«КЕЛІСІП ПІШКЕН ТОН КЕЛТЕ БОЛМАС…»
03.06.2016
2037
0

406293_1307894038_Nurlan_aga02(ҚОРЫТЫНДЫ СӨЗ)

Нұрлан  ОРАЗАЛИН

 

Жиынымыз мәресіне жетті…

Баяндамалар оқылды…

Сөйлеймін деушілерге де толық мүмкіндік берілді. Өзге пікір білдіремін деушілер болмаса, жиынды қорытуға рұхсат етіңіздер!

Жыл сайын болатын үлкен жиынымыздың ойдағыдай өтуіне өз үлестерін қосқан баяндамашыларға, алтын уақыттарын бөліп, әріптестік міндеттеріне ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен қарағандары үшін ұйым басшылығы атынан ризашылығымды білдіруге рұхсат етіңіздер!

 

Жиын барысында «баяндамалар­ға берілер уақыт аз» деген пікір қылаң берді… Жыл қорытындысы екі-үш күнге созылса, баяғыдай (өткен ғасырдағыдай) әр баяндама 40-50 минуттай оқылса деген пікірмен келісу қиын. Заман ырғағы бізден тездікті керек ететінін ұмытпаңыз­дар. Тіпті съездер мен пленумдардың өзінде есепті баяндамаларға 35-40 минуттан артық уақыт бөлінбейді ғой… Алда-жалда әріптестеріміз жаңадан жарық көрген өз туындылары туралы кеңірек пікір есті­гіле­рі келсе, шығармаларын кеңейтілген жанрлық кеңес­тердің талқы­лауларына салуларына болады… Менің ойымша, әріптестеріміздің көбі осы пікірмен келісуі тиіс. Ұзақ жиындар мен салақұлаш баяндамалардың дәуірі әлдеқашан өткен жоқ па?

Бұл – бір…

Екіншіден, жиын барысында ауыз-екі айтылған кейбір артық-ауыс сөздердің бәрін газет бетіне сүйреп алып шығудың қажеті бар ма? Ойлану керек… Осында жақсы баяндамалардағы бірді-екілі талантты әріптестеріміздің атына айтылған қайсыбір субъективті пайымдардың да қара көрігін үрлей берудің керегі бола қоймас… Жиын ашыларда айтқан «бірі­міздің қолымыз біріміздің жағамызда орынсыз жүргеннен ұтпасақ, ұтылмай­мыз», деген ойымды тағы да қайталағым келеді. Таланттылар таланттылармен алысқаннан гөрі, мұндай жиындарда сынның садағы «халтураға» көбірек бағытталғаны жөн дер едім…

Проза туралы баяндамада «Алаш ақиқаты» атты конкурстың атына, байыбына жетпей айтылып қалған сын асығыстау  болған секілді… Баяндамашыға конкурс ережесімен танысу керек еді. Конкурс 550 жыл бұрынғы тарихымызды толғайтын шығармалар туралы ғана емес, Тәуелсіздікке жеткен 550 жыл бойындағы өмірімізді арқау  еткен озық туындыларды іріктеуге, сұрыптауға арналған жоқ па? Сабырлы, салмақты баяндамаға айтылар бір тілек осы.

Үшіншіден, күнде мұндай қалың құ­рам­да басымыз қосылып жатқан жоқ. Әдеби процесте болып жататын даулы әңгі­ме­лердің нүктесін қоюда асығыстыққа ұрын­­бауымыз керек. Мұхаммед Хайдар Дулати баба­мыздың «Тарих-и Рашиди» атты шығар­ма­сының тәржімасы жайлы жиын мінбесінен Ислам Жеменейдің атына айтылған сынға  да жауаптылықпен қайта оралу керек. Тәржімада кеткен «келең­сіздіктердің» анық-қанығына жету үшін тиісті ғылыми орталар мен білікті мамандарды қатыстыра отырып, беделді комиссия құрған жөн болар… Әзірге бұл мәселеге осыдан өзге ұсыныс айту қиын.

Төртіншіден, тәржіма дегеннен шы­ғады… Соңғы бір-екі жыл қазақ көркем сөзінің шет жұртқа танылуына біраз мүмкіндік берді. Ресей, Түркия, АҚШ, Қытай баспаларынан біраз шығармалары­мыз жарық көрді. Москвадан Қазақстан­ның Ресейдегі елшісі Марат Тәжиннің ұйтқы болуымен, сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы мен «Литературная газета» басылымдарының тікелей ұйым­дастыруымен «Қазақстан-Россия аль­ма­нағы»  оқырман қолына тиді. Үстіміздегі жылы альманахтың екінші саны жоспарланып отыр. «Пен-Клуб»-тың жаңа бас­шысы Бигелді Ғабдуллиннің бастама­шы­лы­ғымен Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, М.Мақатаев туындылары Америкада, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаевтың ұйым­дастыруы­мен, Қазақстан Жазушылар одағының атсалысуымен Абай, Сүйін­бай, Мұқа­ғали, Олжас, Ілияс Есенберлин, Шерхан Мұртаза, Бексұлтан Нұржекеев, Төлен Әбдіков, Ахметжан Ашири, Смағұл Елубай, Темірхан Медетбек, Мархабат Байғұт, т.б. авторлар түрік тілінде жарық көрді. Татар Жазушылар одағымен жақсы байланыс орнықты. Қытай Халық Республикасымен де тәржіма саласында біраз игілікті істер атқарылуда. Қытай тілінде Абай мен Мұқа­ғалидың жаңа аудармалары әзір­ленуде. Татар тілінде Ғалым, Маралтай­лар­дың өлең кітаптары жарық көрді.

Бесінші мәселе – қаламақы.

Бұл – біраз жылдардан бері айтыл­ғанымен, шешімін таба алмай келе жат­қан жағдай. Соңғы үш жыл ішінде Сенат депутаты ретінде айтулы мәселеге үкімет назарын бұрып, екі рет депутаттық сауал жібердім. Үкімет басшысымен, Мемле­кеттік хатшымен болған әңгімелер өз жемісін берер деген сенімдемін. Соңғы жаңалық – Мәдениетке байланысты біраз заңдарға өзгертулер мен түзетулер әзір­леніп жатыр. Мен сол «жобаны» әзір­леген жұмысшы тобындамын. «Қалама­қы», «таралым» секілді күрмеуі қиын жағдай­лардың сеңі бұзылып, көші қоз­ғалысқа түсті. Заңдық тұрғыдан… Бұйыр­са, қа­ламгерлеріміздің мемлекеттік тапсырыс­пен жарық көретін көркем шы­ғар­ма­ларына қаламақы төлеу, шығар­ма­лар­дың таралымын бюджеттік кітап­­ханалардың сұранысы есебінен көбейту мәселелері оң шешімін тауып қалар деген үміттеміз.

Алтыншы мәселе. Драматургия туралы. Бүгінгі Амангелді Мұқанның баяндамасын тыңдап отырып, «Уақыт сұра­нысы: Театр. Репертуар» дейтін тақырыпта үлкен бір жиын өткізуге болатынын аңғардым. Осы жәйді мықтап ойланып, Мәдениет және спорт министрлігіне ұсыныс әзірлеуді Секретариатқа, Сұл­танәлі Балғабаев басқаратын жанрлық кеңеске міндеттегеніміз жөн болар.

Жетінші мәселе. Үстіміздегі жылы аталып өткелі отырған Республика Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына арнап күз айларында бір атаулы Пленумды өткізуіміз керек. Бұл шара Одақ жоспарында белгіленген.

Жиынымызды қорытындылай келе, ел, қоғам өмірінде сауал тудырып, бәрімізді қобалжытып отырған Жер туралы, үш тілділік жайлы пікірімді білдіре кетуді өзіме парыз санадым.

Жер туралы мамыр айының басында өткен кеңейтілген секретариатта әріп­тестерім өз пікірлерін білдірді. Мен де өз көзқарасымды ашық айттым.

Иә.

Жер – ұлттың ұлы байлығы! Байлықты төгіп-шашпай, алқын-жұлқын әрекет­терге барып, халық көңілін әбігерге салар асығыс шешімдер мен атүсті пікір айтудан сақ болуымыз керек. Жерді сауда мен саясаттың боданына салуға қарсымын. «Асығыстық – сайтанның ісі» дейді дана жұртымыз. Бірімізді-біріміз тыңдап, тиімді, тиімсіз тұстың бәрін таразыға қойып, тиісті құрылымдар арқылы өз пікірімізді Бақытжан Сағынтаев бас­қа­рып отырған Үкімет Комиссиясына ұсын­ғаннан дұрысы жоқ. Елбасы: «Ха­лық­қа ұнамаған заңның бізге де керегі жоқ» деп мәселені төтесінен қойды. Бір жыл уақыт беріп, заңның талас тудырып отырған бірнеше баптарына мораторий жариялады. Ендеше… Күдік, күмәнімізді ақ қағаздың бетіне түсіріп, сабырлы, салмақты сөз айту – осы отырған қалам­герлер қауымына сын. Біз – айыл тартпасы бекем, үзеңгі-бауы бүтін, берік құ­қықтық қоғамда өмір сүріп жатқан еркін ойлы елдің азаматтарымыз. Бірлік, ынтымақ, берекелі өмір – Ұлы Дала Елі­нің ежелден ұраны болған. «Келісіп піш­кен тон келте болмайды»! Ойымызды ортаға салайық. Ұстамды болған ұлттың ұстанымы қашанда мықты болады. Жер тағдыры – ел тағдыры! Сөзімізді  халық­тық мүдде тұрғысынан айтайық!

Енді…

Үш тілділік туралы…

Елбасы меже қып белгілеген үш тілді қоғамды орнықтыру – түпкі мақсат. Бұл – интеллектуалды қоғам орнатудың бас­ты шарты. Мақсат айқын. Дегенмен… Қазақстанды өркениетке жетелер  ағыл­шын тілі ана тіліміздің «есебі­нен», ұлттық рухтың «дүбәра күйге» тү­суі­ арқылы қана­тын жаймауы тиіс. Ағылшын тілін балабақшадан емес, Жапония, Қытай, Ресей секілді 10 жастан бастап үй­ретуді енгізсе де әлемдік көштен қал­масымыз анық. Онсыз да еңсесін толық тіктей алмай келе жатқан ана тіліміздің тағдырын ойлап, тілі қазақшадан «таяқ­ты» жеудей-ақ жеп келе жатқан жеткіншек ұрпақтың көзіне мемлекет көзімен қарап көрейікші?! Мектеп қабырғасында әде­биетті жеке пән ретінде оқымаған бала­ның ертеңі қалай болмақ? Қазақ тілін жеке пән ретінде оқып, сауаттылық­тың грамматикалық нормаларын игермеген, ұлт тілінің жаратылысын үңгіп, толық танымаған, шұрайлы қазақ тілі арқылы жаратылыстану әлеміне бойламаған ұрпақ кім болады? Жасырмаймын, осы сұрақтар мені ғана мазалап жүрген жоқ. Бұл толыққанды ұлт пен толыққанды ұрпақ ертеңін ойлайтын кез келген ата-ананың көкірегінде жүрген сұрақ екені күмәнсіз. Реформа ұлт үшін, мемлекет тұтастығы үшін, халық көңілін қобал­жытпай, қоғам тыныш­тығын орнық­ты­руға бағытталуы тиіс.

Сондықтан тіл туралы, тілдің қоғам­дағы орны туралы сөз боларда Елбасының: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интер­неттің тіліне айналды. Енді оны ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тілі­міз Мәңгілік Елімізбен бірге мәңгілік тіл болады», – деген тұжырымын ойдан шығар­мағанымыз керек болар.

Үштілді кеңістік туралы айтарым осы.

Осы ойды өзек етіп жақында 15 Сенат депутаты алаң көңіл танытып, Қазақстан Үкіметіне сауал жіберді. Сауал қойғандар­дың арасында мен де бармын.

Өз басым өрісімізді кеңейтіп, өрке­німізді өсірген, Тәуелсіздік дәуірін баян­дылықтың биігіне көтерген Назарбаев есімді планетарлық тұлғаның Ел өмірін түбегейлі түлетіп, жаңа дәуір сұра­ныс­тарына жауап берер жаңа тұрпатты мемлекет орнатуына негіз болған саясаттағы, экономикадағы, реформаларын Тәуелсіз қазақ жұрты­ның бір перзенті ретінде ойыммен де, әрекетімен де, санаммен де қолдап келе жат­қан ел азаматымын!

Ширек ғасыр ішінде арса-арсасы шық­қан жаралы жұрттың көкірегіне сенім ұялатқан қуатты күш те осынау ұлы реформалар төркінінде жатқанын бүгінде күллі әлем біледі. Күні кешегі бодандық қамытын мойнына ілген, тарихи жады саналардан сүртіліп қала жаздап барып, қайта тіріліп, қайыра түлеп, өмірге қайтып келген Ұлы Дала Елінің жиырма бес жылда адам танығысыздай өзгеруін көргісі келмейтіндерді кім деуге, не деуге болады? Ол жағын көзі ашық, көкірегі ояу миллиондардың құзырына қалдырайық… Алтай мен Атырау арасындағы қалың елдің мемлекет құру қабілеті қалай еке­нін әлем алдында дәлелдеген, мойын­датқан Тұлғаның орасан еңбегін де әрісі әлем, берісі Алаш жұрты, арда туған адал хал­қымыз, еңбекқор еліміз жақсы біледі.

Жер мен Тілден ұлы, қасиетті дүние жоқ!

Республикадағы білім реформасының төркінінде Тіл тағдыры жатқанына немқұрайды қарауға болмас.

Бұл туралы да келісу керек, кеңесу керек болар. Бұл тұста да «келісіп пішкен тонның келте болмасын» ұмытпайық!

Қазақ тілінің Қазақстаннан өзге тамырын тереңнен тартар құнарлы то­пырағы жоғын естен шығармайық!

Сөз соңында…

Кеше «Жас Алаш» газетінде жарық көрген бір топ әріптестеріміздің «Ашық хаты» туралы…

Әрине…

Демократияның заманы. Кім не айт­қы­сы келсе, еркіне шек қойылмайтын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Елбасы атына бағытталған Ашық хат мәтінімен бәріңіз де таныс боларсыздар… Хат Республиканың Бірінші Адамына бағыт­талғандықтан, жауап айтып, асы­ғыс­тық жасағым келмейді… Осы бағыт­тағы Үн­деулерге талай Пленумдар мен Құрыл­тайларда тиісті жауап берілген. Қажет пе, тағы да жауап беруге әзірмін. Ресми түрде, ресми мінбеден!.. Бір қыз­ы­ғы, қанша жауап берілгенімен, қол қойған әріп­тес­терім жиі-жиі ұмыта ма, әлде ұмыт­қы­лары келе ме, әйтеуір таныс сұрақ­тарын қайыра-қайыра қоюға әуес. Әрі мұндай ұжымдық хаттар көбінесе Жазушылар одағының үлкенді-кішілі жиындарының қарсаңында жиілейді… Оқырманды да адастырып, әдеби ортаны да жаңылдырар мұндай сөздерді сан мәрте естідік. Естіп те келеміз… Егер ой­ларын жайып салғысы келсе, айтарларын бү­гін­гідей төрт көзіміз түгел жиналған жерде мінбеге шығып, неге айтпайды?

Жә!

Жазушылар одағы – ешкімнің мен­шігін­дегі ұйым емес, Қоғамдық ұйым! Уақыт желі шайқағанымен, дәуір, замана талабына сай шайқалмай, туын жықпай келе жатқан төріміз.  Алыптардың тұсын­да да осылай болған, ағалардың да дау-дамайын сан естіген мына қасиетті қара­шаңырақ… Енді, міне, біздің де алуан түрлі әңгімелерімізге куә болып, жиырма бірінші ғасырдың екінші онжылдығы аяқталып келеді…

Уақыт озады. Бірақ әдебиет туралы әңгіме үзілмейді. Үзілмек емес. Жалғаса береді. Күнгей-көлеңкесі қатар өрілер Сөз дейтін ұлы өнердің көші әманда көлікті болсын!

Тәңірім әдебиет туралы өтетін осындай сөз, келісімді кездесулерде әмісе бас қосуға жазсын!

Бүгін де, ертең де ылайым осылай болсын…

Бірімізге-біріміз тура қарап, тура сөйлегенге не жетсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір