ЕЛІН БАҚҚАН – ЕР
03.06.2016
1850
0

БакытбекБақытбек БӘМІШҰЛЫ

 

«–Тар қапаста қалғаны сорлы мекен,

жылан бауыр, жан іздеп түн жүр епті.

Шудабай би ойлайды: – Болды ма өткен,

одан асқан Алтайда түк жүректі?

 

Ел іздеген, атақ, даңқ, мақтан қумай,

бөліп жесе бір құртын бақытты еді.

Арлы ақылын аямас аққан судай,

адамзаттың асылы жақұт еді.

 

…Асқақтатып, айбарын, аңыз атын,

Қарт Алтайдың шалды ғой басын қайғы.

Айта алған жоқ әлі де нағыз ақын,

жетесіне жеткізіп батыр жайлы.

 

Күркіресе еститін саңырау жан,

бұзылса көк аспанның ашуындай.

Қасиеті Зуқаның саңылаудан

өтетұғын иненің жасуындай.

 

Қаймықтырған Ақты да, Қызылды да

пысқырмаған басқаның патшасына.

Түсетұғын бөрі еді бұзылды ма,

ұлықтың да күзетті бақшасына.

 

Байшыкештен босатып байланғанды,

алданбаған айырдың ақшасына.

Апай төсі жайлаудай айналғанды,

қасаң жұрттың жайлайтын тақтасына.

 

Арам қаны асқынған аярларға

ранотын жерінің бастырмаған.

Ат мінгізіп жарлыға, жаяуларға,

ауыр есік арысқа аштырмаған.

 

Арын басып тіленіп, тасынғанның

ауыздықтап ұстаған асқынғанды.

Ас қып берген ал кеуде басынғанның

атын сойып өзіне астындағы.

 

Аманында амал не, аман еді,

Алтай таудың алқа төс күн шығысы.

Табылмай тұр тарылған заман емі,

асқынып бек тыныстың тұншығысы.

 

Отырғанның орнықты арқалығы,

тұрған жанның тұғырлы тірегі еді.

Кеудесінде Қазақ деп соғып тұрған

Көк бөрінің кәдімгі Жүрегі еді.

 

Ауыл үйдің иттері күндіз ұлып,

көшіріп ед көңілге зілі кірбің.

Таңның қашып реңі күн бұзылып,

ашпады анық ажарын нілі гүлдің.

 

Ала таңнан сайрайтын ну тоғайдың

құмығады неліктен бұлбұл құсы?

Сары белдің, қоңырқай қусақ ойдың

қуарғаны құлпырған бұлғын тысы.

Бас кесетін бар әдет – арам қанды

мұндай аусар жалғанда болады екен.

Бассыз қалып бай тамыр тарамдалды,

боп қала ма қалғаны бола көтен?

 

Шытынаған шарасы, бар қалыбы,

сүркей дәуір жазы қыс, жылынбаған.

Сынып жатыр алаштың арқалығы,

сирақ қалды сынақта жығылмаған.

 

Қызыл жалын қариды тарлан тәнді,

темір түсті тікенді, терістігі.

Жібермейді аярды тамған қаны,

Туған тулақ –

Топырақ Жер ыстығы.

 

Жауырын жақ қып-қызыл қызыл жалын,

сол жалынға өртеніп Құран кеткен.

Ұсынбаса уақыт, Алла ажалын

кімнің күші бұрыннан бұған жеткен.

 

Өңменінен өрмелеп ширатылып,

айыр тілді ақ жылан ысылдайды.

Сой панасы қазақтың қиратылып,

сорлы жұрттың жеп жатыр ішін қайғы.

 

Батпайтұғын бос белбеу, бұрын жасық,

аяқ асты батыр боп шыға келді.

Баяғыдай жұлдыздар жымыңдасып,

жанар ма екен қазақтың шырағы енді?

 

Тау құлады… қайысып қалың орман

қара нордың шаңдағы күл реңді.

Бауыздаудан атқақтап залым орған

Ұлы дене, Ұлы Қан күңіренді.

 

Кеттің Көкке, Ұлы Жан Көпке кеттің,

көтерілдің ой жетпес биігіңе.

Енді ешқашан қарылып бөксе көптің

көмілмейсің күйініп күйігіне.

 

Суға айналып сорпалы жақтың әрі,

абұйырлы алаштың ақсұң Ары.

Басыңа ұрып, басынып жаттың әлі

басқа біреу қораңда бақ сынады.

 

Тауды айғырдай арқалы арқыратып,

тасымайды-ау өзендер бұрынғыдай.

Сылайтұғын айнадай жарқыратып,

суға жуды-ау арулар бұрымды ылай.

 

Бүйірінен бөрінің қан ағады,

қартаң шіріп, қу талақ, түскір атты!

Қапы жаттың қағынған қағанағы –

түгіменен қылғыту түсті затты.

 

Қырың иен, суарар қансыз қаңсып,

қылыш қайран шабылмай майрылып.

Ежен ханға бас алу емес таңсық,

езіп келед еңсеңді айыр ұлық.

 

Сау тамтық жоқ сауырдан, солған ұртым,

айбыным да ауырған, үсік шалған.

Запыранын құсады қайран жұртым,

екі зертең бүйірден қысымға алған.

 

Ін ішінен көмескі аңқиттаған

суыр үні тыңдасаң естіледі.

Қанша заман, қайырсыз ит бағамын,

қанды тарих бір күні ескіреді.

 

Бәйшешектер көктейді белесіме,

қанды суға құнарлы суарылып.

Оңалғанда оралып ел есіне,

еңірейді сонда бір ұлар үміт.

 

Жатқа жалын жануар сипатпаған,

бүкпеленіп, бүгіліп, жүгінген-ай!

Жауыр аттай ерғашты сипақтаған,

көтереді жігіт Ел жүгін қалай?

 

Жын-шайтаннан аластап көк белдерді,

қозғалады қара жер дүркін-дүркін.

Келесің бе, Көк Бөрі, бөктерлерді

дүбірлетіп, шулатып, шіркін, бір күн?!

 

Асын тасып алыстан ақ түтекте,

Көкбөрі ене Бабамды емізіпті.

Аталарым батырға бұлан етін

бұзбай қақтап деседі жегізіпті.

 

Ұлы Дала аймағын ұланына,

Менің Жұртым – мекенім дегізіпті.

Еркіндіктің айналған ұранына

көрді екен кісі еді не қызықты?

 

Қанып ішер ынталы шөліркеген,

өңі оңып бозарған өрнектерден.

Дала иісі бұрқырар тау ешкінің

терісінен жасалған жөргектерден.

 

Жетілдірген жетесін өркенінің

жүрегіне қондырып ізгілікті.

Ар алдында идіріп алтын басын,

айдынында шындықтың жүздіріпті.

 

Он жастағы оқ беріп оғыланын,

от ұстатып ойнатып баптағанды.

Құла түздің қорғаштап ор құланын,

бір күн бейғам бел шешіп жатпағанды.

 

Дауыл да аспас дуалы кең даламның

әр қадамы алтынға татыр ісі –

Терлігі бір кеппеген Ер бабамның

емессің Сен, батырым, ақырғысы.

 

Күн астына күмістеп аттандырған,

керуенін күймелі керімсалдың.

Қонысыңа қорықпай басқан бір маң,

ол салмады, ізіңді Өзің салдың.

 

Жау кесірдің қос қолың жағасынан

өле-өлгенше өтті-ау ажырамай.

Өр Алтайдың қайқайып саласынан,

өрлер ме екен енді көш мамыражай.

 

Көксегішшіл көтбасты өткен текті

жырау заржақ, ақ сақал, бақсы сирек.

Өркен жайып қар-мұздан өскен көкті,

өңменінен өтеді өкпек түйреп.

 

Жолбарыстай жараған бауырынан

сыртын беріп, сыр бермей ұстасқанға.

Өтетұғын айналып ауылынан

түкірігін ататын күшті аспанға.

 

Қашқындарын ала аяқ ақ патшаның,

айбарымен асырған Қобдан қолға.

Қобдалықтар айтады қақсатқанын,

құтылғанын сол бір сор, зордан зорға.

 

Жеті ағайын мінгесіп желкесіне,

көк шолақты көрмеген тепеңдетіп.

Елі сенген ерліктің серкесіне,

жеткізе ме болса егер жетең кетік.

 

Зуқа елінің сынбаған талшығы да,

ширек ғасыр – қос мүшел есебі екен.

Басы ауырып, тү-тү-тү, балтыры да

сыздамаған бір күн де деседі екен.

 

Бар арманы жері мен елдің қамы,

ерді тыныш үйінде жатқыза ма?

Елін баққан бөрісін елдің ханы,

ту сыртынан түнде кеп атқыза ма?

Әділеттің жолында күйіп-жанды,

күніне мың суынып, өртенеді.

Шүберекке от кешіп, түйіп жанды,

«теңім» деді иілмей төр, төрені.

 

Арсыз биге аяқтан шалдырмаған,

ата сөзі алға ұстар шарты кілең.

Алман-салық елінен алдырмаған,

тоқтамнан тыс асыртып артығымен.

 

Пәни – тозақ, ойлы жан ақылдыға,

ал азабы тіптен мол шегетұғын.

Аузындағы ақынның сөзі дұға,

зар заманның суырар шеге – сұғын.

 

Заман иіп асауды көндірем деп,

таңып әлек қат-қабат талаптарын.

Аярлықтың алдына көлденеңдеп,

жаяуларды дей ме екен талатпадың?

 

Ақтың ағы жалғанда Ар болады,

алдында ақ арлы жан Жаратқанның?!

Аттамаған ала жіп көрер ме екен,

азаттықтың арайлап таңы атқанын?

 

Ұлық келсе өбектеп көңілшектер,

көрінсек дер көзіне Арды беріп.

Тәпсірші көп, талдырмаш көк ішектер,

күр-күр етер кісімсіп жарды керіп.

 

Сондайлардың ақыры кесірінен

айырылды осы жұрт арысынан.

Теріп-теріп атумен сұмырайлар,

аз қалыпты-ау, Алтайдың барысынан».

 

Іші күйіп барады толған ыстан

омырауын  ып-ыстық қарып жасы.

Шудабай би серпіліп толғаныстан

көтерді де жоғары алып басын

 

күңіреніп бастады әл-құрани:

 

Бисмил-лаһир рахманир рахим

Ағзу биллә имаш шайтан

ирражийм, рахман ир рахим…

Ихитина сираталла мустахим

Сираталла…ән,

Алла акбар!..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір