ТЕМІРҒАЛИ КӨКЕТАЙДЫҢ ҮЙІ
26.08.2025
321
0

Бізден басқа ел қатарынан озып туған ұлдарын басына көтереді. Құдайы көршіміз орыстарға қараңыз. Жарық дүниеден көшкен озық ойлы ұлдарын о дүниеге қол шапалақтап шығарып салады. Онысы «Сен орыс халқының ары мен ұяты, ожданы болып едің. Сенің біздің топырақтан туғаның – Тәңірінің таңдауы. Құдай бізге сендей ұл берді. Тәңіріңе тәуба!» дегені.

Біз көштен қалған ел екенбіз. Алашының азат­тығына бола өмірін құрбан ғып, еліне жетпіс жылдан ке­йін әзер оралған Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермековтердің қадіріне әлі жеткен жоқпыз! Олардың қасиетін түсініп, қадіріне жетем дегенше зу етіп, 30 жыл өтіп кет­ті… Әлі де сол уақыт зырылдап өте беретін секілді мына бет­те.
Қазақтың ХХІ ғасырдағы ұлы физигі, ғасыр адамы Темірғали Көкетайдың фәниден бақиға кеткеніне кешелі, бүгін бір жылдың жүзі болды. Күні кеше ғана Е.Бөкетов Университетіне «мұнда Көкетаев қызмет еткен» деген тақта қойылды. Осымен біт­ті…
Орыстар Пушкиннің сүрініп кеткен жеріне де ескерткіш орнатады. Бізде Алаштың айтулы ақыны Тұманбай Молдағалиевтің ескерткіші жоқ әлі? Біздің буын пір тұтқан, әлі де қаншама өрен пір тұта беретін қайран, Тұмаға…
Осындайда Ресейдегі Лев Толстойдың Ясная полянадағы мұражай-усадьбасы еске түседі. Ол осы жерде туып, «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасы мен «Анна Каренина» романдарын жазған. Мұражай Россия Федерациясы Үкіметінің шешімімен Мәдениет министрлігінің қарамағына берілген. Аумағы 400 гектар жерді алып жатыр.
Еуропада Кафканың үйі тұр. «Чехтар Франц Кафканың тұрған үйін жазушының мұражайына айналдырыпты» деп жазып еді бір кез­де қазақтың сыншыл ойының алдыңғы легіндегі Амангелді Кеңшілік: «Кафканың үйін ХVІІІ ғасырда Страхов деген монахтар салған екен. Ке­йін ол үй қиратылып, ондаған жылдардан соң қайта қалпына келтіріліпті. Қазір бұл ғимарат­та ұлы жазушының мемориалдық тақтасы ілініп тұр. Мұражай үлкен емес, шағын ғана. Мұражайдың алдында орта жасқа келіп қалған толық әйел Кафканың суреті салынған киім-кешек пен төсбелгілерді сатып, сауда жасап жүр. Жазушы тұрған үйдің босағасынан ат­таған кезімде қат­ты тебіреніп, жүрегім атша тулап қоя берді. «Расымен де әлемдегі ең атақты жазушылардың бірі – Франц Кафканың шаңырағына келіп, шынымен де оның ұстаған дүние-мүліктерін өз көзіммен көріп тұрмын ба» деген ой сезімімді дірілдетіп, мұражайдағы жәдігерлерге сенімсіздікпен қараймын…»
Бізде Қараойда Махамбет моласы, Жидебайда Абай мұражайы, Қарасазда Мұқағали, Ақтауда Әбіш Кекілбайдың орталығы тұр. Қарқаралыда Қасымды еске салатын түк те жоқ?! Қарағандыдан Қасым үйін көтеріп едік, оның сырты Қасым да, іші бірдеңе…
Қазақтан пайғамбар тумады демесең, ақ маңдайы жарқыраған алыптың бәрі туған. Олардың бәрі елім деп туған ерен ер еді! Елінің еріне деген ілтифат-құрметі көңіл көншітпей жатыр ғой бірақ?!.
Өтер уақыт—өт­ті… Енді өрелі елдерге, жан-жағымызға қарап, есімізді жиюымыз керек. Күндердің бір күні тағы бір есерсоқ ел тізгінін қолына ұстап, «Темірғали Көкетай деген кім?!. Оның Қарағандыға қатысы қанша?!» демесі үшін, Қарағандыдағы ғұмырының соңғы жылында Темірғали Көкетай тұрған үйді ұлы физиктің мұражайына айналдыруымыз керек. Темаға, Темірғали Көкетайдың Альберт Эйнште­йін мен Андрей Сахаровтан несі кем?! Бәрі дайын тұр, тек Облыстық мәдениет департаменті ескерткіштер қорғау қоғамының қарамағына алып, осы мұражайға бір-екі штат бөлса жетіп жатыр.
Темаға дүниеден қайтатын күннен бір күн бұрын екеуміз Астанада бірге болып, емен-жарқын сырласып едік. Ол физик болғанына өкініп өт­ті. Қарағандыдағы ана тіліміз — мемлекет­тік тілдің мүшкіл халіне назаланып, қазақ тілі қоғамын құрып, біраз жұмыс істеді. Ақиқат­ты ат ұрып іздеп, бармаған жері, баспаған тауы жоқ.
«Қазаққа физиктің түкке де керегі жоқ екен, ақын керек, сен керек екенсің! Менен сен биікте тұрсың!» – деді. Мен мақтау-мадақтаудан кенде пенде емес едім, бірақ ұлы физиктің осы сөзін естігенде арқам шымырлап кет­ті…
«Менің көрмегенім жоқ қой, – деді – өзің білесің, бір ұлым бір жендет­тердің қолынан жазықсыз жазым боп кет­ті… Бір ұл Америкада. Әнуар деген немерем бар еді, енді соны қазақша тәрбиелеп, қазақ қызына үйлендіріп, қолыма алсам, арманым болмас еді…»
«Мен Алланың сүйген бір құл екенмін, – деді бір кез­де ұзақ уақыт үнсіз қалып, – бәбішем қайтыс болып, жер ортасына келгенде жалғыз қалып едім, Алла маңдайыма Майраны жазып қойған екен, сол менің қайғы-шерімді ұмыт­тырып, қолымды жылы суға малып отыр. Тәңірге тәуба!»
Сол аяулы жеңгемізді Темірғали Көкетай мұражайының иесі қылып қойса, бар шаруа өз орнына келер еді…
Темірғали Көкетайдың мұражайында ғасыр адамына қатысты барлық құжат, дүние-мүлік көзіміздің қарашығындай сақталып тұруға тиіс! Кембридж универститетінде оқылған лекциялары, әлем физиктерінің ой-пікірлері, Қарағанды Е.Бөкетов Универститетіндегі жүрген-тұрған сәт­терінің бейнелері, ұстаған зат­тары сақталуы керек, ұрпақтан ұрпақтың көзайымы болу үшін!
…Қайтыс болды деген қаралы хабарды ести салып үйіне барсам, профессордың үстелінің үстінде менің «Адамзатнама» деген баспадан жаңа ғана шыққан кітабым жатыр екен…
Хош, Темаға!
Темірғали Көкетаев заманында жазылған бір өлең:
Физика-математика – несібеңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ аға, есебін мына қудың,
Сіз шығара алмайсыз, кешіріңіз!
Бұл – шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана мұныкі,
Алу ғана!
Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлу менен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.
Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз – етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай – ақымақ, мені – мәжүнін,
Елді – есалаң, тобыр деп ойлайды бұл.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір