалакеуімдегі елең-алаңда күшіктің бұл келуін түсінбей, жатқан жерлерінен атып-атып тұрып, шағын түнікелі қора бұрышына жабыса түсіп, бозарған көздерімен секемдене қарай қалысты. Күшіктің жан алардай сиқы көрінбеген соң, тұрған қалыптарында қайтадан күйістерін жалғастыруға көшті. Жазықбайдың бес жүздей жекеменшік қойы қамалған қораға да енді. Қойларды өріске бастап, кешқұрым қораға еріте оралдыратын қоңыраулы көк серке мұны байқап, сүзбек болып ұмтылғанда, есік тұсындағы кірген қуысынан дер кезінде қашып үлгерді. Жан-жағы биік дуалмен қоршалған бір гектардай аумақтың қой қора жақ шетінде екі бөлмелі жалшыға арналған там бар. Ал орта тұсындағы шифермен жабылып, әктелген төрт бұрыштысында Жазықбай отбасымен тұрады. Үй иелері оянса керек, дәліздің шамы жағулы. Терезеден үстел үстінде шай ішіп отырған отағасы мен әйелі көрінді. Ақкүшік тысқы есікке жақындағанда, сөйлеп жатқан әйел даусын естіді:
– Соғымды қысқа салым сояйық. Қаладағы балаларды шақырып, бір-бір жіліктен беріп жіберсек дұрыс болар еді. Қалғаны мына «разъездегілерден» артыла қоймас… Үйде ет таусылды. Ана ісегіңнің бірін сой. Қараңқалғыр тамаққа тоймайтын күшіктерді таныстарыңа таратып беріп, көзін құртсайшы… Шәуілі де жанға тиіп бітті.
– Таратып бергені несі… Бұлардың «пародистый» екенін білесің бе?
– «Пародистыйың» не?
– Сирек кездесетін, асыл тұқымды қазақы төбеттер. Егер шетел асыра алсақ, біреуі мың доллардан кем соқпас еді. Үйдегі шаруаларды тындырған соң қалаға «итбазарға» алып барып, төртеуін жүз доллардан саудалаймын. Өзіміздің малды да қасқырлардан қоритын ит керек. Ана Ақтөс қартайды. Түні бойы ұйықтайды да жатады. Ақкүшікті алып қаламыз, – деп Жазықбай итке байланысты жай-жапсарды жіліктеп тастады.

Ақкүшік ұясына оралды. Үй иесінің өздеріне байланысты «жоспарларынан» хабарсыз төртеу ояна сала бірін-бірі қуалай, аударылып-төңкеріліп ойнауға кіріскен екен. Бұл да оларға қосылып кетті. Жексенбі күні таң ата Жазықбай төрт күшікті «Нивасына» салып, шойын жолдың арғы бетіндегі тасжолға түсіп, жоқ болды. Қайтіп Ақкүшік «бауырларын» көрмеді. Тағы бір ай өткенде Жазықбай Ақкүшікті тырп етпестей етіп байлап, құлағын кесіп құнтитып, құйрығын кесіп шұнтитып тастады. Дыбысты жақсы естуі және қасқырмен арпалыста шұбатылған құйрық кедергі келтірмеу үшін екен. Жазықбайдың қатыкездігінен «көңілі суынған» Ақкүшік мына жарық дүниеде одан да басқа екінші екі аяқты бар екенін жиі есіне түсіретін болды. Соны іздеп жол бойына барып, ұзақ шоқиып отырып жүрді. Қызыл жолақты сары комзолды кісі қайтып көрінбеді. Амалы таусылған Ақкүшік қыс түскенде жолды бойлай кісінің кеткен жағына қарай жүріп көрді. Бір шақырымдай жүргенде алдынан шағын ауыл көрінді. Жолдың шығыс жағында бес, батыс жағында алты үй. Шығыс жағындағы жол жиегінде, шағын қызыл қыштан соғылған ескі ғимаратты байқады. Бұл «43-разъездің» офисі – «Қызыл там» еді. Жақындап, әлдебір қажеттілікке құм салына үйілген қаптарды паналап, ешкімге көрінбеуге тырысып, шыққан-кіргендерді бақылап, жарты сағаттай жатты. Жолаушы пойызы келіп тоқтады. Жүрісі таныс кісі арагідік вагондардың доңғалақтарын тоқылдата ұрып, тексеріп жанынан өте берді. Бұл тығылған жерінен көтеріліп, соңынан ерді. Соңғы вагонға жеткенде, артына бұрылып Ақкүшікті көріп, аң-таң болып тұрып қалды. Бұл шолақ құйрығын бұлғаңдата: «Танымадың ба?.. Мен ғой шұжығыңды бөлісе жеген», дегендей сыңай танытты. Есіне түсті білем: «Ә, сен екенсің… Кел бері!» – дегенінде, лып етіп жанына барып тұра қалды. Өткен жолғыдай басынан сипады. Кісі – осы «разъездегі» жол қауіпсіздігіне жауапты жұмысшы Әбдібек еді. «Жүре ғой», – деп Ақкүшікті ертіп, «қызыл тамға» қарай бет алды. «Сен сәл күте тұр», – деп кіріп кеткен оныңкезекшілік уағы бітсе керек, сары комзолсыз қайта шығып, өз үйіне қарай бастай берді. Үйіне жеткен соң есігін ашып, Ақкүшікке: «Оң аяғыңмен кір», – деп ескертті. Қайсы аяғымен кіргені белгісіз, кіре сумаңдап аула ішін адақтап кетпей, қақпа тұсында шоқия қалды. Бұл «сыпайылығы» Әбдібекке ұнады. Әйелі көрінді. Артынан есейіп қалған немересі шығып: «О, атам ит әкелді!» – деп қуана айқайлап еді, үй ішінен тағы бала мен қыз жүгіріп шығып Ақкүшікті ортаға алып, мәз-майрам болыса кетті.
– Аты қалай? – деді әйелі Тұрғанкүл.
– Сырттан келді ғой… Сырттан атайық.
Осы мезеттен бастап Ақкүшік Сырттанға айналып, «жақсы екі аяқтының» үйіндегі өмірі басталды. Байланбай бос жүрді. «Сыпайы» Сырттан жұртты мазалап, жөнсіз үрмейді. Кейде тысқа шығып ойнайтын үш жасар Жәния мен бес жасар Нұржанды қадағалап, қақпа тұсында шоқиып отырғаны болмаса, көшеге де көп шықпайды.
Жаз ортасында топ түйе, ішінде бурасы бар, «разъезге» келді. Көше басында өзіне шәуілдей үріп, аяғына орала берген кішкене күшікті таптап өте шыққан бура, бері келе жатты. Сырттан әдетінше қақпа алдында отырған. «Қызыл там» жақта ойнап жүрген Жәния бураны байқап қалып, үрейлене үйге қарай қаша берді. Аузынан көбік шаша, шайқала желуге көшкен бура, мойнын соза Жәнияны қуып келеді. Сәл кідіріс болса, аяғымен таптап жіберері анық. Атыла ұмтылған Сырттан, қызға таяп қалған бураның мойнының тамақ тұсынан жармасты. Қуатты бура басын Сырттанмен қоса көтеріп, иттен құтылмаққа жоғары-төмен, оңға-солға шайқай сілкілегенімен еш нәрсе шығара алмады. Ит тістеген жерінен айырылмады. Осы кезде шуды естіп үйлерінен шыққан ересектер, иттен бураны ажыратып, жабылып жүріп аулақтау жерге апарып шөгеріп, тұра алмастай етіп, байлап тастады.
Қыс түсе Әбдібек зейнетке шықты. Қол қусырып отыра алмайтын жанды «Енді не істеймін?» деген ой мазалай берді. «Қызыл там» жаққа қарағыштап, кейде барып, ол жерде мұны іздеп жатқан ешкім жоқ екенін аңғарып, көзі жасаурап кері қайтатын. Содан Әбдібек омыртқасымен ойласуға, қабырғасымен кеңесуге көшті. Онысы қағаз қалам ұстап, «бизнес жоспар» жасауға ұласты. Қыс соңына таман, түскі шай үстінде жоспарын Тұрғанкүлге жайып тастады:
«Алматыда үй қымбат. Әлемнің мен деген қалаларымен тайталасады. Жәнібектің қала шетінен «ипотекаға» алған екі бөлмелі пәтері отыз миллион теңгеден асып түседі екен. Ол ақшаны банкке төлеп құтылғанша отыз жыл өтіп, зейнетке шығатын жасқа да жетеді. Со неменің көзімнің тірісінде, қарыздың қамытын мойнына іліп жүргенін қаламаймын. Оның да «қарыз» деген пәле есіне түскен сайын, еңсесі жаншылар… – деп, отбасылы екінші ұлының жайын алыстан қозғады.
– Сонда не істемекшісің?
– Мына түстіктегі «Бөріойнақ» жотасының қойнауында Кеңес кезінде «Мәдениет» кеңшарына қараған қойшының қонысы қараусыз жатыр. Осы біздің үйден көрінеді. Шамамен алты-жеті шақырым… Барып көрдім. Әлдебір пысықтар «қашардың» үштен бірін қиратып, қышын алып кетіпті. Үш бөлмелі үйдің есік-терезелерін әкеткенімен, қабырғасы орнында, төбесіндегі шифрлары жайында. Қысқасы, сол қонысты айналасындағы жайылым жерімен жекешелендіріп, қой бағумен айналыссақ, Жәнібектің ипотекасын тездетіп жауып тастар едік.
– Қонысты жөндеуге, қой алуға қаражатты қайдан алмақшысың? Оған көп ақша керек қой… Жәнібектікінен құтылам деп жүріп, өзің қарызға белшеңнен батып, соңында тұтылып жүрме… – деп, Тұрғанкүл отағасының ойын онша құптай қоймағанын сездірді.
– Банктен несие аламыз… Бәрі алып жатыр. «Қатерге бас тікпеген, шампан ішпейді». Бас тігіп көреміз. Қой дегеннің төлімен өсімі жақсы болады. Мәселен, есік алдындағы биылғы төлімен қырық екіге жеткен қойларымыз екі жыл бұрын базардан сатып әкелгенімде он еді. Үш жүз қой алсақ, жем-шөбі болса, бір-екі жылда екі есе көбейеді. Бір жылдық төлінен жүзін базарға шығарсақ, орташа есеппен бір ісек елу мың десек, «пожалыста» бес миллион қалтаңда. Қой санын мыңға жеткізсек, жыл сайын үйіңе қап-қап ақша кіріп, баланың да. өзіміздің де банктегі қарызымызды жауып тастаймыз.
– Аты жаман екен. Бөріойнақ! Жыл сайын қасқырлар осы «разъездегі» малды үйлерге тыным бермей жатқанда, ол пәлелерің аты айтып тұрғандай өздері ту тіккен жердегі қоныста жалғыз отыратын бізді жүндей түтпей ме?..
– Сырттандай азулы итіміз бар…
Қосауыз бар… Қарсыласып көреміз.
– Саған салса, бәрі оп-оңай…
– Оңай жерде мал болушы ма еді! Ұрынып көрелік бәйбіше. Мен бәрін елеп-екшедім. Жаман болмайтын тәріздіміз. Бес-алты жыл айналдырып, жетпістің төбесі көріне бастағанда тыныштық іздерміз. Мүмкін, жөн десе, мұғалімдіктерінен бүйірлері томпаймай жүрген Қали мен келін ары қарай жалғастырар…
Шалының алған бетінен қайтуы қиын екенін білетін Тұрғанкүл: «Өзің біл» деумен шектелді. Бұдан кейін Әбдібек қой бағу жөніндегі ниетін сол аймақты тұратын нағашы және қайын жұртымен ақылдасып, көмек сұрады. Олар қыстақтағы үй мен қашардың жөндеу жұмыстарын мойындарына алатындарын білдірді. Өзі Қалимен қосылып әкімдіктерді, банктерді, базарларды жағалап жүріп, сәуірдің ортасында өзі жоспарлаған үш жүз қойдың иесі болып шыға келді. Киіз, көрпе-жастық, ыдыс-аяқ, азықтық заттарды Қали автокөлігіне артып, анасын немерелерімен қоса мінгізіп, жаңа қоныстағы үйге жеткізді. Сырттан да соңдарынан ере барды. Қыстаудағы көктемгі көрініс бәріне ұнады. Төңірек нұрға бөленіп, төрге төсеген құрақ көрпедей құлпырып тұр. Әлі мал таптап үлгермеген үй тұсына дейін қызғалдақ қаптап кетіпті.
Желпи соққан баяу самал, қыстақ желкесіндегі шөккен түйедей екі тас жайғасқан төбешіктен Сырттанға иіс жеткізді. Сол жақтан бұларды тапжылмай байқап, бақылап тұрған көз барын сезді. Төбешікке қарай абаламай, үнсіз жүгіре жөнелді. Тастарға да жетті. Екі тастың арасында жатып, бұларды бақылағанның иісі, қасқырдыкі екенін ажыратты. Тез төбешік басына көтерілгенде, төмендегі сай етегіндегі бүрген арасына сіңіп бара жатқан арлан қасқыр сұлбасын байқап үлгерді. Бұл жақтың сай-саласын жетік білетін қасқырдың соңына түсу өнімсіз шаруа болатынын сезген Сырттан үйге оралды. Енді арланынан хабардар болған қасқырлар қойлы қыстақты жайына қалдырмайды. Иә, олар ешкімге есесін жібере қоймайтын түз тағылары… Әлемнің көптеген елдерінде жыртқыш аңдар әртүрлі себептермен жойылып кетіп жатқанда, бұлар ғасырлап адамзатпен бірге өмір сүруін жалғастырып келеді. Қайсарлық та, ептілік те, тектілік те, зәлімдік те, көнбістік те, кекшілдік те бойларынан табылады. Бүк түсіп апанында жатқанға ас қайда… «Қасқырды аяғы асырайды». Бір түнде жүз, ал қар басып қалғанның өзін де қырық-жетпіс шақырымға дейін жортуға қауқарлы. Сондай кездерде сәтін салып жемтігі де кезіге кетеді. Қыстақтан көрінетін жақын тауларда апандары бар қасқырларға, енді арып-ашып, алыс жортуылдарға шығудың қажеті болмай, «асханасы» дәл бүйірлерінен табылайын деп тұр. Он бес жылдан бері малсыз, жансыз қаңырап бос қалған қыстаққа қоралы қойдың оралғанына бір қуанса, алдымен осы қасқырлар қуанатын болды. Өлексе жемейтін Қасекең, қойдың жас етін аңсағанда, тісін қайрап, шыдамсыздана сәтін күтіп, осы қыстаққа көз тігері анық. Олар: «Жемтігімнің иесі бар, рұқсатсыз алғаным ұят болар-ау…» деп сызыла қалмайды. Немесе: «Қойшы мырза, мына суықта қарнымыз ашып, ішегіміз шұрқырады… Бір қойыңызды садақа ете салыңызшы!» – деп, алақан жайып қиылмайды да. «Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп айламен, әдіспен, қатыгездікпен астасқан қайсарлықпен, қасқырлығына салып, тек күшпен тартып алуға бейім екені мәлім және ол мақсатына жету үшін өлімге де бас тігеді.
Түс ауа күрең төбелге мініп, қойларын айдаған Әбдібек көрінді. Теміржолшылықта мінсіз, жұмысын тиянақты атқарып, ғұмырын өткізген жанға ата кәсіп – қойшылық та тосырқай қоймас деп топшылап, шаруасын ары қарай дөңгелетіп әкететініне сенімді. Сенімі алдамады. Көп ұзамай үш жүз қойдың екі жүз шамасындайы буаз болып, қой қоздату басталды. Егіз туғандары қаншама… Ойға алынған «бизнес жоспардың» орындалуының бастапқы силуэті Әбдібекке жақыннан қол бұлғай бастады. Қасқырлар да қарап жатпады. Олардың да өз «жоспарлары» бар… Қойдың бір шетінде мылтық асынған ат үстіндегі Әбдібек, екінші шетінде Сырттан жүрсе де, ебін тауып екі қозыны іліп кетті. Қозыға тісі мұқалған кәрі-құртаң қасқыр мен бөлтіріктер құмар. Алып кетуге жеңіл, еті тіске жұмсақ дейтін болса керек. Қасқырлар қойға шапқанда бірерін ғана місе тұтпай, ауызға ілінген жерін, мәселен, құйрығын опыра жұлып жеп, кеңірдегінен қиып, тосқауыл болмаса, қырып салып, сұлатып кете береді. Қажет пе, қажет емес пе қарамайды. Мейлінше көбірек жайпау – басты мақсат. Геномынан солай берілген. Үшінші қозыны ала қашқан жас қасқырды Сырттан байқап қалып, соңына түсті. Тәжірибесіз қасқырды төбеден асырмай қуып жетіп, опай-топай алыса-жұлыса алқымынан алып, Әбдібек шауып жеткенше өлтіріп тастады. Ұяластарды аштық мәжбүрлеп, Әбдібектің отарын айналдыруын жалғастыра түсті. «Қулығы мен зәлімдігіне бақан бойламайтын» олар, еңістегі жырада тығылып жатып, таңалакеуімде, отар өріске бет алғанда бас салуды ойластырды. Әбдібек күндегідей қашар есігін ашып жібергесін бейқам, қорғансыз қойлар өріске ентелей өріп бара жатты. Сырттан соңынан ерді. Әбдібек атын ерттеп, мініп шығуға үйге оралды. Осы кезде жырадан атыла шыққан ұялас, бес қасқырдан тұратын топ лап қойды. Алдында келе жатқан серке, қоңырауын даңғырата серпіле кейін қашты. Оған ілесе дүркірей қашқан қисары қойлардың құйрықтарын жұла қылқытып, кейбірінің шабынан тарта жарып үлгерген қасқырлар, Сырттан жетем дегенше, қас пен көздің арасында бес-алтауын жайратып тастады. Сырттан жақындап қалғанда жалт беріп, бір қойды екеулеп өңгеріп, адырға қарай безіп ала жөнелді. Табандата қуған Сырттан соңында бара жатқан бірін секіре бел тұсынан тістей омақастыра құлатты. Бел омыртқасы үзіліп кетті ме, қасқыр жамбасын көтере алмай, артқы аяқтары сүйретіліп, қозғалуы мұң болды. Сонда да бетпе-бет бір-біріне қарағанда, айбат шегіп, тісін ақситты. Ызалы Сырттанның аузына қос құлағының арасы ілінді. Бар пәрменімен жұлқи тартып қалғанда, бас сүйегі тұмсығына дейін аршылып, қасқыр үн шығармай, бүйіріне жантая берді. Бұл кезде ұяласына қайрылмай қашқан төртеу, «олжасын» өңгерген қалпында белден асып кетті.
Қыс ортасына таман жоқ болып кеткен арлан қасқыр пайда болып, жылы- жұмсақ қой еті қауіпті ұмыттырды ма, қашар дуалынан асып түсіп, қойларға тап берді. Аппақ қардай ақ Сырттанның өзіне жақындап қалғанын, қартая бастап, кейбір сезім тетіктері істен шыға бастаған арлан аңғармай қалды. Соны пайдаланған Сырттан дыбыссыз ұмтылып, өзінің «козыры» кеңірдек тұсынан тістей жығып, ары-бері бұлқынған қасқырды тырп еткізбей жабысты да қалды. Бірер минуттен кейін, ауа жетпей тұншыққан қасқыр жан тапсырды.
«Иттік уақыт» тез өтеді. Олардың бір жыл өмірі біздің үш жылға татиды дегенді еске алсақ, Сырттан барлық жағынан толысқан шағына келді. Күшік кезінен өз таңдауын жасап, жаны қалап, «жақсы екі аяқты» санаған Әбдібектің басты мақсаты қойларды аман сақтап, көбейту екенін Сырттан сезді. Әбдібектің қаражат табуға бағытталған күрделі, күрмеулі ісін санасы ұғына қоймаса да, ол істің жүзеге асуына шама-шарқынша адал қызмет атқарып, иесімен бірлесе күндіз-түні қатерлі сәттерді басынан кешіріп, өмірін өткізіп жатты. «Аңдысқан жау, алмай қоймайды». Жау көп. Бірін жойса, екіншісі бас көтереді. Ылғи жеңіс қайдан бола берсін… Күндердің күнінде сәтсіздік те күттіре бермей, жетіп келеді. Сондай кезең таяп қалған еді. Ақпанның аяғында күні бойы өрісте болған отарды кеш түсе қыстаққа беттетіп келе жатқанда, ат үстіндегі Әбдібектің құлап түсердей мазасы кетті. Бірер күннен бері тұмауратқанын елемей жүрген. «Үйге барып дәрі, шай ішіп, өзіме келген соң отардың алдынан шығармын» деген оймен қойларды Сырттанға қалдырып, өзі оза бөкен желіске салып, үйіне беталған. Тұрғанкүл шекесін басып көріп: «Денең от болып жанып тұр», – деп температурасын өлшегенде, онысы қырықтың үстінде тұр екен. Шай мен аспирин ішті. Осы арада екі сағаттай уақыт өтіп қас қарайып қалғанда, бірден қатты суық жел азынап, қарлы боран соғып, ат құлағы көрінбейтін ақтүтек басталды. Жағдайы түзеле қоймаған Әбдібек малын іздеп үйден шықпақ болып еді, Тұрғанкүл: «…малы құрысын, жаныңды ойла!» деп есік алдында көлденеңінен қасарсып тұрып алды. Тұрғанкүл ұялы телефонын қайта-қайта түрткіледі. Әзер дегенде келініне шықты. Қалиды мектебі бір айға қалаға білімін жетілдіруге жіберіпті. «Разъездегі» көршілері Жұманның әйелімен байланысып, мән-жайды жеткізді. Мыңболғыр Жұман өзінің «Беларус» тракторына Әбдібекпен достық пейілдегі Еркінді мінгізіп шыққанымен, адасып кетіп, үш сағат дегенде әзер жетті. Ақылдаса келе қойларды таң ата іздеуге келісті. Таң сыз бере жағдайы аздап жеңілдеп қалған Әбдібекте ере шықты. Боран басылып қалыпты. Іздеп келеді. Қар басқан меңіреу дала. Мелшиген төбе, қыраттар. Көз жетер жерде қарайған еш нәрсе көрінбейді. Түнгі боранның соғу бағытын елей, осылай ықтаған болар деген жорамалмен, қыстақтан алты шақырымдай ұзағанда, сайда үйрілген отар көрінді. Қасқырлар өздеріне шапқанда, «стрестің» көкесін көрген қойлар алдымен көздері шекесіне шыға трактордағы бұларға қарап қалды да, үркіудің орнына «құтқарыңдар» дегендей елпеңдей басып, шұбыра жақындап келе жатты. Отардың қыстақ жағында жатқан өлі қасқырды Еркін аңғарды. Әсте ұяластарынан шеттеу шыққанын пайдаланған Сыртанның ісі. Екінші шетінде, қасқырды тамағының бауыздар тұсынан тістеген қалпында қатып қалған өлі Сырттанды көргенде, Әбдібектің көзінен еріксіз жас шығып кетті. «Сырттаным-ай!» – деп күбірлей еңкейіп, итінің басынан сипап, сәл шоқиып отырып қалды. Қар бетіндегі іздерге қарағанда, қасқырлар қойларға бұлар келерден көп болса жарты сағат бұрын шапқан. Сырттан екінші қасқырды тамағынан алып жатқанда, басқа бірі артынан келіп шабынан тарта айырып, ішек-қарнын ақтарып жіберіпті. Қасқырлар төрт қойды тамақтап үлгеріп, әлденеден, мүмкін трактор тарылынан секемденді ме, асығыс екі қойды өңгере қыр асқаны іздерінен байқалды. Әбдібек Еркінге мылтығын оқшонтайымен беріп жатып: «Қойларды қыстаққа айдай бер… Атқа мініп, алдыңнан шыққан соң Жұманмен қайтып кетерсің», деді. Өлген қойлар мен қасқырларды трактор артындағы қос дөңгелекті шағын сүйретпеге салды. Содан кейін тонын шешіп, оған Сырттанды орап, Жұманмен екеулеп кабинаға енгізді. Түс ауа Сырттанның көрпешеге оралған денесін Тұрғанкүл екеуі сүйрелеп жүріп, қос тасты төбешіктің ұшар басына алып шықты. «Жақсы иті өлгенде иесі аузына бір қасық сары май салады» дегенді де ұмытпай, ұзақ әуреленіп жүріп көмді.
Көктемге салым отарын бірер күнге Қалиға қалдырып, қалаға бармақ болды. Пойызға мінер кезде Еркін жолыға кетіп, жөн сұрасты.
–Анадағы өлген итімнің басына естелік тас қояйын деп ем… Соған тапсырыс беруге бара жатырмын. Немеремді ажалдан қақты… Ит те болса, кейбір сатымпаз, әумесер наданнан артық еді… Қаншама жақсылығы болды… – деп шынын айтты.
– Ойпырм-ай,ә… Біз естелікті жүрегінде сақтайтын халық емеспіз бе?! Бұрын-соңды өлген итінің басына тас қойған қазақты естімеппін.
– Онда біріншісі мен болармын, – деп, вагонға көтеріле берді.
…Аспан ашық күндері «43-разъезден» көз салғанда, «Бөріойнақ» жотасының қойнауындағы төбешік басынан күнге шағылыса ағараңдап көрінетін шағын естелік тас, ақ мраморға иттің бас бейнесі қашалынып, астына: «Сырттан 2005–2007 жж.» деп жазылыпты.
Айтбай Тәсілов