МӘКИЗА ДАЙЫРБАЙҚЫЗЫ РАЙЫМҚҰЛОВА-ШАШКИНА
Мәкиза Дайырбайқызы 2016 жылы 1 маусым күні 92 жасында дүниеден озды.
Ол 1924 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауылында дүниеге келді. 16 жасынан бастап тылда майданға көмек көрсету жұмыстарына қатысты. Жұбайы драматург, белгілі жазушы – Рахматулла Райымқұлов. Мәкиза апай Мәдениет министрлігінде жоғары лауазымдарды иеленді, 1972-1992 жылдар аралығында Қазақ совет энциклопедиясы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. Оның тікелей қатысуымен энциклопедияның он жеті томы басылып шығарылды. 1978 жылы Мәкиза Дайырбайқызы ҚазССР Жоғары Кеңесі Президиумының алғыс хатымен марапатталды. Көптеген үкіметтік наградалары бар. Еңбек тылының қызметкері және республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.
Талантты журналист, ағайын-туыстарының қайғысы мен қуанышын шын жүрегімен бөлісе білетін ардақты ана, түсінігі мол әже. Өзінің ағасы Зейін Шашкиннің шығармашылығын ерекше құрметтеп, оны әрі қарай дамытып, дәріптеу жолында көп еңбек етті.
Мәкиза Дайырбайқызы Райымқұлова-Шашкинаның өмірі қиындығы мен қызығы мол ХХ ғасырға тұспа-тұс келді. Алайда, оған қарамастан ол әрқашан еңбекқор әрі жаны жайсаң, жарқын болашағына деген сенімі мол ана болатын. Керемет дауыстың иесі, әнді жақсы айтатын ол көптеген халық әндерін және қазақ композиторлары операларының вокалдық партияларын жатқа білетін. Бай тарихымыз бен халық әндерінің білгірі Мәкиза Дайырбайқызы әрқашан жас таланттарды қолдап, олардың өнерін шыңдап, сондай-ақ, еліміздің жетістіктеріне қуанып жүретін. Өмірінің соңына дейін қаламгер қауыммен қоян-қолтық араласып, өзінің аналық ақылын айтудан танған емес.
Әрқашан есіміздесіз, мейірбан Ана!
Бір топ қаламгерлер.