КӨКЕ
О, өлең!
Табады дертімнің ол емін.
Поэзия эстафетасын
2000-жылдарға алып барады.
Менің ең соңғы кенже өлеңім.
Т. Бердияров

Біз ол кісіні жақсы көретінбіз. Жазушылар одағына, баспалар мен газет-журнал редакцияларына сирек соғатын. Әр келуі мереке еді. «Бүгін «Қаламгерге» Тоқаш Бердияров келіпті» деген хабар қаланың қай шетінде жүрсек те бізді дереу тауып алатын, ұзамай бір топ бозбала қағаннан «тез жет!» деген бұйрық алған елшілер сияқты тұс-тұстан андыздай шауып, көкемізге жетуші едік. Ол өз өлеңдерін жатқа оқымайтын («Әртістікті жідә жек көремін дә»). Жастарды жиі тындағанмен, сирек мақтаушы еді. Поэзиядағы өзі жақсы көретін ағымдар туралы, жеке ақындар туралы да аз айтатын («Сендердің бәріңнен гөрі маған Нұх пайғамбар жақындау, неге десеңіз, ол да моряк қой. Мен сияқты…»).
Біз ол кісіні әлі жақсы көреміз. Әдетте «неге жақсы көресің?» деген сұрақ болмайды. Бұл сауалға қанша ақылды, қанша сезімтал жауап бердім дегенмен, сөзіңіз жасанды естіледі. «Жақсы қөремін» – адамзат адамзат болғалы тауып айтылған тәуір сөздің бірі.
Оның суретін сөзбен салу – әрі оңай, әрі қиын. Бір сөзбен айтсақ – Тоқаң бурыл шашты, өткір көзді, қаршығадай қара шал болатын. Ол тұрықтас кісілерді, әдетте, аласа бойлы дейді. Бірақ оны аласа деу қалай болар екен? Біз үшін ешкім Тоқаңнан биік емес еді, Тоқаңнан ұзындар көп еді десеңіз сөз басқа. Ақынның шын бейнесін танытатын фотосуретін өз басым әлі кездестіргем жоқ. Қанша суретін көрдім, әйтеуір бірдеңе жетпейді. Ол суретке түскенді жақтырмайтын («Рәсімге тартылу («суретке түсу» дегені – Е.Р.), теледидарға түсу, аң ату, машина жүргізу – көкең мұның бәрінен махрұм қаған, шырақ»). «Қалған» емес, «қаған» дейтін. Сөйлеу ерекшелігі туралы біз алда айтамыз. Оның сыры бар.
Алға қарай жыға тарайтын шашы екі шекелігін жаба келіп, маңдайына жетпей бір тегіс қысқа қайрылатын. Біздер оны кейде «кекілді жал» деуші едік. Мұнысы, әсте өзі тәрбиеленген жетімханалардан, одан бергі жерде жат боп жілігі толмастан әскерге алынғанын ескерсек, қатаң да қатал соғыс жылдарынан қалған әдет болса керек. Көкеміздің кекілі 70-жылдардағы иық жапқан ұзын шаш, дудар шаш, ұйпа-тұйпа шуда шаш, тарам-тарам өрме шаш ақын-жазушылардың арасында ескілеу сән көрінгенмен, тап-тұйнақтап жып-жинақы қалпымен ерекшеленіп тұратын.
Жалпы, ол өзі ерекше адам еді. Алғаш көргенде мен оны акробат немесе цирк ойыншысы болар деп ойлағам. Құдай тағала әуел баста Тоқаңның бойын оймен өлшеп, кейін соған мөлшерлеп таспа қара сіңір тартып, басқа мүшелерін осы сіңірге әкеліп рет-ретімен қондырған секілді. Анау қазықтай тіп-тік аяқтар, қысқа көрінгенмен бұлшық еттері терсініп тұратын екі қолы сол кепсінген бұлшық еттерді көктей өтіп шынтақтан төмен қарай көк білемдене кетеріліп, түу саусақтарына жеткенше айбынын бұзбайтын адырайған тамырлары, тіп-тік кеудесі, не шот емес, не ошақ емес артық-кемі жоқ жұп-жұмыр бойы – бәрі-бәрі егер сіңір болмаса, ет пен сүйекке көнбейтіндей, қонбайтындай, жараспайтындай жапсырғанмен жымдаса кетуі қиқар, қиқарыңа қыңыр тұлғаны сомдаған ерек бір бітім қарайтын. Мұндай адамдар, әдетте таңагөй, жинақы, ширақ болады. Ол қашан көрсең де үстіне қылшық жуытпай, мұнтаздай таза жүретін, шалбарының қыры сынған емес. Жыл мезгілдеріне лайық киінетін. Алматыдан Келеске соңғы сапарға аттанарында басы-қасында болған ақын Аманхан Әлімов көкеміздің шифонерінен әлі киілмеген оншақты көйлек, оншақты бас киім, аяқ киімдерді өз қолымен жинапты. Сөйте тұра Тоқаң сәнқойлықты ұнатпайтын (бір жазушы туралы айтқаны: «Бетін қатықпен жуған қатын сықылды дәйіс, иісмайы бұрқырап шіли жүрегімді айнытады»). Жоқ, ол сәнқойлықтан бұрын, жасандылықты ұнатпайтын. Өлеңдегі сияқты.

Өлең демекші…
Тоқаң өмір бақи өз ісімен ғана айналысып өткен ақын. Мұндай бақыт кешегі Кеңес дәуірінде екінің біріне бұйырған жоқ. Енді ес біліп, етек жаптық па дегенде, қос бүйірден қыса келген нарықка тап болған біздің ешқайсымызға бұйырмауы да мүмкін. Қайтеміз, бұрынғы шалдар айтпақшы, маңдайға жазылғанын көреміз-дағы. Үкіметтің жұмысына жегілмей, Жазушылар одағындағы айтыс-тартыстарға араласпай, қоғамдық жұмыстардан да аулақ, ақын жүрегі, патша көңілі қалаған жалғыз кәсіп – өлең жазумен ғана өмірі өткен көкеміз өлең туралы аз айтатын, тіпті айтпайтын деуге болады. Өз шығармалары туралы әрегідік жарияланып жататын рецензияларды, ірілі-ұсақты мақалаларды да оқымайтын («Бәрібір, сыншылар өлеңді түсінбейді»).
Ол қазақ әдеби сыны үшін сол жұмбақ күйінде өмірден өтті.
Өлең туралы әңгімеден қашса да, біз сөз арнасын қаумалап келіп, қайта-қайта поэзияға бұратын едік. «Өтірік!» – дейтін ондайда шорт кесіп ол. «Көке, не өтірік?» «Бәрі өтірік, пәдәріңе нәлет!» Тып-тыныш көлдің күтпеген жерден ойпаң-тойпаң боп тулай жөнелетіні секілді көкеміздің мұндай құбылғыш мінезіне әбден сырдесте болған біз үндемейтінбіз. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтіпті. Сол кездегі сарнауық балапан біздер қырықтың қырқасына шығып барамыз. Байқап отырсақ, сол алқалы жиынның ортасына аспаннан зулап келіп гүрс ете түскен жай тасындай әсер ететін жалғыз ауыз «Өтірік!» деген сөзді біз де айта бастаппыз. Зулаған жылдар-ай!..
Тоқаң туралы аз жазылған жоқ. Өзінің ақындық лабораториясында жазған «Ойлы өлең, тойлы өлең» деген мақаласы да бар. Бұл мақала кейін «Шынар» деген атпен шыққан кітабына алғы сөз ретінде «Ақын өлеңі – өз мінезі…» деген атпен жарияланды («Жазушы» баспасы, 1985 жыл).
«Ми қыртысына түбегейлі орныққан дені таза ойдың ұрық-дәндері шірімейді, өсіп-өнеді, мерзімді кезеңі жеткен кезде, еріксіз өзі-ақ уылжып піскен алмадай топылдап, қағаз бетіне түседі. Бұл табиғи нәрсе», – деп жазады ол осы мақаласында.
Бәлкім, Тоқаңды ойдың ақыны деген пікір осындай әңгімелерден кейін қалыптасқан болуы керек. Өлеңде ой айтудың классикалық үлгісі ретінде Абайдан бері қарай Қадыр Мырзалиевке дейінгі аралықта талай ақынның есімін тізуге болады. Ойшыл ақындар кейінгі жастардың арасында да аз емес.
Неге-дүр өз басым Тоқаң поэзиясының ерекшелігі – ойшылдығы дегенге ә дегеннен-ақ күдікпен қарадым.
Ей, ағайын, сен анықтап көріп ал,
Бұл өмірдің ылдиы бар, өрі бар.
Дүниеге адам болып келген соң,
Босағада нең бар сенің… төрін ал!
* * *
Өмір жолы шатқалаң, қуысы мың,
Білмеймін, бұл жалғанның туысы кім?
Көбелек боп гүл сорған қызық күндер,
Ішіне кетті сыйып уысымның.
* * *
Айырылып бояуынан сәуір гүлі,
Жастықтың ғайып болар тәуір күні.
Қартайғанда ақ таяқ – үшінші аяқ,
Сақалдың белге түсер ауырлығы.
Бұл тақылеттес өлеңдер Тоқаңда өте көп. Мұны аз десеңіз, атақты «Оқ пен гүл» поэмасы тағы бар. Оқушыны ой орманына жетелейтін «Ескі паровоз» дастаны кезінде жақсы бағаланды.
Майдандас досы, қазақтың арындай боп өмірден өткен Жұбан аға Молдағалиевке арнаған «Монолог» деген өлеңінде ақын өзі не деді?
Менің басым жер шарындай жұп-жұмыр,
Жер шарымен тұрқы бір.
Ойлар — сарбаз күнде айқас ашады,
Қарсы тұрып бір пікірмен бір пікір.
…тіреседі бір пікір мен бір пікір,
(3аңды іс қой, бұл тіпті).
Екі көзім шықпасын деп дуэльге,
Ортасына мұрын шіркін бітіпті.
Өміріме ризамын,
Өмірімнен азын-аулақ сый алдым.
Миларымның көшесімен сан тарау,
Зымырайды эшелоны қиялдың.
…Өтемін мен думаны мол өмірден,
Қабағымды бір шытпай.
Қапелімде кетсе мүлгіп Жер шары,
Тіршілік боп айналамын ұршықтай…
Нағыз ақын осылай ойлауға тиіс. Тіп-титтей жасандылығы жоқ сезім оқушыны еріксіз баулайды. Шынын айтсақ, ойға құрылған өлеңдердің қалың нуы бастапқы күдікті сейілтсе керек еді. Мұны да мойындамасақ, бесіктен белі шықпай жатып жетім қалып, 30-жылдардың басында Ташкенттегі балалар үйінде тәрбиеленген (бір кереметі, Тоқаң «жетім өсіп едім», «мен жетіммін ғой» деген сияқты өзіне аяныш шақыратын жылауық өлеңдер жазған емес. Мүмкін жетімдігін айтып зарлау – ер адамға жараспайтынын, мұның өзі түптің түбінде жиіркенішті қылыққа айналатынын білгендіктен шығар), қанқұйлы соғыстың кақ ортасында бозбала дәуренін, жастық шағын өткізген ақынға ойлылықты қимау әбестік те болар. Дегенмен о бастан мен Тоқаңның ерекшелігін өзге тұстан іздеуге құлықты болдым.
Көркемдік – өлеңнің ажырамас бөлшегі. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өскен Тоқаңа тән айрықша қасиет ойды образға орап беру шеберлігінен көрінсе ше? Әбден мүмкін.
«Сәби шағымда, бәлкім, бесіктегі кезім болар, маған айрықша әсер еткен, – деп жазады өзі жоғарыда аты аталған мақаласында, – киіз үйдің түңлігінен телмірген, тарыдай шашылған жылтырауық жұлдыздар еді. Дауыл қатты тұрған шақта, үй түңлігі желпілдеп, кереге, уықтар сықырлап, шаңырақ шайқалып, киіз үй үрейлі де, қызық та керемет бір күйге түсетін. Гуілдеген жел, күркіреген аспан, найзағайдың қызғылт осқан шимайы… бәрі-бәрі көз алдымда».
Кеудем менің терезе,
Ар жағында шам боп жанар жүрегім.
Кеудем менің терезе,
Алтын аймен қол ұстасып жүремін.
Кеудем менің терезе,
О бастан-ақ күн нұрына ғашықпын.
Кеудем менің терезе,
Ілгегім жоқ, кірер екен ашып кім?!
Тоқаш Бердияров – табиғат суреттерін өлеңге көшіргенде шеберлігі кімді де болса таңғалдыратын ақын.
– Шалкөдедей жер бар ма,
Жайлау бар ма Шибұттай,
Хантәңірді көрдің бе,
Аппақ қозықұйрықтай.
Айғайынан шопанның,
Тау жаңғырып, деседі: «Ей».
Киіз үйлер сайдағы,
Төңкерілген кеседей.
Мұндай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Егер Тоқаш Бердияров қазақ поэзиясының көркемдік ізденістері көкжиегін кеңітуге көп үлес қосты деген тұжырым жасалса, өзім қос қолымды көтеріп дауыс берер едім. Дей тұрғанмен, көңілде бір түйткіл қалатынын тағы жасыра алмаймын.
«Әңгіме көркемдікте емес, – дейді сол түйткіл, – әңгіме – басқада». Сол басқаны табу керек. Қалайда табу керек. Өлінің үрейі, тірінің мерейі үшін.
Кезінде марқұм академик-жазушымыз Ғабит Мүсірепов ақсақал Қазақстан Жазушылар одағының кезекті съезінде Тоқаш Бердияров поэзиясына ерекше тоқталып, оның көркемдік ізденістеріне тәнті болған. Қарға түскен танк іздерін нота мәтіндеріне ұқсатуына сүйсінген. Шынында, бұл тек нағыз ақын ғана таба алатын теңеу. Осы мақаланы Тоқаң ұнатпайтын. Онысы көрнеу көзге кергу емес, паңдық та, нәндік те емес, шыны еді. «Талдай алмаған. Шалы түспегір тап баса алмаған» дегенін өз құлағыммен естігем.

Орыс ақыны Николай Заболоцкий «Өлеңді көтеріп тұратын үш кит бар. Олар: Ой – Образ – Әуезділік», – дейді. (Стихотворения держится на трех китах: «М – О – М. Мысль – Образ – Музыкальность»).
Осы формулаға салып қарасақ, Тоқаш Бердияров поэзиясын жас-кәрі, хан-қараға бірдей ұнайтын төрт аяғын тең басқан дүние деу қисынға келмейді. Мүмкін, шынында, «теп-тегіс жұмыр келсін айналасы» — өлеңге жүрмейтін заң болар. Неге, шынында өлең кемшіліксіз болуға керек. Өз басыма төрт шумақтан екі, не бір жол ұнаса — ол үлкен олжа. Өкінішке қарай, оқырман ретінде жыр сапарынан ылғи да олжалы оралмаймыз.
Бір ақиқат – Тоқаңа деген ыстық ықылас әлі суыған жоқ. Жә, біз көз көрген көкеміздің аруағын сыйлағандықтан оқиық, ал кейінгі жастар ше? Бірде Алматыда шығатын бір газеттің тілшісі, өрімдей жас қыз, біссіміләдан әңгімесін Тоқаң туралы бастағанда таңғалдым. «Апыр-ау, бұлар Тоқаңды қайдан біледі», – дедім іштей. Үйге келе жатып, неге-дүр көкемнің көп айтатын «Өтірік! Бәрі өтірік, пәдәріңе нәлет!» деген сөзі ойыма түссін.
Жылдар бойы іздеп жүретін бір шындықтар болады. Таба алмайсың. Таптым-ау, жеттім-ау дегенде тағы да сағым қуып сандалып қалғаныңды біліп, саныңды соғасың. Бір қарағанда құпия ештеңе жоқ секілді, бәрі де өзің көрген, өзің білген һәм білетін жайттар. Жұмбақ не бар? Әрі-беріден соң сол ізденісті жылы жауып тастап, ұмытқың келеді. Ұмыттым дегенмен бір бүйірден қадалған шаншу секілді кетпей тұрып алады. Құдай сәтін салған күн оған да қолың жетеді екен. «Інжілде» айтатын «озарение» дейтіні осы сәт болса керек. «Өтірік! Бәрі өтірік, пәдәріне нәлет», – дедім түн жамылып келе жатып. Айттым да қалт тұра қалдым. «Шынайылық!» – дедім күтпеген жерден, – ойбай-ау, ол шынайылық қой». Үйге есім кете қуанып келгенім есімде. Қуаныш эйфориясынан соң, көкемнің кітаптарын парақтап отырып, көңіл күйім күрт түсіп, төлжігенім-ай іштей. Оның ерекшелігі – шынайылық. Орысшаға қотарсақ, искренность. Баяғыда Ғабең (Ғабит Мүсірепов) ақсақал қазақта «нравственность, порядочность» деген ұғымдардың неге дәл атауы, нақ баламасы жоқ деп сұрайтыны ойыма түсті. Неге біз өлеңдегі ойлылық, көркемдік, әуезділік, тапқырлық секілді қолдан келетін, шын қиналса қалам ұстағанның бәрі де нобайы сұп-сұлу, жып-жылтыр қып жасап шығара алатын нәрселерге үңілеміз де, ең басты нәрсеге, қолдан жасалынбайтын, қолға қонбайтын қасиетті нәрсеге аса мән бермей келгенбіз? Өмірдегі өз бейнеңді өлеңнен жасырып қала алмайсың дегенді ғой жиі айтамыз. Қысқа ғұмырында (ақын жүзге келіп өтсе де, ерте кетті деген жөн) өтірікпен жаны қас, жасандылықты ата дұшпанындай көріп өткен Тоқаң поэзиясының ерекшелігін шындықтан, шынайылықтан іздеуге ақылымыз жетпеді ме, әлде әлгі қасиетгер өз бойымызда аз болған соң, өзімізде жоқты өзгеден іздеуге батылымыз, кісілігіміз жетпеді ме? Бізге жетпейтін не осы, Кісілік пе, әлде Кішілік пе?
Ертеректе атақты «Ескі паровоз» атты поэмасын өзі оқығаны еске түседі.
Хат жазып отырмын жер үйде,
Шамымыз – снаряд құтысы.
Жер жырту керек қой,
Жөндеуден шықты ма «ХТЗ».
Сағындым алқызыл белесті,
Сағындым даланы жел ескен.
Қалай?.. Төрешім ер жетіп қалды ма?
Су әкеп тұра ма Келестен, –
деген жолдарды оқығанда «Көке, «ХТЗ» деген не?» деп сұрағам. «ХТЗ»-ның трактор екенін білетінмін, бірақ жорта сұрадым. «Трактор!» деді көкем. «Ол қайда жүрген трактор, көке?» «Қайда жүргенің қалай? – дейді көкем, – ауылда жүрет тә». «Ауылда жүрсе жүрсін, өлеңде нағып жүр? Басқаша айтса не болар еді?» «Өтірік болады»,– деді көкем тісін шықырлатып.
– Ауылды жиі ойладым,
Аман болсын анам баққан ақ ешкі…
Планетаның нағыз жауы —
Фашистерді атқанда,
Мылтығымыз болған жоқ-ты осечка!
«Өмірбаян орнына» атты атақты өлеңдегі осы «осечканың» өлеңде нағып жүргенін, бұдан кейін, әлбетте, мен сұрамадым.
Өлеңде жасандылық болмауға керек.
Әдетте, Тоқаңның өлеңдеріндегі ұйқас тәртібі де жұртқа ұқсамайтын. Біз «түбірлі ұйқас», «тұтас ұйқас» дегендерді тауып, өлеңнің соңғы 2-3 буынын жымдастыруды місе тұтпай, қатар келетін төрт жолдың да ұйқасуына, (а-а-а-а) оны аз десеңіз 4-5, кейде тіпті 5-6 буынды ұйқастар жасап және мұнымызды жаңалыққа балап жар салып жүргенде, көкеміз а-б-в-б үлгісімен ұйқас жасайтын. Әдейі, қырсығып жасайтын шығар дейтінбіз. Олай емес екен. А-б-а-б немесе а-а-б-а үлгісіндегі ұйқастыру оның қолынан келетін. Жасыратын несі бар, кейде біз ұйқас үшін ойды құрбандыққа шалып, жаңылтпаштыққа, «тақ-тақтыққа» ұрынып жатамыз. Ал екібастан «тақ-тақтың» түбі «тақ-тұқ». Сөйтсек, көкеміз өлең құрылысында да жасандылықтан қашады екен.
– Көнерген мүшені,
Қалпына келтірмек қай ұста.
Кащей боп кәрілік,
Жігіт-қандармен түседі сайысқа.
Талмаурап, жүдә, ұзап барады-ау,
Жақыннан естілген жайдары әуендер.
Қартайған башайға – Үзеңгі әудемжер.
Осы екі шумақты мен жазсам орыс ертегілеріндегі Кащейдің көзін құртып, қазақтың Өлмесханын алар едім. Буын сандарын тәртіпке салар едім. «Башайдың» орнына басқа бір сөз табар едім. «Жүдәні» «тым» деген сөзбен ауыстырар едім. Сосын, «әуендер» мен «әудемжерді» ұйқастырмас едім. Сөйтіп, сырты сұлу екі шумақ өлең шығар еді. Бірақ онда дәл Тоқаңдағыдай шынайылық бола ма, жоқ па – оған сенімім аз.
* * *
Ол ылғи Оңтүстік қазақтарының ауызекі тілімен сөйлейтін. Мысалы: «Пахта жегенелеп жүргенде, Полат тағам кеп тайхарымды қалады. Ол ялламалы лөліден ғаллаға алған сұр мәшіннің баласы еді. Мен көнбей песақа ап ұмтылып, тағам тарбыздың шопағына сүрініп, осылай кеп-кеп-кеп тарбазаға маңдайымен періп кеп кетсін». Мұның «тәржімасы»: «Мақта баптау науқаны еді. Бірде Болат нағашым келіп, бәсіре есегімнің қодығына қолқа салды. Ол жалдамалық цыганнан астыққа айырбастап алған сұр мәшіннің қодығы еді. Мен бермеймін деп жерде жатқан айырды ала ұмтылдым. Нағашым қаша жөнелгенде қарбыздың қабығына аяғы тайып, тура барып қақпаға маңдайын соғып тоқтады».
Оңтүстік қазақтары жиі айтатын «жүдә», «шіли», «қапа болдым», «азанмен», «найқап-найқап сөйлеу» – кейде Тоқаңның өлеңдерінде де жүреді. Бірақ бәрі түсінікті. Түсінікті болғаны былай тұрсын, осы сөздер өлеңге өзгеше реңк беретін тұстары да бар. Жылтыр, бірақ жылуы жоқ, сұлу, бірақ суық сөздер, жарқырауық, бірақ жасаңды сөздер Тоқаң поэзиясына тән емес.
Ол өмірде де сондай еді.
Жазушылар одағында Сәкен Сейфуллиннің суреті салынған кілем ілулі тұр. Суреттің етегінде Сәкен ағамыздың бір шумақ өлеңі бар. Көкемнің көңіл қошы келмей, өзінен өзі кейіп жүрген күндерінің бірі еді:
«Сыр сандықты ашып қара,
Ашып қара, сырласым.
Сым пернені басып қара,
Басып қара, жырласын», –
деді ол тісін шықырлатып тұрып. – Ашып та қарадым, басып, та қарадым – дым жоқ».
Мұңдай әңгіме жата ма, ұзамай-ақ елге жайылды. Біреу күліп, біреу қажап талай отырыста өсек пен қаңқудың арқауына айналды. Көкем тағы да бір-екі ай көрінбей кетті.
Бір топ жастар сол фойеде әңгімелесіп тұрғанбыз. Күтпеген жерден Тоқаң келе қалды. «Тоқа, – деді бір жас ақын Сәкеннің суретін нұсқап, – біз де өзіңізге ұқсап ашып та қарап, басып та қарап, түк таппай тұрмыз».
– Әй, дәйіс, – деді көкем, – сен не тантып тұрсың. Сәкен осы тұрған бәрімізден де ақын.
Жым болдық.
Тағы бірде Аманхан Әлімов екеуімізді айта беретін «Қаламгерге» ертіп келді. Кетеген ешкідей шипаң-шипаң етіп жүретін (әлде жорғалайтын ба?) бір ағамыз көрмеген кісі боп, қапталдағы есікке кіріп кетті.
– Осыны сабап бересіңдер ме? – деді көкем тісін шықырлатып.
– Мәселе жоқ, көке, айтсаңыз болды.
– Жүріңдер, әуелі ішіп алайық.
Ішіп алдық. Көкемнің ашуы басылар емес,
– Осындайлар қайдан пайда болады осы, – деді кейіп, – әгәр Совет хүкіметі болмаса жаңағың бар ғой, ә, жалақ-жалақ боп қойдың соңында жүретін қалқанқұлақтың өзі. Мына үйден айран, ана үйден нан, арғы үйден құрт сұрап, бәйбішеден бір таяқ жеп, ауыл-үйдің итіне екі таланып боздап жылап отыратын сорлы…
–Ендеше, не тұрыс, көке. Барып, маңдайын қыштай ғып келейік, – дейміз ентігіп.
Абырой болғанда, «Қаламгерге» сол мезет Нұтфолла Шакенов, Қуанаға Шаңғытбаев, Хизмет Абдуллиндер кіріп келсін. Біз кезекті «ақ мойынды» әкелуге жүгіріп, іле-шала қайта жүгіріп, абыр-сабыр күйге түстік те, қалқан құлақ ақын жайына қалды. Арада бірталай уақыт өткен. Кезекті бір отырыста көкемнің көңілін аулағымыз келді ме:
–Ол нашар ақын, – дедік біреуміз.
–Ақын емес, – дедік екіншіміз.
–Оттамаңдар, – деді көкем түсі бұзылып, – әуелі екеуің сол секілді өлең жазып алыңдар. Рас, ол аздап крахоборлау, бірақ жақсы жазып жүр. Ал сендер әлі түк бітірген жоқсыңдар.
* * *
Тас табыттың ішінде,
Кетпейінші оянып.
Т.Бердияров
Есть в осени первоначальной,
Короткая, но дивная пора.
Весь день стоит как бы
хрусталъный
и лучезарные вечера.
Ф.Тютчев
Бауыр басқан әпкесі ұзатылып кеткеннен кейінгі жас баланың хал-күйін түсіне аласыз ба, сіз? Сәби жүзін сағыныш жасы айғыздап қыр басында өксіп тұрған сол баланың көңіл күйін хатқа түсіре алған ақын басқа өлең жазбаса да болады. Ол – ұлы ақын. Бала көптің арасынан әпкесін іздейді. Таба алмайды. Көргісі келеді. Көре алмайды. Сезінеді. Сезінген сайын сағынады. Ол ендігі жерде ғұмыр бойғы жан серігі – Сағыныш екенін әлі білмейді. Ендігі ғұмырда сол Сағыныш жүрекке қадалған жұмсақ тікендей ақырын ғана сыздап қайда, қай құрлыққа барса да өзімен бірге жүретінін ол әлі білмейді. Бәлкім, Сағыныштың екінші аты – Жоқты іздеу шығар.
Менің Тоқаш көкем Алматының күзін асыға күтуші еді. Медеуге баратын ұлы жолдан «Просвещенец» демалыс үйінен өте бере бір езулей жырыла шығып қамшылар жаққа бұрандай тартатын бұрма жол «Әулие бұлақтан» өткен соң қайынды тоғайға қарай жүйткиді. Даңқы жер жарған Көкжайлауға апаратын да осы соқпақ. Бұл өзі бір ғажап мекен. Арқа тұсың – Аққайыңдар елі, маңдай алдың – маңғаз қарағайлар мекені. Медеу сайы – алақаныңызда жатады. Мұнда күзде келу керек. Сары күзде. Жаратқан иенің бір жерге, бір жерге емес-ау, алақандай ғана аумаққа осыншама сұлулықты қалай ғана үйіп-төгіп сыйлай салғанына таңғаласың. Күреңіте бастаған жапырақтарға қарап, сары күздің де өтіп бара жатқанын білесіз. Жүрегіңіз ауырады. Дәрменсіз Көкке қарайсыз. Күздің осындай бір күні еді-ау сонда. Ол жылдары дүниені сағыныш билеп тұратын. Бала сағыныш.
Көкем екеуіміз №6 автобустан Медеуге жетпей түсіп қалып, сол «Көркем тепсеңге» жаяу өрлеп келеміз («Көркем тепсең» дегенді алғаш қайдан естідім, әлде бір жерден оқыдым ба – есіме түсіре алмаймын, әсте өзім қойып алған ат болуға керек). Әр келген сайын мен Ілекеңнің (Ілияс Жансүгіров) «Жетісу суреттерін» жатқа оқитынмын.
Кенет (әдеттегідей, күтпеген жерден):
–Бала, осы сен Көкшетауда, «Оқжетпесте» болдың ба? – деді жалт бұрылып.
Қитықтым да қалдым. Күрең жапырақ, күміс етек ақ қайыңдар аралап, алып қарағайлары аспан тепкен жұмақтың төрінде келе жатып, «Оқжетпесі» несі? «Көркем тепсеңді» аяп кеттім. «Азаулының Стамбұлдан несі кем?»
–Ал Көкшенің қайыңдары өзгеше, – деді көкем. Бетіне қарасам, толқып келеді екен. Бір түрлі ұялғандай ма, қысылғандай ма, әйтеуір, күнде көріп жүрген Тоқаң емес. Сәлден соң өлең оқи бастады:
– О, как на склоне наших лет,
Нежней мы любим и суеверней,
Сияй, сияй, прощальный свет,
Любви последней, зари вечерней.
Пускай скудеет в жилах кровь,
Но в сердце не скудеет нежность.
О, ты, последняя любовь,
Ты и блаженство и безнадежность.
Түсініп тұрмын, бірақ мойындағам жоқ. Орысшасы мейлі, әншейінде «ұлтым, ұлтым» дегенмен, «күшігінен таланған» ағаларымыздың орысқа бір бүйірі бұрып тұратынын білеміз һәм оны кешіруге, жоқ кешіруге емес, түсінуге болады, бірақ «Көркем тепсеңде» оқылатын өлең Тютчевтің өлеңі ме?
–Көке, не, жайша ма? – дедім аспанға қарап.
–Не надо хамить, бала, – деді көкем. Тісін шықырлатпады. Демек, әлі ашуланған жоқ. Лирикасы мен ашуының арасындағы осы бір қас-қағым сәтті пайдаланып қалу керек. Әйтпесе кеш болады.
–Неге безнадежность? – дедім мен.
–Потому что, на склоне лет, – деді көкем.
–Ну и что?
–Иә, – деді көкем жұмсақ үнмен, – сен өзі мына ағаштың атын білесің бе?
–Е, дарақ та нәйеті, – дедім қырсығып.
–Мұны Көкшетауда жөке дейді. Қандай әдемі! – деді көкем жапырақтарын сипап.
–Не әдемі?
–Атты айтам.
–Жөке деген әдемі сөз бе сонда?
–Жылы естіледі.
–Обба, көке-ай, – дедім мен, – сонымен, болашақ жеңгеміз көкшетаулық болды ғой?
– Она еще ни словом не намекнула о своей любви. Эта женщина умеет молчать. Может, она права. Может бытъ, я вовсе не достоин любви такой красивой, нежной женщины. Может быть, я – пустое место.
Не дегенім есімде жоқ. Бәлкім, мен ол кезде көкемнің:
–Шіркін-ай, Көкшетауға кім алғызды,
Сәмбітал мен мұнша көл, мұнша қызды.
Ойпыр-ай, дел-сал болдым іздей-іздей,
Көкшеде қалып қойған сұрша қызды, –
деп келетін өлеңін білмеген болармын. Мүмкін, ол кезде:
Білмеймін, мені біреу сүйіп пе еді,
Мен үшін бәйек болып күйіп пе еді.
Қыңырайған қу қырсық төмен тартса,
Мәртебем өлең жазып биіктеді, –
дейтін шумақтарын түсінбеген шығармын. Бірақ бізді, Тоқаңның тілектес інілерін «Менің тойым болған жоқ» атты өлеңі қатты толқытатын. Бұдан да гөрі атақты «Болса егер» өлеңін түнеріп отырып оқитынбыз. Қазір де оқыған сайын жүрегіміз жылайды.
Жүзе алмайды бүйірлеп,
Бір ескегі о баста жоқ қайығым.
Құрғыр есігім қағылар ма қайтер ед,
Болса егер зайыбым.
Әйткенменен «балалы үй – базар ғой»…
Әне, содан жұрдаймын.
Немеремді жүрер ме едім жетектеп,
Болса егер жұбайым.
«Үйлендіріп» өлеңге,
Бір шүйкебас бұйыртпады Құдайым.
Жынды «джинді» ұмытар ма ем,
кім білсін,
Болса егер жұбайым.
Қазыналық үй, телміремін әйнекке,
Гуілдейді жан-жағым.
Қымтай түсіп өтер еді-ау көрпемді,
Болса егер жан жарым.
Күмбірлейді, күмбірлейді бір жұмбақ,
Көкірегімде күй менің.
Жырға зауқым соқпас па еді, кім білсін,
Болса егер сүйгенім.
Тоқаш көкем сары күздің сондай бір тамылжыған тамаша кешінде сол «Көркем тепсеңнің» етегіндегі сол «Просвещенец» демалыс үйінде қайтыс болды. Жазатайым сүрініп кетіп, қарақұсы тасқа тиген. Мен жаназасына бара алмадым. Бала кезімнен «жолдас» баспа (ангина) дейтін дерт аяқ асты қайта қозып, төсектен тұра алмай жатқанмын. Аманхан таң атпай хабар айтып келгенде, «көкем мені Келеске, апамның қасына жерлеңдер» деуші еді, – дедім. «Білеміз, Келестен інісі келді. Ертең алып кетеді», – деді Аманхан.
Ұйықтай алмадым. «Екеуіміз Келеске барамыз. Сен Қазығұртты көр. Нұх пайғамбармен сырласамыз» дегені есіме түсті. Өзі өле сүйген көкшетаулық сұлуды ойладым. Кейін, көкем туралы өлеңдерім газетте шыққан соң, телефон шалған екі-үш әйел болды. «Мен ол ақынды жақсы білуші едім», – деді нәзік дауысты келіншек. «Ол мені сүйіп еді», – деді екіншісі. Жай айта салды. Қайғырғаны да, қуанғаны да белгісіз – жай айта салды. Қайта хабарласпады. «Менің Тоқаштан балам бар. Қыз бала, – деді салмақты әйел дауысы, – үйге келіңіз. Адресті Аманхан біледі». Жақсы адам деп ойладым мен. Кейін, өкінішке қарай, Аманхан да, мен де сол жеңгемізбен хабарласа алмай қалдық.
«Менің көкем бәріңді де сүйді. Шын жүрегімен сүйді. Ол кісі өтірік айтпайтын. Сеніңіздер оған» дегім келеді Тоқаң ғашық болған әйелдерге.
Ол өмірден ғашық боп өтті.
Мен сізді сағынып жүрмін, көке!
Есенғали РАУШАНОВ