«Үстімде сұр шинелім…»
26.08.2025
623
1

  

Қаламдас ағаларымның арасынан майдангерлер – кешегі Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы күнінен ақырғы сағатына де­йін қатысып, отбасына, ортамызға жеңіспен оралған жауынгер-қаламгерлерді көрген сайын есіме өзі де от кешкен жалынды ақын Қасым Аманжоловтың:
«Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін…»,
– деп басталатын өлеңі оралады да, ол ағалардың әскери шені старшина ма, полковник пе, бәрі де төрт жылғы сұрапыл соғыстың нышаны болған солдат­тық сұр шинелді киіп келе жатқан сияқтанады. Өкінішке қарай, саны жыл санап сиреп, көзі тірісіне «қарға адым жер мұң болып» қалды. Жазушылар одағында өткізіліп жататын жиын-жиналыстарға барған сайын мәжіліс залының табалдырығынан ат­тап кіре кідіріп, алдыңғы орындықтарға көз жіберіп, «үстімде сұр шинелімділерді» іздеймін. Қатар түзеп, иық түйістіре жарасып отыратын сол ағалардың бүгінде бос тұрған орындары көңілімді қаңыратады, өз еркіммен барып отырудан тартына беремін, құқым жоқ сияқтанады. Осы пікірімді бірде қарт жазушы Қалмұқан аға Исабаевқа телефон арқылы айт­тым. Қалекең үйінен шығуы тыйылғалы бір жыл болған майдангер екі-үш ағамыздың бірі еді. Жазушылар одағындағы бір мерейтой туралы мағлұмат бергім келген.
– Ай, Ғаббас, қайталап қат­тырақ айтшы! Менің аяғым мен құлағым ымыраласып алып, екеуі де кері кете бастады, қызық, ей! – деді, әдетінше сөзін күле аяқтап. Ескертуін екі етпей орындадым.
– Ә, түсіндім, түсіндім. Мәселе құқықта емес, сенің шал болғың келмейді, шалдардың орнына отырғың келмейді, мәселе сонда! – деп балаша мәз бола күлді. Қалекең қалжыңқұмар жан еді ғой. Күлкілі жайт­ты тыңдағанды жақсы көргеніндей, өзі де қисынын келістіріп айтатын. Әнше­йінде байсалды қоңыр үнді кісі болса да, күлген сәтінде дауысы жіңішкеріп: «Е, иә, иә, қызық, ей, е, иә…» – дейтін. Өмірінің соңғы үш айында жарасымды күлкісін ести алмадым, «аяғымен ымыраласқан құлағы» аяғынан «озып кетіп» естуді қойған.
2015 жылдың тамыз айында 90 жасын тойлап, төрт айдан соң бақиға ат­танып кете барған Қалекеңнің бізге, ертеңгі ұрпаққа қандай кітаптар қалдырғанын көзіқарақты қазақ біледі. Төрт жылғы жорық жолында, Германияның Ильменауында комендант болғанында, әйгілі Ертіс-Қарағанды каналының құрылысшылары қауымында үлкен істің басынан аяғына де­йін жүргенінде көріп-білгендері туралы тартымды, деректі хикаят­тар, романдар жазды.
Қалекеңнің ке­йін Ильменаудағы Гете мұражайына арнап Гете-Лермонтов-Абай үшеуіне ортақ «Қараңғы түнде тау қалғып» ат­ты өлеңнің қазақшасын ойдырып жазған ескерткіш тақта апарып, Абайдың өзі аударған сол өлеңге шығарған әнінің магнитофон таспасына түсірілгенін нотасымен қоса сыйлағаны азаматқа жарасқан ерекше жаңалық болды. Қала тұрғындары, келіп-кетіп жататын меймандар мұражайда болып, Абай әнін ұйып тыңдайтын көрінеді.
Іскер, ілтипат­ты, қарымды Қалекеңнің Берлин көшелерінің біріне Абай атын, ал Семейдің бір көшесіне Гете атын қойдырған еңбегі ой көзі ояу қазақты да, немісті де тәнті еткен танымды оқиға болғаны баршаға аян.
Қаламгер Қалекең сонау тың және тыңайған жер игеру кезінде шовинистердің қара қанжарлы атаман Ермакқа Павлодарда орнатқан дәу ескерткішін құлатуға бастамашы, қадағалаушы болғаны мәлім. Ол жолғы күресі туралы өзі де, жергілікті журналшы-жазушылар да деректі мақала жазған. Жақында бір газет­тен (қайсысы екені есімде қалмапты) біреудің (өкінішке қарай, кім екеніне мән бермеппін) сол қарақшының ескерткішін өзі құлат­тырғаны жайында шоқтықтана жазғанын оқып, Семей атом полигонына қарсы күрес туын жанпидалықпен көтерген Кешірім Бозтаевтың аруағынан ат­тап кеткен атаққұмар ақкөздер тобы есіме түсіп, «ерікті ауызға бөрікті бас» қана емес, есек арба сыйып кете беретін заманда еріксіз таңданбас ешбір ерсілік қалмауға айналғанына іштей тағы бір тіксіндім.
Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының «Найзадан қол босаса, қалам алдым» дегеніндей, Қалекеңнің комендант­тығы, басқа да әскери қызметі 1954 жылдың күзіне де­йін қолына қалам алдырмады. Әйткенмен әдебиетке, шығармашылыққа құмарлық-құштарлығы көке­йінде көктеп жүрсе керек, елге оралысымен «Баян» ат­ты әңгіме болып гүл жарды. «Жұлдыз» журналында жарияланған ол туындысын оқырман қауым, әдеби сын жылы қабылдап, бұлақтың көзі ашылды да, очерк пен әңгіме, күнделік пен естелік, хикаят пен роман көші түзілді. «Қолымды мезгілінен кеш сермедімді» ескерген, сезінген Қалекең өндіре жазып, өмір-тірлік өрісін өкінбестей танып-түйсініп, тіпті қазу-салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан «Ертіс-Қарағанды» каналы құрылысшыларымен 500 шақырымды бірге жүріп, «жаяу жазушы» атанды да. «Бір күні кешкісін сол жолдың бір бөлігінде басқалардан оза оңаша кетіп, қасқырларға жем бола жаздапты» дегенді де естідік. Соның анық-қанығын өзінен сұрағанымда Қалекең қолын сілтей күліп: «И-и-и шіркі-і-ін, бұ қазақ енді қасқырға жала жабатын болды-ау!» – деді.
Талабы сан тармақты Қалекең мұрағат­тан да мұрат тауып, арыда атақты Шоң би, Айқыз өмірлерінен роман жазса, беріде ғұлама Қаныш Сәтбаев хақындағы көлемді зерт­теу еңбегі де жоғары бағаланды.


Халық Батыры Баукеңнің: «Соғыс туралы шындықты… тіпті мына біздер, соғысқа қатысушылар да, оны түбегейлі, ұңғыл-шұңғылына де­йін біле бермейміз. Соғыс хақындағы шындықты табу өте қиын, ал оны жинақтау, қорыту одан да күрделі. Соғыс туралы ақиқатқа жету – өте үлкен мәселе» деген сөзі бар екен. 1944 жылы қаңтарда майданнан Алматыға келіп қайт­қан жолы болашақ Ғылым академиямызда болған кез­десуде айтыпты. Ол кез­десуге Қаныш ағамыз бастаған ғалымдар, Мұхтар ағамыз бас болған жазушылар қатысыпты. Қалекең бірде сол тарихи оқиға туралы әңгімеледі де:
– Саған бір өтінішім болғалы тұр, орындайсың ба, тек тура айт! – деді, әзіл-шынын айырғысыз дауыспен. Мен еркелей қалжыңдаса беретін әдетіммен:
– Ильменауда қалған жеңгелеріміздің біріне қазы-қарта апарып келу керек болса да, орындаймын! – дедім.
– Әй, сен бар ғой, – деп күліп алды да, жазбақ кітабына қажет екі жайт­ты атап, – Ресей мұрағатынан әлгі сұмырай Мирзоянның Сталинге, Саяси бюроға жазған хат­тарының көшірмелерін алғаныңды әнеукүні айт­тың ғой, сол жолыңмен тағы бір рет жүріп өтерсің, – деді.
Иә, «сол жолыммен» жүріп өтіп, Қалекеңе мына екі жауапты табыс ет­тім (қысқа нұсқасы):
*СОКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Н.С.Хрущевтің тапсыруы бойын­ша 1955 жылы жүргізілген ресми тексеру нәтижесінде мыналар анықталған: 1921–1954 жылдар аралығында саяси айып­пен жиыны 3 777 380 адам тұтқындалып, одан 642 980 адам атылған. Лагерлерде 2 369 220 адам қалған, 765 180 адам жер аударылған. «Халық жауы» ретінде тұтқындалғандар саны – 1 344 923 адам, одан атылғаны – 681 692 адам.
Бұл ақпарат­ты: КСРО Бас прокуроры Руденко, Ішкі істер министрі Круглов, Заң министрі Горшенин растаған.
*1941–1945 жылдардағы соғыс жайын жан-жақты зерт­теп, нақты деректерді жинаған Ресей Қорғаныс министрлігінің компьютерлік банк орталығы мынадай мағлұмат берді:
КСРО Армиясы мен флотының майдандағы шығыны – 6,1 млн адам;
Фашистердің тұтқынында қаза болғандары – 2,5 млн;
Фашистер басып алған жерлерде өлтірілгендер – 17, 6 млн, яғни КСРО шығыны – 26, 2 млн.
Германияның жалпы шығыны – 7, 2 млн.
АҚШ, Англия, Франция, Жапония және басқалардың жалпы шығыны – 1 млн адам шамасы.
Демек, 1941–1945 жылдардағы соғыс құрбанының жалпы саны – 34,4 миллион адам.
Осы мағлұмат­тарды алған күннің ертеңінде Қалекең телефон соғып:
– Ғаббас-жан, ей, әлгі сұмырай Солженицынның «Совет Одағының билік жүйесі, Сталин 110 миллион адамды қырды» дегенін оқығанда «есектің миын жеген жәдігөй!» деп күле салып едім, одан ке­йін алаяқ Хрущев ХХ съезде: «Сталин 10 миллион адамды «халық жауы» деп жазықсыз құрбан қылды!» – деді, Құдай-ау, бәрі өтірік екен ғой?! – деп таңданды.
– Қалеке, көп кешікпей Сталин мен Гитлердің орындарын алмастырған от­тауизм басталады, тоса тұрайық, – деп едім, Қалекең:
– Қой, құрысын! Ондайды айтпа, құрысын! – деді дауысы бұзылып…
Арының ғана сөзін айтатын тарихшылардың (ресейлік) зерт­теу еңбектеріндегі деректер былай деген: руденколардың цифрлары алдына барғанда Хрущев жоқ шашын жұла жаздап, ақырып-бақырып, лақтырып тастап, «құпия баяндамасына» аузына келген 10 миллионды жаза салыпты. Одан бұрында өздерінше есептеп, 5 миллион деген Волкогонов, Медведев сияқты «қасқалар» жолда қалып, Хрущевтен ке­йін Антонов-Овсеенко, Феофанов сияқты «басқалар» 16–20 миллионға жеткізіпті. Ал Кириллов деген бір «тарихшы ғалым»: «Гитлер 20 миллион адамды құртса, Сталин 40 миллион адамды құрт­ты» деп лағыпты. Алайда ол пәлеқорлардың өкінішіне қарай, ешқайсысы еврей-выкрест Исаакскийдің (басқа дінге кіріп Исай болғанның) баласы А. Солженицынның «рекордын» жаңарта алмаған…
Әдеби қазынамызға қыруар үлес қосып жүрген Қалекеңнің «мен сөйт­тімділегенін» көрген де, естіген де емеспін. Себебі ол қарапайым болды. Ал қарапайымдылық пен кішіпейілділік «ағайынды» ғой, Қалекеңнің табиғи ол қырларына жазушылар мен журналшыларымыз қанық дей аламын. Әрқашан көңілді жүретін ағамен Жазушылар одағы құзырында оншақты жыл қызмет­тес болғанымда оның әзіл-қалжыңға ерекше құмар жан екенін де көрдім. Бірер мысал келтіре­йін.
– Анау Қалмұқан да бір Мырқымбай екен, – деді бірде партизан жазушы Қасым Қайсенов. «Мырқымбай» оның Би-ағаңның, Бейімбет Майлиннің әңгімесінен «жекешелендіріп алған» сөз сыралғысы еді.
– Иә, қалайша? – дедім.
Ол былайша екен: Қаскең бірде Жазушылар одағына барып, оны-мұны шаруасын рет­теп, үйіне қайтуға шықса, есік алдында бірнеше ақын-жазушы тұр екен. Араларындағы Қалекең: «Қаске, мені ала кетсеңіз қайтеді?» – дейді. «Мәшініме сыйсаң, жүр», – дейді Қаскең, шағын денелі інісін қағытып. Екеуі аутомәшінге отырып, жылжып кетеді. Ауладан көшеге шығатын тұсқа жете бере Қалекең: «Тоқтаңызшы, тоқтаңызшы!» – дейді де, тоқтаған мәшіннен абың-күбің түсіп, ке­йін жүгіре жөнеледі. Аңыраған Қаскең соңынан қарап қала береді. Қалекең есік алдында тұрған жаңағы жігіт­терге барып, бәрімен қол алысып, қайтып келеді. «О не, не болды?» – дейді ағасы, салқын сөйлеп. «Үйбай-ау, Қаске-ау, сіздің мәшініңізге отырдым ғой, анау жолдастарымды енді аман-есен көре алам ба, жоқ па, қоштасып келдім», – депті. Екеуі ішек-сілелері қата күліпті.
Қалжыңбас Қалекеңнің олайша «мырқымбайланғанына» себеп бар-ды. Содан екі ай шамасы бұрын Қаскең үлкен ұлы екеуі «ГАЗ-69» аутомәшінімен Талғар тауын жолсыз тұспен қиялап келе жатады да, оншақты метр биікте мәшіні аударылып кетіп, бірнеше аунап, етекке бір-ақ түседі. Әйтеуір, екеуі де мертіккеннен аман болып, Талғардың ауруханасында бір апта емделіп шыққан. Қалекең соны меңзеген ғой.
«Ертіс-Қарағанды» каналы туралы «Арман арнасымен» деп жазған күнделік-кітабының қолжазбасын баспаға алып барған Қалекеңе әзілі жарасып жүрген інілерінің бірі, бөлім редакторы: «Ағасы-ау, қолжазбаңыз тым қалың екен, су көп-ау, ә?» – дегенде Қалекең: «Сен қызықсың, ей! Канал туралы кітапта судан басқа не болуы мүмкін?» – депті.
1990 жылы, мамыр айының 19-20-күндерінің бірінде болар, Қалекеңнің үйіндегі жеңгеміз Зәпекең телефон шалып:
– Ғабеке, бағана мына ағаң бар ғой, айырылысып кетуге болатын қылық жасады, – деді.
Түсінбедім. «Қылығы» не? «Айы­рылысып кетуге болатыны» не? Зәкең жауабымды күтпеді, сөзін жалғады:
– Бағана, түскі шайдан ке­йін, ағаң: «Зәке, берірек отыршы, саған балалар жоқ оңашада айтар бір сөзім бар еді, – деді, күмілжіп сөйлеп. Қарасам, өңі де біртүрлі, өзгеріп кеткен. Маған тура қарамайды, үстелді шұқылап отыр. Не дерімді білмедім. Жақындап отырдым. Ағаң басын бір сипап алып, тұқырған күйінде: «Айтайын деп ойланғалы көп болды… батылым жетпей жүрді… енді айтпауға мұршам жоқ, тек сен, Зәке, сабыр сақтап тыңда, жарай ма?» – деді де, адамның өмірі, тағдыры, өзінің соғыста ажалдан аман қалғаны, отбасымыз жайында біраз айтып, ауыр күрсініп қойып, махаббат туралы айта бастады, екеуіміздің қалай қосылғанымызды есіне алды, махаббат­тың да тағдырға байланысты екенінен мысал келтіріп, өзінің ойда-жоқта, бұдан төрт жыл бұрын бір әйелмен қатынас жасап қалғанын, әнеукүні онымен осында, орталық алаңда оқыс кез­дескенін, үш жаста ұл баласы барын айтып: «Зәке, кешір, кешіре гөр, мынау сол ұлым екеуіміздің сонда түскен суретіміз еді», – деп бір сурет­ті алдыма қойып, тұрып кет­ті. Есім шығып, үндей алмай отыр едім, фотоға еріксіз қарасам, «Әзиз! Құдай-ау, мынау өзіміздің Әзиз ғой! Ғаббас пен Заданың Әзизі ғой?!» – деп ағаңа жалт қарасам, диванның алдында қыстығып күліп тұр екен, қарқылдап күліп, диванға құлай кетіп: «Қап! Сені алдап, бір қатырайын деп едім, болмай қалғанын қарашы!» – деді.
Ол сурет­тің мынадай тарихы бар. Жеңістің 35 жылдығы қарсаңында отставкадағы майдангер Қалекеңнің әскери шені өсіп, майор болған. Сол 1980 жылы 9 мамырда үш жастағы Әзизімді әскери шеруді көрсетуге ертіп барғанмын. Шеруден ке­йін алаңды аралап жүріп, майор Қалекеңе кез­дестік. Әзиз атасына сәлем берді. Мен мерекемен, жаңа шенімен құт­тықтап: «Генерал болуыңызды күтеміз!» – дедім. Қалекең: «Маған осы да жетеді, ал мен мына жігітіміздің бейбіт өмір генералы болуын тілеймін!» – деп, Әзизді көтеріп алып, бетінен сүйді. Жарты сағат мөлшері бірге қыдырыстадық. Қолымда фотоаппаратым бар еді, Қалекең мен Әзизді екі-үш жерде суретке бірге түсірдім. Сондағы сурет­тердің ең тәуір шыққанын Жазушылар одағында бір аптадан ке­йін болған бір жиында Қалекеңе сыйлағанмын. Аралас-құралас болып жүрген жеңгеміз Әзизді танып қойып, Қалекеңнің «0:1 есебімен жеңіліп қалғаны» ғой.
«Қалмұқан былай деген екен», «Қалекеңнің бір қалжыңы былай еді» деп, ақкөңіл ағаекеміздің көзі тірісінде-ақ айтылған әзіл, мысқыл аз емес. Өзі айт­қанды өзгеден естігенінде тақыр басын бір сипап қойып, қой көзі күлімдеп, жылы жымиып отыратын. Кейде ернін жорта қомпайтып: «Жо-жо-о-оқ, олай емес, былай болатын» деп, қалжыңының «түпнұсқасын» қайталайтын. Сол сәті де сағыныштың сағымына айнала бастады-ау!..
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін…
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім?!
Ұмытылмасқа жаралғандар ешқашан ұмытылмайды! Сол санат­тағы Қалекеңнің де екінші өмір жолы ешқашан тұйықталмайды!

 

 

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 28.08.2025 | 16:17

Қалмұқан Исабаев туралы жақсы естелік жариялапты Ғаббас аға. Рахмет,жақсы жазылған екен. Жатқан жері жайлы болсын! Қалмұқан Исабаев деген жазушыны 1986 жылы Қазан айында ,қазіргі Республика Сарайы алдында кітап жәрмеңкесінде көрдім алғаш рет. Бір неміс жазушысымен ба немісше сөйлесіп жүрді сол жерде. Қалжыңдары да керемет жазушының! Бір кітап болады ау сол қалжыңдары.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір