ЖЕЛГЕ ЕМДЕТКЕН ҒҰМЫРЫНЫҢ ЖЫРТЫҒЫН
03.06.2016
2028
0

图片1Ғылымнұр КӘДІРБАЙҰЛЫ

ӨКІНІШ

Жолдарымды жалмап жұтып мыстан түн,

Жеп отырған көз жасыма қақтап ет.

Мейір күтіп жүргенім жоқ қыстан тым,

Беу, үскірік, мені сен де таптап өт.

 

Қу қайыңның құшағында мызғимын,

Бәрін кешіп сімірем де күрсінем.

Сәулесінен жаратқан Хақ күзгі айдың,

Мені іздеп келер сонда бір сұлу.

 

Тіл қатамын:

– Неге менің түрмем мұң?!

Неге ертерек келмегенсің, ақылшым?!

– Сезбейсің бе мен жырыңда жүргенмін?!

Қайғырасың, себебі сен ақынсың.

 

Солайша мен қайта туам, тірілем,

Сол арудың тербеп нәзік кірпігі.

Басқа әлемнің бал ауасын сімірем,

Желге емдетіп ғұмырымның жыртығын.

 

Айтпашы енді сағымы алтын кешім хош,

Жұпарыңа зар тұнбасын қыр гүлі.

Қоңыр дөңде қаңыраған жетім қос,

Саған жетсем армансызбын бір күні.

 

КӨКТЕМ.
КӨБЕЛЕКТЕР

Жанарымда қалып қойған тірі шық,

Жұпар көктем самалынан мұң ішіп.

Қарашы, әне, тоқым қарлы тауларда,

Бұлт қанат сауысқандар жұр ұшып.

 

Ғарышымның хабаршысы түнгі оттар,

Аспанымда адаса ұшқан тізбек бар.

Құбылаға қыстай дұға оқыған,

Иген басын көтереді бүрлеп тал.

 

Бұрқыратып бүршік аңқып от ермен,

Айдың нұрын сімірт маған кесеңнен.

Қыр басында қызыл іңір жүр маздап,

Құс әуені сіңген гүлді көтерген.

 

Қарайлаймын тырна келер жол жаққа,

Құс қанаты хабар берме сен басқа.

Көкке малып ару қыздың кірпігін,

Көктем алып көбелектер қон баққа!

 

***

Ескі қырқа… Боздатады ай қобыз,

Қыстақ мылқау… Тек молалар мүлгиді.

Жетім шайыр жүрегіне қайғы егіз,

Сенен басқа кім түсінер бұл күйді?!

 

Қандай азап тірі жүріп естіген,

Жаназаны тағдырына оқылған.

Арқауы жоқ ән жалғаспай ескіден,

Бақта сайқал жат қолында тоқылған.

 

Ақырғы көш жалмауыздың азуын,

Бойлап көшті… Темір қазық сөнбеші!

Қайран өмір – келімсектің азығы,

Қасіреттен күйіп кетті-ау кеудесі.

 

Бұл адасу қалмас ертең аңыз боп,

Мәз боламыз отын көсеп біз кімнің?

Дірдек қақты құшағымнан пана іздеп,

Шаттығынан шошынған тау құзғынның.

 

Сезімі өшкен өлі сана қалғуда,

Әзәзілдің шаштарына ілініп.

Қайтсақ, шіркін, жүз ғасырдың алдында,

Әжем жаққан ошаққа кеп жылынып.


Нуршат

Нұршат ӘЗІБЕКҚЫЗЫ

ТҮСІМДЕ КӨРЕМ

Сағыныш-сұлу, отына түскелі қашан,

Нанбадым әлі, кетті жел жасымды көміп.

Қалғып кетем де сен жайлы түс көріп жатам,

Ымырттың үнсіз иығына басымды қойып.

 

Өтердей мынау ғаламнан енді ешкімді көрмей,

Көтермей тұнық сезімді құлай жаздадым.

Сен кеткің келмей, ал менің ержеткім келмей,

Ескі үйдің есін шығарып бір ән жалғадың.

 

Ояна кетем, ойымнан шықпай сол бір үн,

Ертектей ғажап, қия алмай түс еді деуге.

Өзің де бір сәт аялда, шықтай мөлдірім,

Алдамшы түстей өмірден күтейін мен де.

 

Құрбыма бәрін сыр еттім, сөкпейтін де еді,

Жүрекпен тыңдап тіл қатты бір өкініші бар:

«Керісі келер тұсыңның жетпейсің!» деді,

Кім білсін, ол да бірдеңе білетін шығар…

 

Жұтылып арман-тілегім жетер күн ол да,

Түс көргім келер түгемес, жалғасты ұзақ.

Ұйқылы-ояу бір тағдыр кешермін енді,

Тәтті бір түске барлығын алмастырып-ап.

 

                                НАЗ

Біздің ауыл сұрамай жеткен жазық,

Келмейсің бе құстармен көктемді алып?

Тілегімді тастамайтын ақкөңіл ең,

Ескерусіз қап қалды өкпем неғып?

 

Көздеріңнен бір ғажап жол тапты өңім,

Сезгемін мен біздегі ән ортақтығын.

Жоғалтып ап ізіңнен іздемес пе едім,

Сәл ержетіп кездескен болсақ, күнім?!

 

Дала бізді бөлмейтін егіз тауып,

Жарамызды емдейтін өмір тауып.

Бірақ ұзап кеттің ғой сол жақтарға,

Ұзақ-ұзақ қараушы ең көзің талып.

 

Сынайды әлем сырыңды сәтке біліп,

Мұңайған ем бар тірлік жат көрініп.

Бірге ойнайтын қыратқа шыға қалсам,

Көңіл айтып тұрады тас та егіліп.

 

Қайтатұғын бағытты бермей көктем,

Жолаушысың еліне келмей кеткен.

Сездің бе мен сені тыңдап тұрам,

Сиқыр түнде үніңді желмен жеткен.

 

Көкіректі бір шарпып өтші жасын,

Рухыңа иіліп кеш құласын.

Бәрін тастап кеттің ғой бірақ айтеу,

Бәрін алып кеткендей боп тұрасың.

 

                            ***

Суық шаһар сөзің өтпес сүйеуге,

Мені кеше тапсырғанмен сеніп күз.

Көше толы жалғыздыққа сіңем де,

Көшіп барам елесіңе көліксіз…

 

Іздегенге сұрағандай шыға кел,

Ізі өшпеген армандарды оятып.

Біз екеуіміз бірге кетсек қояр ем,

Жалғыздықтың жүзін жерге қаратып.

 

Сыр сандығым әлі ешкімге ашпаған,

Өз мұңымды кімге берем көтермей.

Адамдардың көздерінен жасқанам,

Жалғыздығым жәйлі сұрап өтердей.

 

Жүрегімнің сыздағаны қыс па не?!

Жыр құяр мың сағынышқа кеш ерек.

Мың қиялдың күлі көкке ұшты, әне,

Екеу шықты бірін-бірі жетелеп.

 

Екеу өтті, тастай суық қара жер…

Енді қайтем, ерік бердім күлкіме.

Көз алдымнан кетпей қойған сол адам

Сырын айтып бара жатқан итіне.


MG_1181Батырхан СӘРСЕНХАН

АДАМДАР ШЫРАҚ ЖАҚҚАНДА…

І

Адамдар шырақ жаққанда,

Зау биіктен мұнарта көрінер ем.

Сонда мүлде,

сұрамас еді менен:

 

Жоғалған өшіргішін,

Паспорттың көшірмесін.

Шұлығын, көйлектерін,

Әрі өткен, бері өткенін.

 

Почталық мекен-жайын,

Келмеген бөтен қойын.

Құрылыс жабдықтарын,

Кәрі ойдың қалдықтарын,

 

Сұрамас еді менен,

Сұраса:

Ерінер ем!

 

II

Сезгенім,

адамға адам сыйлы алыстан,

Сенімдері тұратын  қилы ағыстан.

Қағып беріп миымды қарындастар,

Қайтып келе жатамын жиналыстан.

 

Бос күйіп,

бос күлімдеп,

босқа алаңдап,

Жылдар тұр жан алқымда тас табандап.

Өз мұңын өзі ішеді әркімдер-ақ,

Басқанікі, әрине, басқа болмақ.

 

Жалғыздық аралындай…

бөлшек іздер,

Көрер еді-ау, көкесін, көрсе бізбен!

Қатені ойлап, қайтпаған әкені ойлап,

Ой саулатып отырам  он сегізден.

 

Омыраулап, асыр сап, арсалаңдап,

Аң сынды жаңа оянған, барша адамзат!

Сонда ғой, сонда деймін, тағдырласым,

Үшке екіні қоссаңыз,  қанша болмақ?

 

АҢСАР

Сен жоқсың,

бәрі де бар жер бетінде,

Сезім бар сеңгір көкті тербетуге.

Ақ үйлер ақша бұлтпен табысуда,

Сәбилер ертеректеу ер жетуде.

 

Сен жоқсың,

көпіру бар мәнсіз-мәнді,

Жүрек шерлі, бүгін де жан сыздаулы.

Қанша арманның қанаты қақ бөлінді,

Қанша үміттің сыңары жарсыз қалды.

 

Сәт сағаттар соғылды тасқа барып,

Өзі ілген есігінде бос қамалып.

Баланды ауыштыққа, сезімталдық,

Сұлулыққа баланды масқаралық.

 

Жылау ма, жұбану ма, күлісу ме?

Бал арасы сыңсиды гүл ішінде.

Арнамақ адамзатқа ол ғұмырын,

Ал, менің, бал ғұмырым кім үшін де?

 

Сен жоқсың, бұлттар бар бөз оранған,

Мың сұрақ алақанын жазады алдан.

Көшелер өкшелеген бірін-бірі,

Күрсінген, күңіренген, тазаланған.

 

Өзге өмір

өзгермеген тек құбылам,

Көкжалдай күңіренсем көкке ұлыған.

Сен жоқсың, ей, Мұхаммед, сағынышым,

Бәрі де сендік Мейір жоқтығынан!


图片1 (1)Нұрсәуле ТОЛҚЫН

***

Жүргенде кетіп тағдырға есем,

Сүрлеуге сенбес сенімім.

Тереземді ұрған жаңбыр ма десем,

Тағы ертіп кепті сені мұң…

 

Еһ, жаңбыр…

Біздер қандай бай едік?!

Сағыныш – менде, сенде – күз.

Құйылған күнә таңдайдан еріп,

Неге біз осы пендеміз?

 

Шер болар енді, шет көріп қию,

Азабыңды ауыр аластап.

Кектеніп – күю, жек көріп – сүю,

Неге осы бәрі таласқақ?

 

Ойынмен жүріп от басуда елес,

Әрине, жаздан кейін күз.

Неге біз осы достасуға емес,

Қоштасуға тым бейімбіз?!

 

Күдігі егер ісіңнің көмсе,

Күмәнсіз сенім күйреуі.

Шынымен мені түсінгің келсе,

Үнсіздікпенен сүй мені!

 

***  

Мұңлы бағым…

Түсі суық түндерден тұнжырадың.

Егіліп барам бір әуенге елітіп,

Тыңдап тұрмын білмеймін кімнің әнін.

 

Неше түнім…

Ұйқылы-ояу мең-зең боп өтетінін.

Үміттімін білемін дүлей боран,

Кейде самал жел болып есетінін.

 

Аһ ұрғанда…

О, қаламым, сенен тыс жақын бар ма?

Алып ұштың аппақ қар арманым-ау,

Сағыныштың саумалын сапырғанда.

 

Биіктегі…

Аппақ сұңқар арманым сүйікті еді.

Әлі менде асармын талай биік,

Айналмастан аруға мифтегі.

 

Жақын көріп…

Дейді біреу «Ақын бол» ақыл беріп.

Болмаса мұңым аз боп тұрғандығы,

Кетпес пе едім бұрын-ақ ақын болып.

 

Рас мұнда…

Ешкімменен келмейді сынасқым да.

Басымды иіп батысқа сәжде қылып,

Күнікей боп жүрейін күн астында.

 

*** 

Бақытты бол демеші

Уақытымды қия алмаймын егеске,

Онсыз да мына жалған мұздай тым.

Бақыт деген қайғы ішінде емес пе?!

Мұңданбаса сорлы жүрек сыздайтын.

 

Күзгі желге желбіретіп шашымды,

Қайтып келем сары жапырақ бағынан.

Сен емес-ау, жел құрғатқан жасымды,

Бақытсыздау күндерімді сағынам.

 

Тым тәтті күн кешіп жүргем түсімде,

Әрі солай қысқа болды шуағың.

Сен сыйлаған әрбір елес үшін де,

Еш бөтендік көрсетпейін, шынарым.

 

Сенің сөзің шықпаса да мүлде естен,

Өз ойыма берем ұдай орала.

Нені БАҚЫТ дейтінімді білместен,

«Бақытты бол» дей көрмеші, бола ма?

 

ТҮСІМЕ КІРМЕШІ ЕНДІ

Домалап кірпігіңнен мөлдір мұңың,

Жаныңды айтшы, жарқыным, тоңдырды кім?

Жұбатпай кеткеніме кектендің ғой,

Шыдатпай жүрген шоқты сөндір бүгін.

 

Түсіме кірдің қайдан?

Сұрақты салмашы енді басқа мынау.

Кеткенім сені тастап, асқаным-ау.

Жолыңды тосып жүрген кезді ұмытып,

Қолыңды сілкідің де тастадың ау.

 

Түсіме кірме менің…

Кешегі күндер қайда жарасымды.

Байқамай басыма алдым қара түнді.

Таңқалам сыздап жүрген жүрегіме,

Таңбаған ешқашан да жара сынды.

 

Түсіме кірдің қайдан?..

Көргім жоқ көлеңкеңді, сенсең бір рет.

Тоқтасын сен сүймеген көнсең жүрек.

Шағылсын дедің бе екен, шар айнасы?

Сағынсын дедің бе әлде, ең соңғы рет?

 

***  

Жауды жаңбыр…

Жуды жаңбыр бетімді,

Сағынышқа боялғанда жапырақ.

Мен де мынау күздің түсі секілді,

Сезбейсің-ау сағындым ғой, ақымақ!

 

Өткен күнді жоқтап қайтем, іздемен,

Басқа біреу тауып алып жүр мүмкін.

Маған серік бұл күндері күзгі өлең,

«Бақыты» ерек болатыны-ай жырдың тым…

 

Жүрегіме тамған тамшы жаңбырдың,

Жас екенін жаңа ғана түсінгем.

Өкініштің ортасына қалдырдым,

Өкінбестей сүйгендігім үшін мен…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір