Байқауға қатыс, бағыңды сына!
2018 жылдан бері «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС үзбей ұйымдастырып келе жатқан республикалық детектив шығармалар байқауы биыл да жалғасады. Сегізінші жыл өткелі отырған байқау бүгінге дейін талай жаңа туындының дүниеге келіп, талай таланттың танылуына септігін тигізді.
Байқауға детективтің табиғатын түсінетін, шытырман шығарма жазуға шебер авторлар қатыса алады. Талап қарапайым: Шығарма Times New Roman қарпімен 14 шрифте,
1 интервал жиілікпен теріліп, 15 беттен аспауы керек.
Сонымен қатар байқауға қатысушылар көмегімен қазақ детективінде бірегей ізкесушінің бейнесін қалыптастыру мақсат етіліп отыр.
Өздеріңіз білесіздер, ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың қаламынан туған Шерлок Холмс – әдеби персонаж. Жазушы қиялының жемісі саналатын осы ізкесушіні әлем халқы таниды, жақсы көреді. 1990 жылы Лондоннан ашылған музей-үйі сөзіміздің нақты дәлелі. Бүгінде бұл музейге келушілерде есеп жоқ. Шерлок Холмс бейнесі ағылшын ізкесушілерінің мықтылығын, даралығын дәлелдеді. Қиялдан туған кейіпкердің көмегімен бұл елге келетін туристер қатары артты.
Ендеше, қазақтың өз ізкесушісінің образын қалыптастыруға не кедергі? Мұндай айтулы тұлғаны қаламның күші, қиялдың ұшқырлығымен жасайтын – сіз бен біз!
Құрметті байқауқауға қатысушылар!
Ішкі істер министрлігінің білікті мамандарымен ақылдаса отырып, сіздерге ұсынып отырған бірегей ізкесушінің бейнесі төмендегідей:
Тергеушінің /жедел уәкілдің/ сипаттамасы:
Қайсенов Абылай Әзімханұлы.
* Жасы: 40 –50 аралығында;
* Қалалық ІІД Тергеу басқармасы басшысы, шені – полковник.
* Жоғары білімді, арнайы оқу орнын аяқтаған
/бірге оқыған достарымен әрдайым хабарласып тұрады/.
* Орта денелі, бойы 170 –180 см. Салмағы 83 кг.
* Жас кезінде спортпен кәсіби түрде шұғылданған
/күрес түрлерінен спорт шеберіне үміткер; осының арқасында елде ғана емес, шет мемлекеттерде де спортшы таныстары көп. Спортпен әлі күнге тұрақты айналысып тұрады. ІІМ қызметкерлері арасында өткізілетін турнирлердің жеңімпазы;/
* Отбасылы. 2 ұл, 1 қызы бар.
/Үлкен ұлы – Медғат, IT саласында қызмет етеді, жеке кәсіпкер. Екінші ұлы – Қасым, ЖОО студенті. Қызы – Еркеназ орта мектептің 9-сынып оқушысы.
Әйелі Айша /емханада дәрігер/
* Ата-анасы Астана қаласында тұрады, екеуі де зейнеткер. /Олармен, туыстарымен, достарымен байланысты үзбейді;/
* Жұмыста қатал, бір істі қолға алса нәтиже шығармай тынбайды; мәселені қазбалап, бүге-шігесіне дейін зерттеп, мән-жайды анықтуды әдет қылған.
* Уәдеге берік, тік мінезді, алайда әр істі ақылға салып, аналитика жасап шешім қабылдауды жөн санайды;
* Жауапкершілігі жоғары, кәсіби шебер маман ретінде кейде басқа өңірлерге іссапарға шығып тұрады /жедел-тергеу тобы құрамында күрделі істерді тергеу үшін/;
* Адамдармен қарым-қатынаста сыпайы, ортада өзін ұстай біледі, кіші демей, үлкен демей барлығына құрметпен қарайды. Қиналған адамға көмектесуге, қол ұшын созуға дайын тұрады.
* Атыс қаруын жақсы меңгерген.
* Бос уақытында балық аулағанды жақсы көреді. Отбасымен табиғат аясына шығып демалғанды ұнатады;
* Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты мықты ұстанады, жөн-жосықты жақсы біледі;
* Криминалистика бойынша үнемі оқып, ізденеді.
* Адал, жемқорлыққа жаны қас.
Бұл – біз ұсынып отырған кейіпкердің жалпы сипаттамасы. Ал бас кейіпкердің қасиетін әрі қарай даралау, қандай қылмысты аштырып, қандай жұмбақты шештіру, ең бастысы, ізкесушіден жағымды бейне қалыптастыру – сіздің қиялыңыз бен шеберлігіңізге байланысты.
Қосымша сұрақтарыңыз бен шығармаңызды zangazet@mail.ru электрондық поштасына «Байқауға!» деген белгімен жолдай аласыз!
Байланыс телефоны: Айнұр — 87011220940